Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 21 Қыркүйек, 2022

Ясауи мұрасын зерттеудің қазіргі үрдістері

Бүгінгі тарихи танымымыз тұрғысынан өткен шаққа үңілетін болсақ, түркі жұртының мұсылмандық мәдениетінің бастауы Қожа Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты. Сол себепті Қожа Ахмет Ясауи мұрасын тану Исламның Орталық Азиядағы тарихи маңызы мен түркі мұсылмандығын тану дегенмен пара-пар ұғым. Ал түркі мұсылмандығын тану болса Исламның әлемдегі өзіндік бір мәдени-рухани орнын, оның айрықша өркениеттік бағдарын бағамдау болмақ. Ясауи мен Ислам аты қатар аталғанда ойымызға бірден сопылық ілімі оралады. Түркі мұсылмандығының қайнар көзі Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасынан нәр алып сусындайды. Сол себепті сопылық ілімі мен Исламды түркі халқының салт-дәстүрімен үйлестіре білген ұлы шайқы, түркі мұсылмандығын теориялық һәм практикалық тұрғыдан негіздеуші деуге толықтай негіз бар.

Ахмет Ясауи дегенде Түркістан қаласын айтпай өтуге болмас. Ясауидің тілімен айтар болсақ «Құл Қожа Ахмет есімім, Түркістан-дүр менің елім» дегендей, Түркістан қаласы бүгінде Ясауи мұрасының алтын бесігіне айналып, түркі халықтарының рухани астанасы мәртебесіне ие болды. Бүгінде Орталық Азия деп атайтын ұлан-ғайыр аймақтың рухани күре тамыры – Түркістан қаласы екендігіне ешкім дау айта алмайды. Түркілердің Исламмен танысқан, оны өз мәдениетің бір бөлшегі ретінде қабылдаған қасиетті мекен. Ясауи осы алып аймақтың ағартушысы, рухани  көсемі болған тұлға.

Қожа Ахмет Ясауи Қарахандықтар кезеңінен бастап қалыптасып, ХVI ғасырда шарықтау шегіне жеткен түркі-ислам өркениетінің өне бойында өшпес із қалдырды. Оның осы ерен еңбегін әрқашан есте сақтап, ұлықтауымыз, ғылыми тұрғыда зерделеп отыруымыз қажеттік. Ахмет Ясауидің хикметтері оқыған сайын тереңдей беретін түпсіз тұңғиық тәрізді терең дәрия. Ғұлама сопылық ілімін шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат шеңберінде негіздеп, Исламның Түркі топырағына жерсінуіне үлкен рухани еңбек сіңірді.

Ясауи ілімінде ғалым болу критерийі ақыл мен жүректі тең ұстаудан басталады. Бұл қазақттың бас ақыны, ойшыл Абай ұстанған жол екені белгілі. Абайдың «...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек...» деп келетін өлең жолдары Ясауи мұрасымен арадағы рухани сабақтастықты көрсетеді. Бұл біздің бүгінгі танымымыз, руханиятымыз тұрғысынан аса өзекті мәселе. Қорытындылайтын болсақ Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының мәдениетімен Ислам дінін синтездеген ғұлама. Оның еңбектерінің нәтижесінде түркілік айдентика қалыптасты деуге болады.

 Биылғы жылдың қазан айының аяғында Түркістан әкімдігінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауидің мәдени және рухани мұрасын зерттеуші ғалымдардың басын біріктіретін «Ескерткіштерді қорғайтын халық» құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық конференцияны өткізу жоспарланып отыр. Ауқымды ғылыми іс-шараның мақсаты дүниежүзілік мұра объектілерінде тұрақты туризм, киелі орындар бойынша үздік халықаралық практикалардың таныстырылымын жасауға, дүниежүзілік мұра объектілерін сақтау және басқару бағытында тәжірибе алмасуға, Ясауидің рухани мұрасының түркі халықтарының мәдениетіне ықпалы зерттеуге бағытталған. Конференция аясында қасиетті нысандар мен зиярат ету маршруттары, тұрақты тәжірибе және қоғамдастықтарды дамыту, қаланың тарихи ландшафтарын дамыту, киелі мұра объектілерін сақтау, қалпына келтіру, құжаттаманы жүргізу, киелі туризм саласындағы білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығы, тарихи тұлғалардың рухани мұрасының мәдениет пен киелі туризм аумағының дамуына ықпалы, Ясауидің рухани мұрасы және оның түркі-ислам әлемі мен Орта Азия мәдениетіне ықпалы тақырыптары талқыланатын болады.

Осыған орай, биылғы жылдың 31 мамырында ҚР Премьер-Министрі орынбасары Е.Л. Тоғжанов Ясауи мұрасын зерделеуге арналған халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастыру бойынша өткен жиында ғылыми қауымдастықты тарта отырып, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындары базаларында Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын зерделеу және дәріптеу іс-шараларын ағымдағы жылғы 5 тамызға дейін өткізуге тапсырма берген болатын. Осы бағыттағы жоспарланып отырған халықаралық ауқымды жиынның алдында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті философия кафедрасы, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, әл-Фараби орталығының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу мен насихаттауға арналған халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Университет қабырғасында жаз айларында өткізілген іс-шаралардың негізгі спикерлері ретінде Ясауи мұрасын және түркілердің интеллектуалдық тарихы мен философиясын зерттейтін әлемге белгілі отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және қазақ халқының рухани мәдениеті» атты халықаралық вебинарлар топтамасында филология ғылымының кандидаты, доцент, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Мансұров «Қожа Ахмет Ясауидің қазақ руханиятындағы орны», тарих ғылымының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Зікірия Жандарбек «Ясауи тариқаты және түркі мемлекеттілігінің құрылымдық ұйымы», Хаджеттепе университетінің (Түркия) профессоры Өзқұл Чобаноғлу «Ясауи феноменінің антропологиялық қырлары», филология ғылымының кандидаты, доцент, М. Әуезов Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Төрәлі Қыдыр «Ясауи философиясындағы «ғашық» және «машуқ» әлемі»,  философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті теология факультетінің деканы Досай Кенжетай «Қожа Ахмет Ясауи философиясының мәні», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері Сайпулла Моллақанағатұлы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғасындағы жазулар», философия ғылымының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Бақытжан Сатершинов «Қожа Ахмет Ясауи және Қазақстандағы сопылық дәстүрлер», философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Қалимаш Бегалинова «Ясауидың рухани-адамгершілік ілімдерінің ерекшеліктері» Мырза Ұлықбек атындағы ұлттық университтеттің (Өзбекстан) руханилық негіздері кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Нигинахон Шермұхамедова «ХХ аяғы мен мен ХХ ғасырдың басындағы түркі философиясының кейбір ерекшеліктері» тақырыбында сөз сөйлеп,  мазмұнды ойларын ортаға салып, байыпты пікірталастар өткізді. Әл-Фараби орталығының ғылыми қызметкері, Елдос Өсербаев 2022 жылдың 8 маусымында Түркияның Чанкыры шаһарында Түркия, Венгрия, Албания, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттердің ғалымдарының қатысуымен өткен  1-ші халықаралық Түркологиялық конгресте, «Түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі» атты баяндама жасап, қазақ мәдениеті, оның түркі әлеміндегі рөлі, Ясауидің ілімінің ықпалы туралы зерттеулерін көпшілікпен бөлісті.

Іс-шаралар тізбегін ұйымдастыруда серіктес ұйымдар М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты (Қазақстан), Философия, саясаттану және дінтану институты (Қазақстан), Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Қазақстан); Хаджеттепе университеті, Чанкыра Каратекин университеті, Түркология институты (Түркия), Мырза Ұлықбек атындағы Ұлттық университетінің (Өзбекстан) ғалымдары мен ғылыми қызметкерлерінің қосқан үлесі зор болды.

Аталған іс-шаралар тізбегін ұйымдастырудың тағы бір маңызды тұсы Ясауи идеяларының қазақ халқының рухани-интеллектуалдық мәдениетіндегі сабақтастығын көрсетумен сабақтасып жатыр. Көрнекті ясауитанушы ғалымдарымыз осы бағыттағы өзекті мәселелер, тың мәліметтерімен бөліскен бұл іс-шаралар жас ғалымдар мен зерттеушілерге Ясауидің шығармашылық мұрасы бойынша болашақ зерттеулердің бағыттарын айқындап береді деген үмітіміз зор. Бұл ретте осы жиындар тізбегі университетіміздегі Ясауи мұрасын зерделеуді жаңа деңгейге көтеретін алғашқы ауқымды шара болғанын атап өтуіміз керек. Біздің ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз бұл бағыттағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырып, жаңа деңгейге көтеруге әзір.

 

Әсет Құранбек,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының меңгерушісі;

Ақтөре Көпбай,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының оқытушысы

1146 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз