Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Қыркүйек, 2022

Мүмкіндік мол уақытта өмір сүріп жатырмыз

«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Осы тектес мотивацияға толы сөздер жиі айтылып та, жазылып та жүр. Айтылған ақыл-кеңестен уақыт өте келе нәтиже шығарып жүрген жастар да баршылық. Қазір өзін-өзі дамытып, бәсеке-лестікті арттыру жолында шетел асып, сапалы білім іздейтін студенттер саны өсіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары алпауыт ел АҚШ-та оқуға құжат тапсыратын талапкерлер көбейген. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 1992 жылдан бері халықаралық алмасу және оқыту бағдарламаларын жүзеге асырып келе жатыр. Солардың бірі – Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестер корпорациясы өкілдігінің бірі Education USA бағдарламасы. Осы орайда оқырманға ескерткіміз келетін бір жайт, ғылым жолына түсіп, мұхит аспас бұрын талапкерге дұрыс нұсқау беретін мұғалімнің болуы маңызды.

Кейіпкеріміз – Education USA желісінің виртуал эдвайзері Мәдина Қарабаева. Ол бізге АҚШ-тың білім жүйесіндегі ерекшеліктері мен өзі таңдаған университеттің талаптарына сәйкес болу үшін нені білу қажеттігі, сондай-ақ студентке арналған визаға қойылар талап-тар, тіл білудің мүмкіндіктері жайында біршама ақпарат айтып берді. Шетелде білім аламын деген әрбір талапкер үшін кәдеге жарары сөзсіз.

Мәдина Қарабаева – Алматы облысының тумасы. Әкесінің жұмыс бабымен Ақтау қаласына көшіп, балалық шағын Алматы мен Ақтаудың ортасында өткізген. Талғар қаласындағы №2 Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің табалдырығын аттап, сонда білім алған. Көшіп жүруіне байланысты бес рет мектеп ауыстырған. Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне екі шет тілі мамандығына түскен соң, қаланың туристік мүмкіндігін пайдалануға бел буған. Құрбыларымен ағылшын және қытай тілінде гид, мектеп оқушыларына репетитор болып та жұмыс істегенін айтады. Оқуды тәмамдаған соң Ақтау қаласына келіп университетте, тіл курстарында, шетелдік ұйымдарда (British Counсil, OECD/ODIHR) жұмыс істейді. Сұқбат барысында өзі жайлы қойған сауалымызға жауап беріп, әңгімесін былай бастады: «Ата-анамның тұла бойы тұңғышы, ата-әжемнің алғашқы немересімін. Әрбір дәстүрлі қазақ отбасының тұңғыш балаларына сай, әсіресе қыз бала болғандықтан кішілерге қамқор болу, үлкендерге көмектесу, үй шаруасы, мектепте озат болу сынды қасиеттерді бойыма сіңіріп өстім. Есейе келе өз қалауың, өз арманың, өзіңнің ешкімге ұқсамайтын жан дүниеңнің ерекшелігін біліп, қатып қалған, жазылмаған ережелерді зерттеп, керегін ғана қолдануды үйренесің».

Ұлан: Қазір Education USA желісінде Батыс Қазақстан бойынша виртуал эдвайзер қызметін атқарасыз. Education USA желісі немен айналысады? Студенттер үшін маңызы қандай?

Мәдина: Education USA – АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет істері бюросы қолдау көрсететін 400-ден астам білім және ақпарат орталығының жаһандық желісі. Education USA орталықтарының миссиясы америкалық жоғары білімді бүкіл әлемге тарату және АҚШ мекемелері мен студенттерге қолжетімді білім беру мүмкіндіктері туралы анық, бейтарап, объективті және уақытылы ақпарат беру.

Осыған дейін Ақтауда Education USA орталығы болған жоқ. Америка елшілігінің қолдауымен 2021 жылдың желтоқсанынан Education USA Ақтау қаласының студенттері мен оқушыларына виртуал кеңес беру жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында виртуал кеңесші тұрақты түрде АҚШ университеттеріне түсу бойынша тегін семинарлар, оқуға түсуге дайындық бойынша лекциялар, жеке және топтық кеңестер, сонымен қатар SAT, TOEFL және GRE емтихандарына ай сайынғы тегін сынақ тестілеуін өткізеді. Студенттер мен оқушыларға университеттердің каталогтары, қаржылық қолдау туралы ақпарат, сондай-ақ емтиханға дайындалуға арналған материалдар ұсынады.

Ұлан: Талапкер өзі таңдаған оқу орнының белгілі бір талаптарынан сәтті өтуі үшін неге дайын болуға тиіс деп ойлайсыз? 

Мәдина: Қазіргі университеттер қоятын негізгі талаптар: 

– Өзгешелік – ешкімге ұқсамайтын ерекше біліміңіз, ойыңыз, қабілетіңіз немесе тәжірибеңіздің болуы;

– Сыни тұрғыдан ойлау – кез келген өзгеріс немесе проблеманың шешімін таба білу. Әртүрлі әлеуметтік, экономикалық және басқа да өзгерістерге тез бейімделе білу;

– Академиялық жоспарыңыздың болуы. Демек, неге бұл оқуды таңдадыңыз, болашақта алған біліміңізді қалай және қайда жұмсайсыз? Талапкер осы талаптарға сай әрекет ете білуге тиіс.

Ұлан: Өзіңіз білетіндей, әртүрлі білім бағдарламалары-мен шетел асып кетіп жатқан студенттер көп. Соның ішінде АҚШ-қа оқуға қабылданған қазақ жастарын жиі кездесті-ріп жатамыз. АҚШ оқу орын-дарының ерекшеліктері туралы айтып беріңізші. 

Мәдина: АҚШ-тың білім жүйесіндегі тағы бір артықшылық – тәуелсіз болуды үйренесіз. Қазақстанда өз тіліңізде сөйлейтін адамдарды барлық жерде кездестіре аласыз. Ал АҚШ-та күнделікті өмірде бейресми, жергілікті диалектіні үйренесіз. Универ-ситеттен академиялық ағылшын тілін үйреніп келесіз. Америкада тұру, өмір сүру, білім алу – үлкен жауапкершілік. Уақытыңызды және қаржыңызды үнемдеуді, әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренесіз. АҚШ-қа оқуға кеткенде саяхаттап, адамдармен танысып, тіліңізді, ойыңызды дамыта аласыз. Патриоттық сезіміңіз оянып, Қазақстанға үлкен өзгерістер енгізуге шабыттанып келесіз.

Ұлан: Еліміздегі жоғары оқу орындарынан АҚШ университеттерінің  айырмашылығы қандай? Білім жүйесінде қандай да бір ерекшеліктер байқала ма? 

Мәдина: АҚШ универси-теттерінің ерекшелігі – кредиттік оқыту, яғни студентке мамандығы бойынша жан-жақты білім алып, үйрену үшін басқа сабақтарды таңдай білуі. Қазақстан университеттерінде міндетті түрде 10-11-сыныпта өткен сабақты қайталау ретінде бірінші, екінші курста қайта оқиды. Ал үшінші, төртінші курста болашақ мамандыққа негізделген сабақтар санаулы ғана. Демек, студент толық не игеріп шыққанын да, оқу бітіргеннен кейін не істерін де білмейді.

Сонымен қатар, АҚШ оқу орындарында мұғалімдер арасында бәсеке болғандықтан, олар сабағын әлемдік трендтер мен өзгерістерге сәйкестендіріп отырады. Бұл заманауи білім алуға жол ашып, кейінірек оны жұмыста немесе практикада қолдануға мүмкіндік береді. Ал Қазақстанда көбіне Кеңес заманының әдебиеті мен көнерген материалдарды қолданады. АҚШ-тың университеттеріне түсу үшін құжаттарды онлайн тапсырасыз. Маман-дыққа және бағдарламаға сәйкес әртүрлі уақытта тапсыруға болады. Кейбір мамандыққа тапсыру үшін алдын ала курстар оқып, емтихандар тапсыру керек.

Қазақстандық немесе басқа да шетелдік студенттерге АҚШ университеттеріне тапсыру үшін келесі құжаттар және емтихандар керек:
IELTS/TOEFL
SAT, AST,GRE, GMAT
Мотивациялық хат
Ұсыныс хат 
Транскрипт, куәлік
Онлайн өтінім

Ұлан: Студенттің визасына қойылар талаптар қандай? Нені ескеруіміз керек?

Мәдина: Студент визасына жазылу үшін түскен университетіңізден келген шақырту қағазы мен I-20 құжаты керек. Университеттен сол құжаттарды алып, АҚШ елшілігінің ресми сайтында сұқбатқа жазылу үшін анкетаны толтырасыз. Анкетаға қай себеппен визаға тапсырып отырғаныңызды, қосымша құжаттарды тіркейсіз. Сұқбат ақылы. Бағасы –  160 АҚШ доллары. Анкетаның соңында сұқбаттан өтудің уақытын және күнін таңдай аласыз.

Ескеретін жайттар:
– Анкетаны шынайы толтыру;
– Құжаттарды алдын ала сканерлеп, дайындап қою;
– Визаға электронды және басып шығарылған фотосурет керек;
– Сұқбатқа ертерек келу, себебі олар сізді аты-жөніңізбен шақырып, қауіпсіздік шараларын өткізеді;
– Қорықпай, терең дем алып, сенімді жауап беру.

Ұлан: Шетелде білім алғысы келетін талапкер үшін басты талап тіл меңгеру екені белгілі. Өзіңіз қанша тіл білесіз? Өзге елдің атмосферасына қалай бейімделдіңіз? 

Мәдина: Мен мектеп кезінен ағылшын тілін қатты жақсы көрдім. Анам мені қосымша ағылшын тілі курстарына қатыстырды. Кейінірек, ҰБТ-да ағылшын тілін таңдап, жоғары оқу орнына түстім. Жоғары оқу орнында ағылшынмен қатар қытай тілін меңгердім. Қазір ана тілімнен бөлек үш тіл білемін: орыс, ағылшын және қытай. Болашақта испан және француз тілдерін үйренгім келеді.

Тіл үйренудің керемет әсері – адамның миын дамытып, мидың қартаюының алдын алады. Алға қойған мақсаттарыңыз сізге күш-жігер беретін болса, сол мақсатқа жету үшін тіл үйрену оңайға соғады. Қазір өз оқу дағдыңызға сәйкес ақылы түрде курстарға қатысып немесе тәуелсіз тегін онлайн ресурстарды қолданып, кітап, кино, ойын, подкаст арқылы тіліңізді дамыта аласыз. Мұғалім ретінде айтар ақылым, оқу дағдыңызды біліп, зерттеңіз. Оны жақсы білсеңіз, кез келген нәрсені үйрену оңай болады. Мысалы, кейбір адамдар үйренген немесе оқыған затын суретпен, схемамен түсіндірмесе түсінбейді. 

АҚШ-қа бейімделуге оңай болған бірден-бір себеп – менің коммуникативтік дағдым. Адамдармен оңай, тез тіл табысып кете аламын. Білмегенімді мойындап, басқалардан көмек сұрап, үйренгенді жақсы көремін. Сонымен қатар, іс-әрекеттерімді жоспарлап, танымайтын жерде бағдарымды/жолымды тез таба алатыным бар. Жоспарлау арқылы Жұмысты бөліп, тиімді жасауды үйренесіз. Ал бағдар табуға қолыңыздағы смартфон және айналаңыздағы адамдар жақсы көмектеседі.

Ұлан: Ағылшын тілін жылдам әрі сауатты меңгеру үшін неден бастаған дұрыс? Қандай кітаптар оқып, қандай фильмдер қарауға кеңес берер едіңіз? 

Мәдина: Әр адам әртүрлі және олардың оқу дағдысы да әрқалай. Бәріне сәйкес келетін керемет заң жоқ. Сіз жаңа бастап жатсаңыз, міндетті түрде топпен және жеке оқудан бастаңыз. Іргетасыңыз мықты болса, үстіне қалап қойған кірпіштеріңіз де түзу орналасып, тілді жақсы үйреніп шығасыз.

Тілді үйрене келе қызықты кітаптарды оқып, көркем фильмдерді көре бастасаңыз болады. Біз фильмдердің көбіне дубляж нұсқасын көреміз. Ал енді сіз түпнұсқасын сүйсініп көре аласыз. Подкаст тыңдап, түрлі тақырыптағы видеоларды қарасаңыз болады. Бұл да тіл үйренудің тиімді бонусы. Тек өзіңізді тіл үйренуге күштемеңіз, керісінше, оқу және үйрену үрдісі қызық болуға тиіс. Сол кезде ғана мақсатыңызға жетесіз.

Ұлан: Газетіміздің тұрақты оқырмандарына, шетелде оқуды жоспарлап жүрген талапкерлерге айтар ақыл-кеңе-сіңіз болса, мархабат! 

Мәдина: Біз мүмкіндік мол уақытта өмір сүріп жатырмыз. Қорықпай, ешкіммен өзіңізді салыстырмай, алға мақсат қойыңыз. Әлемнің көзтартарлық жерлерін көріп, тәтті де ащы тамақтарын жеп, қызықты адамдарымен танысып, салт-дәстүрлерді танып-біліңіз. Осының бәріне қол жеткізуге көмек болатын бірден-бір құрал – тіл. Әрбір мүмкіндікке жанталаса бермей, өзіңізге сай келетінін таңдаңыз. Қателіктерге кезіккенде мойымаңыз, керісінше, сабақ алыңыз! Сіз сияқты ақылды, саналы, жан-жақты адамдар керек! Күнде өзіңіздің ең күшті нұсқаңыз болуды таңдаңыз!

Ұлан: Әңгімеңізге рақмет!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №35
30 тамыз  2022 жыл

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз