Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Тамыз, 2022

«Super bol» жас таланттарға жол ашады

Еліміздің түкпір-түкпірінде футболға әуес жастар көп. Теңбіл допты шырқ үйіретін таланттардың тасада жүргені де жетерлік. Өкінішке қарай олардың басым көпшілігінің отандық клубтарда өнер көрсетуге мүмкіндігі жоқ. Дегенмен осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында құрылған «Super bol» жобасы қарапайым халық арасынан  шыққан талантты футболшыларға жол ашты.  Енді доп қуып, ен даланы дүбірге бөлеген ауыл балаларына еліміздің атақты футбол клубтарында өнер көрсетуге мүміндік туды. Еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген спортшылардың тек 25-і іріктеуден өтіп, Талғардағы Ұлттық құрама базасында жаттығып жүр. Жобадағы жас футболшылардың жаттығуларына арнайы барып, әңгімелесіп қайттық. Сондай-ақ жобаның бас бапкері Самат Смақовты да аз-кем әңгімеге тарттық.

– Мұндай жоба бұрын-соңды елімізде болмаған.  «Super bol» – кәсіпқой футболшы болуды армандайтын барлық талантты жастарға мүмкіндік беретін жоба. Бәрі жігіттердің жігер танытып, жасыл алаңда жанын салып өнер көрсетуіне байланысты. Финалға өткен жігіттердің біразын кәсіби клубтардың қатарынан көретінімізге сенімдімін. Олардың мақсаты айқын, болашағы зор. Бұл жобаның басты мақсаты да – осындай таланттардың болашағына мансабының өрлеуіне қол ұшын созу. Қатысушылардың барлығы – ешқандай таныс-тамырсыз өзін-өзі дәлелдегендер. Шыны керек, жоба басталғанда «Сәке, Жәке» деп хабарласқандар көп болды. Бірақ біз тек талантымен танылғандарды ғана іріктеп алдық. Қатысушылардың тағдыры да, деңгейі де әртүрлі. Кейбіреулерінің отбасылық жағдайы қиын, кейбіреулері кәсіби клубтардың екінші командаларында ойнаған. Бірақ бәрінің мақсаты бір. Біз әр қатысушының кемшілігімен жұмыс істеп, кәсіби футболшы ретінде пісіп-жетілуіне жағдай жасаймыз. Дегенмен әр апта соңында бапкерлердің көңілінен шықпаған, жаттығу, ойын барысында өзін көрсете алмаған қатысушылармен қоштасамыз. Өйткені қосалқы құрамда мүмкіндігін күтіп жүрген тағы 25 қатысушы бар. Сондықтан жобаның соңына дейін жетіп, жеңімпаз атануы қатысушылардың өзіне байланысты. Ал тамыздың 21 күні соңғы ойында Еуропадан, Азия және елімізден скауттар келіп, жігіттердің өнерін тамашалайды. Керемет өнерімен көзге түсіп, көңілінен шыққан қатысушылардың барлығы келісімшартқа ие бола алады. Әрине, ешкімді мәжбүрлі түрде келісімшартқа отырғыза алмаймыз, – деді Самат Смақов.

Жаттықтырушылар мен ұйымдастырушылардың көзіне түсіп, жасыл алаңда барын салып жүрген қақпашы Асылзат Ерден мен қорғаушы Өркен Жантұраевқа назарымыз түсті. Бала күнінен футболшы болуды армандаған екеуі де арманына бір табан жақын екенін, берілген мүмкіндікті жібермеуге тырысатынын айтты. Алматыдағы іріктеуден өткен Асылзат бәсекенің жоғары болғанына қарамастан мықтылығын дәлелдей білген. Қазір де құрамадағы негізгі қақпашы атануға басты үміткердің бірі.

–   «Super bol» жобасына Алматы қаласындағы алғашқы іріктеуден өтіп, екінші кезеңге жолдама алдым. Финалдық кезеңде еліміздің әр өңірінен 130-дан аса мықты, дарынды жігіттер жиналды. Солардың арасынан суырылып шығып, финалға іліктім. Жалпы жобаның ауылдағы, аудандардағы талантты жас футболшыларға берері көп. Ең басты мүмкіндік – үлкен футболға жол ашады. Өзіңнің мықты екеніңді, жасыл алаңда алдыңа жан аямайтын саңлақ екеніңді дәлелдеуің керек. Әр апта сайын бапкерлер қорытынды жасап, мықтылығын дәлелдей алмағандарды жобадан шығарады. Өйткені қосалқы құрамда өз мүмкіндігін күтіп жүрген 25 бала бар. Кәсіби футболшы болам деген арман-мақсатынан қол үзген Асылзаттың үмітін осы жоба қайтадан жақты. Жаттығудан бөлек, өзін жан-жақты дамытып, шеберлігін шыңдап жүр.

– Бала күнімнен футболшы болуды армандап, «Қайраттың» академиясына қатыстым. Бірақ жасым кіші, бойым аласа болғандықтан, қақпаға көп тұрмадым. Сол себепті де академиядан шығып, «Қайрат» футзал клубына бардым. Дегенмен жаныма үлкен футбол жақын болғандықтан, ол жақта да ұзақ тұрақтамадым. Сөйтіп, 2018 жылдан бері футболдан қол үзген едім. Енді, міне, «Super bol» жобасы қайтадан арманыма қанат бітіріп, болашағыма жол ашты. Әрине, бұл жақтағы екі айлық оқу-жаттығуы жиынымен кәсіпқой футболшы болып кетуіміз қиын. Дегенмен бапкерлердің барлығы деңгейімізді көтеру үшін, нағыз білікті маман болу үшін бар білгенін үйретіп жатыр. Біз де аянып қалмай, барынша мүмкіндікті пайдалануға тырысып бағамыз. Қазір команда құрамында үш қақпашы бар. Үшеуміздің де деңгейіміз, ойын үлгіміз жоғары дәрежеде деп айтсақ болады. Өйткені ойын күндері бапкерлер негізгі құрамға қайсымызды шығарарын білмей көп ойланады.

Жобаның соңында үздіктердің үздіктері кәсіпқой клубтармен келісімшарт жасау мүмкіндігіне ие болады. Асылзат та үздіктер қатарынан көрініп,  мықты командалардың қатарына қосылуды көздейді.

– Әрине, жобаның соңына дейін жетіп, кәсіпқой футбол клубымен келісімшартқа отыруды әр қатысушы мақсат етеді. Жоба жетекшілерінің айтуынша, елімізден ғана емес, Еуропа мен Азиядан да скауттар келеді екен. Соларға өзіміздің мықтылығымызды дәлелдеп, көздеріне түсіп, келісімшартқа ие болуды көздейміз. Шыны керек, Еуропада, соның ішінде Англияда доп тепсем деп армандаймын. Дегенмен ұсыныс түссе, кез келген жаққа баруға дайынмын, – деді Асылзат.

Орталық қорғаушы шебінде ойнайтын Өркеннің де жасыл алаңдағы жүрісі ерекше. Бапкерлер құраманың көңілінен шыққан 20 жастағы қорғаушы – негізгі құрамнан ойып тұрып орын алған ойыншылардың бірі. Ұлттық құраманың қатарына қосылуды армандайтын Өркен де «Super bol» жобасы арқылы сол мақсатына жететініне сенеді.

– Шымкент қаласының тумасымын, бала күнімнен футболшы болуды армандап өстім. Бірінші іріктеу кезеңіне туған қаламда қатысып, өте алмай қалдым. Сосын Тараздағы іріктеуге қатысуға рұқсат сұраған едім, бапкерлер де: «Саған сәл ғана сәттілік жетіспей қалды, Тараздағы іріктеуде бағыңды сынап көр», – деді. Ұйымдастырушылар қатарындағы скауттардың бірі екінші кезеңге өткенімді қалапты. 1000 адамның ішіндегі таңдалған 10 адамның қатарында болмағаныма қатты қапаландым. Өйткені бір жыл Испаниядағы «Кадис» пен «Алькоркон» футбол клубының академиясында жаттығып, командаларында ойнадым. Испанияда шеберлігін шыңдап келген Өркен жобаның іріктеу кезеңінен өте алмай қалғанына қатты намыстанады. Дегенмен Тараздағы іріктеуге де қатысып, мықтылығын дәлелдейді. Алматыдағы финалда да үздіктер қатарынан көрініп, негізгі құрамға қосылғандардың қатарында болады.

– 15 жасыма дейін тек көше футболын ойнап, кәсіби түрде айналысқан жоқпын. 15-ке толғанда «Ордабасы» мен «Қайраттың» академиясына қатысуға барып, бағымды сынап көрдім. Бірақ екі команданың қатарына да қосыла алмадым. Өйткені ашықтан-ашық ақша сұрады. Әкем қарсы болып, Испанияда шыңдалуыма жағдай жасады. Сөйтіп, 2021 жылы Испанияда тәжірибемді толықтырып, футболдың қыр-сырын тереңірек меңгердім. Шыны керек, Испанияға барудағы мақсаттың бірі Еуропада қалып, сол жақта өнер көрсету болған. «Super bol» жобасы сол мақсатқа жетуге бір қадам жақындатады деген ойдамын. Өйткені жобаның соңында финалдық ойын болады. Сол ойынға Еуропа, Азия және елімізден скауттар келіп, мықтылармен келісімшартқа отыруымыз мүмкін. Сондықтан бапкерлер құрамының көзіне жақсы жағымызды көрсетіп, мықтылығымызды дәлелдеп бағудамыз. Әр футболшының арманы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, әлем, Еуропа чемпионаттарында доп тебу ғой. Жобадағы басты мақсатымыз да осы, – деді Өркен.

«Ақ желкен» журналы «Super bol» жобасын толық қадағалап отырмақ. Алдағы нөмірлерімізде Алматыдағы қорытынды ойында қандай жас футболшылардың бағы жанғаны, болашағы қалай болатыны туралы сериялы мақалалар ұйымдастырамыз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

3071 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз