Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 19 Қыркүйек, 2022

Шнобель сыйлығының лауреаттары анықталды

Гарвардта «Шнобель сыйлығы-2022» лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. Бұл сыйлық «алдымен күлкіні келтіріп, артынша ойға қалдыратын жетістіктер» үшін беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап.

Италиялық ғалымдар Алессандро Плучино мен Андреа Раписарда биыл Шнобель сыйлығын екінші мәрте алып отыр. Олар Алессио Э. Биондомен бірге «Талант сәттілікке қарсы: жетістіктер мен сәтсіздіктердегі кездейсоқтық рөлі» зерттеуі үшін марапатталды. Ғалымдар «ең таланттылар емес, ең жолы болғыштардың жетістікке жиірек жетуінің сырын» математикалық әдіспен дәлелдеген. Плучино мен Раписарда осыдан 12 жыл бұрын да марапатқа ие болған. Ол кезде қос ғалым «адамдарды қызмет жолында кездейсоқ көтеретін мекемелер мейлінше тиімді болуы мүмкін» екендігін зерттеген.

Техникалық қауіпсіздік жөніндегі Шнобель сыйлығы «апаттық тестілеуге арналған бұғы манекенін жасап шыққан» швециялық зерттеушілерге бұйырды. Бұл скандинавиялық елде бұғылар популяциясы көп болғандықтан, автокөліктердің оларға соғылуы өзекті мәселеге айналған.

Физика саласындағы лауреаттар – Қытай, Ұлыбритания, Түркия мен АҚШ ғалымдарының екі тобы да фаунаны зерттеген. Олар «үйректердің қалайша сап түзеп жүзетінін» түсінуге тырысқан.

Ал, қолданбалы кардиология бойынша сыйлық түрлі елдерден жиналған ғалымдар тобына берілді. Олар «ғашықтар алғаш кездескенде неліктен жүректері бірдей соғып, бір-біріне құмартатынына дәлел іздеп, анықтаған».

Әдебиет саласындағы сыйлық «Заң тілін өңдеуді қиындататын нашар хат, мамандандырылмаған тұжырымдар» еңбегіне берілді.

«Сарышаянның құйрығынан айырылуы және содан кейін болатын іш қатуы оның қимыл-қозғалысына қаншалықты әсер ететінін» зерттеген Бразилия мен Колумбия биологтары да марапатталды.

Жеңімпаздарға білімдерін сақтауға арналған контейнер нышаны – қағаз цилиндрлер және бір купюрамен 10 трлн зимбавия доллары табысталды.

AIR әзіл журналының редакциясы (Annals of Improbable Research) Шнобель сыйлығы немесе Ig Nobel Prize-ді 1991 жылдан бері табыстап келеді.

896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз