Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 14 Тамыз, 2022

Елге үлгі Еркебұлан

Еркебұлан Тілеуберген – «Kbh.startup» жобасының финалисі, жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық ғылыми жобалар байқауының «Өлкетану» секциясы бойынша III орын иегері, «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері. Еркебұланмен жетістігі, жобалары, өмірлік көзқарасы туралы кеңірек әңгімелескен едік.

– Еркебұлан, әуелі мектебің мен ұстаздарың туралы айтсаң...

– Негізі мен 4-сыныпқа дейін Қызылорда облысы Қазалы ауданының №266 мектеп-лицейінде білім алдым. Кейін №6 орта мектебіне ауыстым. Менің мектебімнің әрбір ұстазы көпті көрген, тәжірибесі мол десем, артық болмас. Тек қана біліммен емес, үнемі өмір қағидаларымен бөлісіп отырады. Әрдайым қадамымның дұрыс-бұрысын айтып, ақыл-кеңесін айтады. Одан бөлек, әрқайсы өз саласының маманы. Оған мұғалімдерімнің облыстық байқауларда қазылық етуі дәлел бола алады.

– «Kbh. Startup», яғни «Kyzylorda business hub» жобасы жайлы қайдан естідің? Жобаға қатысу туралы ой қайдан туындады?

– Шынымды айтсам, ғаламторда көп уақыт өткіземін. Бұл жоба да сол ғаламтордың білім сайттарын қарап отырғанымда жарнама ретінде шыққан болатын. Жоба жайлы нақтырақ білу үшін әпкемнен сұрадым. Бағыма орай, әпкем бұрын бұл жобаға қатысқан болып шықты. Солай маған қатысуға қолдау білдірді. Кейін қандай бизнес жобасын ұсынамын деген ой үстінде жүрдім. Ойлана келе, «Саңырауқұлақ өсіру» жобасын апаруға бел будым. 1-кезең мамыр айында өтті. 14 қарсыласымның ішінде менікі ең ерекше болды деп есептеймін. Себебі Қызылордада, тіпті Қазақстанда саңырауқұлақ өсіру дамымаған, мұндай зауыттар жоқтың қасы деуге болады. Осылайша, 2-кезеңге, яғни жартылай финалға жолдама алдым. Бұл кезеңде де тәжірибемді жинақтап, дайындаған жұмыстарымды ұсындым. Жобаны сәтті қорғап, финалға өттім. Алайда, өкінішке қарай, финалға дейін саңырауқұлағым өспей қалды. Сол себепті соңғы кезеңге қатыса алмадым.

– Өкінішті, әрине. Сонда саңырауқұлақтың өсіп-жетілуіне қанша уақыт керек?

– Өсіп-жетілуіне бір жарым немесе екі айдай уақыт керек. Негізінде саңырауқұлақ өсіру оңай емес. Мысалы, менің саңырауқұлағым бірінші мүмкіндіктен өсіп шыққан жоқ. Бес рет сәтсіздік болып, тек алтыншы ретте ғана сәтті болған болатын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалға сай келеді десем болады. Бұл біраз уақыт пен шыдамдылықты талап ететін жұмыс.

– Саңырауқұлақ өсіру туралы ой қайдан келді? Неге басқа жоба емес?

– Саңырауқұлақ өсіру деген ойды туындатқан Youtube желісі. Алғаш рет сол жақтағы видеолардан көріп қалған болатынмын. Содан кейін ғана «Kbh. Startup» жобасын жолықтырдым. Алайда, бірден осы жобаны апарамын деген ой болмады. Бір күні дүкенде сатылып жатқан саңырауқұлақтарды көрдім. Қызығушылықпен дүкеншіден бұл саңырауқұлақтардың қайдан әкелінгенін сұрадым. Оның Алматыдан келетінін және ұзақ сақталмай, бір-екі күнде бұзылып кететінін білдім. Сол сәтте өз қаламызда осы бизнес жолға қойылса, күнделікті балғын саңырауқұлақпен дүкендерді қамтамасыз етуге болатынын, бизнестің қарқынды дамитынын ұқтым. Саңырауқұлақтың пайдасы өте көп. Ақуыздар мен көмірсуларға бай. Саңырауқұлақтағы ақуыз мөлшері етпен салыстырғанда үш есе, жұмыртқамен салыстырғанда екі есе жоғары. Сонымен қоса, саңырауқұлақ құрамындағы В1, В2 дәрумендері ағзадағы қанайналым процесін жақсартады. Шаш пен тырнақтың өсуіне оң әсер етеді. Ас қорыту жүйесіндегі сөл шығаруды реттейді. Саңырауқұлақ өсіру кезіндегі ең басты қиыншылық – шөп қайнату. Оның өсуіне жалпақ тілмен айтқанда бір банка шөп қажет. Көп мөлшердегі шөпті қайнату да оңайға соқпайды. Шөптің микробтары өлмесе, саңырауқұлақ өсіп шықпайды. Маған қиындық туғызған тұсы осы ғана, қалғаны оңай болды.

– Ал енді отбасың жайлы айта кетсең...

– Отбасында сегіз адамбыз, бес бауырым және ата-анам бар. Үйдің үлкені болғандықтан, іні-қарындастарым маған қарап бой түзейді. Оларға сөзбен емес, іспен үлгі көрсетуді құптаймын. «Бала айтқанды емес, көргенді жасайды» деген сөз де бар. Кез келген байқау, жарыстарға қатысамын. Мен үшін бастысы – тәжірибе жинақтау. Бұйырған болса, диплом, мақтау қағаздарын да иеленіп жатамын. Сол сәтте бауырларыма үлгі боламын деп ойлаймын. Олар да маған қарап жетістікке жету жолында батыл болу керектігін түсінеді деп есептеймін. Сонымен қатар, аға ретінде жаман мен жақсыны айыруға көмегімді тигізіп, ақыл-кеңесімді айтып отырамын.

– Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық ғылыми жобалар байқауының «Өлкетану» секциясы бойынша III орын иеленген екенсің. Бұл байқауға қандай жоба ұсындың?

– Бұл байқау былтырғы қарашада өткен болатын. «Өлкетану» секциясы тарихқа жақын, туған жеріміздің ұлы тұлғаларын зерттеп, атын шығару, таныту бағыты десек болады. Байқауға Қоңырқожа Қожықов деген кісіні жоба ретінде алып бардым. Ол кісінің орны бөлек, себебі менің жүлделі орын алуыма үлкен үлесін қосты. Өкініштісі, қазіргі жастар бұл кісінің еңбегін, елге тигізген пайдасын біле бермейді. Айта кету керек, Қоңырқожа Қожықов осы Қызылорда қаласының атын қойған, сонымен қатар, «қырғыз» атауының «қазақ» болып өзгеруіне еңбек сіңірген кісі. Қоңырқожа атамыз болмағанда, қырғыз атауымен қалып кетер ме едік деп те ойлаймын.

– Қателеспесем, он жасыңда «Менің әкем – машинист» тақырыбындағы эссе байқауына қатысқан екенсің, сол жайлы толығырақ айтып берсең...

– Бұл байқау еліміздің түкпіртүкпіріндегі локомотив пайдалану деполарында еңбек етіп жатқан машинистердің балаларының арасында өткен болатын. Менің атам да, әкем де теміржолда қызмет етеді. Теміржолшылар отбасымыз. Отбасым жайлы эссе жаздым. Эссе нәтижесіне қарай бізді Астана қаласына марапаттауға шақырды. Екі күн экскурсия болды, кейін марапаттау кешінде II орын иеленіп, жеңіспен қайттым.

– Еркебұланды болашақта не күтіп тұр? Болашақта қандай маман ретінде көреміз?

– Алғашында кардиохирург болғым келген. Алайда кейін нейрохирургияға қызығушылығым арта түсті. Оған себеп, Генри Марштың «Не навреди» кітабы. Кітаптың арқасында нейрохирургия жайлы түсінік қалыптасып, мамандыққа деген махаббатым ашылды. Осылайша, болашақта нейрохирург боламын деген шешімге келдім.

– Көбіне «дәрігер болсаңшы» деп ата-анамыз айтып жатады. Басынан-ақ бала Еркебұланның арманы дәрігер болу болды ма, әлде бұл ойға басқа себеп бар ма?

– Дұрыс айтасыз, негізінде мен актер болуды қаладым. Сіз айтпақшы, менің шешімімнің өзгеруіне анамның «дәрігер боласың» деген сөзі түрткі болды. Шынымды айтсам, бұл сөзден кейін ойланып қалдым. Солай ғаламтордан дәрігерлер жайлы іздендім, тіпті түрлі күрделі операцияларды қарадым. Кейін хирургтардың киімін қатты ұнаттым. Мен де осы киімді киюім керек екенін, жалпы бұл нағыз маған арналған сала екенін түсіндім.

– «Баланың бас ұстазы – ата-ана» демекші, ата-анаңның қандай ақыл-кеңес, ұсыныс-тыйымын ерекше айтар едің?

– Басты үш нәрсені айта кетейін: Иманды болу; Өтірік айтпау; Біреудің ала жібін аттамау. Ата-анам «жүрегіңде иман болса, адамның жақсы қасиеттерін өзіңе сіңіресің», «өтірік өрге баспайды» деп, мені үнемі жақсылыққа шақырып отырады.

– Керемет! Дегенмен, адам кемшіліксіз болмайды. Өзіңнің жағымсыз және жағымды қырларыңды айта кетсең...

– Алдымен, жағымсыз тұстарымды айтайын. Мойындау керек, мен мақтаншақпын, өзімді көп мақтап қоямын. Екіншіден, қоршаған ортаның үнемі маған көңіл бөлгенін қалаймын. Өзіме ұнайтын жағым: білгенімді өзге адамдарға да айтып, барынша түсіндіруге тырысамын. Менен білім, ақыл-кеңес жағынан көмек керек болса, әрдайым қолұшын созуға дайынмын. Сонымен қатар, өзімді батыл әрі тәуекелшілмін деп есептеймін. Уақыттың тығыздығына қарамастан, бір мезетте екі-үш байқауға қатысудан қорықпаймын.

– Қандай сөз мотивация береді?

– Мені ағылшынша «Nothing is impossible», яғни «Бәрі де мүмкін» деген сөз қанаттандырады. Сонымен қатар, «Еңбек етсең, бәрі болар» деген ұстаным алға қарай жылжуыма себепші болады. Небәрі төрт сөзден құралғанымен, үлкен мағына береді деп есептеймін.

– Кумирің кімдер?

– Ең бірінші кумирім – Генри Марш. Ол менің нейрохирургияға деген махаббатымды ашты. Менің де нейрохирург бола алатыныма көзімді жеткізді. Екінші – Абай Құнанбайұлы. Оның 45 қара сөзі – өмірдің сценарийі десек болады. Бұл сөздерді оқи отыра, тура жолға түсіп, бойыңды жаман қасиеттерден аулақ ұстауды үйренесің, бір сөзбен айтқанда – жақсылыққа жетелеуші күш. Кейде Абайдың қара сөздерін оқып отырып мына өмірдің қаншалық лас екенін түсінесің.

– «Жетістікке жеткен адамдар мақсатқа жету жолында жоспар құрады. Жоспар құру – жетістікке жету-дің бір құралы» деген пікір бар. Келісесің бе? Сенің жетістікке жетуіңе арқау болған не нәрсе?

– Мен үшін жоспар, арман, мақсат маңызды. Одан да маңызды баға жетпес нәрсе бар, ол – ата-әжемнің қолдауы. Мен ол кісілердің тұңғыш немересімін және олар менен үлкен жетістіктер күтеді, маған толықтай сенім артады. «Маған ата-әжем үміт артып отыр, ал мен не істеп отырмын?» деп өзіме сауал қойып, уақытымды бос өткізбеуге тырысамын.

– «Елбасы медалі» жобасы туралы кімнен естідің және қатысу туралы шешімді қалай қабылдадың?

– Жоба жайлы алғаш ауылда әпкемнен естідім. Қатысуға да әпкем ұсыныс білдірді. Бірден қызығушылығым оянып, ғаламторда ізденіп кеттім. Солай сайтқа өтінім қалдырдым. Төрт күн өтті, бірақ кері байланыс болмады. Кейін Елбасы академиясына қоңырау шалып, жобаға қатысушы ретінде қабылдауды сұрадым. Ертесіне тәлімгер, яғни Сұлтан ағай хабарласып: «Қатысасың ба?» – деп сұрады. Менің жауабым айтпасам да белгілі болар.

– Осы күнге дейін қандай кітаптар оқыдың?

– Генри Марш «Не навреди»; Генри Марш «Призвание»; Ергелді Есдəулет «Жаңа өмірге мотивация»; Тахауи Ахтанов «Қаһарлы күндер»; Адам Кей «Будет больно».

– Алдағы уақытта қандай қырларыңды дамытқың келеді?

– Адамгершілік қасиетімді дамытып, білімімді шыңдап, полиглот болғым келеді. Айта кеткенімдей кумирім – Генри Марш. Ол өте көп елдерге саяхаттайды, алайда тек қана ағылшын тілін жетік білгендіктен, кейбір елдерде тіл жағынан қиналып жатады. Мен осы мысалға қарап өзіме сабақ алдым. Көп тілді білсем, кез келген ортамен еркін тіл табысамын.

– Осы полиглот боламын деген мақсатыңның жолында қандай қадамдарға баруды жоспарлап отырсың?

– Ғаламтор желісіндегі duolingo деген курс арқылы ағылшын және түрік тілдерін үйреніп жүрмін. Кейін қытай және корей тілдерін меңгеру де жоспарда бар. Оған себеп: мен таңдағалы отырған мамандық – медицина. Медицина Корея және Қытай елдерінде жақсы дамығандықтан, кейін білімімді шыңдауға мүмкіндігім болады деп ойлаймын.

– Адамның бойында қандай қасиеттердің болуы маңызды деп есептейсің?

– Адамның бойында мына үш қасиет болуы шарт деп ойлаймын: Иман; Ешқашан берілмеу; Өз пайдасын ойламай, өзгеге көмек беруге әзір болуы керек.

– Рақмет!

Аруза ЖАНАРБЕКҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті

1896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз