- Инфографика
- 05 Қыркүйек, 2022
Бизнесті несиелеу оңды шешімге мұқтаж

Бизнеске қымбат емес несиелер берудің уақыты жеткен сияқты. Шындығында бизнес үшін теңгемен кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме 5,4%, ал шетел валютасы бойынша – 2,5% құрауы тиіс деп сарапшылар шегелеп бағалап отыр. Ал енді біздегі нақты жағдай соны қалағандай арман-қиялдан әлдеқайда алшақ жатыр екен. Біз де бүгінгі талдауымызда әңгімені осы төңіректе өрбітпекпіз.
Қазіргі күрделі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы батыстық санкциялардың отандық кәсіпорындардың едәуір бөлігін жайсыз күйге душар еткеніне қарамастан, Ұлттық банк кредиттік қорларды кәсіпкерлердің қалаған деңгейлеріне дейін арзандатуға асығар емес. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанындағы 3343 қазақстандық кәсіпорындар өкілдерінің арасындағы сұрау салудың нәтижелері бойынша Ұлттық банктің талдаушылары дайындаған конъюнктуралық шолу мәліметтері осындай қорытынды жасауымызға жетелеп отыр.
Айта кету керек, сұрау салуға қатысқан респонденттер – тау-кен қазу және өңдеу өнеркәсіптерінің, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік пен қоймаландыру, сауда және де басқа салалардың өкілдері. Көлемі бойынша сұрау салуда шағын кәсіпорындар (1767), содан кейін орта (913) және ірі кәсіпорындар (663) басымырақ екен. Өңірлерге бөлгенде респонденттердің жалпы санындағы басымырақ үлес Алматы (7,6%), Атырау (7,2%) мен Жамбыл (7,0) облыстарының еншісінде.
Сұрау салудың қорытындылары бойынша белгілі болғандай, сұрау салуға қатысқан кәсіпорындардың 38,9%-ы үшін бизнесті жүргізуге кедергі Қазақстан экономикасының жағдайы екен. Респонденттердің 55,8%-ның пікірінше, 2022 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы экономикалық жағдай нашарлап кеткен, ал 40,2%-ы ол өзгерген жоқ деп есептейді.
Экономика жағдайдан өзге, кәсіпорындар үшін нарықтық бәсекелестік (28,0%), салық ауыртпалығы деңгейі (23,3%), сатып алушыларды іздестіру (23,0%), білікті кадрлар жетіспеуі (21,6%), дебиторлық қарыздарды қайтару қиыншылығы (12,9%) сияқты факторлар неғұрлым маңызды екен, бір қызығы, қаржыландыруға қолжетімділік (12,5%) мәні тұрғысынан 8-інші орынға жайғасыпты.
Басқа да кедергілер ретінде кәсіпорындар Ресейге қатысты батыстық санкцияларды, осы елден тауарлар енгізудің қысқаруын, валюта бағамын, сондай-ақ инфляцияның күрт өсуін де көрсетеді. Бұл ретте респонденттердің көпшілігі (54,3%), қазіргі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы енгізілген санкциялар, жалпы алғанда, жайсыз әсер еткен деп атап көрсетеді, ал 12%-ы мейлінше күшті зардап шектік деп отыр.
Екінші жағынан, респонденттердің 41,8%-ы геосаясаттың олардың істеріне әсерін тигізбегенін айтады. Геосаяси жағдайдың зардаптарын атап көрсеткен кәсіпорындардың ішінде 37,4%-ы қазақстандық теңгенің басқа валюталарға қатысты тым әлсіз екенін мәлімдеген. Сұрау салынғандардың 23,8%-ы қазір қалыптасып отырған белгісіздікке байланысты шешімдер қабылдаудың қиындығына назар аударған, 22%-ы – ақшамен есеп айырысуды жүзеге асырудағы қиыншылықтарды, 21%-ы – логистика мен жабдықтау мәселелерін атап көрсеткен. Қазіргідей жағдайда бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерді өздеріне тек кәсіпорындардың 3,6%-ы ғана таба алған.
Бұл ретте 2022 жылдың екінші тоқсанында респонденттердің 25,5%-ы өз қызметтерін жүзеге асыру үшін өнімдерді импорттаған, 6,6%-ы экспортқа шығарған, 11,3%-ы экспортқа да шығарған және импортқа өнімдер алған, ал басым көпшілігі (56,5%) сыртқы экономикалық қызметпен айналыспаған да.
Экспортер-кәсіпорындардың басымырақ үлесі тау-кен қазу өнеркәсібіне (21,4%), импорттаушылар – сауда (41,4%) еншісінде. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың басымырақ үлесі – сыртқы экономикалық қызмет көрсететіндер еншісінде.
Кәсіпорындардың несиелендірудегі бағасы бар (кредит бойынша мөлшерлемелер деңгейі, қосымша комиссиялар көлемі) және бағасыз шарттарды бағалаулары біршама жақсарған, бірақ әлі де жағымсыз күйде қалып отыр.
Мониторингке қатысушылардың кредиттер бойынша түйіндеген орташа пайыздық мөлшерлемелері теңгеде 13,3% және шетел валютасында 6,8% құраған. Кәсіпорындар пікірінше, олар үшін кредит бойынша тиімді пайыздық мөлшерлеме теңгемен 5,4%, ал шетел валютасындағы кредит бойынша – 2,5% құраған (1-инфографика).
Сондықтан да қарыздық қорлардың осыншама қымбатшылығы жағдайында кәсіпорындардың көпшілігі (84%) айналмалы қаражаттарын қаржыландыру үшін меншікті қаражаттарын пайдаланған, соның ішіндегі 42,2%-ы – табыстарын құраса, 41,8%-ы – акционерлер/қатысушылардың меншікті қаражаттары.
Осы мақсаттағы қарыздарын кәсіпорындардың 16,6%-ы пайдаланған, соның ішінде 8,7%-ы бұрынырақ ашылған кредит желісі бойынша траншты пайдаланған, 7%-ы – микроқаржы қызметімен айналысатын қазақстандық банктер мен ұйымдардың қарыздары, 0,9%-ы – шет елдердің кредиттері.
Қаржыландырудың өзге де көздері арасында (графикте ұсынылғаннан басқа) кәсіпорындар сондай-ақ сатып алушылардың аванстарын, қаржылық көмекті, топтар ішіндегі қарыздарды (иегер компания мен филиалдар арасында) көрсетеді (2-инфографика).
Екінші тоқсанда, теңгенің ресейлік рубль мен қытайлық юаньге айырбастау бағамдарының өзгеруінен сұрау салынған кәсіпорындардың шаруашылық қызметіне жағымсыз әсері өскен. Бұл ретте USD/KZT жұбына жағымсыз әсер біршама жеңілдеген, ал EUR/KZT жұбына әсер өзгеріссіз қалған.
Күткендегідей, теңге бағамының ресейлік рубльге айтарлықтай әлсіреуі неғұрлым жайсыз әсерін тигізген. Кәсіпорындар өздерінің шаруашылық қызметіне CNY/KZT бағамы мейлінше жайсыз әсер еткен.
Экспорттаушы-кәсіпорындар екінші тоқсанда валюталар бағамының өзгеруінен жағымды әсер болғанын айтады, осы ретте импорттаушы-кәсіпорындар өздерінің қызметіне RUB/KZT бағамының өзгеруі өз қызметтеріне айтарлықтай жайсыз әсерін тигізгенін атап көрсетеді.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1461 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *