Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қыркүйек, 2022

Қалада жоқ, бақты ауылдан табасың

Ерасыл Дарханұлы

Мейірім

Пәс кеудесін мұңмен шылап жарлының,

Күнес күнді сүргізеді не түрлі.

Маңдайыма қашап жазған тағдырым,

Менің осы өгей шешем  секілді.

 

Жазмышта жаза басқан жоқ күнім,

Арым таза болғаннан соң, бетім тік.

Мен ғапылды жазғырғандар көп бүгін,

Бәрі маған танытады жетімдік.

 

Көңіліме медеу таппай басқа бір,

Тәңір жазған аса алмаймын жарлықтан.

Айналамның барлығы да тасбауыр,

Пендешілік деген дертке шалдыққан!

 

Қасақана өміріме өштеніп,

Сықпытыма қарайтындай құдды бір.

Пірәдардай сүйгенімді ескеріп,

Құшағына сыйдырмады-ау тұл ғұмыр.

 

Сүрсем деймін мең-зең күйі оңалған,

Мынау жұтаң ғұмырымды күйінбей.

Қайырымнан жұрдай тасыр қоғамнан,

Мен мейірім таппай жүрмін түйірдей!

 

Ухана

Алекеуім шақтан бүгін бас тартып,

Ортасында күн кешпекпін үрейдің.

Бір ақынның бір кітабын жастанып,

Уханада түнеймін.

 

Емеспін мен ақын тіпті кемеңгер,

Біреумін тек қуыс жаны елес құр.

Сол үшін де, серік болам демеңдер,

Ухана ғой, кофехана емес бұл.

 

Басымдағы бәскіл күйді азайтып,

Көрмесем бе тағдырыммен жұлысып.

Содан кейін өз-өзіме наз айтып,

Отырамын өлең оқып, у ішіп!

 

У ішуді дендеп кеткен дерт дейді,

«Дертті болсам Тәңір өзің аяшы».

Шерім көп қой, мынау мүлде жетпейді,

Бір шынаяқ құйшы тағы даяшы.

 

Маған бақтан, бақытсыздық жақын-ақ,

(Шылым қылып шеккен мұңым тәтті еді).

Арсыздар жүр мені сырттан бақылап,

У ішуге жетпей жүрген дәттері.

 

Бейбақтар мен бейшаралар сорласа,

Арсыздар мен тексіздерге өмір кең.

Сықпытыма қарайтыны болмаса,

Қорқады олар өлімнен.

 

Сол қорқаулар қорқақ, бірақ еңселі,

Қарайды олар тәкәппар боп тасына.

Тәңір сені әділетті деуші еді,

Әділетің осы ма?

 

Болсын мейлі бәрі қаңқу, қаңсық,

Түбі айналып қонар бір күн маған бақ.

Ал әзірге У ғұмырды тауысып,

Бір кітапты алайыншы тәмамдап.

 

Туған жерге жыр-сапар

Тасыр қоғам ілмей мені қаперге,

Мен көбеңсіп жүрмін мынау жат елде.

Тұсауымды сенде кестім ең алғаш,

О, туған жер, сенсің анам, әкем де!

 

Сағынышқа саған деген ұмсынып,

Ойланамын, барсам ба деп құлшынып.

Дәруіштей күйге салып қойды ғой,

Қаладағы мынау құрғыр тіршілік.

 

Шарша баста бітпес тірлік қанша көп,

Уатылып кетті еңсем сарсаң боп.

Жүрмін солай, бәріне осы қол сілтеп,

Құнанбайдың ұлы еліне барсам деп!

 

Сағыныштан танытсам да құсалық,

Тұрсам деймін мен өзіңнен күш алып.

Сәт туса екен топыраққа бір аунап,

Кеңгірбай би бабамды да құшарлық.

 

Ашып тастап тарих тұнған деректі,

Ұрпағы боп іс етейін ерек-ті.

Бір табынып, зиярат қып қайтайын,

Шын ғашықтар Еңлік пен Кебекті.

 

Кетсем шіркін, бар тірлікті тауысып,

Бұл шаһардан туған жерге ауысып.

Бар мауқымды бассам деймін, алаңсыз,

Ұлы Абайдың рухыменен қауышып.

 

Туған жерден сағынысқан күй ұғып,

Бөгде жерде қайтем, бекер күйініп.

Қарт Шыңғысқа, барып келсем қайтеді?!

Шәкәрімдей бабама бір сыйынып.

 

Кетем болды, кетсін мейлі тау еріп,

Түсіме де жатыр бүгін бәрі еніп.

«Абай жолын» жазған Мұхтар бабама,

Абай жолын кешіп барам тәу етіп!

 

Аттанамын, Шыңғысыма үш аттап,

Не табамын сағынышты ұсақтап?

Мерғали мен Шәкір туған киелі,

Қайтпаймын ба құт мекенді құшақтап!

 

Шақырымдар бөлгенімен арасын,

Қалада жоқ, бақты ауылдан табасың.

Көріп қайтам, ән тулаған кешегі,

Кәрменовтей Жәнібектің даласын!

 

Түріп тастап тіршіліктің түндігін,

Шыңғыстауға табан тиер күн бүгін.

Тағы көрем, талай текті жерленген,

Жидебайдай – Еуразияның кіндігін!

 

Қанбайтұғын қанша ішсем де құмарым,

Мен мұны да құдірет деп ұғамын.

Саф ауасын жұтып тұрып, тойғанша,

Күшікбайдың ішсем зәмзәм бұлағын.

 

Көрінсе де қос көзіне сүйелі,

Сырқаттанған жанға шипа тиеді.

Емдеп жазар қасиеті соншалық,

Қоңырәулие – суы болған киелі!

 

Міне, осындай шуақ тұнған ажары,

Таусылмаған том-том болып жазары.

Перзентімін Абай деген ұлы елдің,

Тарқамаған бір сәтке де базары.

 

Алыс кетсем, сағынышты жектірген,

Өткен тіпті тарихтағы  көп дүрбең.

Ұлыларды бұл қазаққа сый еткен,

Алтын құрсақ туған жерге кеттім мен.

 

Қар астында қалған гүл

Естелікке куә болған тұнжыр бақ,

Өткен мұнда күндер, айлар, алуан жыл.

Бүгін келсем тұр ғой үнсіз тұнжырап,

Қар астында қалған гүл.

 

Көрген сайын алушы еді ел елең,

Тұрған шақта тұнжыр бақпен  жараса.

Қатыгезсің, қағілезсің не деген,

Гүл ғұмырды үзіп кеткен, Қараша!

 

Отырушы ем, мен өлеңге сыр айтып,

Құтылғым кеп жемір мұңлы күндерден.

Гүл түгілі, қуыс жанды мұңайтып,

Қарашада қар жауарын кім білген?!

 

Қайда енді күйреуіксіз күй маған?

Тағдырға да тұрмын іштей кектеніп.

Нәзік гүлге бұлыңғыр сәт сыйлаған,

Ұлпа қарды кеттім бүгін жек көріп.

 

Байыз таппақ қалай жаным мұңайса,

Салып қойса көңіліме күз кірбің.

Тақсыр тағдыр!

              Дәтің жетіп қалайша?

Гүл ғұмырды үздірдің?

 

Әттең, шіркін, араша боп солдырмай,

Жасасам ғой гүл ғұмырға иелік.

Келесі жыл қар астында қалдырмай,

P/S: Бір аруға сыйға берем сый етіп!

Уәде!

 

Ертіспен сырласу

Өліара шақта қаусырып жан жоқ құшарлық,

Паң басыма осы жүрмін-ау бекер күш артып.

Ертіске қарап отырмын тағы шерленіп,

Оқусыз жұмыс. Жұмыссыз оқу. Курчатов...

 

Күйреуік көңіл – салардай ойға кіл өрнек,

Дүмбілез пенде сұрықсыз күндер сүрер көп.

Қонысын аңсап Қонаевтардың, кім білген,

Бір орыс шалдың мекенін кезіп жүрем деп.

 

Телегей өмір – дегенің бәлкім осындай,

Көретін бір сәт қасыңдай, бір күн досыңдай.

Өтетін зырғып тамұқтың білмей қадірін,

Сырғанап аққан бір тамшы көздің жасындай.

 

Өкініш артып қайтемін бірақ өткенге?

Тәбәрік қылар өлшеулі уақыт жоқ менде.

Түбінде қайта қайырылып бір күн келеді,

Бұл күні маған өзеуреп кеткен көп пенде.

 

Сынайды әзір дендеген дертпен бізді кеп,

Тәңірім қалай үмітті сынық үздірмек?!

Бақытты болам, жүреді дейсің қашанғы,

Шала бастағы шала мұңымды мүжгілеп!

 

Бәз бақыт қалмас сәруар болып тасамда,

Сенуден өзге амалым жоқ қой жасарға.

Жан – жадау кезде жақыным маған айтқандай,

Ең соңғы болып өледі үміт қашанда!

949 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз