- Аймақ тынысы
- 21 Қыркүйек, 2022
Каспий жағалауындағы өрт «Ақжайық» табиғи резерватының аумағын шарпыды

Каспий жағалауындағы қамыс өрті «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын шарпыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы таратқан ақпаратқа қарағанда, қазір өрт аумағы 60 гектарға жеткен.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Кеңөзек ауылдық округіне қарайтын Тасқала ауылынан Каспий теңізіне қарай 40 шақырым қашықта қамыс өртеніп жатыр. Бұл – Каспий теңізінің жағалауы. 20 қыркүйек, кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, жалын шарпыған жағалау аумағы ұлғайып, 60 гектарға жетті. Ал сағат 19:40 шамасында от «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына өтті. Теңіз жағалауында жел оңтүстік-шығыстан соғып тұр. Екпіні – 5-7 метр/секунд. Ауа температурасы +30С шамасында. Өрт аумағында мобильді және радио байланыстың жоқтығы қиындық тудырып отыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 31 қызметкер, 10 техника, 1 су көлігі, «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 20 жұмысшы мен 5 техника, жергілікті атқарушы органдардан 3 адам, 3 техника, өзге мекемелерден 15 адам, 2 техника тартылған.
«Қазір төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. 21 қыркүйек, таңғы сағат 07:00-де қамыс өртін әуеден сөндіру жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағын жұмылдыру жоспарланып отыр», -деп мәлім етті департаменттен.

584 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *