Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Тамыз, 2022

Ералы Тоғжанов мектепке дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп керек-жарақтарымен, мектеп формасымен қамтамасыз етуге және аз қамтылған отбасыларды қолдауға байланысты проблемалық мәселелерге қатысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен селекторлық кеңес өтті.

"Вице-Премьер мектеп тауарлары бағасының алыпсатарлық өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы уәкілетті органдардың есептерін тыңдады.

Сондай-ақ, кеңесте Жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсету бойынша Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты тыңдалды.

Жыл сайын жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы (жалпы білім беру қоры) шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетіледі.

Жекелеген санаттағы білім алушыларға көмек көрсетуге бөлінетін қаржы киім, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын, мектеп-жазу керек-жарақтарын сатып алу, оқу орны бойынша тамақтандыруды ұйымдастыру, қаржылық көмек көрсетуге бағытталады.

Осылайша, ағымдағы жылы Жалпы білім беру қоры есебінен өңірлер 475 мыңнан астам оқушыны қолдаумен қамтуды жоспарлап отыр. Бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 49 млрд. теңгені құрайды.

Осы уақытқа дейін материалдық көмек көрсету орталықтандырылып, жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жүзеге асырылды.

Жалпы білім беру қорынан көмек алатын ата-аналардың сатып алынатын тауарлардың сапасы мен ассортименті бойынша көптеген өтініштерін ескере отырып, ағымдағы жылы ақшалай қаражатты тікелей ата-аналардың есеп карталарына аудару жолымен материалдық көмек көрсету тетігі өзгертілді.

Аталған өзгерістер :

- ата-аналардың киім, мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауын қамтамасыз етуге;

- әрбір балаға қаражаттың біркелкі көлемін белгілеуге (бірыңғай қағидат);

- ата-аналардың түрлі сауда орындарында сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту есебінен мектеп формасының құнын төмендетуге;

- материалдық көмек көрсетудің ашық тетігін енгізуге бағытталған", -делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Е. Тоғжанов білім беру ұйымдарында "қызу желілердің" үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және көмек көрсетуге ниет білдірушілерді (волонтерлер, кәсіпкерлер, меценаттар, ҮЕҰ және т. б.) тарту бойынша үгіт жұмысын күшейтуді тапсырды.

Бұл бағыттағы жұмыс Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Фото: t.me/MVK_kz_Covid19

280 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз