Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Тамыз, 2022

Қалай экосауатты боламыз?

Балаларға әлемдік экология жайлы ойлауға әлі ерте, білімі де жеткіліксіз деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл мақаладағы кейіпкерлер – ұлтқа, нәсілге, дінге, тіпті әулет-отбасына да бөлінбей, бәріміз Жер планетасының тұрғынымыз деп санайтындар. Ауаның ластануынан бөлек, күн сайын су ішкен құтыны қоқыс жәшігіне сұрыптамай тастай салуымыздың өзі тек тұрғылықты жерімізді ғана емес, бүкіл жер шарын ластап жатқанын білесіз бе? Экосауатты болу қиын емес, ол үшін не істеу керек екенін осы мақаладан оқып біле аласыңдар.

Желтоқсанның жаңбырлы күндерінің бірі. Хельсинкиде (Финляндия) 11 жасар Мин Ань Хо микроскопты шұқылап, бірдеңе істеп отыр. Оның сыныптастары да қарап отырмай, басқа жұмыстармен айналысуда. Біреуі телехабарға әкімнен сұқбат алып жатыр. Тағы біреуі электр қуатын зерттеумен айналысады. Пластмассаны қайта пайдаланатын компанияның зерттеушісі ретінде Мин Ань полиэтилен орамына талдау жасайды. «Бұл шынымен маңызды жұмыс, – дейді ол. – Пластиктің жойылуы өте ұзақ уақытты алады, сондықтан оны тастамай, онымен не істеу керегін ойластырған дұрыс.

Мин Ань оқитын мектеп балаларды еңбектенуге, өмірмен жақын танысуға үйретеді. Оқушылар қиялдағы қаланы жасайды, басқарады, әр бала әртүрлі бизнесте әртүрлі жұмыс істейді. Жыл сайын Финляндиядағы алтыншы сынып оқушыларының шамамен 83%-ы осы бағдарламаға қатысады. Бұл оларға бизнес пен жұмыс туралы түсіндіріп қана қоймай, Мин Ань «жұмысын» негізге ала отырып, айналмалы экономика туралы да үйретеді.

АЙНАЛМАЛЫ ЭКОНОМИКА ДЕГЕН НЕ?

Климаттың өзгеруінің негізгі тіректері экономикамен, нақтырақ айтқанда, сызықтық экономикамен байланысты. Бұл сала қоршаған ортаны жақсартып, қоғамның өзгеруіне жол ашады. Олар «алу, жасау, тастау» үлгісімен жұмыс істейді. Бұл жерден табиғи ресурстарды алып, олардан өнім жасау арқылы жүзеге асады. Кез келген қалдық әдетте қоқысқа тасталады. 2016 жылы Финляндия айналмалы экономикаға қарай «жол картасын» қабылдаған бірінші ел болды. Бұл үлгі бар өнімді түрлендіруге бағытталған. Кәсіпорындар қайта өңделген немесе қайта пайдаланылған материалдарға сүйенеді және өнімдерін жасау үшін шикізатты азырақ пайдаланады. Бұл қоқыс алаңдарына кететін қоқыс көлемін азайтады.

Өнімдер, одан материал әзірлеу, пайда болған материалды қалай тұтынудың өзі үлкен жетістік. «Адамдар бұны тек қайта өңдеу туралы деп ойлайды», – дейді Нани Пажунен. Ол – Финляндияның айналмалы экономикаға көшуіне жетекшілік еткен Sitra тобының тұрақты даму жөніндегі сарапшысы. «Білім – Финляндия жоспарының негізгі бөлігі. Қоғамды өзгертудің кілті», – дейді Пажунен. Ол адамдарға айналмалы экономиканың қажет екенін ұқтырып, кез келген адам оның бір бөлігі бола алатынын түсінуге мүмкіндік беру керек деп санайды.

Лииса Воитч – балабақша директоры. Суретте байқағандарыңыздай, оқушылармен отыр. Сынық ағаш орындықта отырғанын да байқаған боларсыздар. «Біз оны лақтырып тастаймыз ба, әлде онымен не істей алатынымыз туралы ойлай аласыз ба?» – деп сұрайды ол. Кішкентай бала орындықты соққылау арқылы оны барабан ретінде пайдалануға болатынын айтады.

Ансси Альмгрен деген кісі – осы оқу бағдарламасын әзірлеуге көмектескен автордың бірі. «Балалардың керемет идеясы көп, – дейді ол. – Біз оларға шешімдер туралы ойлауға мүмкіндік бергіміз келеді». Енді Финляндияны қоя тұрып, өзіміз жайлы бір сәт ойлап көрейікші. Егер балаңыз ойыншығын сындырып алса, оны қайтадан баланың өзіне жөндету туралы ойланып көрдіңіз бе? Балаға ойыншықты сындырғаны үшін ұрысқанша, оған шешім қабылдап, сынған ойыншықты кәдеге жарату туралы неге айтпасқа?

Жастарды тәрбиелеу арқылы қоғамды өзгерту уақытты қажет етеді. Мысалы, Тина Хармс ешқашан «айналмалы экономика» терминін естіген емес. Оның 19 жастағы қызы Карин мұны «бұрыннан білгенін» айтады. Карин үйде тұтынатын заттарды қайта өңдеу үшін отбасымен көп жұмыс істепті. Алғашында Тина күмәнмен қараған, себебі пластмассаны сұрыптау ыңғайсыз болған. Ал сіз ше, қоқыс тастағанда оны сұрыптайсыз ба, әлде бәрін араластырып лақтыра саласыз ба? Бастапқыда қиын соққанымен, қазір Тина басқаша ойлайды. «Егер бір нәрсеге қатты қызығатын жасөспірім балаңыз болса, оған мән беріңіз, қосымша уақыт жұмсауға дайын болыңыз, сонда бәрі ойдағыдай болады», – дейді ол.

Swappie – Финляндияда iPhone телефондарын жөндеумен әрі сатумен айналысатын компания. Бұл жерде процестің әрбір қадамын басқарып, бақылауға болады. Бұған пайдаланылған телефондарды қабылдау, жөндеу және әдемі етіп қайтару кіреді. Компанияның зерттеулері көрсеткендей, көптеген тұтынушы Swappie телефондарын кепілдендірілген сапа мен төмен бағаға сатып алады. Бірақ кейбір тұтынушылардың тағы бір себебі бар: компанияның мотивациясы жаңа телефон сатып алудан гөрі Swappie-ге ие болуды жеңілдетеді. Бұл телефоныңыз бұзылса лақтыра салудан және жаңа телефон аламын деп бірден көп ақша шығындаудан сақтайды. Міне, әлемді, қоғамды жақсы бетбұрысқа жетелеу үшін бәрін өзімізден бастау керек екеніне бұл да бір дәлел. Ал сіз ше, экологияны жақсарту үшін не істеп жүрсіз?

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №31
2 тамыз  2022 жыл

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз