Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Қыркүйек, 2022

Ереулі атқа ер салып...

Жаңабек ШАҒАТАЙ

«Қилы заман»

(Алғысөз орнына)

«Бұл шығарма 1928 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан»  баспасынан: «Әуезұлы Мұхтар, «Қилы заман» тарихи повесть (ұзын әңгіме). 1916 жылғы Албан көтерілісінен» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Кеңес өкіметінің саяси-идеологиялық қысымының кесірінен «Қилы заман» повесі жазушының көзі тірісінде қайтып жарық көрген жоқ. Бұдан кейін А. Пантиелевтің аудармасы бойынша «Новый мир» журналының 1972 жылғы 6-санында жарияланды. Мәскеуде орыс тілінде шыққан Бес томдық шығармалар жинағының 1-томына енді (1973). «Жұлдыз» журналының 1974 жылғы 8-санында қазақ тілінде басылды. 1975 жылы «Қилы заман» деген атпен жеке жинақ болып шықты. 1979 жылы қайталап басылды. Жазушының Жиырма томдық шығармалар жинағының I томына алдыңғы жинақтардағы нұсқа бойнша енгізілді. «Племя младое (1977) атты жинақта орыс тілінде жарияланды.  М. Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағына повесть 1927 жылғы басылыммен салыстырылып, текстологиялық сүзгіден өткен нұсқасы бойынша енгізіліп отыр. Текстологиялық салыстыру жүргізгендер Сұңқар Жұртбай мен Мұқаш Қожахмет. «Қилы заман» повесі орыс, неміс, француз, қырғыз, ұйғыр тілінде аударылған.

«Қилы заман» повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін суреттеуге арналған. Соның ішінде жазушы Жетісу губерниясының Жаркент уезіндегі Қарқара жәрмеңкесінде болған тарихи оқиғаны шығармасына арқау еткен. Жазушы ұлт-азаттық көтерілісінің шығу себептері мен отарлау, жазалау саясатының зардаптарын жақсы біледі. 1918 жылғы патшалық жазалау әскерінің қырғынына ұшырап, шет ел ауып кеткен Жетісу қазақтарына көмектесу үшін Семейде ұйымдастырылған «Алаш» қорының хатшысы болды. 1927 жылы шілде айында Қазақстан оқу-ағару комиссиясының арнайы жолдамасымен Жетісу өңірін аралап, Кенесары мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістері туралы ел аузынан деректер жинау үшін Жетісу губерниясына келді. Сапардың мақсаты туралы «Тілші» газетінде жарияланған «Алматыға Мұхтар Әуезұлы келді» деген хабарда толық айтылған. Онда:

«Жақын арада Ленинградта оқып жүрген қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезұлы Алматы қаласына келді. Келген жұмысы: Жетісудан қазақтың әдебиетін (өлең, тақпақ, ертегі, тағы сондай қазақ елінде айтылып жүрген, жазылып жүрген шығарма, деректер), 16-жыл көтерілістен қалған түрлі шығарма, деректер, Кенесары, Наурызбай жорықтарынан қалған ел аузында сөйленіп жүрген әңгіме, өлең, ертегілерді жинау...

Мұхтар жолдас келген қызметі жөнінде ел әдебиетін сүйген азаматтармен, кәрі құлақ қариялармен сөйлесіп, дерек алуды тым-ақ тілейді. Ескі әңгімелерді көп білетін қазақтың ақындарын, қарияларын аты-жөнін (тұрған жерін айтып) білдірген, өз тұсынан жиған деректерді (материалдары болса) жіберген азаматтарға алғыс айтады.

 Мұхтар жолдас Жетісуда августың 15-іне шейін болады», – деп жазған (қысқартылып алынды).

1927 жылы Қарқара жәрмеңкесі соңғы рет ашылды. М.Әуезов жәрмеңкенің туы көтеріліп, думаны қызған шақта Қарқараға келді. Осында Ілияс Жансүгіровпен кездеседі. Қарқара жәрмеңкесінде құрамында Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов бар қазақ драма театрының артистері ойын-сауық көрсетіп жатады. Оларды өлкелік партия комитетінің секретары Ораз Жандосов, Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Көшкінов қарсы алды.  Қарқара көтерілісінің оқиғасы өткен жерге ескерткіш тас үйеді. Ол төбені бұдан былай « Ереуіл төбе» деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл рәсімге М.Әуезов те қатысты...

М.Әуезов пен І.Жансүгіров екеуі Қарқара,  Мыңжылқы, Шырғанақ, Саты, Асы, Қараш-Қараш жайлауын аралап, тамыз айының басында Алматыға қайтып оралды. Алматыға келген соң І. Жансүгіров жинаған 1916 жылғы көтеріліс туралы архив деректерімен танысады...

   Шығармаға арқау болған тарихи оқиғаның мәнісі мынандай: 1916 жылы 25 маусым күні Ресей императоры Николай II қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Бұған қазақтар жаппай қарсылық көрсетті. Осыған орай 1916 жылы 16 шілде күні Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушы генерал Ерофеев патшаның қабылдауына кіріп, Түркістан өлкесін әскери жағдайға көшіру туралы жарлыққа қол қойдырды. Бұл бүкіл Орта Азия мен Қазақстан халқын «дұшпан армиясы» деп жариялаумен пара-пар болған. Жарлықта: «сотқа-жауапқа» тартылғандардың бәрі берілсін, соның ішінде жеке адамдар туралы қосымша дерек жинамай, тергеудің соңын күтпей-ақ өзге сыбайластарын қоспай-ақ жазаға тартылсын», – делінген. «Қилы замандағы» «Албан оқиғасы» кезіндегі жүз отыз сегіз адамның, Пішпек уезіндегі  510 адамның ешқандай сотсыз азапталып, атып өлтірілуі осы жарлықтың әсері еді. Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісін басу үшін генерал-губернатордың қол астындағы тұрақты әскерден тыс оған мына отрядтар келіп қосылды.

– Подполковник Гейциктің отряды – 737 жасағы бар 2 рота, 2 зеңбірек батареясы, 1 казак жүздігі, саперлар бөлімшесі, 160 атты барлаушы;

– Подполковник Алтырцевтың отряды – 7 атқыштар ротасы, 1 зеңбірек батареясы, 1 казак жүздігі, 4 пулемет, саперлар бөлімшесі;

– Әндіжан-Нарыннан келген капитан Бурзидің отряды – 3 атқыш бар полкы, 4 пулемет, 80 атты барлаушы, казак жүздігі, 2 таулы жерде қолданатын зеңбірек, саперлар бөлімшесі;

– 240 адамнан тұратын Сібір жасағы және 24 атты барлаушы;

– 243 адамдық Самар жасағы;

– Саратов жасағы және 2 казак жүздігі. Барлығын қосып есептегенде, Жетісуға құрамында 8750 адамы бар 35 рота, 3900 қылышты 27 казак жүздігі, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберілді.

(Бұл деректер Т.Елеуовтің 1955 жылғы «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» атты еңбегінен алынды)...

Жиналған көтерілісшілер сол күні жәрмеңкедегі ақ патша әскерін тас-талқан етті. Алматыдан арнайы жазалау жасақтары шықты. Қозғалыс көсемдері жаппай түрмеге қамалды. Олардың біразы Қарақол қаласындағы, біразы Жаркент қаласындағы абақтыға айдалды. Он екінші тамыз күні түрмедегі тұтқындарды арандату арқылы жаппай қырғынға ұшыратады. Соның салдарынан жүз отыз сегіз адам қаза табады. Бұдан кейін жазалау жасақтары тау-тасты шарлап жүріп көзге көрінген қазақ ауылдарын түп-тұқиянымен құртып жібереді. 1916 жылғы қараша айында Ресей думасы «Албан көтерілісі» кезіндегі заңсыздықтарды тексеру туралы комиссия құрды. Комиссияның тексеру жұмысының нәтижесіне сүйенсек, көтеріліске дейін Жаркент уезінде 17.700 түтін саны болса, көтерілістен кейінгі санақта 5099 ғана түтін қалған. Міне, жазушы осы оқиғаны «Қилы заман» повесіне арқау еткен...

Сөйтіп, «Қилы заман» повесінің тағдыры талқыға түсіп, ақыры құрдымға кетіп тынады. «Россияға және орыс халқына қарсы жазылған, ұлт арасындағы өшпенділікті қоздыратын ұлтшыл-арандатушы шығарма» ретінде «Қилы заманға» тыйым салынып, ұзақ жылдар бойы жариялануға рұқсат етілмеді...

Соның өзінде де текстологиялық салыстырулар байқатып отырғандай, шығарманың 1928 жылғы нұсқасындағы біраз сөздер, сөйлемдер, кейбір тұтас абзацтар 1974, 1979 жылғы басылымдарда өзгертуге ұшыраған немесе мүлдем алынып тасталған. Қолжазбадағы: «орыс», «казак-орыс», «қазақ қолы», «көпірістан», «сарт-сауан», «орыс-ноғай», «отарлаушы казак әскері», «орыс қалалары» деген сөздер – «ұлық», «әскер», «солдат», «саудагер», «жасақ», «патша әскері», «крестьяндар» деген сөздермен ауыстырылған.

Жазушы шығармаларының елу томдық толық басылымында повестегі бұрын қысқартылған, өзгертілген сөздер мен сөйлемдердің барлығы да 1928 жылғы нұсқамен сәйкестендірілді.

М.О.Әуезовтің 50-томдық толық шығармалар жинағы, 5-том».

 

М.Әуезов пен Ә.Мағұлан

Көзі қарақты әрі сөз жүйесін жақсы аңдайтын оқырман осы ойлы алғысөз айтар-лықтай  қысқартылып отырғанын қапысыз түсінетіні анық. Әйтсе де, бірнеше елеусіздеу мәселелерді біздің тарапымыздан келтіре кетуді жөн санауға қақылымыз деп ойлаймыз.

Біріншіден, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесін ерекше ұшқырлықпен, әрі бұған дейін болмаған айрықша ашынумен қалам тербеуін ерекше айтуымыз жөн сияқты.

1927 жылы шілде айында Алматыға келіп, «Тілші» газетінде айтылғандай, «Мұхтар жолдас Жетісуда аугустің 15-іне шейін ғана болады», – делінген. Шығарманың соңында: «Ленинград. Декабрь. Ғинуар. 1927-1928 жылдарда» деп қол қоюына қарағанда повесть екі айдың ішінде толық жазылып біткен.

Мұхтар 1927 жылы тамыз айында «Қилы заманды» алғаш қолына алса, кейінірек, 1961 жылы 27 тамыз айында қайтыс болады. Әрине, бұны кездейсоқтық деп атауға болатын шығар, бірақ «Албан оқиғасы» кезіндегі 138 адамның, Пішпек уезіндегі 510 адамның ешқандай сотсыз азапталып атылуы отызға енді аяқ басқан ұлы Мұхтар Әуезов сынды ізгі жанның жанын жаралаған жоқ деп айта алмаймыз ғой. Заңсыз атылғандардан басқа, қанша қазақтардың бейкүнә қырылып кеткенін ақиқат естіген. Өйткені 1916 жылғы көтерілістен кейін арада 11 жыл ғана өткен еді.

Екіншіден, қазақ жоғын жоқтауға тиісті азаматтар деп есептеуге тиіс, елім деп өзегі жарылуға міндетті «жақсылар мен жайсаңдар» неліктен момын қазаққа – ұлтымызға зиянын ғана келтіруге құмбыл? Бұрын да, қазір де... Неліктен ылғи осылай бола береді?!

Әлемдік арғы-бергі әдебиетте озық ойлы, адамзаттың арда ұлдарымен іштей тілдесу, ғибрат ала сырласу, оған қарап бой түзеу ежелден бар жоралғы. Жеке басым ұлы Мұхтар Әуезовпен іштей сырласар болсам, ол кісіге қандай сауал қояр едім?!

– Мұхтар Омарханұлы, Сіз жазған «Қилы заман» әлемдік әдебиеттің ең озық үлгісінің бірі екеніне ешкімнің таласы жоқ. Осыдан 95 жыл бұрын жазылған осы шығарма Сіздің қаламыңыздың қарымын ерекше айғақтаған еді. Сіз жас едіңіз, Қарқараға анау Ленинградтан, студент кезіңізде келдіңіз. Ал Сіз көрген Қарқара қандай еді?

– Белгілі 1916 жылдың жазы еді. Жазғы жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты. Қалың албанның ертегідей бай, сұлу жайлары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабас, жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік: молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға жапқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, жемісті.

Шалқыған, көрнекті мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып, Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан.

Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен жемісі әлі басыла қойған жоқ. Қайта, күннен-күнге етек алып,  өршіп, дәуірлеп келе жатқан.  Жәрмеңке тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті – үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы – Құлжа, Қашқар, Хиба, Бұқар, Самарқан, Ташкен. Бәрі-бәрінен неше алуан қазына шүмектей құйғандай болып Қарқара жазығына ақтарылып жатыр. Жауын артынан ала таудан аққан селдей болып, сауда бұлты іркілмей төгіліп жатқан. Талай сан қостарымен келген: мың-мыңдаған қойлар, Қарқара жазығын быжынаған ақ құрттай басқанына бірталай замандар болған.

Сондай қалың қос-қос жылқы, табын сиырлар да албан жайлауын оңды-солды шиырлап қалған. Аясы аз ғана Қарқара жазығы иін тірескен малдан беті-жүзін көрсетпейді. Қаптай басқан тұяқтан қабырғасы қайысып тұншыққандай, ауыр күрсініп ыңыранған.

Тоқтаусыз ағын ертелі-кеш қарлы таудың арасындағы қырғыздан, төскейдегі қазақтан, жәрмеңке қазанына төрт  тараптың барлығынан шүмектеп құйғандай болып мал баласын тізіп әкеліп жатыр.

Қалың рудың мол жиылған ортасы – Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау бай ел: албан, бұғы. Жәрмеңке жыл екі айда бір-ақ болады...

Киіздей қалың көк шалғынды Қарқара жазығы ерте күннен бай албанның құт берекелі жайлауы еді. Мыңдаған жылқы, сан қора қой ала жаздай ірге аудармай жабысып, жалмап жатқанда, бұл жазықтың жібектей толқыған өскелең шалғыны сыр білдірмей шыдайтын. Әрбір жауын екілендіріп, өршелендіріп түсіргендей құлпыртып, жетіліп отыратын. Түн асса тыңайып, жетісіп қалатын құт даласы: осы жәрмеңкедей, мал кезіне әдейі арналып жараланғандай еді.

Астаудай көк жазыққа иректей шимай салып: Үлкен Қарқараның мөлдір сулы, мол өзені ағады. Ол мың сан иесін шөлдетіп, тарықтырып, шалдықтырып көрген емес...

***

...Ауылдың желкесі тік көк жасыл биіктер. Өне бойларын селдір-селдір қарағай басқан. Кей биіктің жота-жотасынан етегіне қарап қолдай біткен қарағай – қазақтың иегіне шыққан қара бұйра шоқша сақал сияқты.

Маңайдағы биік таулардан кешкі көлеңке созылып түсіп, өлке бойын аламыштап, көлеңкелі, сәулелі қылып құйылып тұр. Жасыл дүние көрікті нұрын әлі жоғалтқан жоқ. Алдыңғы таулар, көлденең созылған жақын белдер қарағайсыз, жалалаш. Бірақ ол да жасыл. Беттері жаңбыр суы сүйіп өткен айқын-айқын әжімдей, айғыз-айғыз. Су жолы жіңішке жыландай ұзыннан созылып, кей жерінде ғана аз-аз иірігендей барлығы да биік, тік кезеңнің етегінен басына шейін шұбатылады. Түйілген қабақтың арасындағы ежелгі суық әжімдей.

Өлкенің жазығында әр жерде су сойған, жіңішке сызықтары бар,алдыңғы белдердің кейбірінің жотасынан арғы беттегі қарағайлардың бастары қылтиып көрініп иек артып, баспа қылып қарап тұрғандай. Әр жерде шоқ-шоқ болып тұрған қарағай топтары кеш мұнарын жамылып көшкілденді. Төмен жақтағы екі жасыл биіктің қосылған жерінен алыстағы Қулық тауының бір кесігі көрінді. Сағыммен көгеріп мұнарланады. Ауылдың желкесіндегі кәрі қарағайдың кейбірі қурағандай бүрсіз. Көпшілігінің көк жамылғысы бар – көлеңкелі, саялы. Кешкі тыныш әуеде бастары мызғымай қалғып, қарап тыныштық алады. Мең-зең жым-жырт тоғайда анда-санда торғай шырылдайды. Кейде ағылып төгілгендей, кейде шып-шып еткен дыбыстары келеді. Өлке басындағы ауылдардың кейбірі кішілеу төбешіктердің басына, кейбіреулері өзектегі өзен жағасына мінбелеп қонған. Көсілген биік төскейде әртүрлі мал шашырап жайылып жатыр. Алыста, биік бетте тырмысып жүрген қой, жыбырлаған құрттай болып үйіріледі. Әсіресе үстеріне күн сәулесі түскенде, ұзынша сопақ ақ құрт сияқтанады. Көп ауылдың қойлары келген. Дөң басына әр ауылдан қайта-қайта желісі үзілмей келіп жатқан кешкі ауылдың дауыстары естіледі. Арасында бірдемені іздеп, таң қалған сияқты адасқан қозы, ешкі, лақ үні де естіледі. Тынбай ізденуде, іздесуде сияқты.

Кешкі әуе дыбыс атаулының барлығын іліп алып, көтеріп, екілендіріп тұр. Анда-санда ауылдан сиырын қау-қаулаған қатындар дауысы, күйіп-пісіп сөйлеген бала сөздері, әмірмен ақырып жұмсап тұрған шешелер дауысы да танылады.

Анда-санда сиыр мөңірейді. Қабақта, астыртта шіңгілдеп, кісінеген қысырық айғырының таныс дауысы да естіледі. Ұзақ созып кісінеп келіп, кейде иелік нағыздығымен қайырып-қайырып оқыранып қояды...

Кеш жақындаған сайын өлкенің даусы зорайып, тілі молайып келеді. Салдыраған өзен дауысы да жетті. Қатынына «Ә, ә, ә-й!» деп айғайлап бірдеңе айтып тұрған еркектер дауысы естілді. Ауыл мідетін алған айғайшы қартаң шалдың да кешкі дауысы жиілеп тұр. Әмірлі, ісшіл, қатасы жоқ. Өз-өзіне сенген дауыс...

Қазақ жайлаған табиғат болсын, мол мен адам болсын – барлығы да кешкі батар күннің алдында күндік өмірін қызу, дырдумен шығарып салады. Қырдың күні малдың у-шуымен, адамның сергек айғайы, қарбаласқан қарекеті, желікті әңгімесімен батады...

 

***

Асы – Алатаудың қыр арқасында ойып алған астаудай, ұзын кең жасыл өлке. Төсін жоғары беріп, керіліп түскен сұлудың оң иығын басқан қалың қара бұйра шаштай болып, Асының оң жағын қарағайлы таулар басады. Өлке бойында көк жар болып аққан Асы суына, айналадағы қатпарлы қалың ұлы биік, қырбыс-қырбыс ұзын жоталардан сала-сала тұщы бұлақ, мөлдір көк сулар сарқырайды.

Жардың күн шығысы қоралай біткен ұзын жоталар. Соның етегіне шейін далиып жайылған кең жасыл жазық, ұлы қойын сияқты. Жазық қара құртша қайнаған неше түлік мал. Иін тірескендей шұп-шұбар болып ендеп шашылып, бой жасап жатқан қазақ дүниесі – жайлау малы қанатын жазып, көк жазықты қаптай басып еркеленіп дәурен сүреді. Көк далаға төгін қойып қойған жасаудай айналаны жасандырып, жасартып тұрғандай. Әншейінде толысып, тусыған дүниеге жарастық бергендей. Қалың ел жаздай жайласа да, өлке қызығынан, жасыл түрінен, жастығынан айырылған жоқ. Шұбартып басқан қалың малдың ортасында қамысты айдын көлдің аралындағы қаз,  үйректің жұмыртқаларындай болып, бөлек-бөлек ұя сияқты үйіріліп, дөңгеленген сансыз көп аппақ ауылдар. Жайлаудың бар тіршілігі көз алдында, тай қазанда қайнаған судай болып ерсіліп қарсылы қозғалыспен жыпыр-жыпыр қағып тіршілік күні қайнайды.

Мезгіл августің басы болғандықтан, Асының түні суыңқырап, дағдылы күзгі жауыны жиілей бастаған еді.

Бүгін де түске шейін айналаны бұлыңғыр сұрғылт тұман бүркіп келіп, бірталай уақыт жауын жауған. Қазірде, шаңқай түстің кезі жеткенде, қалың бұлттың барлығы жыртылып-жыртылып айырылып, жан-жаққа ауа көшіп жатқан.

Туылып тазарғандай ашылып, көк мөлдір боп тұрған аспаннан Асы өлкесіне жайнаған жарық күннің сәулесі де түсіп еді. Бірақ дәл осы шақ астаудай Асы жайлауын бұлт арасында тұрғандай, ертегі орнындай қылып көрсететін. Өйткені айналадағы қатпарлы қалың жота, қарағайлы қара биіктерден ақ сұр тұман әлі айыққан жоқ. Алатау басына шөгіп өткен қара қошқыл қою сұрғылт бұлттың төмендеп ұшқан жартысы қарағайға, жартасқа жабысып аспан ұйқысыдый қапай жауып, үйіліп, үйіріліп тұр. Жалығып қалғыған ақ тұман Асы айналасындағы тауларға шұбатылған сәлдедей оралып, бұралып жүр.

Биік таумен дәл қосылған жері қоюланып, қара қошқылданып кетеді. Қиналып, өртеніп қосылғандай. Күпісін айналдырып киген қарағайлы биік шошақтың басы тұман ішінде әлдене түстей сұлу, сағымды шағына сүйсініп, бұлтты қабағын шытынған сияқтанады. Ауырлықпен, азаппен емес, көңілдің жайлы рақат тыныштығымен еркелініп шытынған сияқты. Тұманды аспан сүйсіндіріп қалқытқандай. Сағымды қиян бұлты, салмақпен қош-қош айтын, жоғары көтеріліп, таудың басын асып барады.

Жазық үстінде кең аспанда кезек-кезек ақ мамықтай болып, ақ бұлттар қыдырады. Кең далаларда,  кішкене төбелерде, ауыл, мал үстінде момындық белгісіндей болып ақ бұлттың жеңіл, жайлы көлеңкесі ұшады. Түтіндей, будай төңкеріліп, сызылып отеді. Қоңырлық пен шаңқиған жарық ауысады. Адам ойындағы өкінішті естегі мен күн шуақты қызық рақат сағатының ауысқаны сияқты, арманды ыстық кешегі мен күдікті, күпті бүгінгінің ауысқаны сияқты.

(Жалғасы келесі санда)

1171 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз