Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 19 Қыркүйек, 2022

Балалардың екінші үйі сияқты

Қазір жеткіншектерден «Кумирің кім?» десең, блогер, әнші, бишіні айтады. Жақсы-ақ. Бірақ жанымызда жүрген мықты адамдарды байқамаймыз... Әсемді бала кезінен білемін. Үйіне қонаққа барсақ, ағылшынша кітап оқып, кино көріп отыратын. «Неге бізбен ойнамайды? Кітапты не үшін оқи береді?» – деп іштей өкпелейтін едім. Бұл ойым бекер екен. Елдегі жоғары оқу орнына оқуға түскеніме мәз боп жүргенде... Әсем елде, шетелде үш университетті қызыл дипломмен бітірді.

«Болашақ» бағдарламасымен Маастрихт университетінде оқыды. Нидерландыда Халықаралық және Еуропалық экономикалық құқық (LLM) магистрі болса, Польшаның Варшава қаласында Бизнес және менеджмент бойынша магистратура бітірді. 24 жасында Әділет министрлігінде қызмет етті. Оның Инстаграмдағы @assem.zhussipbek парақшасы балаға, ата-анаға, мақсат қоя білетін жеткіншекке керек құнды ақпаратқа толы. Жақында Әсем Жүсіпбек Астанада «Kulsin bala» атты даму орталығын ашты. Балаларға ағылшын, қазақ тілін үйретумен бірге мектепке дайындайды. Әсеммен сөйлесудің сәті түсіп, орталық жайлы сұраған едік.

– «Kulsin bala» деген атау қайдан қойылды?

– Орталығымыздың атауы айтылуы оңай, есте тез сақталуынан бөлек, қандай да бір мағынаға ие болуын қаладым. Біраз адам маркетинг жағынан дұрысы ағылшын тілінде қою деп ұсынды. Бірақ ішімдегі «ана тілімізде сөз қалмады ма?» деген қарсылық өшпей, ұзақ ойландым. Орталықта жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда бір-екі рет Алматыға барып қайттым. Сол барғанымның бірінде үлкен әжемізбен ұзақ сөйлестім. Апамыздың жасы 85-тен асты, соны айтып көңілі босады. Нұрақын атаны есіне алды. Өз апам бала кезімде дүниеден өткен, нағашы апам биыл қайтты. Содан болар, үлкен кісілермен сөйлескенде сағынышым кішкене басы-лады. Апалардың бәрі бір-біріне ұқсайтын сияқты, иә?

Содан астанаға оралдым. Дәптерімнің шимайға толы бетін аштым. Тағы жаздым. Ұнамайды. Тағы жазамын. Бір кезде оң қолым «Kulsin bala» деп жазды. «О, бәре-келді! Осылай болсын!» деп қуанып, жолдасыма және ақылшым көкеме жолдадым. Оларға да бірден ұнаған сияқты, екеуі де көп эмоджи жіберді. Қазіргі happy kid дегеннің аудармасы ғой. Орталыққа келетін балаларымыз күліп жүрсін деген ниет. Алматыдағы үлкен әжеміздің аты – Күлсінбала. 

– Балаларға қандай пәндерді оқытасыңдар? 

– «Kulsin bala» орталығының басты миссиясы – балалардың ана тілінде еркін сөйлеуіне көмектесу. Екі жарым жастан бастап топтар қарастырылған. Сабақ кестесінде көркем әдебиет, сенсорика, музыка, жапсыру, сурет салу, мүсіндеу, қарапайым математика сияқты пәндер бар. Сондай-ақ, әр топқа күнделікті сөйлеуді дамыту сабағын енгіздік. Барлық сабақ қазақ тілінде. Үш жарым жастан бастап аптасына екі рет ағылшын тілі өтеді. Мұғалімі шетелдік тәжірибесі бар жақсы маман. Барлық мұғалімнің педагогикалық білімі, балалармен жұмыс істеу тәжірибесі бар. 

– Орталықтың ерекшелігі қандай?

– Дәл қазіргі уақытқа орталығымыздың төрт ерекшелігін атап өтер едім. Біріншіден, сабақтың көбі балалардың қабылдауына оңай ойын түрінде өтеді. Байқасаңыз, өзара сөйлесіп отырған балалар тілді тез үйреніп алады. Одан шаршамайды, қайта көңілді болады. Сонымен бірге әр баланың қабілетін дамытуға да назар аударамыз. Екіншіден, сенбі сайын орталығымызға тек балалар ғана емес, олардың анала-ры да жаңа сапада білім алу үшін келе алады. Мысалы, балалар мен үлкендерге еркін форматта Kazakh speaking club, English speaking club өтеді. Сондай-ақ, түрлі тақырыпта шеберлік сабақтары ұйымдастырылған. Аналарға, қыз-келіншек-терге арналған шеберлік сабақтары психология, маркетинг, өнер саласынан болмақ. Үшінші ерекшелік, кітапханамызда ағылшын және қазақ тілінде балаларға арналған оқуға жеңіл, иллюстрацияға толы қызықты кітаптар көп. Орталығымыздың оқушылары кітапханадан үйлеріне кітапты тегін алып оқыса, басқа оқырмандарға арнайы абонемент қарастырылған. Қолға түсе бермейтін сирек кітаптарымызға қызығушылар аз емес. Төртіншіден, үш баланың анасы ретінде мен үшін баланың қауіпсіздігі өте маңызды екенін баса айтқым келеді. Сол себепті мұнда барлық жерде бейне-бақылау орнатылған. Басқа да қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Осы орталықты жасағанда құрылысшыларға да соны қатты ескерттім. Бұған қоса, ананың да, баланың да уақытын үнемдеуге тиімді болсын дедік. Баланың әр сабағы пайдалы болуына күш саламыз. Пайдасыз сабақ бар ма деуіңіз мүмкін. Біз озық тәжірибелерге сүйенеміз. 

– Алға қойған жоспар қандай?

– Тәтті арманды айтып отырсыз ғой. Бүгінгі ісіміз сәтті өтсе, ертең ешқайда қашпайды. Ең бастысы, жұмысымыздың нәтижесін көрсетуіміз керек. Демеуші табылса, ішінара тұрмысы төмен отбасылардың балаларын да тегін қабылдап көрсек пе дейміз. Бұдан басқа да біраз жоспарымыз бар. Оның барлығын іс жүзінде көргендеріңізді қалар едім.

– Ал биылғы сабақ қалай басталып жатыр?

– Мектепке даярлық тобы 1 қыркүйек күні өздеріне лайықты кішкентай парталарына отырды. Келіп жатқан балалардың көбі орыстілді. Сонда да өздері де, ата-аналар да қазақ тілін үйренуге ниеттеніп келіпті. Егер осы жылы ана тілін жақсы меңгерсе, келер жылы бұл балалардың барлығы қазақ тілді сыныпқа барады деген үмітіміз зор. Балаларын топтарға жаздырып қойған аналар өздері де қазақ тілін үйренгісі келетінін айтады. Үлкен кісілерге арнап қазақ тілі курсын ашуымызды сұрады. Олар балаларын қалай оқыта бастағанымызды көріп, осындай шешімге келген болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің орталығымыздың екінші отбасы сияқты жылы ұя болуын қалайтынын аңғардық. Шынында да, осында келген ана мен бала бір-бірін бұрынғыдан да жақын түсіне бастайтын сияқты. Орталығымызда осындай психологиялық ахуал қалып-тасуын қалаймыз және соны кәсіби түрде орнықтырып та жатырмыз. Жайлы болған соң, бүлдіршіндер де тез бауыр басып кетеді. Бір жолы кешке келіп қарасам, есік алдында ойнап жүрген бүлдіршін ішке кірем деп анасын қолынан тартқылап жүр. Сөйтсем күндіз анасы екеуі келіп, орталығымызды аралап көріп кеткен екен. Сәби жүрегі өзіне жайлы бір аураны сезген шығар деп ойладым. 

– Мұндай орталық ашуыңа не себеп болды?

– Шетелде оқыдық, шетелде тұрдық. Балаларымыз қазақша, ағылшынша екі тілде таза сөйлейді. Елге келген соң кіші баламызды қайда апарарымызды білмедік. Шетелдегідей бақша болса, ол қазақша болса деп ойладық. Жақын маңайдан ондай жер таппаған соң тәуекелге бел будық. Қазір баламыз күнде таңертең осында келуге асығып тұрады. Мұнда ойыншықтар жеткілікті болса да, үйдегі өзі жақсы көретін бір-екі ойыншығын әкеліп алды. Қысқасы, өзіміздің мәселемізді шешеміз деп жүріп, өзгелер-дің де шешілмей жүрген проблемасына қалай кірісіп кеткенімізді білмей қалдық.

– Сәттілік тілеймін! 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №38
20 қыркүйек  2022 жыл

1314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз