Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қыркүйек, 2022

Рейтинг қуған қарғалар

Тағы да бастық шақырып жатыр ма? Бұл жолы не бүліне қалды?

Қабылдау бөлмесіндегі қызбен жарыса кіргенше-ақ директор:

– Төрағаның айтқанын қостың ба? – деп ежірейді.

– Ол не? – деді Мерзім түк білмегенсіп.

– Сен бала, қиқаңды қой! Атыңды ел біледі екен деп ойыңа келгенді істемексің бе? – Арна басшысының жалпиған беті бұрын да көкайыл әйелдікіндей-ді, ашуланса тіпті айнымай қалады екен. – Қадалған жеріңнен қан алатын бәле екенсің өзің! Әне, жұрттың бәрі қолындағысын өткізіп беріп, күнұзақ компьютер ойнап отырып-ақ ақша алып жүр ғой...

– «Солардан қай жерің кем?» деп қойсаңызшы!..

Директордың көзі шарасынан шығып барып, қайта орнына түсті. Шықшыты дір-дір етіп, жұдырығын ашып-жұмып, терең демалып барып өзіне келді де:

– Сені осы жерге шақырған мен де нағыз есектің өзі екенмін, – деп тұжырды.

Бұл қыңқ еткен жоқ. Директордың өзі атаған жануар тектес екенін бұрыннан білетін кісідей, көзінің қиығымен табалай қарап, іштей ыңылдап отырып алды.

– Бүйте берсең, жобаңды аутсорсингке жіберемін! – деді басшы ақыры шыдай алмай.

Ішіндегісін тап басып тану оңайдың оңайы. Арна басшысы мұны әдейі ашуландырып, сосын мүлік-мүкәммалымен қосып «өз еркімен» аттандырып жібермек қой. Бірақ ашық майданға баруға шыдамайды. Осы заманның ең ыңғайлы тәсіліне жүгінбек: жұмыс істеуге еш мүмкіндік қалдырмай, қызметкерінің бір-екі рет қарсы шыққанын біраз жерде шулатып, ақыры қолынан іс келмейтін ғып көрсетіп, артына ит қосып қумақ.

– Сонда менің жобамның қай жері ұнамай қалды?

– Мерзім, сен ақылсыз жігіт емес едің ғой. Бұл заман, өзің білесің, шоудың заманы. Мен сені түсінбейді дейсің бе? Сен халықтың өнерін таза күйінде ұсынғың келеді. Ал бізге... – Директор Мерзімге мүләйімси қарап, аса қатты қиналған түр байқатты. – Бізге ана жақ Құдайдың құтты күні тапсырма береді. «Шоуды көбейтіңдер» дейді. «Рейтингтерің төмендесе, бөлінетін ақшаны азайтамыз» дейді. Оның үстіне, өзің ойлашы, сенің «айналайын, қарағымыңды» кім тыңдайды, а?!

– Бас жаққа барыспай-ақ қояйық, аға! Өздеріңіз шоулатып, шулатып жүріп, елді табанның астына басып алып, енді «көрерменге концерт керек» дей қалыпсыздар ғой...

Хатшы қыз басын қылтитып, «екеуіңізді де төраға шақырып жатыр» демегенде, Мерзімнің әлі біраз айтары бар еді. Орнынан зілдене көтерілді. Директорға есікті нұсқап, жол берді. Байқап тұр, дәл қазір Мерзім емес, директор төрағаның аяқ асты шақыра қалғанына разы. Бет ашысып сөйлесуге дәті бармайды. Қағаздарын жинастырғансып, қаламын іздегенсіп тұрып, бұл жаққа үміттене қарап қалғанын аңғару қиын емес. «Төрағаның алдында мені жамандап қоя ма?..» деген қаупін жас жігіт тез ұға қалды.

Бет-жүзінен ешқашан іші оқылмайтын төраға бұл жолы көңілді екен, екеуін күліп қарсы алды. Құлағындағы телефонын тас-тамастан орындықты нұсқады да, жұмсақ жерлерін жер иіскетпестен саусағын шошайтты. Директор мен  Мерзім отырар-отырмасын білмей, төрт бүктелген күйі саусаққа телмірді. Төрағаның бұл әдетін де Мерзім жақсы біледі. Мәселенің бәрін алдын ала шешіп алып, қол астындағыларды осылай сансыратып барып тез қайтармақ қой. Айтқаны келді. Төраға телефонын ыждаһатпен сөндіріп, екеуіне жағалай көз тастады да:

– Мерзімжан, сенің жобаңды министрдің өзі мақұлдады, – деді маңызданып. – Осы қазір ғана қабылдауынан келдім. Жаңа маусымдағы жобалардың бәрін сәтті қорғадым. Әй, біраз терледім-ақ. Шүкір, ешқайсысына жоқ деген жоқ. Бірақ...

Бұл «бірақтың» астарында біраз мағына жатқанын директор да, Мерзім де жақсы ұқты. Әсіресе, директор төрағаның қолындағы жобаларға еміне қарап, өмірдің бар кереметі сонда тұрғандай мөлие қалыпты. Мерзім өзі жанын беріп, барын асып, бақанын салған жобадан мүлде айырылғанын әрбір тамырымен сезінді. Кенет іші төмен тартып, жүрегі лоб-лыды. Әттең, бала-шағасының бірін арқалап, бірін жетелеп жеткенде, енді кері қайтуға жол жоқ. Алматыға қайтса, жұрттың әңгімесіне қалатынын түсінеді. Оның үстіне, бұрынғы ұжымы да мұның өнерді журналистикаға кенет айырбастап кеткенін әлі түсіне алмай жүр. Сондықтан Арқада амалдай тұруға тура келеді.

– Қысқасы, сенің жобаңа енді қазіргі «жұлдыздар» да енуге тиіс...

– Қалайша?! – Мерзімнің жан даусы шықты. Директор үстелдің астынан мұның аяғын басқылап берекесі кетті.

– Мерзімжан, қайта сенің жобаң бұрынғысынан да қызық болғалы тұр. Өзгерісті министрдің өзі ұсынды. Енді ол кісі айтса, бетін қайтаруға болмайтынын өзің де білесің ғой... Қысқасы, сен жыл соңына дейін төрт айда он бес хабар шығаратын болдың. Әр хабарға бір танымал ескі әнші, мейлі, дәстүрлі әнші болсын, мейлі эстрада әншісі болсын, әйтеуір біреу қатысуға тиіс. Оған қарсылас болып қазіргі жас «жұлдыздар» шығуы керек. Өзің ойлашы, керемет емес пе? Екеуі бір-бірінің әнін орындайды. Қалай өңдесе де өзі біледі...

– Онда мен жүргізбеймін бұл хабарды!..

Төраға да, директор да қуанып кетті. Жүздеріне атойлап шыға келген шаттықты әзер жасырып, бір-біріне қабақ астымен ымдасты. Төраға:

– Апыр-ай, осы бағдарламаны өзің бірер жылдан бері бастап, алып келе жатыр емес пе едің? – деді көлгірсіп.

Мерзім дауыстың өтірік реңкін тез аңдады. Директор мен төрағаның мұны шақырмас бұрын біраз кеңесіп алғанын, қазіргісі емен есіктердің арғы жағында жиі болатын ойындардың бірі екенін кеш аңдағанына жыны келіп кетті.

Төрағаның бөлмесінен салы суға кетіп, есеңгіреп шықты. «Хабардың паспортын қашан өңдеп әкелесің?» деген директорға да қайырылған жоқ, сүлесоқ аттап, жеделсатыға емес, баспалдаққа бұрылып кетті.

Мерзім өз бағдарламасының сипаты ерекше екенін сезетін. Телеарнаға үш жыл бұрын сұранып келіп, директорға жобасын қоймай жүріп өткізген. Аз уақытта қазақ әніне қатысты қатпар-қатпар, мұрты бұзылмай жатқан тарихты індете ақтарып, көрерменге талай ақиқаттың бетін ашты. Мәриям Жагорқызының әнін жазған Улебай ма, Садығожаның «Сарыбидайын» осы күнгі қалыпқа түсірген кім, «Екі жирен» шынында да Ахметтікі ме – осы тектес сұрақтың бәріне Мерзім өзі Алматыдан аттай қалап алдыратын мүйізі қарағайдай мамандар түсінік беріп, бас-аяғы қырық бес минут ішінде қазақтың ән өнерінің жылнамасын неше ақтарып, неше ғасырға шегіндіріп тастайтын еді.

Бірақ жағдай қазір кілт өзгерді. Қанша адамның алғысын естіп, редакцияға хаттан-хат ағылтып жатса да, Мерзімнің «Ақбақай» хабарының рейтингі төмен екен. Төраға «жауып тастаймынға» салып бір қорқытты, директор «аутсорсингке беремін» деп екіленіп отырғаны анау, жарнама бөліміндегілер осы бағдарлама уақытына ешбір жарнама алуға мүмкіндік жоқ екенін айтып зар қағады.

Бірақ шегінер жер жоқ. Әлем біртүрлі адамдардың біртүрлі әрекеттерімен жасап келеді. Жұрттың бәрі бірдей ойлай беретін болса, Қожекең айтпақшы, Жер-Ана бір жағына қарай ауып кетпей ме? Он бес хабар қалған екен, он бес күндік ғұмыры ғана қалғандай жанталассын бұл Мерзім!

Мұндайда Берсін-достың бары жақсы. Бұл жолы да ол тұтқаны тез көтерді.

– Мезкен, ассалаумағалейкүм! – деді бұрын амандасып.

– Молда бол, әликсалам! Бір шаруа бар.

Іске дереу кірісіп, шаруаның мән-жайын қысқаша түсіндіріп, Мерзім сөзін қолқамен аяқтады. Берсін бас тартқан жоқ. Арада мыңнан астам шақырым жол жоқтай, осы қазір барып, бәрін ретке келтіретіндей белсеніп, бірден кірісті. Тіпті танымал әншілердің қайсысын шақыруға болатынына да ақыл қосты. Хабарға өзі де кейін қазы ретінде қатысатын болды.

Мерзім бұл түні көз ілген жоқ. Хабардың паспортын ғана емес, алғашқы бағдарламаның сценариін де жазып шықты. Ертеңгісін сәл мызғып алды да, жуынып-шайынып, жұмысына тартты. Астананың ақ түтек бораны тағы буып тұр екен. Қарға адым жер көрінбесе де, Мерзім бетін тұмшалаған шарфтың астынан мұңлы әнді ыңылдап, жаяу тартты. Арна директорына дәл тоғызда кіріп бармақ.

Директор таң атпай есік қаққан әншіні жақтырған жоқ. «Тастап кет, асықпай қарап шығамын» дей алмайды, төраға да жауап күтетіні сөзсіз. Осы бір алшаң басып, ірі сөйлеп, кесек турап жүретін Мерзімге іші жылымай-ақ қойды. Рас, хабары өте орнықты, байсалды, берері өте көп. Бірақ жаңа заманның талабын неге түсінбейді бұлар? Тіпті әрі-беріден кейін, дәстүрлі әнді үйрететін ұлттық консерватория бар емес пе?

Бәрін желіктірген – баяғы төраға. Жұртқа сәл танылған әншісі бар, журналисі бар, бәріне бір-бір бағдарламаның тізгінін ұстатып, қоқырайтып қойды. Олар сол бетімен тарта берсе... кім біледі, қазір елде телевидениенің дамуы мүлде басқа бағытпен кетер ме еді? Өзі де айғайға аттан қоспаса да, біраз уақыт бірге жүрді ғой. Сол кездегі жұрттың серпілісін айтпа! Қаңсып тұрған қалың қауға өрт қойғандай, лап ете қалған. Төраға әлгі жұқалау бас редактормен қандай жаңа бағдарлама ұсынып, оған жүргізушіні өзі таңдап, эфирге қойған күннен-ақ жалындап берсін! Сонда байқаған: неше ғасыр қанаты қайырылған жұрт өткенін таныса, тез серпіледі екен-ау... Қазір директор өзінің сол өзгеріс уақытында арнада болғанын іштей мақтан тұтады, бірақ ешкімге тіс жарып айтқан емес.

Содан кейін заман кілт аунады. Соңғы кездері еститіндері бір ғана сөз: шоу керек, шоу керек! Анау Ерлен Жанаманның аутсорсинг компаниясы қазір аспанға түкіріп тұр. Төрағамен ғана емес, министрмен де жақсы. Батыстан қандай шоудың құлағы қылтиса да, дереу көшіріп ала қояды. Әрлеп, қазақы бірдеңелер қосып, сарт еткізеді. Жалға алған студиялары ескі қора сияқты. Бірақ істің көзін білетін мамандарды дәл тапқанын айтсаңшы! Директор сезеді: режиссерлер де, жарық қоюшылар да, дыбыс режиссерлері де, декораторлар да – кезінде Алматыда арнаның мектебінен өткендер. Кешен астанаға көшкесін жұртта қалғандай еді, Ерлен бәрінің басын қайта қосыпты. Ескі студияны жайнатып, жарқ-жұрқ жарықпен елітіп, осы күні «Ән сал, Қазақстан!», «Қас-қағым сәт» дейсіз бе, небір мықты жобаларды эфирге тоғытып жатыр. Рейтингтері де өте жоғары.

Ал Мерзім сияқтылар ескіні тізгіндеп, сыңарезулеуін қояр емес. Хабардың паспортын ғана емес, сценарий нұсқасын да жазып әкеліпті ғой. Өзіне салса, осы «Ақбақай» хабарын жаба салуға болар еді. Эфирден түспей келе жатқанына үш жылға жуықтапты. Ал бір хабардың арна кестесінен үш жыл түспей жүруі дегеніңіз – шетін жағдай. Не рейтингі өте жоғары, не қолдаушысының бір жері диірмен тартуға тиіс. «Ақбақай» осы талаптың екеуіне де сәйкес емес. Ендеше, жаңа маусымда көзін құртпаса көр де тұр осыдан!

Директор сценарийді еріне парақтады. Оқығысы келген жоқ. Не жаңалық бар дейсің... Сонда да бір шолып шықпаса болмас. Төраға алдында жанарымен жер шұқып отырған дұрыс емес. «Ассалаумағалейкүм, алқалаған әлеумет!» деген амандасу рәсімі мүлде ұнап тұрған жоқ. Қайбір жылы қайбір министр арна эфирінде осылай амандасуға тыйым салып еді, содан бері тіксіне қарайтын болып қалыпты.

Бір қараса, сценарийдің соңын қарап отыр екен. Әй, бұл Мерзім мықты жігіт қой! Бәсе, өзіне, біліміне сенбесе, осынша алшаң басып жүрер ме еді! Дереу нүктені басып, хатшы қызға Мерзімді шақыртты.

– Мен  саған сенгенмін. Сенгенмін, Мерзім! Бәсе, бірдеңе біліп қиқайыпсың ғой кеше! – деп жас балаша қауқылдаған директордың алдында Мерзім де бәлсініп жатпады. Сәлден кейін-ақ екеуі сценарийдің кей тұстарын нақтылап, кей тұстарын жонып, хатшы қызға реттетіп алды да, төрағаға тартты.

 

***

– Кәні, қандай хабар бар біз түсетін? – деп студияға даудырай енген Бақтан Арлановты Мерзім қатты қуанған кейіппен бауырына тартты. Бағдарламаға шақырып телефон соққанда, ең әуелі бірден келіскен де – осы жігіт. Мұндағы әрбір адамды ежелден танитындай елеуреп, әрқайсысымен құшақтаса амандасып, бой тарта қалған жас қыздардың бетінен сүйіп, әп-сәтте студияны тірілтіп жіберді.

– Бәке, қарсыласыңыз кім екенін білесіз бе?

– Үйбай-ау, біздің ұлы өнердегі ұлы ұстазымыз, қазақ әнінің Арданнан кейінгі королі Дәулет Батайұлы емес пе? Осы әлгінде телефонда сөйдеп ескертпедіңіз бе өзіңіз?

– Иә, иә...

– Біз де артына қарамай айға шабатындардың қатарынанбыз ғой, Мерзеке! Басқа басқа емес, Дәукеңнің  дәп өзімен қарсылас боламын ба? Ол кісі мені толғамай жұтады ғой.

– Қиқылдап тамағында тұрып қалуға тырыс!

– Үйбай, біз ол кісінің тамағында тұрып қалды деген сөз – өнердің аузын будық деген сөз ғой. Қой, құрысын, айналаны мүңкітіп жіберерміз, – деп Бақтан жаман иістен жеркенгендей мұрнын тыжырып, ауыз тұсын желпіді.

Мерзім қазіргі эстрада әншілерінің ішінде осы жігітке іш тартады. Өзі жазып, орындап жүрген нәрсенің бұрынғы биіктен әлдеқайда аласа, тіпті жермен-жексен екенін сезінетін осы ғана ғой деймін. Жоқ, тағы екі-үш жігіт бар. Бақтан тіпті қысылмайды, кей күндері кешкісін «мынаны тойға арнап жаздым, тыңдап көрші» деп уотсапқа жібереді. Шынында да, тарс-тұрс, бір тыңдауға боларлық, тіпті биге де ыңғайлы – бірақ уақыт өте ешкімнің есінде қалмайтын дүние. Түлкі-заманның тазы тізгіншілері болды бұлар.

Әу баста Мерзім осы жігіттерге қатты ренжитін еді. Басқа басқа, музыкалық білімі бар жігіттердің аннан-мұннан ұрлап-бөрлеп ән құрастырып, елді алдап жүргеніне күйетін. Бір күні қараса, бүкіл ел соған билейтін болыпты. Өзінің бозбала шағында Ресей эстрадасына көбірек ұйыйтын еді. Қазіргі жастар осы Бақтан құралыпты сазгерлерге құлайды. Мерзім қазір Телеграм, Тик-Ток секілді әлеуметтік желілерде қайта-қайта насихатталып, тіпті бейнебаянын өзі түсіріп, «ақысын берсең боқысын шығаратын» жеке арналарда қоймай жарнамалайтындарға да налуды қойды. Бір күні қараса, өзі де бір тойда «Жаңбыр, жаңбыр, жап!» деп еліре билеп жүр екен. Күні кеше ғана: «Жабы несі, жаңбыр жаппайды, жауады ғой. «Жаңбыр, жаңбыр, жау!» демей ме?..» – деп мақала жазып шабылғанына күлкісі де келді, өзін де аяды.

Енді, міне, осы қатарлы ән айтып жүрген қазіргі «жұлдыздарды» студияға өзі шақырып отыр. Мерзім ішкі ойын біреу оқып қоятындай айналасына қуыстана қарады. Қонақтар ақырын жинала бастапты. Екі апта бұрын әрқайсысына хабарласып, Алматыдағысын сонда, Астанадағысын осында шақырып, ән жазатын студияға «түнетіп», жалынып-жалпайып, кейбірінің «гастроль кестесін» бірге ыңғайлап жүріп тапқаны осы.

Кепкасын бір шетіне қисайта киіп, қап-қара көзілдірігін шешпей Дәулет Батайұлына қол берген жігітке қарап тұрып, Мерзім қатты қысылды. Жылаңқы әндер айтумен аты шыққан әнші бұл. Бұл тұрысында ол Дәукеңе емес, оған жұрттың бәрі ошарыла келіп амандасуға тиіс. Мерзім жылауық әншінің жүріс-тұрысынан осыны ұқты. Әншілер арасына әрі-бері жүгіріп, әрқайсысына әрнені түсіндіріп жүрген әкімші қызға риза болды. Осындай пысық қыздар болмаса, бұл хабардың көсегесі көгерер ме? Бақтан сияқты шақырғанға елп ете қалатындар бір төбе де, ана-мынаны сылтауратып, көкейіндегісін алты қырдың емес, аяқтың астынан аңғартып шіренетіндер бір төбе. Мына технологияның дамуы сор ма, бақ па, түсіну қиын екен. Жиырма-жиырма бес жыл бұрын осындай «әншілер» газет-журналдар есігін сығалап, бір сұқбат беруге өздері ықыластанып, тіпті редактордың есігін торуылдап әуре болатын еді. Сол кездегі журналистер де мықты екен-ау, ел арасында беделі бар, дауысы бар, тіпті болмаған күннің өзінде, болашақта ән әлемін лайлап-ластамайтын жастарды ғана сөйлететін еді. Қазір рақат...

Гүлсамал режиссердің даусы студияға саңқ ете қалғанда, Мерзім жағасын түзеп ортаға шықты. Қатысушылардың барлығы қосалқы бөлмеде. Ол жақта және бір жүргізуші бар – қолды-аяққа тұрмай, лып-лып етіп тұрған жас жігіт. Мерзім оны да жақтырмайды, бірақ амал қайсы, хабар үшін керек. Сценарийді бір апта бұрын әдейілеп қолына ұстатқан, бірақ қазір былықтырмаса болды.

Жарқ-жұрқ жарық, тарс-тұрс дыбыс-тан кейін хабар жазыла бастады. Мерзім бұл «Ақбақай» хабарының жаңа маусымдағы жаңа сипаты екенін түсіндіріп, көрерменді әдейі ширықтырып барып, қосымша студиядағы Ақылдосқа  сөз берді. Айтқандай-ақ... әй, осылар ма... Осы жас жігітке Мерзім неше рет айтты, бірақ құлағына бір рет құйып алса ғой, жазған... «Ақылдос, камера алдында өзім қалай көрініп тұрмын деп ойлама, көзіңді аударып-төңкерме, ерніңді шошайта берме» деп неше рет ескертті, бұл тағы сөйтіп тұр. Экрандағы көркемдігін ойлаған жүргізуші аузындағы сөзіне ие бола алар ма, Ақылдас әр нәрсенің басын бір шалып, ауа жайылып, сала құлаш сөйлемін аяқтай алмай титықтады. Әттең, осы баланы қоспауы керек еді, бірақ «саңғымаған төбесі қалмаған» байғұсты арна директоры табандап отырып тіркеді емес пе? Міне, бір емес, бірнеше дубль жасап барып Ақылдос ақыры сөзін аяқтады-ау... Ақылымен дос емес, бірақ аты қандай әдемі десеңші!..

– Құрметті көрермен, Ақылдос әріптесімнің сөзінен өздеріңіз де аңғарған боларсыздар, бүгінгі хабарымызда қос ұрпақ бәсекеге түседі. Әрине, аяулы ағаларымыз бен әпкелерімізді жас буынмен белдестіріп қоймаспыз, бірақ екі ұрпақ бір-бірінің әнін орындайды!

Алдыңғы жақта отырған жас көрермен мұндайды күтпесе керек, аузы ашыла тыңдады да, сөз байыбын  әзер  аңғарып  барып  айғайға  басты дейсің! Айналасындағылар іліп ала жөнелді. Студия тулап барып басылды. Гүлсамал риза болып жазып алған шығар, әйтпесе жұртты хабар соңында шапалақ ұрғызып, айғайлатып-қышқыртып әуре болатын сәттер де жоқ емес.

Ортаға Дәулет Батайұлы шыға келгенде, студия кілт тынды. Әй, асыл ағалар-ай, бұлардың әр қадамының өзі бір мектеп қой! Оң қолымен кекілін бір басып қойып, ел сүйетін өнерпаз айналасына мейірім толы жанарымен қарап алды да, төгіле жөнелген әуенмен бірге саусағын шырт еткізді. Бәрі жарасымды! Мерзім Дәулет ағаға қарсыласы кім болатынын ғана айтып, әнді өзі таңдауын өтініп еді. Қапелімде қандай ән екенін тани алмай сансырады. Мүлде жаңа иірім төгіліп жатыр. Дәулет Батайұлы сазға ақырын тербеліп, микрофонын жайлап көтерді де, бастап кетті. Жо-оқ, бұл Бақтан жазған әнге ұқсамайды. Әлдеқайда терең, әлдеқайда мазмұнды. Мерзім екінші жолы орындалғанда барып таныды да, дәл өзіндей таңдай қаққан ересек көрермендерге ымдады. Гүлсамал мұндай сәттерді қапы жібермей жазып алуға тиіс. Енді студиядағы экранға қарап еді, Бақтанның өзі де айран-асыр болып отыр екен. Көзін алып қашып, камераға тіке қарамай, қызарған бетін жасырып әуре. Мерзім ыңылдап қосылып тұрып, Дәукеңнің ән сөзін де мүлде өзгертіп алғанын ұқты. Бақтанның әнінде сүйгеніне әлде ұрысқаны, әлде наз айтқаны белгісіз, бірінші жолы екіншісін жоққа шығаратын мәтін бар еді, жаңаша өңделген ән жігіттің қыздан еліге күткен ықыласына айналыпты. Тіпті қайырмасының желіп өте шығатын үшінші жолы шырқап барып үзіліп, төртінші жолдағы бір ауыз сөзге кенет ұласқанда, бүкіл студия қосыла шырқап кетті.

Дәулет Батайұлы ду қол шапалақ астында қалды. Қазылар алқасы да бірден сөз бастап кете алмай, микрофонды бір-біріне ұсынып барып әзер кірісті.

– Мен есеңгіреп отырмын, ұстаз! – деді әнші Дестегүл Қайырқызы толқып. –  Сіз бізді қойып, қазіргі жас буынның замандасы екенсіз ғой! Сахнадағы жүріс-тұрысыңыз қандай, такт қандай, үйлесім қандай! Грация! Менің ойымша, Бақтанның өзі бұл әнді енді сізше орындамаса ыңғайсыз болатын сияқты. Браво, аға!

– Мен бір ауыз сөз ғана айтамын: бұл – өнер дәрісі! – деді сақалды актер қысқа қайырып.

– Рұқсат болса, орысша айтайын, – деді жас ән өңдеуші өтініп. – Аға, ыңғайсыз болмаса, айтыңызшы, бұл әнді сізге кім өңдеп берді?

– Ол кісіні сіз танымауыңыз мүмкін, айналайын. – Дәулет Батайұлы мейірлене жымиды. – Ол – менің құрдасым, кезінде «Қызғалдақ» ән-би ансамблінде дыбыс  режиссері  болған  Батыл Қарманбеков деген ағаларың.

– Сонда мына әнді жасы жетпістен асқан ақсақал өңдеді демексіз бе?

– Дәл солай.

– Жастар, үйреніңдер, – деп ән өңдеуші орнынан тұрып кеткенін байқамай қалды. – Үйреніңдер! Бірде-бір артық нота, бірде-бір артық дыбыс жоқ. Әннің ырғағын ғана емес, ішкі атмосферасын қалай дәл таныған! Шедевр мынау! Дәулет аға, рақмет сізге! Класс!

Дәулет аға да қапелімде аузына сөз түспей, орысшалап «рақмет, рақмет!» дей берді. Мерзім артық ештеңе демей, ұлы өнер иесіне отыратын орнын нұсқады да, ортаға Бақтанды шақырды. Күлкіге айналдырған да жоқ, тым асқақтатып та жібермеді, бірақ қазір ғана Дәукең айтқан ән авторы осы Бақтан екенін көрермен есіне тағы бір салып: «Енді Бақтан Арланов Дәулет Батайұлының «Тауым, далам» әнін сіздерге тарту етеді!» – деп хабарлады.

Әдетте Бақтан ортаға көрерменнің қолпашын күтіп, оларды мәжбүрлей алақан соқтырып, жайнап шығатын еді. Бұл жолы құдды ұрлық жасаған баладай сахнаға имене қадам жасады. Ортаға жетпей төгіле жөнелген сазды тоқтатуға белгі берді де:

– Мерзім мырза, сіз әдейі істеп тұрсыз ба? – деді.

– Әдейі істегені қалай, о не дегеніңіз? – деді Мерзім шын сасып. Сценарийде мүлде қарастырылмаған жайт бұл.

– Дәулет Батайұлынан кейін сахнаға бізді шақырғаныңыз дұрыс па, өзіңіз ойлаңызшы! Актер Тұнықбек аға өте дұрыс айтты, Дәулет аға бізге қазір ғана өнер дәрісін оқыды. Ұққан ұқты, ұқпаған қалды. Мен дәл қазір ән айта алмаймын. Дәукеңнің «Тауым, далам» әнін орындамақ түгіл, оны заманауи өңдегеніме де қысылып тұрмын.

Мерзім Бақтанның мұнысы көлгірлік емес екенін анық сезінді. Бірақ хабар жүлгесі бұзылмауға тиіс. Көздегені де осы ғой. Өзі еш шарасыз екенін қолдарын жайып жіберіп ұқтырып, Дәулет Батайұлына ымдады. «Сіз рұқсат беріңіз» дегенді айтқандағысы. Дәулет аға бірден түсінді.

– Бақтан, айналайын, онда екеуміз бәсеке шартын бұзған болып саналамыз ғой. Мен сенің әніңді айттым, енді сен менің әнімді айтып көр. Қысылатын ештеңесі жоқ. Бұл, сендерше айтқанда, шоу. Шоуда бәрі керемет бола беруге тиіс емес. «Шешінген судан тайынбас», кәні!

– Сіз рұқсат беріп тұрған соң ғана айтып көрейін, аға! Шынымды айтсам, көрермен кешірер ме екен? – деді Бақтан жағалай көз тастап. – Мен қай телеарна қандай хабарға шақырса да қатыса беремін. Өйткені ауылдағы анама амандығымды солай білдіріп тұрғым келеді. Ол кісі мені теледидардан бір күн көрмей қалса алаңдайды, дереу телефон соғады. Сондықтан өткен жолы шамама қарамай әдеби хабарға да қатыстым, тіпті футболдан тікелей трансляцияға да сарапшы болып араласқан күнім бар. Бірақ бүгінгідей нағыз өнермен бетпе-бет келген сәтте ұят деген сезімнің, өзім ұмытып кеткен сезімнің бойымды орап алғаны. Кешіріңіздер мені!

Мерзім режиссер терезесіне қарай қалғанын өзі аңдамай қалды. Гүлсамал бармағын шошайтып, бәрін жазып алғанын білдіріп тұр екен.

Жоқ, Бақтанның әні де жаман шыққан жоқ. Бірақ терең иірімдеріне бойлай алмай қысқа қайырып, ондай тұстарда дауысына емес, қосамжарласқан аспапқа басымдық беріп жол таппақ болыпты. Ала алмайтын асқақ ноталарға жеткенде желпілдеген шашын әрі-бері дуылдата лақтырып, қинала айтып жатқанын аңғартты. Оған қысылған жоқ. Дәулет Батайұлына бұрылып, көкірегіне қолын қойып, алғыс білдіруді де ұмытпады.

Төрешілер де біркелкі баға берді. Ешқайсысы алабөтен мақтаған жоқ, ерекше жамандамады да. Жас ән өңдеуші ғана «1:0» деген жазбасын жұртқа бір көрсетіп, үнсіз отыра кетті.

Ақылдос сөз алып, ендігі кезекте ортаға шығатын жұпты сөйлетті. Қазақ көйлегін малындыра киген дәстүрлі әнші Ақмөр Қабылай бүгінгі қарсыласының «Жүрек, ауыра бересің» әнін дайындап келгенін айтып жұртты бір қызықтырып алды. Оның қарсыласы, жылауық әнші Шарапат «сахнаға шыққанда көресіздер» деп қысқа қайырды.

Түу, Ақмөрден осынша керемет күтпепті, Мерзім! Бір қарағанда, оюлы камзолы мен қос етек көйлегі айтатын әніне үйлеспейтіндей көрініп еді, Ақмөр бәрін таңдай қақтырды. «Жүрек, жүрек, жүрек, ауыра бересің» деп сыбырлай шырқап, бірнеше секунд үнсіз қалғанда... студияда тым-тырыс тыныштық орнады.

Шарапат жаңалық ұсына алған жоқ. Әуелі қолына домбыра ұстап шыққанда көрермен бір серпілген-ді. Бірақ оның домбыра тарта алмайтыны бірден белгілі болды. Фонограммамен төгіле жөнелген сазға саусағы ілесе алмай, домбыраны біресе қылқындыра құшақтап, біресе қолын мүлде жайып жіберіп, жұртты еліктіруге тырысып бақты. Ақмөр репертуарындағы халық әні «Дей салдым-ай» қарапайым, қарасөз оқығандай орындалды. Мерзім Ақылдосқа сөз беріп тұрып та, қазылардың бағасын естіп тұрып та, хабар шыққан соң әлеуметтік желіде қандай пікірлер қаптап жазылатынын елестетумен болды. Ал көріңіздер, халайық, шамалаңыздар, таразылаңыздар!

Үшінші жұп тіпті керемет болды. Мұнда q-pop деген жаңа стильде айтатын жас әнші қыз Балерке де, оның репертуарындағы әнін орындаған орта жастағы Мәди Мекен де тәнті етті. Балерке Мәди орындайтын «Армысың» әнін тіпті түрлендіріп жіберіпті. Ал Мәди сөздері шолақ, әуені де кілт үзілгіш жаңа әнді билеп жүріп шырқағанда жастар әуелі күле қарап еді, артынша ризалықпен қол соқты. Екеуі де қазылардан жоғары ұпай алды.

Арна директоры ертеңіне хабар жазбасын асықпай отырып тамашалады да, бірден төрағаға ұшты. Хабар келесі аптаның кестесінен дереу орын тапты.

Шынында да, әлеуметтік желі ұлардай шулады. Хабар жазбасын телеарнадан тамашалағаны бар, ғаламторға салынған соң көргені бар, әйтеуір пікір білдірмей қалған ешкім жоқ. Мерзім Шарапат пен Бақтанды аяп кетті. Бірақ Бақтанның кішілігіне, өзінің өнерге қиянат жасап жүргенін түсінгеніне іші жылығандар да жетерлік екен. «Шарапат, не домбыра тарта алмайсың, не ән айта алмайсың. Фонограммаға ғана сүйеніп, елді алдап жүр екенсің ғой. Қоя салсаңшы!» депті біреу. «Бақтан аға, сіз бәрібір мықтысыз! Дәулет атаға қарсылас болып шығудың өзі жүрегіңіздің түгі барын көрсетеді. Кішіргеніңіз қандай әдемі! Жастарға зор тәрбие болды бұл» деген пікір және бар. «Ақмөр апайды, Дәулет ағаны қазіргі эстраданың жұлдызы деуге болады екен», «Білмей жүріппіз, Мәди керемет биші екен ғой», «Айттым ғой, сендер Балеркені түсінбей жүрсіңдер деп, ол өнерден жаңа бағыт іздегені үшін ғана өлгенше жазғырып едіңдер, танымал әнді қалай айтты ал! Оның дауысы керемет!» дейді бір жанкүйерлер.

Бұдан кейін Мерзім өз тобымен тағы бірнеше хабар түсірді. Бірақ бұрынғыдай жұрт алдында еңсе көтеріп жүруді ұмытқан сияқты. Айналасына қорғаншақтай қарайды. Әсіресе жақын достарының сөзі өлтіріп барады. Уотсаптағы чатқа жазбайтындары жоқ. «О заманда бұ заман, қазақ әнін қасық қаны қалғанша қорғауға дайын Мерзекең бұлт ете қалатыны үш ұйықтасам түсіме кірер ме?» деп жазды біреуі. Мерзімді қорғап шыққандары да бар. «Мәссаған, біздің қазіргі өнер осынша тұралап жатыр деп ойламаппын» деп айран-асыр болып отырғандары қаншама! «Қайран, Ақан сері, Біржан сал бабаларым, Мерзімнің хабарынан өздеріңіздің жаңаша өңделген әндеріңізді кенет оянып кетіп тыңдай қалсаңыздар, не дер едіңіздер? «Бекер ояныппын» деп өкінетін шығарсыздар...» деген сөзді де көтерді ғой бұл Мерзім.

Мерзім, шынын айтқанда, өзін-өзі түсінбей жүр осы күні. «Ақбақайдың» сипатын түгел өзгертіп, екі ұрпақты шоуға қатыстырғанда, бүгінгі әнші-әуеншілердің қателігін көрермен өзі көріп, салмақтасын деген ниеті бар еді. Расында да, солай болып шықты. Бірақ бәрібір әркім өзіне керегін алады екен. Әлеуметтік желідегі «мына шал неге жастардың әнін айтып жүр?» дегенге саятын пікірлерді оқығанда, Мерзім хабарға қатысқан Дәулет Батайұлы, Нұрқасым Әбілғазы қатарлы ағаларынан қатты ұялып кетеді. Тіпті You-Tube арна әкімшісінен ондай пікірлерді алдырып тастамақ болып еді, онысы бос әурешілік екен. Бүгін бір пікірді көрінбестей өшірсе, ертеңіне сол пікір иесі ашықтан-ашық балағаттай салады.

Айтып-айтпай не керек, желтоқсан айына дейін «Ақбақай» болмаған биікті бағындырып, арна рейтингіне қомақты үлес қосты. Тіпті төрағаның хатшысы жұрт көзінен таса жерде Мерзімге жаңа жылдық сыйақы еселеніп белгіленіп жатқанын айтып қалды. Ендігі қалғаны – екі хабар. Мерзім тас бекініп отыр, осы екі хабарды жазып береді де, арнадан кетеді. Астанадағы «Шабыт» университетінен жұмыс табылып тұр. Табысы бала-шағасын бағуға жетер...

 

***

Иә... Мерзімнің «Ақбақайына» қатысуға ықыластылар көбейді. Бұл адам деген қызық-ақ, дәстүрлі әнші дейсің бе, баяғыда ұмыт болғандар дейсің бе, микрофон ұстай алатындардың барлығы Мерзімге кісі салатын болыпты. Бірақ ол қатал іріктейді. Ешкімге «әке-көке» дегізбейді. Ақылдос та баяғыдай емес, тәуір төселіп қалды. Өзі кетсе, орнына осы жігітті ұсынып кетер. Әй, бірақ ол құртады ғой... Жоқ, одан да хабарды жауып кеткені дұрыс. Жаңа маусымға дейін қайталап беріп соза тұрса, арна директоры бірдеңе ойлап табар. Одан да Мерзім университетке барып, өз айдынына қайта құлаш ұрсын. Осы күні қонаққа бара қалса, жұрт өзін «танымал тележүргізуші» деп таныстыра бастағаннан-ақ Мерзімнің құты қашады. Құдды Дәулет Батайұлының алдында емтихан тапсырған Бақтан Арланов сияқты. Жұрт та кеу-кеулеп іліп әкетеді. Болмайтын нәрселерді сұрайды. «Сендер Шарапатқа халық әнін айтқызып бағын байладыңдар, ол лирик қой» дегенді де естіген. «Қазақтар бірді-бірге соғып, қойыртпақ жасамаса жүре алмайды» деп керілген бір іскер жігіт.

Мерзім соңғы екі хабарының сценарийн жазып отырып, терезеге үңілді. Астана қысы түтеп тұр. Қарға адым жер көрінбейді. Ақпарат орталығының он екінші қабатынан қала сұлбасы тіпті байқалар емес. Машыққан қолы сценариді құдды бірдеңеден көшіргендей іркілмей тартып барады.

Мерзім айнала ұшқан үш қарғаны байқап қалды. Би алаңында жүргендей, түтеген боранды бит шаққан құрлы көрмей, үшеуі жарысып барады. Бір-бірінің қимылын айнытпай қайталайды. Ортадағысы шүйілсе шүйіледі, тіке ұшса, тіке ұшады. Бір кезде ақпарат орталығының төменгі шошая шыққан қабырғасына қонатындай ентелеп келеді де, бұлт етіп қайта көтеріледі.

Мерзім мырс етті. Қарғалардың қысқы салтанатын түсіне алатын емес. «Е-е, – деді бір кезде кенет серпіліп. – Бұлар да жайдан-жай ұшпай, рейтинг қуалап жүрген сияқты ғой. Бүгінгі өнерлеріңе – «бес!» Керемет! Өз топтарыңа бүгін ең жоғары ұпай әкелдіңдер».

Қарғалар жоғары ұпай алғанын тіпті сезінген жоқ. Теміржол кеңсесі жақтан ұйытқи соққан желден қорғанып, сырттай ұшып алыс-тап кетті.

524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз