Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Қыркүйек, 2022

Ахметтануда ашылмаған арал көп

Биыл елімізде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтіп жатыр. Мерейтой аясында қаламгер, ахметтанушы Қайырбек Ризабекұлымен кездесіп, сұқбат құрудың сәті түсті. Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доцент, ғалым. Алаштану саласында қалам тербеп жүрген қаламгерлердің бірі.

– Бір сұқбатыңызда «1989-1990 жылдары Алаш арыстары толық ақтала бастады, менің дүниетанымым осы кісілердің өлеңі арқылы қалыптасты» депсіз. Алаш арыстарын зерттеуді қашан және қалай бастадыңыз?

– 1988 жылы Алаш арыстары ақталғаннан кейін, 1989 жылдары кітаптары қолымызға тиді. Ол кезде біз оқушымыз, әлі Алашты оқи қоймаған кезіміз. «Қазақ әдебиеті» газетінде, кейін шыққан «Ана тілі» газетінде Алаш арыстарының өлеңдері шыға бастады. Атамыз марқұм солардың барлығын жинап, оқып, әкесі Қошке Кемеңгерұлы жайында көптің ішінде аты аталып қалса, астын сызып қойып, әкесі тірілгендей қуанып, сондай бір күйде болатын. Бізге Міржақыптың, Мағжанның өлеңдерін жаттатып, «бабаңмен бірге жүрген қайраткерлер» деп бізді Алашқа бағыттаған, Алаш тақырыбына алып келген марқұм атам Нарманбет Қошкеұлы болды. Ол кісі ағартушы, көп жыл Омбы мектебін басқарған ұстаз. Атамның тәрбиесін көріп, оның бағыттауымен осы қазақ тілі мен әдебиетіне келдім. Мен Омбы жерінде туып-өстім, сол жақта білім алдым. Ол жақта қазақ мектебі жоқ, орыс тілінде оқыдық. Кейін Алматыға келдік. Алашты зерттеу – перзенттік парыз, кейін өмірлік мұратқа айналды. 

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ақын ретінде қандай ерекшелігі болды? 

– Ахмет Байтұрсынұлы – әлеуметшіл ақын. Оның өлеңдері жүректен гөрі ақылға әсер етеді. Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерінде дидактика көп, тәрбие көп. Әрине, намысты, рухты оятатын өлеңдері бастапқы кезде жазылды. Менің пікірімше, «әу демейтін қазақ жоқ» демекші, ол заманда кез келген қазақтың баласы өлең жазды. Сол кезде өлеңнің сөзі елге үлкен ықпал етті. Сол себепті Ахаң мұқтаждықтан өлең жазды. Кейін 1909 жылы «Қырық мысал», 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы шыққаннан кейін Ахмет Байтұрсынұлы ақындықтың қыр-сырын терең түсінді, зерттеді. Өзі табиғатынан ғалым адам, бүкіл қазақ тілінің ішкі заңдылығын, ішкі болмысын жіліктеп, сөз таптарына бөліп, атау берген ол, шын мәнінде, ғұлама. Кейінгі кезде Ахаңның кей өлеңдері болмаса, қалған баспасөз бетіне жарияланған өлеңдер жинағын білмейміз, жоғалып кетті. Ахмет Байтұрсынұлы таза ғылыми еңбекпен айналысты. Газет шығарды, қайраткерлік күресте болды. Ол ақындықты өзінің бауырларына, Мағжандарға сыйлап, тапсырғандай. Ахметтің өлеңдеріндегі ерекшелік – елшіл, ұлтшыл, халықтың намысын оятуы. Ахаңның әр өлеңінде терең мағына, ой, қазақтың тағдыры бар. Ақынның өлеңдерінен жеңіл-желпі дүниелер көре алмаймыз.
«Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!» –
 деген ояну мотиві – ХХ ғасырдағы Алаш әдебиетіне тән үлкен бір белгі. Осыны біз Ахаңның «Маса» жинағынан анық көреміз.

– Ахаң туралы еңбектерді жарыққа шығару, өзге де іс-шаралар өткізу ойыңызда бар ма?

– Жыл басынан бері Ахаңа арналған іс-шаралар өтіп жатыр, біз де хал-қадіріміз келгенше қатысып жатырмыз. 31 тамызда «Ахмет Байтұрсынұлының толық шығармалар жинағы: историография, текстология, библиография, мәтін түсініктемесі» атты ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті. Бұл кон-ференцияға Алматыдан Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры Райхан Имаханбет, қостанайлық ахметтанушы Алмасбек Әбсадық, Қарағанды елінен Нұрсахан апаларымыз қатысты. 

1989 жылы «Жазушы» баспасынан Ахмет Байтұрсынұлының 30 мың тиражбен шыққан бірінші кітабынан кейін әр жыл сайын жаңа табылған еңбектері қосылып кітаптар шықты. Академик Рымғали Нұрғалиұлы құрастырған «Ақ жол» кітабын, академик Рабиға Сыздықтың Ахмет Байтұрсынұлының тілтану мұрасын құрастырып шыққан кітаптарын  ерекше атаймыз. Енді осы жылдың аяғына дейін Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық еңбегі шығады. 

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сұрауымен мемлекеттік қызметкерлерге дәріс оқыдық. Алаштың мұрасы, Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы, олардың ұстанымы, мемлекеттік қызметкерлерге тән қасиеттер қандай болуы керек деген сұрақтарды Алаш шындығымен сабақтастырып, бүгінгі күнмен байланыстырып дәріс оқыдық. Бұл дәріс 26 тамыз күні өтті, әрине, бұл жерде символдық мәні болсын дедім. 26 тамызда 1920 жылы Қазақ АКСР құрылды, большевиктік үкіметті біріншілердің бірі болып мойындап, бірақ қазаққа қызмет етуді мақсат тұтып, халық ағарту комиссары болған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ең үлкен келіссөз жүргізіп, қазақ жерінің шекарасын межелеген Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер еді.

Торғай еліндегі іс-шараларға біз де шақырту алған едік, жұмыс бабымен бара алмадық. Бірақ, дәм жазса, ЮНЕСКО аясында қазан айының басында Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы Парижде өтеді. Осы іс-шараға Қазақстаннан бірнеше делегация бара жатыр, осы делегация құрамында біз де бармыз. Егер құжаттар дұрыс болып жатса, Парижге барып қалуымыз мүмкін. 

Ахаңның туған күні 5 қыркүйекте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де республикалық конференция өтті. Осы конференцияны ұйымдастырып, мақаламызды жолдадық. Мақала тақырыбы – «Телжан Шонанұлының мақаласындағы Абай және Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасы». Осы мақаладағы Абайдың тарихи тұлғасы мен болмысы, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері, шығармашылығы қалай бағаланғанын зерттеп жатырмыз. 100 жыл бұрын жазылған мақала авторы Телжан Шонанұлы да Алаштың аяулы перзенті, қуғын-сүргін құрбаны, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге 1923 жылы «Оқу құралын» жазған авторы болды. Телжан сол Ахаңның ізбасары, ниеттесі еді.

– Қазір ұлт ұстазы ұлық-талып, еңбектері зерттеліп жатыр. Бірақ, сонда да Ахаңның өнегелі өмір жолында зерттелмей қалған тұстары, жарияланбаған тың деректер бар ма?

– Әлі күнге дейін тың деректер табылып жатыр. Өзіміз де бір мақала жазған едік: Ахмет Байтұрсынұлының Омбы кезеңі, Қарқаралы кезеңі, Ахаңның Бакуге барған сапары, қуғын-сүргін кезеңінде салафи лагерінде жүрген кезеңінен көп мәлімет кездесе бермейді. Ахмет Байтұрсынұлы «Мәдениет тарихы» деген кітап жазды, осы кітапты біз әлі күнге дейін таппадық. «Әдебиет танытқыштың» жалғасы шығуы мүмкін деген әңгімелер айтылады, енді табылып қалуы мүмкін. Сондықтан Ахметттануда ашылмаған арал көп. Әріптес ағамыз Жантас Алтайұлы Қазаннан Ахмет Байтұрсынұлының Ғалымжан Ибрагимовке жазған хатын тауып алды. Осындай құнды мәліметтер әлі де шыға береді деген ойым бар. 

– Сүбелі сұқбат үшін рақмет.  

Мерей АУҒАЛИ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласы

1159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз