Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Қыркүйек, 2022

«Бекеті жоқ ұзақ жол»

Ойшыл Демокрит «Ойын-тойсыз өмір – аялдайтын бекеті жоқ ұзақ жол сияқты» депті. Тауып айтылған тәмсіл. Бұған «заманына қарай – адамы» деген ой қосар едік. 
Жаһан аса жылдамдықпен дамуда. Уақыт судай сырғып тұр. Адамның бәрі асығыс. Тірлік қарбалас. Бірақ қайда, не үшін, неге асығыстық танытып жатқанымызды бағамдамаймыз. 
Бір қарағанда баршамыз ойын ойнаушылар сияқтымыз. Біріміз сөзден, екіншіміз қаражаттан ұтыламыз немесе ұтамыз. Біреу қуанса, біреу  түнеріп жүр. Әркімнің басында бітпейтін сансыз ойлар көп. 
Мұны адам баласына тән қасиет дер едік.

Көңіл күйді  сергітеді

Ал шындығында, ойынның адамзатқа берер пайдасы көп. Оның әсері сананы жаңғыртып, бір сәтте ойды мүлде басқа арнаға бұра алады. Ойын адам бойының көңіл күйін қалыптастырады:

 Зейін жанданады;

 Зеректік пайда болады;

 Ширақтала түсесіз;

 Ұжымдық ортаға бейімделесіз.

Ойын тұнып тұрған есеп-қисап. Қателесуге болмайды. Шалт кетсеңіз, қарсылас шап береді. Әйгілі Альберт Эйнштейн «Ойынның ережелерін жақсы меңгеріп ал. Содан кейін барып, басқалардан жақсы ойнай бас-тау керек» депті. Атақты физик-математиктің өзі философиялық тұрғыдан ой қозғауда. Шындығында да, ойынды екі топқа бөліп қарастырамыз.

Яғни:

 материалдық;

 рухани.

Бұл арада үшінші тарап жоқ. Дәлірек айтқанда, ойнау арқылы ойыңызға жетесіз. Кейде ұтылып қалуыңызда бек мүмкін. Ойын – қателікті кешірмейді. Ауыспалы һәм тура мағынасында да осылай болады.

 

Ойды аңғартып, қабілетті арттырады

Адамзат ғұмыры ойынмен сабақтас. Ойын – ойды аңғартады. Кісінің қабілетін арттырады. Дегеніне жетуіне септеседі. Күрмеулі мәселелерді шешеді. Жалпы айтқанда, функция-сы сан қырлы, көп векторлы. Дәлдеп көздесеңіз ұтасыз, шалт кетсеңіз қапыда қаласыз. Ереже солай. Пәлсафаша,«тағдыр» дер едік.

 Есте жоқ ескі заманнан бері жанданып, дамып, түпкі мазмұнын жоғалтпаған бір нәрсе бар, ол – ойын. Бүгінге дейін өшпей жеткендері бар. Осы төңірегінде бірқатар түйіні тарқатылу керек дүниелер баршылық. Өткен кеңес заманында көптеген ұлттық мұраларға тыйым салынды. Тәуелсіздік дәуірімен бірге құндылықтар қайта жанданды. Қазақ тойды сүйетін халық. Той ойын-сауықсыз өтпейді. Онда міндетті түрде әзіл-қалжың, айтыс-тартыс, сауық-сайран жүретіні анық. Осы орайда, қайсысын қайтардық, нендейінен айрылдық? Жауап іздеп көрелік.

 

Соғыстар тоқтатылып, тыныштық орнаған...

Ойынның шежіресін дөп басып ешкім айта алмайды. Десе де, фольклорлық аңыздар бар. Бірі ежелгі Грекия мен Римде, ендігісі Афина, Эллада жерінде, тағы бір тараптағылар Египетте дамыды, қанат жайды деп топшылайды. Ашық дереккөздерде алғашқы ойындар Зевс Құдайының құрметіне б.з.д. 776 жылдан бас-тап төрт жылда бір рет Олимпия қаласында өткізілген. Кейін б.з. 394 жылы Византия императоры Федосий І-нің бұйрығы бойынша тоқтатылды. Бұл ойындарда әскери дайындық, дене шынықтыру өнерін көрсету байқаулары, дәстүрге айналған ақын мен шешендер айтысы, әр түрлі өнер көрмелері ұйымдастырылған. Бұл кезде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын дәстүр қалыптасқан. Сол шақта бір айдан үш айға дейін бүкіл Эллада жерінде суық-қару қолдануға, тіпті ойынды тамашалаушыларға қару-жарақпен келуге тыйым салынған. Ойындар бес күн өткізілген. Бағдарламасына жүгіру, күрес, жарыс, қоссайыс, бессайыс сияқты спорт түрлері кіргізілген. Жеңімпаздарға зейтүн ағашының жапырағынан өрілген алқа кигізіліп, құрмет көрсетілген.

Ежелгі Қытайда домалақ допқа ұқсас затты екі жақ болып таласып ойнаған екен. Мұны англиялықтар бізден шықты «foot» – аяқ, «ball» – доп дейді. Екеуін теңшегенде «футбол» термині құралады. Ал Үндістаннан «шахмат» шыққан. Оны жоғары касталар, падишаһтар, лауазымдылар ойнаған.

Ойындарға қатысты элементтерді Лев Гумилевтің «Көне түріктер» кітабынан да аңғарамыз. Сондай-ақ олар «Қазақтың ұлттық ойындары» (Б.Төтенаев),  «Телқоңыр» (Б.Абылқасымов),  «Рухани уыз»   (К.Маты-жанов), «Соқыр теке» сияқты еңбектерде бар.

Тіршілікпен біте қайнасқан

 

Ұлттық ойындар қазақтың жаны, құндылығы, болашағы. Әр ойынның өзіндік фунциясы болған. Мәселен:

• «Асық ату» – баланы мергендікке үйретеді.

• «Ақ сүйек» – зейінін өрбітеді.

• «Қыз қуу» – бозбала мен бойжеткенді үлкен өмірге жетелейді.

• «Көкпар», «Бәйге» сынды ойындар бұғанасы бекіп, ер жеткен жігітті әскери-тактикалық өнерге баулиды. Осылайша тізімді жалғастыра беруге болады. Бұл турасында фольклортанушы ғалымдар  Д.Жаһанның «Рәсімдік ойындардың тарихи даму сипаты», Н.Набилолланың «Әскери, интеллектуалдық ойындар» еңбектерінде, А.Ислямбекованың балалар ойындарына қатысты зерттеулері мен мақалаларында тереңірек айтылады. Бұл ұлттық ойындардың тіршілікпен біте қайнасқанын көрсетеді.

 

Әзіл-қалжың қатар жүреді

 

Халқымызда той-жиын көп болған. Тойлы жерде ойын-сауық ұйымдастырылады. Ойын-сауықта әзіл-қалжың қатар жүреді. Ат шаптырылып, көкпар беріледі. Бұған дәлел І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында айтылатын «Сағынайдың асы», М.Әуезовтің «Абай жолындағы» «Бөжейдің асы» сынды барлық астарда қазақша күрестен, бәйге мен көкпардан жарыстар өткізілген. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен – тұлпар, алтын жағалы тон, ішіктер, құндыз бөрік сияқты   құны қымбат  сыйлықтармен марапатталған. Тіпті фольклорлық аңыз әфсана, ертегі, хикаяларда хан-патшалар жеңімпаздарға  қызын, тағын берген шақтар сипатталатыны белгілі. Осының барлығына текетірес, сайыс арқылы қол жеткізген. Сайыста тек білек пен жүрек күші емес, ақыл-ой зеректігі тексерілген. Шешендік суырып салма айтыстар ұйымдастырылған. Соған қарап, Тазшаның «Қырық өтірігі» текке айтылмаған шығар деп ойлайсыз.

Ұлттық болмыс  –  ұлттық құндылық

 

Тәуелсіздік ұлттық құндылықтарымызды қайта әкелді. Соның нәтижесінде ұмыт болған мұраларымыз оралды. Өткен ХХ ғасыр патша өкіметі мен кеңес дәуірінің қылышынан қан тамған кезең болды. Сол заман ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталды. Жаңа дәуір феномені – бағалы жәдігерлер, дәстүр-салт, ұлттық болмыс болмақ.

Бір қуантатыны, қазір  ұлттық ойындардың дамуы белең алуда. Тіпті қазақша күрестің атауы өзгеріп, «қазақ күресіне» айналды. Жыл сайын дәстүрлі «Қазақстан барысы», қала берді «Еуразия барысы»  т.б. жарыстар  халықаралық деңгейде де өтіп жүр. Сондай-ақ түркі мемлекеттеріне ортақ «Көшпенділер ойындары» өткізіледі. Оның ішінде жоғарыда аталған ойындар бар.

 Елімізде «Наурыз мерекесі» де мемлекеттік дәрежеде тойланады. Жұрттар арқан тартысып, қол күресіп, балуандар белдесіп, тіпті кей өңірлерде теңге ілу, дойбы, тоғызқұмалақтан турнирлер өтеді. Кезінде хәкім Абай атамыздың өзі тоғызқұмалақ ойнауды жақсы көрген екен. Қазандық қазып, қойдың құмалағын пайдаланса керек-ті. Осындай сананы жаңғыртып, өткенді қайтаратын ұлттық құндылықтардың насихатталып жатқаны көңіл жадыратады.

Топшылау

Біз, ақын Қадыр Мырза-Әлі айтпақшы, «тарихы қалың елміз». От пен оқтың арасында жүрсе де, жұртымыз сыйластықтан арылмаған. Ал сыйласа білу үшін сөзге әзіл-қалжың араластырып, ойнай білген де абзал. Ойын-сауық жүрген жерде бірімен-бірі жақындасу, ұғынысу, пікір алмасу болады. Егер бәрі орнымен болса, тіпті туыстыққа ұласады. Міне, бұл көшпелілердің жазылмаған заңы. Ұлы даланың хатқа түспеген мәуелі  мәдениеті дер едік.

 Олжас ЖОЛДЫБАЙ

 

957 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз