Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 19 Тамыз, 2022

Банктердің қарыз қоржыны өсуде

Қазақстан Республикасындағы аса ірі 10 несие беруші-банктердің 9-ы 2022 жылдың маусым айында өздерінің қарыз қоржындарын ұлғайтқан. Бұл ретте 3 ЕДБ (екінші деңгейдегі банктер) ғана төлем мерзімі өтіп кеткен кредиттерінің көлемін қысқартқан, деп жазады Ranking.kz сайты.

ҚР ЕДБ-нің қарыз қоржынының жиынтық көлемі бір айда 3,2%-ға, немесе 656,2 миллиард теңгеге, 2022 жылдың 1 шілдесіне 21,3 триллион теңгеге дейін артқан. ҚР-дағы аса ірі банк-кредит берушілердің үздік ондығының еншісіне 20,1 триллион теңге тиесілі екен, бұл қарыз қоржынының жалпы көлемінің 94,2%-ын құрапты. ҚР-дағы үздік-10 ЕДБ-нің қарыз қоржыны көлемінің айлық өсімі 3,5%-ды, немесе 673,8 миллиард теңгені құраған.

Қазақстан банктерінің кредиттері көлемі бойынша аса ірі ондықтың арасында 9 қаржы институты 2022 жылдың маусым айының қоры­тындылары бойынша қаржы қор­жынының өсімін көрсетіп отыр. Олардың арасында, бір айда кре­диттерінің көлемі 9,6%-ға немесе 94,2 миллиард теңгеге, ал қарыз қоржыны 1,1 триллион теңгеге жеткен ForteBank көш бастаған. Бұл банктің қарыз қоржыны өсімінің серпіні, жалпы сектордағыдан, 3 есе артық.

Бұдан басқа, ҚР ЕДБ-нің қарыз қоржынында ForteBank үлесі 4,8%-дан 5,1%-ға дейін өскен. Айта кету керек, кредиттік қоржынын тұрақтылыққа жайсыз әсерін тигізбестен толықтыруға банк әлеуеті жеткілікті, мәселен, кредиттердің банктің активтеріндегі үлесі бар-жоғы 37,5% құраса, ал нарық бойынша орташа көрсеткіш 54,3%-ға жетіпті. Сонымен қатар S&P Global Ratings мәліметтері бойынша, банктің несиелендіру өсімінің болжамдық қарқыны айтарлықтай ауқымды 10%–15% құрайды.

Үздіктің ізінен қалыспай Еу­разиялық Банк жайғасқан: мұндағы кредиттер өсімінің көлемі – 6,7%-ға немесе 59,6 миллиард теңгеге, 948,5 миллиард теңгеге дейін артқан. Үздік үштікті Bank RBK түйіндейді, оның қарыз қоржыны маусым айында 6,2%-ға, немесе 45,7 миллиард теңгеге өсіп, 786,4 миллиард теңгені құраған (1-инфографика).

Қалған банктер бір айда Отбасы банктегі 1,1%-дан Jusan Bank-тегі 5,1%-ға дейінгі қарыз қоржыны­ның өсімін көрсеткен. Үздік ондық­тағы қарыз қоржынының көлемі төмендеген жалғыз банк – ҚР-да біршама қиындықтарды бастан кешкен, басқа да барлық ресейлік банктер сияқты – Сбербанк болып шықты.

Топ-10 қатарына кірмейтін өзге де банктердің қарыз қоржынының жиынтық көлемі 1,4%-ға немесе 17,5 миллиард теңгеге қысқарып, ағымдағы жылғы маусым айының соңына 1,2 триллион теңгені құраған.

Жыл басынан бері ҚР ЕДБ-тердің қарыз қоржыны 5,5%-ға өскен. 2022-нші жылдың 6 айында айдың қорытындысы бойынша кредиттердің көлемі азаюы екі рет байқалған. Мәселен, қаңтарда ҚР-дағы ЕДБ-нің қарыз қоржыны 0,8%-ға, ал сәуірде – 0,6%-ға қысқар­ған. Дегенмен, мамыр айында-ақ ҚР-дағы 22 банктің қарыз қоржынының жиынтық көлемі 1,6%-ға өсімді көрсеткен (2-инфографика).

Қарыз қоржынының көлемі өсуі­мен бірге төлем мерзімі өтіп кет­кен кредиттердің де көлемі, 2022 жылдың маусым айында бірден 9%-ға немесе 128,2 миллиард теңгеге өсіп кеткен. Ағымдағы жылдың бірінші жар­тыжылдығы қорытындысы бойынша төлем мерзімдері өтіп кеткен кредиттердің көлемі 1,6 триллион теңгені құраған, ал мерзімі өтіп кеткен кредиттер үлесі бір айда 6,9%-дан 7,3%-ға дейін өскен.

Алайда, айта кету керек, ҚР ЕДБ-тері үздік ондығының ішіндегі үш банк қана қарыз қоржынының көлемі бойынша төлемі мерзімі өткен кредиттердің көлемі азайғанын көрсетіп отыр. Солардың арасында бір айдағы кредиттер өсімі бойынша екеуі үздік деп танылған: мысалы, ForteBank-тегі төлем мерзімі өткен кредиттер көлемі 0,6%-ға немесе 464 миллион теңгеге, яғни, 2022 жылдың маусым айының қорытындылары бойынша 79,5 миллиард теңгеге дейін қысқарған. Бұл көрсеткіштер Bank RBK-те – 0,9% немесе 352,4 миллион теңгеге, 37,3 миллиард теңгеге дейін қысқаруды көрсеткен. Бұл қатардағы үшінші орында Kaspi Bank, оның төлем мерзімі өткен кредиттерінің көлемі 0,4%-ға немесе 933,2 миллион теңгеге, 261,3 миллард теңгеге дейін қысқарған екен (3-инфографика).

Шолуымызды қорытындылай отырып, оқырмандарымыздың назарын мына бір мәселеге де аударғымыз келеді. Атап айтқанда, LS агенттігі «Қазақстандықтарға несие алу қиынға соғады. Өйткені, Қазақ­стан­да тұтынушылық несие­лерді алу шарттарын қатаңдату ұсыны­лады», деп хабарлама жариялады.

Онда LS: Қаржы нарығын реттеу агенттігі жобаның мақсаты тұтынушылық несиелендірудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу және халықтың қарыз жүктемесін шектеу екенін көрсететін құжат жариялағанын жазады.

«Берілетін қарыз сомасын то­лығымен жабатын жылжымайтын мүлік/ақша кепілімен қамтамасыз етілген несиелерді қоспағанда, барлық берілетін банктік қарыздар мен микрокредиттерге борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) есептеу бойынша талапты тарату ұсынылады. Бұл білім беру кредиттері жүйесі және тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі шеңберінде берілетін қарыздарға да қатысты», – делінген құжатта.

Естеріңізге сала кетейік, қолда­ныстағы редакцияда банк әлеуетті қарыз алушының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2022 жылы 37 389 теңге) және отбасының әрбір кәмелетке толмаған мүшесіне ең төменгі күнкөріс сомасының жартысынан аз болса не БЖК мәні шекті мәннен асып кетсе ғана несие беруден бас тартады.

Сондықтан, қаржы нарығын реттеу агенттігі осы жағдайлардың бірі туындаған кезде банктер несие беру туралы оң шешім қабылдамайтын талапты белгілеуді ұсынады.

Құжат 2022 жылдың 24 тамызына дейін талқылануда, делінген LS хабарламасында.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1833 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз