Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 22 Тамыз, 2022

Төлем теңгерімі профицитпен қалыптасты

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Кез келген елдің қаржылық бақылау мекемелері халықаралық алыс-берістегі валюталық түсімдер мен төлемдер арақатынасын қас қақпай қадағалап отырады. Осыған орай Ұлттық банк өткен жарты жылдықтағы төлем теңгерімін, яғни тауарлардың экспорты мен импортының арақатынасын, капитал мен несие ағынын жуырда таразыға тартты. Оның қорытындысы бойынша ағымдағы шот 6,6 млрд АҚШ доллары көлеміндегі табыспен – профицитпен қалыптасқаны белгілі болды. Ал, тілге тиек етіліп отырған шоттың профицит аймағына ауысуы сауда теңгерімінің 21,6 млрд АҚШ долларына дейін өсуімен тұспа-тұс келді. Бұл ретте екінші тоқсанда сауда балансы соңғы сегіз жыл ішінде ең жоғары тоқсандық мәнге жетіп, 11,7 млрд АҚШ долларын құрағаны атап өтілді. Соңғы кезеңде мұндай жоғары көрсеткіш 2014 жылдың бірінші тоқсанында орын алып, профицит 14,5 млрд АҚШ долларына жеткен-тін. Салыстыру үшін пандемия әлі де күшінде болған өткен жылдың бірінші жартыжылдығында ағымдағы шоттың 2,8 млрд АҚШ доллары тапшылығымен қалыптасқанын, ал сауда балансы 9,1 млрд АҚШ долларын құрағанын мысалға келтірсек болады. Қазіргі таңда тауар экспорты тұрақты сыртқы сұраныс және шикізаттың, атап айтқанда мұнай бағасының жоғары деңгейі арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Мұнай және газ конденсаты экспортының көлемі өткен жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 84,7 пайызға немесе 11,4 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Экспорттың өсуі ферроқорытпа, мыс, мырыш, қорғасын, алюминий сияқты металдар тобы бойынша да байқалуда. 
Тауар импорты өз кезегінде 15,9 пайызға өсіп, 20,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте импорт барлық негізгі топтар бойынша артты. Аралық тауарларды жеткізу 21,5 пайызға, инвестициялық тауарлар 8,7 пайызға өсті. Сырттан келетін азық-түлікке жатпайтын өнімдердің 16,4 пайызға ұлғаюы тұтыну импортының 9,8 пайызға өсуіне себепкер болды. Импорт құрылымында ұялы телефондар, дәрі-дәрмек, шанақтар мен көлік құралына арналған қосалқы бөлшек секілді тауарлар көбейді. Импорттың арту көрсеткіштері фискалдық ынталандыру нәтижесінде экономиканың тұрақты өсуіне айғақ болады. Сұраныс отандық тауарлар өндірісінің ауқымы тар болғандықтан артып отыр. Есепті кезең қорытындысы бойынша тауар импорты инвестициялық тауарлардан басқа барлық санаттар бойынша пандемиялық деңгейден асып түсті. Экономикадағы мұндай оң өзгерістің түп төркінін биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында әлемдік мұнай бағасының бұрын-соңды болмаған ең жоғары шекке жеткенінен іздеуіміз керек. Бұл еліміздің төлем қабілетіне біршама оң әсер етті, сөйтіп, бірінші жартыжылдықта соңғы жылдардағы ең жоғары баға тіркелді. Қазақстандық экспорттың орташа алғанда 60 пайызы мұнайға тиесілі екенін назарға алсақ, ағымдағы шоттың өзгерісі қара алтынның әлемдік бағасының құбылуына тәуелді екенін байқаймыз. Энергия жеткізушілердің бағасы төмен болған кезде төлем теңгерімінің ағымдағы шоты тапшылық аймағында қалатынын, ал баға көтерілген уақытта профицит байқалатынын көреміз. Мұндай заңдылық осы жылдың бірінші жартыжылдығында да көзге түсті, жоғарыда атап өткеніміздей, мұнайдың жоғары бағасы ағымдағы шоттың 6,6 млрд АҚШ долларлық профицитін қамтамасыз етті. Алайда бұл өсім тек шикізат бағасының өсуімен ғана қамтамасыз етілетіндіктен, мұндай ахуалдың тұрақты еместігін атап өтуіміз керек. Технологиялық деңгейі жоғары ішкі өндірістің болмауы, сондай-ақ шикізат құнына тәуелділік тілге тиек етіліп отырған бағаның құбылуы сияқты сыртқы әсерлерге-күйзелістерге оңай ұшырайтын ең осал тұстарымыздың бірі болып қала береді. Өйткені отандық өндірістің қазіргі деңгейі ішкі сұранысты қамту үшін жеткіліксіз. Бұл өз кезегінде импорттың жоғары деңгейіне тұрақты тәуелділікті тудырады, Ал, тауарларды көп көлемде импорттай отырып, біз өз нарығымызға әлемдік инфляцияның енуіне есік ашамыз. Оның үстіне сырттан келетін тауарларға ақы төлеу барысында шетелдік валютаға сұраныс туындайды, осылайша айырбас бағамына қысым көрсетіледі. Сарапшылар пікірінше, мұндай жағдайда төлем теңгерімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңгенің еркін айналымын енгізу қажет. Ал, бұл үшін экономиканы әртараптандыру талап етіледі, ол бір күннің шаруасы емес болғандықтан ұдайы жүргізілуі тиіс. Мәселен, үкімет 2025 жылға қарай шикізатқа жатпайтын 41 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауарлар мен қызметтер экспортына қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Оған жетудің бір жолы осы бағыттағы жұмысты күшейту болып табылады. 
Ресей резиденттерінің соңғы кездері Қазақстан банк қызметтерін кеңінен пайдаланып жатқаны әлеуметтік желілерде жиі сөз болып, біздің экономикамыздың көрші елмен тығыз қарым-қатынаста болуына қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Бұл ретте Қазақстан Еуразиялық одақта болуына қарамастан, дербес саясат ұстанып отырғанын атап өтуіміз керек. Ресей осы жылдың ақпан айында банктік мөлшерлемені 9,5 пайыздан 20 пайызға дейін екі еседен аса арттырып, санкциялық қысымға байланысты күшті дефляциялық үдерістер аясында шілде айының соңында 8 пайызға дейін төмендетті. Ресейде бағаның ай сайынғы өсуі теріс аймаққа түсіп кетті, мәселен, маусымдағы жағдай бойынша ол 0,35 пайызды құрады. Шілдеде айлық инфляция 1,1 пайызға, ал жылдық мәнде 15 пайызға жетті. Мұның барлығы экономикадағы рецессияның әсерінен орын алып отыр. Ресей мағынасыз әскери авантюраның кесірінен алтын-валюта қорының жартысынан – 300 миллиард доллардан айырылды. Ел саяси және экономикалық тұрғыдан оқшауланып, оның жалпы ішкі өнімі 2022 жылы 4-тен 8 пайызға дейін төмендейді деген болжам айтылуда. РФ Орталық банкінің жорамалы бойынша экономикалық құлдырау 2025 жылға дейін жалғасады. Қазақстанда жағдай мүлдем керісінше. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,4 пайызға өсті және рецессия күтілмейді. Сондықтан да алаңдауға еш негіз жоқ екенін есте ұстауымыз керек.

1268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *