Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Тамыз, 2022

БОЗБАЛА МЕН БОЙЖЕТКЕН (Әлеуметтік этюд)

Қақпа алдындағы қонақ

Ойлы сөзің дестелі,
Орамалың кестелі,
Беторамал ұсынып,
Бұл қыз маған не істеді?!
(Бозбаланың жыры, 1970-жылдар)

Бозбала мен бойжеткен. Мәңгілік тақырып. Сезімнің тұнық бастауы осы екеуінің арасында болады. Лайланатын кезі сәл кейіндеу. Қашаннан қалыптасқан дағды бойынша екеуінің бір-біріне деген ыстық ықыласы ақ қағазға өрнектелген хаттар арқылы жеткізілетін. Талай уақыт бойы солай болып келді. Ғашықтық хат қаншама көркем шығармаға арқау болды. Шығыстың шайырлары да, Батыстың біртуарлары да сүйіктісіне жолдаған сәлемін хатпен жеткізді. Ғашықтық жат жазу үшін тіпті бозбала болу міндетті емес-ті. Ханзада да, хандар да, балалар да, шалдар да қолына қалам алып, аруларға ағынан жарылады. Бірақ қалай болғанда да әр нәрсе өз заманына лайық. 
Тегінде, бұл – бозбала мен бойжеткеннің шаруасы. Хат – ойды жұптаудың тетігі. Он ойланып, тоғыз толғанып жазылған дүние көңіліңдегіні анық бейнелейді. «Жатталып Ақмарқаның аузында аты, Телміріп таста отырып жазған хаты», – деп Ілияс жырлаған Ақан серінің өзі қызыл сөзге бір адамдай таласы бар сұңғыла шешен болса да, ара-тұра ақ қағазға жүгінген. Ұлы Абай Татьяна мен Онегиннің хаттарын қазақы қалыпқа салып аударған. Аударған емес-ау, қайта жырлап шыққан. Осы тұрғыдан алғанда хат әрі көңілдегіні жеткізу жолы әрі көркемдіктің кілті болып саналады.
Хат талай заманнан бері бозбала мен бойжеткеннің қатынас құралы болды. Бұл үрдіс бертінге дейін жетті. Жас жігіттің жүрек лүпілі алдымен осы хатқа түседі. Лүпіл деген тек аты ғана. Әйтпесе, ілгеріден келе жатқан әлдебіреу жазған бір дәстүрлі хат айналымда жүреді. Оның өзі кез-келген ауылдан табылады. Қырық жылдан бері ғашықтардың қажеттілігін өтеп келе жатқан бұл хаттың хат сиқы жоқ. Түйеден түскендей дүңк еткізіп, «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деп басталады. Хат арнап отырған адамың шынымен ардақты ма, әлде жай текірек бас біреу ме, не болмаса, шынымен салмақты ма, әлде жеңілтек көп қыздың бірі ме, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Дап-дайын тұрған хатты жөнелтіп келіп жібересің. Бірақ сол мәнсіздеу мәтін талайдың бас құрап, шаңырақ көтеруіне себеп болды.
Ауыл бозбаласының қыз-қырқынға қырындап жүрген кейпін Қадырдан артық суреттеген ақын кемде-кем шығар. «Айтатұғын аузынан сөзі қашып, Бозбала тұр өзі аңқау, өзі ғашық. Қақпа алдында қонаққа еті үйренген, Қара төбет қарайды аузын ашып». Бозбаланың есік көзінде көп тұрғаны соншалық, қара төбет қаппайтын дәрежеге жетсе де, әлгі қызы құрымағыр үйінен шықпай қинайды. Шыға қойған күннің өзінде кемпір-шалдың көзіне түсіп қалам деп, қуыстанып, жып етіп қайта кіреді. Ұл – аңқау, қыз – ұяң. Қырық үйден тыйым көрмей-ақ, бір үйдің бір ауыз ескертпесінің өзі жеткілікті. Осы ұлттың ұлы ұяты бозбала мен бойжеткенге бірден берілген-ді. Нақ сол қасиет шаңырақты шайқалтпай ұстап тұратын.
Талайды хат жазуға мәжбүрлеп, мазасын кетіріп жүрген де осы ұят деген ұлы қасиет. Ешкім де ықылым заманнан қалыптасқан иба мен әдепті аттап кете алмайды. Қыздың жанына жер тепсініп жетіп барып, лақ еткізіп ойындағысын айта салу үрдіске енбеген. Қай дәуірде де хаттың көмегіне жүгінбей-ақ, жүректегі сөзін қалқатайға қиналмай жеткізе алатын жігерлі жігіт-желең болды, әрине. Бірақ хаттың аты – хат. Ойланасың, толғанасың, өшіресің, көшіресің... Оны өзің алып бармайсың, біреу апарып береді, біреу жауабын әкеп береді. Рахат емес пе?!
Сонымен сегізінші кластан бастап мектептегі бүкіл бозбала қыздарға хат жазады. Әуелі батылдау біреуі бастайды. Сосын қалғандары ілеседі. Біреуінің жазған хатының үлгісін бәрі жаппай көшіріп алады. Ол оп-оңай. Қыздың атын сызып тастайсың да, орнына өз қызыңның атын жазасың. Тек соңына өз атыңды көрсетуді ұмытып кетпесең болды. Қара басып, нақ соны естен шығарып алғандар да ұшырасады. Қырсық шалғанда сондай жаңғалақ хаттарға жібі түзу жауаптар берілетінін қайтерсің. Осындай қателесіп жеткен хаттардың арқасында бас құрап, тәу-тәуір отбасы боп кеткендер де бар.
Хат жазуын жазылады ғой. Енді тағы бір нәрсе алдан шығады. «Мысықтың мойнына қоңырауды кім байлайды?» дегендей енді «Хатты әлгі қызға кім апарып береді?» деген күрделі мәселені шешу керек. Хат жазған жігіт ұнамаса, хат тасушы сөз естіп қайтады. Әдетте өліп-өшіп жазған жігіттің хатына қыздар жөнді жауап бермей қинайды. Ал біреудің атынан ойнап хат жаза салсаң, соған «жарайды» деген жауап келіп тұрады. Енді әлгі жігітті көндіре алмай, әуреге түсесің. Өмір деген осы.
«Пәленшенің баласы түгеншенің қызына хат беріпті!». Мұндай жаңалық естілсе болды, аядай ауыл шу ете қалады. Одан бүкіл мектеп гулейді. Әлгі хат жазған байғұс пен хат алған бойжеткен елдің әңгімесіне айналады. Анығында хат жазған баланың дымы да кетпейді. Қыз байғұсты мектептің қыздар кеңесі шырылдатып отырып жиналысқа салады. Бар болғаны хатты жыртып-жыртып лақтырып жібермей, қалтасына салып алғаны үшін. Кеңестік жүйенің қатал педагогикалық талабы осыған міндеттейді. Мектеп оқушысы ештеңеге алаңдамай тек сабағын оқуы керек. Оның ғашық болу құқы ешбір заңда қарастырылмаған. Сөйтіп, бір кезде қазіргі күйеулерінен хат алып, соның арқасында шаңырақ құрып, түтін түтетіп отырған бір топ қатпа қара келіншек бүгін хат алған бойжеткенді іреп сояды. Екінші рет жігіттен хат алмайтындай етіп еңіретіп жібереді...

Берген хатты алмайсың...

Сен де ұяңсың қыз десе,
Мен де ұяңмын қыз десе.
Қайтер еді жігітті,
Қыздың өзі іздесе...
(Бозбаланың жыры, 1980-жылдар)

Біздің ауылда бір бала болды. Сол беделді бір кісінің қызына өлердей ғашық болып, сезімін айшықтап тұрып хатқа түсіріп, біреуден беріп жіберіпті. Әлгі қыз әуелде мұның үшбу хатына пысқырмапты да. Содан соң бұл ширығып отырып екінші хатты жазады. Ол хат та алдыңғысының жолын құшады. Қайтпас қайсар ұл мұнымен де тынбайды. Үшбу хаттың үшіншісін жазып, әлгі қыздың кішкентай інісінің жан қалтасына салып жібереді. Бойжеткен інісі әкелген хатты көреді де, оны оқымастан майдалап жыртып, жайсыз хабар жеткізген жас өскін поштабайды түйгіштеп-төмпештеп, ендігәрі хат әкелмейтіндей етіп сыбағасын беріп жібереді.
Осының бәрін жүрегі тілім-тілім ғашық жігіт алыстан бақылап, көріп отырады. Бозбала байғұс бұған да шыдайды. Зарыққан күйі мен күйзелісін зорлана қағазға түсіріп, төртінші хатты тағы жолдайды. Мұнысы да майдан хаттары сияқты хабарсыз кетеді. Бұдан артық төзу әсте мүмкін емес еді. Біздің кейіпкеріміз де бір күні жанартаудай атылды. О несі-ей! Ол кім еді, сонша шіренетіндей? Ал енді мен саған мүлде қарамағаным! Тіпті өзінше болғаны несі?! Осы бұрқ-бұрқ еткен ашумен қоя қойғанда дұрыс болар еді. Жоқ, ол өйтпейді. Тырнағының ұшына дейін күйген жігіт зілді қоштасу хатын жазады. Сөйтіп, сүйгенінен өш алғысы келеді.
Тағдырдың тәлкегін-ай!.. Бір жігіттен бесінші рет хат алған қыз кенеттен жібіп, оған жан дүниесін ашуға бел буады. Айтқанынан қайтпайтын бірбеткей бозбалаға жүрегі жылиды. Сол жылуын себейін деп, конвертті ашып кеп қалса, ішінен мынадай өлең-хат шыға келіпті:

Шағала көлдің шалшығы-ай,
Шалпылдайды балшығы-ай.
Берген хатты алмайсың,
Бейсенбайдың қаншығы-ай!

Сөйтіп, олар қосылмады. Мынадай өлеңнен кейін қайдан қосылсын. Шын ғашықтар қосылмайды деген осы шығар. Бұл өзі ілгеріде болған оқиға. Қазір біреуі – бір үйдің балағынан бала саулаған берекелі бәйбішесі. Екіншісі – тағы бір шаңырақтың ойлы отағасы. Екеуінің өмірге әкелген балаларынан кішігірім бір класс жасақтауға болады.
Жалпы, біздің мектептің оқушылары хатты өлеңмен өрнектеп, көсемсөзбен көркемдеп жазуға бейім-ді. Себебі, қазақ тілі мен әдебиетінен бірыңғай тәуір мұғалімдер оқытты. Олар бізге қыз-қырқынға хат жазуды үйреткен жоқ, әрине. Есесіне, шығарманы шебер жазуға баулыды. Салиқалы Сағидолла Шүйінішбаев ағайымыз, ақынжанды Ақжарқын Тәжімбетова апайымыз сөзді кестелеп тоқуға үйретті. Бұл екеуі – ерлі-зайыпты кісілер. Ақжарқын апай белгілі балалар ақыны Балтабай Тәжімбетовтің туған апасы еді. Өмір бойы Қазалыда тұрса да, Балтекеңнің есімі жұртшылыққа жақсы таныс болатын. Сөйтіп, сүйегіне сөз сіңген әулеттен тәлім алдық. Биғаш Алпысбаева деген ауылдың үріп ауызға салғандай әдемі қызы бізге мектеп бітіре сала қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Кейін журналистиканың жалына жармасып, бірқатар биіктерді бағындырған бұл апайымыздан да көп нәрсе үйрендік. Одан соң Алматыдан бірі КазГУ-ді, екіншісі КазПИ-ді бітіріп, сымдай тартылған сымбатты екі жігіт келді. Екеуі де әдебиетші. Екеуі де сабақты үздік оқыған. Білімдері көл-көсір. Шанжархан Бекмағамбетов пен Сәмен Құлбарақов көсіле сөйлеп кеткен кезде сабақ үстінде де тыныш отыра алмайтын сотанақтардың өзі сілтідей тынатын еді. Олардың өздері бітірген оқу орындары қолқалап тұрғанда қалып қоймай, қарттарына қарайласу үшін елге келгені Қаратереңнің балаларына бақ болды. Жазу өнерінің қыр-сырына жақсылап қанықтық. Солардың кезінде арттарына қарайламай, қарттарына қарайлағаны оңды бопты. Бұл екеуі де қазір еліміздің беделді жоғары оқу орындарында қызмет істейді. Бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор. Екіншісі – ғылым кандидаты, доцент. Міне, осыдан соң біз қызға хат жазуға қалай шебер болмайық?!
«Алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деп басталатын әлгі атам заманнан келе жатқан «ескі бидің сөзінше құр мақалдап» жазылған хаттың үлгісі біздің тұсымызға да жетті. Ең соңы «Осы хатты жазған пәленше деп білерсің» деп бітеді. Ұлағаты ұстаздарымыздан тіл ұстартуды үйренген соң сол хатты жаңа заманға бейімдедік. Бүгінгі тілмен айтқанда, «модернизация» жасадық. Біраз жобаға келіп қалды. Жобаға келгені емей немене, жаңа мәтінге жүрегі жылыған жігіт-желең жаппай жазуға көшті.
Сол тұста хаттың көп жазылатыны соншалық, кейбіреуі тиісті иесіне жетпей, жарты жолда алмасып кетіп жататын. Ақылды қыздар адасқан хат қолына тиген соң, жағдайды тез ұғып, өздері таласпай бөлісіп алатын. Сөйтіп, зат алмасу процесі сияқты хат алмасу процесі де үздіксіз жүріп жататын еді.

«Суық хабар болмасын!»

Сен де жүрсің асқақтап,
Мен де жүрмін асқақтап.
Жабырқасаң, жылайсың,
Жанарыңды жас қаптап...
(Бозбаланың жыры, 1990-жылдар)

Хатты ешкімнің көмегіне сүйенбей, ешқандай мәтінге қарамай, өздері жазатын бозбалалар да бар. Бұлар – жасынан жазу-сызуға әуес болғандар. Әйтеуір, ойындағысын өрнектеп қағазға түсіре алады. «Жүрек сырын ұға алған, Жылы сөзге жұбанған, Қыз-қырқынға жазған хат, Қаламгер ғып шығарған», – дегендей, қарымын хатпен байқап көріп, шығармашылық жолға біржола түсіп кеткендері де жеткілікті. Кейбіреулер хатты өлеңмен көсілтеді. Ауылда екі ауыз өлең құрамайтын адам жоқ. Шөп те өлең, шөңге де өлең, шапан да өлең, шалаң да өлең... Халық та өлең, балық та өлең... Осыдан отыз жыл бұрын «Қалқатай, кешіктірмей қайтар жауап, Қалмасын Абай ағаң жерге қарап», – деп толғап, сүйгеніне үшбу хат жазған бір ауылдасым қазір өз әулетінің түтінін түзу ұшырып отыр. Абай ағам үлкен іске тәуекел қылар алдында хатын мектепті жаңа бітіріп, бала тілші атанып жүрген бізге көрсетіп, әдеби өңдеуден өткізіп алып еді. Әрине, Абайдың бәрі ақын емес, ұлы ақынмен аттас болса қайтейік, біраз тұсына қаламымызды батырыңқырап жібергеніміз рас. Бірақ жоғарыда келтірілген екі жол Әбекеңнің өзінікі еді. Нақ осы екі жол екі сөзге келтірместен жеңешемді шалқасынан құлатқан сияқты. Көнебөгеннің қызы Көнеқаратереңге сол жазда келін болып түсті ғой...
Бір партаға қатар жайғасқан қызға айтар сөзін жұптай алмай, біреуден хат жазып беріп жіберетіндер де болады. Ертеңіне парталасының бетіне қарауға батпай, орындықтың шетінде бір жамбастап ілініп, құлап кетейін деп әзер отырады. Жігерсіздік емес әрине, жүрексінушілік. Тағдырына деген жауапкершілік. Болбыр босбелбеу балалар сөйтсе, түсінуге болар еді. Бірді бірге соғатын басбұзарлардың өзі мүләйімсіп қалады мұндайда. «Он жыл мектеп партасында, Бірге отырдым өзіңменен», – деп өлерменденіп өлең айтып отырса да, жүрек түкпіріндегісін жеткізуге келгенде бұға қояды. Бұл не сонда?! Не құдірет?!
Біздің тұсымыздағы сезімнің ахуалы жиын-тойда қосылып айтатын әндерімізден де көрінетін. Ән айтқандағы батылдық сөз айтқанда жым-жылас болады. Хатқа да жүгіндіретін осы нәрсе. Әніміз де, сәніміз де ұяңдау сияқты еді. Арманыңды айтуға батылың жетпеген соң, әр жерге есімін шимайлап жазуға ғана шамаң келеді. «Сездіруге батпадым ба? Бала махаббатымды. Терезенің жақтауына, Ойып жаздым атыңды» – Бұл біздің дәуіріміздің әдемі әуені.
Қазіргі балалар партаға ештеңе жазып әуре болмайды. Жазуға талпынғанның өзінде жылтыр парта мен пластик терезелер оңайлықпен ойыла қоймас еді. Оның үстіне бүгінгі бикештерге арналған өлеңдерге дейін өктем. Біз құсап, сезімін суреттеп, алыстан орағытып, терлеп-тепшіп, қиналысқа түспейді. Ол заман мәңгілікке кеткен. Бұлар: «Мен жүрген жерлермен, Ешкімді жүргізбе, Мен сүйген ерніңнен, Ешкімге сүйгізбе!», – деп мәселені төтесінен бір-ақ қояды. Осыған орай бір атақты академик ағамыз былай деп еді: «Апыр-ай, осы күнгі өлеңдер біртүрлі. Жарайды, «Мен сүйген ерніңнен, Ешкімге сүйгізбе!», – дегенді ептеп түсінуге болар. Қызғаныштың белгісі деуге келеді. Ал енді «Мен жүрген жерлермен, Ешкімді жүргізбе», – деген не сөз?! Ол иттің жүріп кеткен жерін қайдан білеміз?».
Бірде бір кластасымыз ауылдағы көңіліне ұнаған қызына хат жазыпты. Жұртқа салмақ салғысы келмей, өз ойын өзі қағазға түсірген. Тәуір көретінін айтқан, онсыз бұл тіршіліктің қараң екенін жұқалап жеткізген. Тек соңын қалай қорытуды білмеген. Басқаларға көрсетіп алуға намыстанған. Сосын тәуекел деп өзі түйіндеген. Ертеңіне хатты оқыған қыз не күлерін, не жыларын білмейді дейді. Сөйтсе, әлгі антұрған өзінің жазбасын «Суық хабар болмасын!», – деп аяқтапты.
Бойжеткеннің бәрі «Өз хатыма өз көзім, Ұялып, қорқып, баға алмас. Кепілім менің – бір өзің, Бөтен жан тетік таба алмас», – деп Онегинге құлшынып хат жазатын Татьяна емес. Ауыл қызы сенің хатыңа жөнді жауап бермей, жатып алады. Неден жазып қойдым деп, миың айналып жүресің. Сосын «Суық хабар болмасын!» демей не десін?!
Қанша хат жазсаң да илікпейтін қыздар болады. Қыз-қырқынға хатты көп жазған аға ұрпақ оның мысалдарын жиі келтіре алады. «Еріншек адам ешқашан хат жазбайды», – дейді Әзілхан Нұршайықов. Сол Әзағаңның өзі бір қызға өлеңмен жүз хат жазған. «Жүз хат жаздым бір қызға, Жоқ әдет қазақ-қырғызда, Махаббатым мәңгілік, Үлгі болсын ұл-қызға!», – деп бала махаббатымен қоштасқан Әзекең одан кейін де талай хаттың басын қайырады. Майданға барып әлгі қызға тағы да хат жазады. Ақыры ол қыз тұрмысқа шығып кеткен соң ғана көңілі Халима апамызға бұрылады. Хат жазу жаман нәрсе болса, Әзағаң сөйте ме?!

Біз – у-шудан шаршаған қала құсымыз,
Тербетілген қайыңдарымыз жоқ әлгі.
Жоғалды адал қаламұшымыз,
Қаламұшымыз өрнектеген хаттар да жоғалды, –

деп ақын Ертай Ашықбаев айтқандай, хаттар нөпірі жылдан-жылға азайды. Байланыс жүйесі жетілді. Хаттан да жедел жететін хабарлама түрлері өмірге келді. Сөйтіп, хаттар бірте-бірте көне құндылықтардың қатарына қосыла бастады.

Сен жіберген SMS

Сенде сезім жоқ бүтін,
Менде сезім жоқ бүтін.
Аузымызда – темекі,
Кеудемізде – көк түтін.
(Бозбаланың жыры, 2000-жылдар)

Біздің бала кезімізде орысша әлдебір өлеңнен аударылған «Телефон соқшы сен» деген ән бар еді. Мағынасы «Сен маған телефон соғам дегенсің, бірақ әлі соқпай жатырсың. Мен сенің қоңырауыңды күте-күте шаршадым. Нөмірімді неге ұмыттың? Енді қашан соғасың?», – деген сықылды бірдеңе. Мәтіні қиқы-жиқы болса да бұл ән ұзақ жыл бойы үзілмей шырқалды. Сол әнде айтылғандай, телефон да бозбала мен бойжеткеннің арасында дәнекерлік рөл атқарды. Бұл енді рахат! Қыздың өзін мүлде көрмейсің. Дәл қасыңда көкірегіңе кірпігін қадап тұрмаған соң батыл-батыл әңгіме айтасың. Сым арқылы сырласу бойжеткендерге де ұнайтын болуы керек, баяғыда бір мықты ақын қыз: «Нөмірін жүрегімнің жаттап алып, Телефон соқпайсың ба өзің біліп», – деп назданып, әдемі өлең өріп еді. Сымы сала құлаш, салмағы бір-екі келі, нөмірін бұрап теретін тоқпақтай телефон туралы айтып отырмыз. 
Ол телефонға да қолы жетпейтін жатақханада тұратын студенттер сөйлесу бекетіне барып, телеграмма бойынша тілдесу уақытын сағаттап отырып күтетін. Алматының сексенінші жылдардағы студенттері Абылай хан даңғылы мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы телефонмен сөйлесуге арналған зәулім залды ұмыта қоймаған болар. Сарғайып-сарылып отырғаныңда «Чиили, Чильдебаев, по телеграмме, четвертая кабина», – деп хабарлайды. Сүйретіліп, орныңнан тұрған кезіңде Чиилидің өзіміздің Шиелі екенінде ешкімнің шаруасы жоқ, жұрттың бәрі саған сол елдің басшысы Сальвадор Альендені көргендей ежірейе қарайды.
Кейін ұялы телефон шықты. Бозбала техникалық тұрғыдан керемет жарақтанды. Ол енді өзін көздегенін мүлт жібермейтін сыралғы аңшыдай сезінді. Бойжеткенді кез-келген жерден тауып алып, сағаттап сөйлесетін болды. «Жігітсің ғой зиялы, Телефоның ұялы», – дегендей, хаттар енді SMS-пен жіберіле бастады. Сөйтіп, кәдуілгі поштамен аттандырылатын хаттар күрт азайды. Жолда кемінде бір апта жүретін сәлемдеме шынында да кімге керек? Қазір ешбір ақын бір кездегі жас шайыр Бақытжан Қапапиянов секілді: «Ғашығым! Әңгіменің ашығы: Сенсіз бөлмем – Хатсыз пошта жәшігі!», – деп өлең жазбайды. Оның орнын «Сен жіберген SMS, Бәрі де әлі кеш емес!», – деген сықылды шулы шумақтар басты.
SMS-хаттар бұрынғы дәстүрлі хаттарға мүлдем ұқсамайды. Бұл хаттан гөрі хабарлама деуге көбірек келеді. Қысқа-нұсқа жазылады. Қате-пәтеңе қарамай, екі-үш сөзбен сүйкектете саласың. Қыз-қырқын да баяғыдай: «Неге маған жіберген SMS-ін, Біле тұра басымның бос емесін», – деп сызылып тұрмайды. Хатыңды оқиды, көңілі соқса, жауап береді.
Бұрын хаттар өте сауатты жазылатын. Көркем дүние секілді үтір, нүктесіне дейін орнында тұратын. Қолына хат тиген қыз өзіне көңілін білдірген жігіттің ой-өрісі, білім-білігі, таным-тәлімі жөнінде бірден мәлімет алатын. Жігіттер хатты сауатсыз жазуға қысылатын. Сондықтан кейде жазу-сызуға қабілетті жолдастарына жазғызатын. Оны ит әуреге түсіп, қайта көшіретін. Бүгінде бұл талап сақтала бермейді. Әріп танысаң болды, өзің жазасың. Жастардың әлгі әлеуметтік жүйелер арқылы жіберген хабарламаларының мәтінін көрсең, төбе шашың тік тұрады. Тыныс белгі деген атымен болмайды мұндай хаттарда. Сөз-сәлемдемелердің дені латын әріптерімен жазылады. Қыз бен жігіт бір-біріне жолдайтын хат-хабарларын қазақ тілінің төл грамматикасына бағындырып әуре болмайды. Оның есесіне өздері «жаңа грамматика» жасап алған. Мәселен, «ч» әрпінің орнына «4» санын («четверка» дегеннің алғашқы әрпі деп оқыңыз), «ш» әрпінің орнына «6» санын («шестерканың» бірінші әрпі) қоя салады. Өйткені бұл әріптер латын қарпі бойынша екі әріппен таңбаланады. Соған орай үнемдеп, «төте жазу» ойлап тапқан түрлері ғой. Ал бас әріп баяғыда жоғалған. Онда ешкімнің шаруасы жоқ. Тағы да Ертай Ашықбаев айтқандай, «Ал біз ше?.. Аз қалды Леп белгіміз, Ұстатпай қашады Бас әріп»...
Қазақтың «ғ», «ң», «ө» «і» секілді төл әріптері де мұндай хабарламаларға көп пайдаланыла бермейді. Оларды қолдану жаппай үрдіске айналмаған. Өйткені туған тіліңде тәуір жазуың сенің сезіміңді селкеусіз жеткізуіңе көп үлес қоспайды. Ең бастысы, айтайын дегеніңді түсінсе болды. Хат кәдімгі телеграфтық стильмен жазылады. Бірақ ілгеріде онда да грамматика сақталатын еді ғой. Хабарламаларда халықаралық терминдер өріп жүреді. Жастардың өздердің жаргондары да жеткілікті. Мысалы, «жынды екен!» деген сөз тіркесі «жақсы екен», «тәуір екен», «күшті екен», «керемет қой!», «ғажайып емес пе?!», «ғаламат!» деген жағымды мағынадағы тіркестердің кез-келгенін алмастыра береді. Сол секілді олар «мақұл», «жарайды», «келістік», «солай болсын», «бопты», «сөйтейік» деген өзара мәндес сөздерді көп қолданып жатпайды. Оның орнына осының бәріне жарайтын ағылшынның «О кэйін» қысқартып, «Ok» деп таңбалай салады. Түріктердің «Тамам» дейтіні секілді. Бұл да түсінікті. Хат қысқа жазылса, ақысы да аз болады. Міне, бозбала мен бойжеткеннің сөйлесу лексиконы осылайша өзгеше қалыптасып келеді.
Әрине, жас буынның арасында сөз қадірін білетін, сөйлемді дұрыс құратын нояндар да жеткілікті. Бірақ олардың санының аздығы жаппай үрдіске ықпал ете қоймайды. Онлайн режімінде қазіргі жастардың тілдік қорына берік енген «достасу» деген ұғым бар. Бұл белгілі бір адаммен байланыс орнату, оны әлеуметтік желі арқылы жақынырақ араласатын кісілеріңнің қатарына қосу дегенді ғана білдіреді. Ал бір заманда қыз бен жігіт арасындағы «достасу» ұғымы керемет қастерлі еді. Олар бір-біріне көңілін білдіргенде де «дос болайық» деумен ғана шектелетін. Бірақ сол «дос болайықтың» ішінде бәрі бар еді...
Сол жылдардағы жігіттер қыздарға шетінен өлеңмен хат жолдауға әуес-ті. Ақындар: «Сенің жазған хаттарың-ай, хаттарың, Менің жазған хаттарым-ай, хаттарым», – деп тебірене толғанып, тынбай жырлап жататын. Өлең құрай алатындары ұйқасын өздері жұптап, жөндеп жыр жаза білмейтіндері амалсыз белгілі ақындардың танымал шумақтарына ауыз салатын. Онысын кейін өзі де өсіп-жетіліп, атақты ақын болған кездерінде: «Бұл жағдайды тілімделіп жүрегі, Ғашық болып көрген жандар біледі, Жүрек сырым өзімдікі болғанмен, Кешір, бәрі басқа ақынның жыры еді!», – деп ағынан жарылып мойындайтын.
Ал енді қазір құйрық-жалы шолтиған, бірақ жастарға сондай қолайлы хабарлама-хаттың заманы туып тұр.

Желіде жүрген жазбалар

Сенің орның – онлайн,
Менің орным – онлайн.
Онлайнда отырып,
Он ауыз сөз жолдайын...
(Бозбаланың жыры, 2010-жылдар)

Қазір хат ұғымының сипаты мүлде өзгерді. Хат жазамын деп қағаз-қалам іздемейтін болдық. Электронды поштамен жазылатын хат-хабар өмірімізге берік енді. Үйіңде шайыңды ішіп, жайланып отырып, лездің арасында жер шарының арғы бетіне жедел хабар жолдайсың. Оның жауабы да жылдам қайтып келеді. Бүгінде жаңа үлгідегі байланыс жүйесінің түрі өте көп. «Агент» дейсің бе, «Ватсап» дейсің бе, «Мой мир» дейсің бе, «В контакте» дейсің бе, әйтеуір жетіп артылады. Қайсысын таңдасаң да, өз еркің. Тіпті, жер түбінде жүрген адамның бет-жүзің көріп отырып сөйлесетін «Скайп» жүйесі де сіздің құзырыңызда. Бұларды осы күнгі бозбала мен бойжеткен бір-біріне көңіл білдіру үшін пайдалана ма, жоқ па, оны білмейміз. Біздің анық білетініміз – қазіргі қыз бен жігіттің баяғыдай бір-бірінің алдында бетмоншағы үзіліп тұрмайтындығы.
Бір телеарнаның тақылдаған журналист қызы: «Қазір «виртуалды махаббат» деген ұғым бар. Ол үшін компьютердің пернетақталарын басуды үйрен, содан соң үйлен!», – деп экранда бұлбұлдай сайрап, «стендап» жасады. Сөйтті де неке сарайы алдындағы жас жұбайларға қолындағы кептерін ұсына қойды. Күйеу жігіт кептерді көкке самғатты. Сюжеттің мағынасы бағзы заманда бұл кептер махаббат хабаршысы еді, енді онлайн байланысы орныққан соң жарасымды жұптың сәні ғана болып қалды дегенге саяды.
Иә, ертеректе «алғашқы махаббат», «тұрақты махаббат», «шынайы махаббат», «мәңгілік махаббат» деген ұғымдар бар еді. Енді «виртуалды махаббат» шықты... Жалпы, күнделікті тіршілікке баламалы виртуалды тұрмыс қалыптасты. Виртуалды өмір, виртуалды дос, виртуалды қалыңдық... О тоба... Бір күні виртуалды балаларымыз виртуалды келін әкеліп, виртуалды немере иіскеп отырар ма екенбіз?! «Немере мен шөбере виртуалды, Екеуін де атасы ертіп алды» немесе «Ұлымыздың компьютер еркін алды, Тіршілігі боп кетті-ау виртуалды», – деп әндете бастайтын шығармыз...
Бір кезде бір-біріне кестелі орамал сыйлаған жігіттер мен қыздардың бүгінгі ұрпақтары қазір сол байланыс жүйелерінде сағаттап отырады. Тіпті көлік айдап келе жатып та ұялы телефон арқылы желідегі құрбы-құрдастарымен сөйлеседі. Желінің іші қайнаған өмір. Бұрынғыдай қыз-пызды жатақханаға іздеп барып, вахтермен екі сағат керілдесіп жатпайсың. Онлайнның тереңіне сүңгісең, бәрі де соның ішінен табылады. Өміріңде көрмеген айдаладағы біреумен айлап-жылдап сөйлесесің. Айтылмаған әңгімең, ашылмаған сырың қалмайды. Әрі таныс, әрі бейтаныс. 
Қысқасы, хаттың сипатымен бірге бүкіл қазақ бозбаласы мен бойжеткенінің психологиясы өзгерді. 
Бір жағынан, дұрыс. Неге қазіргі жастар бұрынғы дәуірдің адамдарына ұқсауы керек? Бүгінгі бозбаланың білмейтіні жердің астында. Ең құпия деген нәрсенің өзіне бесіктен белі шықпай жатып қанығып болады. Ертелі-кеш интернет қарап, біресе иланып, біресе иленіп, ит мініп, ирек қамшылап, итеңдеп отырады. Оған ешнәрсе де жаңалық емес. Баяғы біздің алдымыздағы буынның бір-біріне сегіз ай сызылып, тоғыз ай толғанып, сезімін әрең білдіргенін айтсаң, ішек-сілесі қатып күледі. Күлгенде жаман күледі. Бала кезімізде «Көрмедім» деп мен мынадай секпілді, Езу жимай крокодил көп күлді», – деген өлең бар еді. Тура сол.
Соларға қарап, бір кездегі өзіміздің образымызды ойымызға түсіреміз. Не деген аңғал болғанбыз? Бауырға басқан әжелеріміздің: «Сені өзім туғанмын» дегеніне кәдімгідей сенетінбіз. Ал іштен оқып туған бүгінгі балалар мұндайға өлсе де иланбайды. Анасынан етегінен түспей жатып, анатомияны жетік біліп алған, әр нәрсені өз атымен атайтын қу шешектердің жауабы әзір: «Білеміз, кемпір бала тумайды!». Қалай болғанда да қазіргі балалардың ешқайсысы да «Аһ» дегенде әжеңнің аузынан түсе қалғансың» деген ертегіге онша құлақ аспайды...
Жігіт-желең қыз-қырқынмен танысқысы келсе, оны көшеден іздеп әуре болмайды. Қазір «Қарындас, сағат қанша болды?», – деп танысу дәстүрі келмеске кеткен. Әлеуметік желінің іші толған қыз. Бозбаланың біразы «Қарағайдың түбінен жонып алған қобызым» дегендей, желіде отырған арулардың арасынан өз құрбысын таңдайды. Байланысқа арғы жақтан келген арумен армансыз сөйлеседі. Тіпті менің сөзімді халқым біле отырсын дегендей, жария байланыс түрінде әңгімелесетіндер де бар.
Қазіргі қыздар да еркіндеу. Жүрісі де еркін, тұрысы да еркін. Ойлауы да еркін, сөйлеуі де еркін. Тілі де еркін, діні де еркін. Қыздар хиджаб, жігіттер пиджак киеді. Бойжеткендердің арасында иманды һәм ибалылары да жеткілікті. Сонымен қатар, қырық үйдің тыйымы түгілі, тоқсан үйдің тосқауылына да пысқыра қоймайтындары бар. Осы алуан түрлі мінезді жастар жаппай желіде отырып бір-бірімен жабыла хат жазысады. Бір-бірінің түп-тұқиянына дейінгі тарихы туралы мәлімет алады.
Тек қала ғана емес, онлайнды күллі ауыл пайдаланады. Кеңес заманында бар жаңалықты жеңешелерімізден еститін біздің Қаратереңде де қазір интернет бар. Бұған қарап менің жеңгелерімнің ауызы қимылсыз қалды деген ұғым тумауға тиіс. Интернеттің иіріміне түспейтін, ешбір БАҚ-тың бақшасында піспейтін жаңалықтың бәрі соларда болады. Күйіп тұрған фактілерді елден бұрын біліп отырады. Болжамдары қалт кетпейді. Талдаулары тәлтіректетіп жібереді. Әйтеуір, бәрінің аяғын жақсылыққа әкеп тірейді. Мәліметтерін мүмкіндігінше құпия ұстауға тырысады. Яғни, «ақпараттық қауіпсіздікті» сақтайды.
Ал интернет болса, бүкіл жас пен жасамысты жанына шідерлеп қойды. Бүкіл үйдің баласы – соның тұтқыны. Бүгінгі әке-шешенің бесік жыры былай боп келеді: «Ойында жоқ түк қайғы, Айтқан сөзді ұқпайды, Ертелі-кеш үңіліп, Онлайннан шықпайды».

* * *
Сонымен, бозбала мен бойжеткен онлайнда бір-біріне хат жазып отыр. Осы отырғаны отырған енді... Жақында некенің де интернет арқылы тіркеле беретіні белгілі болды. Ендеше, бір заманда виртуалды құдалыққа барып, витруалды құдағиды виртуалды биге шақырып жүрмес пе екенбіз?!..

Бауыржан Омарұлының Facebook парақшасынан
 

Сурет авторы – Болат Омарәлиев

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз