Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 09 Қыркүйек, 2022

Анар ФАЗЫЛЖАН: АҒАРТУШЫЛЫҚ ИДЕЯСЫ ӘЛІ ДЕ ӨЗЕКТІ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы биыл әлемдік деңгейде тойланатын болды. Руханият алыбының әрбір ісі ұрпаққа үлгі. Өткен мен бүгінді жалғайтын тарихи тұлғаның өнегелі өмір жолына зер салғанда, келешектің де сәулелі сағымы алдан бұлдырайтын сияқтанады. Ол сағымды қуып жетпегеніңмен, тура жолда екеніңді сезінгенде көңіл демденетіні бар. Ахмет жолы – болашаққа тура бастайтын ғибратты жол. Өмірі күреспен өткен тұлғаның тағдыр талайы аз болмапты. Азаттықтың ақ таңына жетпегенімен, жеткізетін соқпақты анық көрсетіп кеткен жанға ұрпақтары алғыспен тағзым етеді. Тіл мен әдебиет, адамның екі аяғы секілді, руханиятты алға бастайтын күш екенін білген ғалым сол екі саланың мұнарасын тұрғызып кетіпті. Әліппе құрап тіл ашса, «Әдебиет танытқышпен» сөз өнерінің теориясын бекітіпті. Оқыған жанға жеңіл, ұғынықты болатындай әр сөзін шебер үйлестіріпті. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін түсінікті екені содан болса керек. Ахмет биігі Тянь-Шань секілді. Алыс­тан көзге анық көрінгенімен, қол жетпес биік. Жұрт оған тамсанып қарап, еңсесін тіктейді, еліктейді. Аспанмен таласқан аппақ шыңнан Ахметке жарасатын айбынды байқайсың. Ұсақталмайтын, ірі болмысты көресің. Сөзі мен ісі жарасқан абыройлы тағдырға тамсанасың. Жүз елу жыл өтсе де, Ахмет рухы қазақпен бірге жасасып келеді.

Нар жүгін иығына салып арқалаған алыптың мерейтойы қарсаңында аталмыш тұлғаның есімін ­ие­лен­ген институт директоры  Анар ­ФАЗЫЛЖАНОВАМЕН әңгімелескен едік.

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін болды. Елімізде үлкен ауқымдағы игі шаралар қолға алына бастағаны белгілі. Қуанарлығы, ғалымның еңбектерін әлемнің танымал тілдерінде басып шығарып, халыққа таратуға бағытталған 8 шара ұйымдастыру көзделген екен. Бұдан бөлек, 63 пункттен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылыпты. Айтуға оңай болғанымен, бұның соңы науқаншылдыққа ұласып кетуі мүмкін бе?

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы тұңғыш рет тәуелсіз елде ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Сондықтан да сіз қойған сұрау орынды, өйткені біз үшін қазіргі кезде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тануға арналған кез келген деңгейдегі шара өте маңызды. Себебі мемлекетшілдік сананы қалыптастыру үшін нағыз қажеті мұра – Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен оның тұлғасының тағылымы. 

– Аталмыш шара аясында киелі Торғай топырағында болдыңыз. Сапарларыңыздың барысымен таныстырып өтсеңіз.

– Иә, біз киелі Торғай топырағына бардық. Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылы Ақкөлде болу бақыты бұйырды. Бір өкініштісі, халық әбден дайындалып, той болатын кезде Аманқарағай орманын өрт шалып, аяқ астынан ел басына қауіп төнді, орманның етегінде отырған бірнеше ауыл өртке оранды. Сонда менің таңғалғаным, торғайлықтардың өз жерлестеріне деген ерекше бауырмалдығы, өйткені мал сойылып, киіз үй тігіліп, Ахмет Байтұрсынұлына берілетін асқа әбден дайындалып болған кезде, көрші ауылдарда баспанасынан айырылып жылап отырған халықтың көңіліне ерекше құрметпен қарап, той тоқтатылды. Бұл сол өңірдегі халықтың үлкен бауырмалдығының көрінісі деп бағалаймын. Бұл оқиға ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Тойға әзірленіп, қанша ай бойы бар ынта-шынтасымен жүгірген Торғай өңірінің, Ақкөл ауылы халқының болады деп тұрған тойы болмай қалғандағы көңіл күйін де жақсы түсінемін. Сонымен бірге табиғат апатынан зардап шеккен Әулиекөл, Аманқарағай сияқты ауыл тұрғындарын жақсы түсінуге болады. Осындай жағдайда Қостанайдың халқы ауызбіршілік танытып, бірін-бірі қолдап, оған бүкіл ел болып қолұшын беріп жатқаны қуантады. Ел басына күн туғанда осындай ауызбіршілік көрсеткен халқымыз Ахметтің ұрпағы деген биік атқа лайық деп санаймын.

Тағы бір ерекше қуантқаны, Ахмет Байтұрсынұлының әулетінің қорымына тұлғаның топырағы әкелініп, кесенесі тұрғызылған екен. Сол кесенеге халық ағылып келіп, Құран бағыштайды екен. Бұл Ұлт ұстазының   рухына деген оның өз туған жеріндегі ерекше сезімді көрсетеді. Ахметке деген күллі қазақтың, жалпыадамзат баласының тағзымы сол киелі топырақтан басталады емес пе?! Яғни бұл ел Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына деген үлкен құрметтің кіндігі іспетті. Торғай өңірінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұражай үйі реэкспозицияланып, жаңартылған екен, оны көріп, жоғары бағаладым. Бұл да біздің руханиятымызға қосылған үлкен үлес, Байтұрсынұлының мұрасын, ұлт көсемінің ұлы идеяларын насихаттау жолындағы үлкен іс.    

– Бүгінгі қазақ сөз өнерінің қалыптасуына Байтұрсынұлының сіңірген қызметі орасан. Тұлғаның еңбектері жеткілікті деңгейде зерттелді ме? Бүгінгі күн тұрғысынан дәріптелуіне қандай баға берер едіңіз?

– Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тануға, оның мұрасын зерттеп, насихаттауға үлес қосқан ғалымдар аз емес. Ахметтану ілімі Қазақстанда мықты қалыптасты деп айтуға болады. Оның бастауында тұрғандар ретінде  Байтұрсынұлының көзін көрген, сол кезде онымен иық тірестіріп Алаш, ағартушылық идеясын бірге жүзеге асырған сол кездегі оның замандастарын айтуға болады. Олардың ішінде М.Дулатов, М.Әуезов, С.Садуақасұлы, И.Омаров, С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, Е.Омаров, орыс ғалымдары А.Самойлович, Е.Поливанов, Н.Яковлев, А.Кононовтан бастап, заманымыздың ғалым зерттеушілері Ә. Кекілбаев, Р.Сыздық, Ә. Қайдар, М.Жүсіпов, Н.Уәли, К.Сағадиев, Д.Қамзабек, К.Хұсайын, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Сәтбаева, Ү.Субханбердина, Қ.Мұхамедханов, З.Ахметов, Ғ.Ахмедов, М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, Р.Нұрғали, Т.Қордабаев, С.Өзбеков, М.Қойгелдиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішұлы, Ж.Ысмағұлов, К.Сағадиев, Ш.Елеукенов, Б.Әбілқасымов, Е.Жанпейісов, Н.Уәлиұлы, Ғ.Әнес, Бағдан Момынова, С.Дәуітұлы, Т.Жұртбай, А.Ісімақова, Ө.Әбдиманұлы, Д.Қамзабекұлы, Ш.Құрманбайұлы, А.Қыдыршаев, Қ.Сақ, А.Мектептегі, Ж.Байтілесова, Ұ.Еркінбаев, Р.Имаханбет, О.Жұбаева, С.Оспанов, А.Әбсадық, Е.Маралбек, түрік ғалымдары Ахмет Бижан Ерджиласун, Нергис Бирай, қырғыз ғалымы   К.Дыйканов, т.б. бар. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы жалпыадамзаттық биік рухани құндылықтарға негізделеді, сондықтан да одан адамзат баласы қай заманда да өзіне қажет рухани азық тауып отыратыны сөзсіз, сол себепті оның мұрасы сарқылмас қазына. Міне, осы айтылғандардың негізінде тұлға мұрасын қазіргі заманғы ғылыми бағыттар, әдістер тұрғысынан қарастыру бүгінгі ұрпақтың сұранысын өтейді. Мысалы, әлемдік лингвистикада жақсы қалыптасып келе жатқан когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттаным, әлеуметтік лингвистика, статолингвистика, психолингвистика, нейролингвистика сияқты әртүрлі ғылым тоғысындағы тілтанымдық ізденістер тұрғысынан ұлт ұстазының мұрасын қарау оның тұңғиығынан қаншама тың, қажетті, қызықты деректерді беретіні сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде қазақ тіл ғылымының базалық-терминдік жүйесін жасады. Ұлт ұстазының термин жасау принциптері қазақ ұлтының танымындағы концептілерге, яғни танымның ең кіші бірліктеріне арқа сүйейді. Қандай да бір күрделі лингвистикалық құбылысқа, ұғымға атау бергенде Ахмет Байтұрсынұлы жалпы қазақ санасына ортақ танымал ұлттық концептілерді негізге алады. Сондықтан да оның тілтанымда жасаған терминдерін өз заманындағы және бүгінгі күнгі қазақтың баласы еш қиналмастан бірден жаттап алып, атын естігенде-ақ оның астарындағы мазмұнын түсіне қояды. Мәселен, зат есім, сын есім, сан есім, есімше, көсемше, жалғаулық, сөздердің босаралықты, қосаралықты, босаралықсыз жазу, шылау деген сияқты терминдер атының өзінен мазмұны бірден түсінікті бола қояды.

Ғалымның терминдері қазіргі заманғы когнитивтік лингвистика құралдарымен, әдістерімен зерттелсе, ұлттық терминжасамның дұрыс жолға түсуіне көмектесетін ғылыми білімдер жүйесі анықталатыны сөзсіз.        

– Тұлға есімімен аталатын институт басшысы ретінде биылғы мерейтойға орай Сіздерде жасалған ғылыми жобалар туралы атап өтсеңіз...

– Біздің институт Ахмет Байтұрсынұлының есімін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1990 жылы 26 ақпанда иеленген. Қазіргі кезде Байтұрсынұлының есімі көп мекемеге беріліп жатқанының куәсі болып отырмыз. Ал институт тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап тұлға мұрасына ерекше назар аударып келеді және барлық зерттеулерін Ахмет Байтұрсынұлының мұрасымен байланысты қарауды жазылмаған заң ретінде ұстанады. 1989 жылы Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің «Тіл тағылымы» атты жинағы институттың үлкен ғалымы, академик Рәбиға апайдың жетекшілігімен тұңғыш рет кирил графикасында жарияланып, жарық көрді. Рәбиға Сыздық сол жылы Ахмет Байтұрсынұлының қысқаша өмірбаянын да жариялап, ғылыми айналымға енгізген. Апайдың алдындағы тілтанушылар ұрпағы да әрдайым Байтұрсынұлының терминологиясын қолданып, оның принциптерін, әдістерін үнемі негізге алып отырды.

2020 жылы институт Ахметтану бөлімін ашты. Бұған дейін Институт өзіндегі барлық бөлімдерде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын әр сала бойынша зерттеп келсе, енді оны Ахметтану бөлімі топтастырып, тұлғатану тұрғысынан жинақтайды, зерттейді. Ахметтану бөлімі  қазіргі кезде Ахмет Байтұрсынұлының тіл ғылымы саласындағы бірнеше еңбегінің факсимилесін кирилдегі транслитерациясымен және академиялық түсіндірмелерімен жазып шығуды көздеп отыр. Бұны институт ғалымдары өз күшімен, қаражатсыз әзірлеп жатыр. Сонымен бірге Институт Ахметтану бөлімі ұйымдастыратын тұрақты алаңды да 2020 жылдан іске қосты. Ол алаң «Ахмет оқулары» деп аталады. 2020 жылы «Ахмет оқулары» 2 рет ұйымдастырылды. Алаңда шаралар түрлі форматта өтеді; Семинар, дәрістер циклы, конференциялар т.б. Мысалы, «Ахмет оқулары – 2020» алғашқы шарасы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасына арналған дәрістер циклы түрінде өтті. Мұнда жасалған баяндама, дәріс жыл сайын жинақ болып жарыққа шығып отырады. Бұған қоса биылғы жылдың соңына дейін институт Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасына, тұлғасына қатысты деректердің, институтта жарияланған ол кісінің ғылыми ізденістеріне арналған барлық мақала, диссертация, монографиялардың басын қосатын, яғни тілтанушы үшін Ахмет мұрасынан жылдам ақпарат бере қоятын «Ahmettanu» вебсайт әзірлеуді қолға алды.

Институт ғалымдары Байтұрсынұлының мұрасын архивтерден іздеу жұмысын да тоқтатпай жүрізіп отыр. Мысалы, Ғылым және жоғарғы білім министірлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен институттың жас ахметтанушылары – PhD Ермұхамет Маралбек және филология магистрі Әрлен Сейітбатқал Орынбор қаласына іссапармен барып келді. Ермұхамет Маралбек Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын бұрыннан зерттеумен айналысады. Ол биыл Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жас ғалымдарға арналған Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы бойынша гранттық жоба ұтып алды. Жоба аясында Е. Маралбек Баку қаласына іссапарға барып, Ахметтану қоржынына бұрын-соңды қол жеткізбеген тың деректерді салып отыр. Оларды жақын арада ғылыми мақала, ғылыми ақпарат түрінде жариялаймыз. Институт Ахмет Байтұрсынұлының 5 қыркүйекте тойланатын туған күні қарсаңында Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындарының жалпы саны 150-ді құрайтын студент, магистрант, докторанттары арасында ғалым мұрасын насихаттауға арналған эссе және тест түріндегі конкурс ұйымдастырды. Ол конкурстың жеңімпаздарын 5 қыркүйек күні марапаттады. «Үздік эссе» номинациясының иегері Сабыржан Ершат атанды, ал 3-орын Тимурова Адинаға, 2-орын Метенова Заринаға, 1-орын Рамаш Еркежанға бұйырды. Сондай-ақ екінші конкурс та өткізілді. Ол конкурс - әлеуметтік желілердегі ересектер арасында өтті. Онда да Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын насихаттауға арналған бейнебаян түсіру тапсырмасы берілген. Бұл байқау үлкен аудиторияны қамтыды. Белсенділер өте көп болды. Олардың да ішінен жүлдегерлер жарияланды.  Ахмет Байтұрсынұлының термин шығармашылығын қамтып, сапалы дүние жасаған жеңімпаздар мен жүлдегерлер: 3-орын.  М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері Диана Нұрхан мен Эльвира Ахатаева үздік үштіктен көрінді. Жетекшісі: Мөлдір Меңдібаева. 2-орын. Солтүстік Қазақстан облысының Володар ауылдық кітапханасының қызметкері, ақын, филолог, "Қазақстанның үздік кітапханашысы" Николай Вербовский екінші орынға ие болды. 1-орын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты, филолог Мәдина Құдайбергенова жеңіпаз атанды

Бұнымен Институт жұмыстары тоқтамайды, жалғаса береді. Байтұрсынұлының  150 жыдығында ғана  атқарылмайды. Институт қашанда, қай кезде де барлық қызметінде басты бағыт ретінде ахметтануды алдына мақсат етіп ұстанады. Бұл мақсатынан ешқашан жаңылмайды.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері жеткілікті деңгейде зерттелді деп айтатын күн туа қоймас. Өйткені ұлт ұстазының шығармашылығы – сарқылмас мұра. Ғалымның мұрасынан әр ұрпақ өзіне қажеттісін өз заманының әдістемесі, форматы тұрғысынан іздеп тауып отырады. Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының ЮНЕСКО деңгейінде дәріптелуіне тұлғаның 150 жылдығының тойлануы қатты әсер етті. Әлеуметтік желіні қарап отырсам, Байтұрсынұлы мұрасын насихаттамаған әзірге бірде-бір орталық, мектеп қалмаған сияқты. Бұл ерекше қуантады. 

– Егер Ахмет Байтұрсынұлы бүгінгі күнді көзімен көрсе, ең алдымен, не айтар еді деп ойлайсыз?

– Ахмет Байтұрсынұлы сол кезде айтқанын дәл бүгін де айтар еді деп ойлаймын, өйткені ол сол заманда қазақ баласының сауатын ашып, білімін көтеріп, ұлтын өркениеттің өріне сүйреймін деді. Біз осы үдерісті әлі аяқтаған жоқпыз. Біз әлі де сол ағартушылықты қажет ететін ұлт болып отырмыз. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының кезінде қыр баласын ең алдымен жазып-сызуға үйретіп, жазу, оқу арқылы өз бетінше білімін жетілдіруге баулу керек болды. Ал қазіргі кездегі қазақ баласына жаһанияттың үдерістерінен қалмау үшін, ең алдымен, рухын берік қылу керек. Ол үшін өз тілін, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрып, салтын білу керек. Сонымен бірге заманауи техникалық, ақпараттық-технологиялық ғылымдарды игеру қажет деп ойлаймын, сондықтан Байтұрсынұлының ағартушылық идеясы әлі де өзекті.

– Зиялы деген ұғымды Ахмет және оның замандастары қалай түсінді екен? Алаш арыстарының рухын бойыңызға сіңірген, жанын түсінген адам ретінде қазіргі зиялылар сол Ахметтердің деңгейіне көтеріле алды деп ойлайсыз ба? Бұны айту себебім, «Ахаңдарға зар боп отырмыз ғой» деген сөзді естіп ем...

– Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасын зерттеген ғалымдардың барлығы, Мұхтар Әуезовтен бастап, оны Алаштың рухани көсемі болған деп қорытындылайды. Рухани көсем болу асқан зиялылықты және пассионарлық қасиетті қажет етеді. Пассионарлық дегеніміз – өз ісіне жанкештілікпен қарау. О бастағы пассионарлық ұғымы Лев Гумилевтің этногенез, яғни ұлттардың пайда болу, даму, жойылу теориясына қатысты болды. Бұл теория кейбір тарихшылар тарапынан сынға ұшырағанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін өміршең болып отыр. Бұл теория бойынша ұлтты алға жетелейтін, оның бар болуына, дамуына себепші болатын тұлғалар болады. Оларды пассионарийлер дейді. Пассионарилердің ұлт ішінен шығып, оны күшейтіп, ұлтты жаңа белестерге жетелеуіне әсер ететін тылсым да мықты күш биосфералық құбылыстармен байланысты екенін көрсетеді Лев Гумилев. Мұндай тұлғалар әрбір этностың маңдайына біте бермейді. Ал, егер маңдайына бітсе ол этнос міндетті түрде өз дамуының шарықтау шыңына шығады деп көрсетеді. Пассионарлық тұлғаның белгілері ретінде жанкештілігік, оның жеке басы – өзін ғана емес, керек десеңіз, айналасындағы ең жақын отбасын да өз идеясы үшін құрбандыққа шала алатын қасиет көрсетіледі. Ол әр уақытта өз идеясының болашағына, яғни болашақтағы жүзеге асуына қызмет етеді, өмірін арнайды, өлімнен қорықпайды. Міне, Ахмет Байтұрсынұлының зиялылығының ерекшелігі осында. Оның зиялылығының тағы бір ерекшелігі – кез келген ісіне ғылыми тұрғыдан келу. Бүгінгі күні мұндай тұлғаларға зар болып отырмыз дейтіндердің себебі де осыған байланысты болса керек. Бірақ мен қазақ даласының қасиеті мен қазақ анасының алтын құрсағына сенемін. Біздің киелі топырағымыздан Ахмет Байтұрсынұлы сияқты тұлғалардың туатынына сенімім зор.

          Ахмет Байтұрсынұлының пассионарлық және ғалымдық қасиеттерінің жемісі не болды дегенде, жемісі тәуелсіздік болды деп айтар едім. Оны былай түсіндірейін, егер Ахмет Байтұрсынұлы сол кезде қыр баласының сауатын жаппай ашу үшін әлемде теңдесі жоқ феномен әліпби ойлап таппағанда, сол әліпби негізінде Әліппе жазбағанда, тіл ұстартатын, «Тіл – құрал» оқулығын, қазақтың жаны – сөз өнерін оқытатын «Әдебиет танытқышын» жазбағанда, Алаш зиялыларының басын біріктіріп, қазақ даласында тұңғыш рет ғылымды академиялық жолмен ұйымдастыруды қолға алып, ғылыми пәндердің оқулықтарын жазуды өз замандастарына тапсырмағанда, тұңғыш рет қазақ даласында ақпарат таратып, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болатын газет шығармағанда, қазақ радиосын тұңғыш рет ұйымдастырмағанда, қазақ жерін қызғыштай қорып, тұтастығын сақтамағанда, онда бүгінгі күні біз тәуелсіздікке жетіп, өз төр жерімізде өзіміз отырмас едік. Міне, Ахмет Байтұрсынұлы зиялылығының мәнісі осында.

Тағы бір айта кететін аса маңызды жайт, Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі қазақ қоғамының тек шағын әлеуметтік тобына қызмет еткен ескі қазақ жазба тілінің арабграфикалы әліпбиін жалпыхалықтық тілдің дыбыстық жүйесіне үйлестіріп, соның негізінде «Төте жазу» аталып кеткен Ұлттық әліпби мен қазақ емлесін әзірлеп, тұтастай бір ұлттың қысқа мерзімде сауат ашуына жол салды. Ахмет Байтұрсынұлының бұл еңбегі, біріншіден, қазақ тілінің даму, әдеби тілінің қалыптасу бағытын ескі жазба тіл негізіндегі тар құрсаулы арнадан жалпыхалықтық ауызша тілдің кең арнасына қарай бұрды; екіншіден, жазуды тілдік-мәдени қауымдастықтың ат төбеліндей жоғары әлеуметтік тобына ғана емес, сонымен бірге қалың бұқараның, жалпы халықтың игілігіне айналдырды. Ахмет Байтұрсынұлының осы зор еңбегін талдай келе, ғалым Нұргелді Уәли: «ол кездегі түркі жазба тілі белгілі бір халықтық тілдің («тірі» тілдің) лексикалық, грамматикалық, дыбыстық жүйесінің дәлме-дәл графикалық манифестациясы емес,халықтық тілден едәуір айырмасы бар кітәби тілдің тұрпат межесін (план выражения) белгілейтін графикалық жүйе болады. Сондықтан сол кездегі тілдік жағдаятты гомогенді диглоссия деп тануға болады. ХІХ-ХХ ғасырлардағы гомогенді диглоссия жағдаяты ағарту ісін қалың бұқараға қарай бұру ісіне қиындық келтіре бастады. Жазу-сызуды азғана топтың емес, жалпы жұртшылықтың игілігіне айналдыру мақсаты тұрды......А.Байтұрсынұлы бұрын тек бір ғана формада, яғни ауызша түрде қызмет етіп келе жатқан әдеби тілдің графикалық, орфографиялық жүйесін жасап, оның жазбаша түрде қызмет етуінің негізін қалады....қазақ жазу-сызуы демократиялық бағытқа (халық тіліне) бет түзеді», -деп ғалымның реформаторлық қызметіне жоғары баға береді.

– Келешекте Ахмет Байтұрсынұлын жас ұрпақ қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

– Келешекте Ахмет Байтұрсынұлының жұлдызы жарқырай түседі. Оның жарығы бүгінгі күнгіден де күшейеді. Қазақтың қай ұрпағы болсын, жер бетінде қазақ барда, менің ойымша, Абай, Ыбырай, Ахмет, Шоқаннан өзіне қажет рухани азықты табады, іздейді. Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы қазақ руханиятының төрінде әрқашан жарық жұлдыз сияқты тұрады.

– Ахмет және алаштықтардың идеясы қазір өрісін толық жая алды ма?

– Соңғы кездері Ахмет пен алаштықтардың идеясы қоғамда жаңа бір серпінмен насихаттала бастады. Жастардың арасында ахметшілдер, алашшылдар көбейді, Алашқа деген тағзым, қызығушылық ерекше қарқынмен оянды. Осындай процестерді байқап жүрмін. Мен мұны Қаңтар оқиғасынан кейін барлығымыздың санамызда болған сілкіністің нәтижесі ретінде бағалап отырмын мұны.

– Ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойына қосылған сүбелі үлес ретінде жан-жақта жасалып жатқан шаралардан нақты нені айшықтап айтар едіңіз?

– Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты еліміздің түпкір-түпкірінде, шет елдерде әртүрлі шара өткізіліп жатыр. Оның барлығын көріп отырмыз. Солардың ішіндегі біреуі ғана ерекше немесе мынау ғана үлес қосты деп айта алмаймын. Байтұрсынұлына арналған кез келген шара, ауқымы жағынан тым тар аудиторияны қамтыса да, оны маңызды шара деп бағалар едім. Өйткені мына заманда бізге мемлекетшіл, отаншыл, рухы биік тұлға тәрбиелеуде Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын білу, оның тұлғасын өзімізге өнеге санау, ол кісінің бүкіл өмір жолынан тағылым алу аса маңызды, ауадай қажет.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы туралы жалынды сөздер айту, ескерткіштер ашу, гүл шоқтарын қою – бұның барлығы керек, өте жақсы шаралар. Сонымен бірге, сол ескерткішті ашқанымызда, ол кісінің мұрасы туралы зерттеу жүргізіп, баяндама жасағанымызда немесе оның мұражай үйін барып тамашалағанымызда, тағы басқа да осындай шаралар өткізгенімізде тұлғаның істеген ісін, әрекетін біз де жасасақ, оның жүрегінде құндылық болған дүниеліктерді біз де құндылық қып ұстасақ, ұлтына деген жанашырлығын біз де көрсете алсақ – үлкен жетістік сол болар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрлайым БАТЫР

1030 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз