Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Қыркүйек, 2022

Cөз ұрлау неге көбейіп барады?

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

Бұдан ғасыр бұрын барымта деген түсінік мүлде бөлек жағдайда қолданылыпты. Дәлірек айтқанда, қыр басындағы қарбаласқа қатысты осындай ұғым қалыптасқан. Жауласқан рулар бір-бірінің малын талан-таражға салады. Ал қазір дамыған ақпараттық ғасырда, барлық нәрсе заңмен шекараланған тұста да бұл ұғым өңін өзгешелендіріп, қазақ арасына қайта айналып келіпті. Енді қазақ малды қойып, сөзге барымта жасауға көшіпті.  
Редакцияға келіп түскен материалдарды қарап отырғанда, жазармандардың сөз ұрлауға жүгінетініне куә ­болып, қынжылатын тұстар көп. Қолына алғаш қалам алып жатса бір жөн. Мүйізі қарағайдай тұлғалардың өзі әлдекімнің жазғанынан «жұлмалап» алғанын көргенде таңдана түсесің. Оның «жасырын» әрекетін ашық ғаламтор әшкерелеп береді. Бір ғана мақала жазу үшін де «жиендік» жасауға жүгінсе, кітап жазатындар туралы ойлаудың өзі қиын. Ғылым саласындағы барымта жайы өзекті тақырыптардың бірі. «Жақсылар көшіреді, ал үздіктер ұрлайды» деген сыңайдағы тәмсіл басқа салаға жүргенімен, ғылымда жүрмесі анық. Белгілі бір адамның көз майын тауысқан еңбегін белден басып, «өзімдікі» деу қаншалықты дұрыс? Әуелі этикалық тұрғыда әбес болса, заңнамалық жағынан құқықбұзушылық саналады. Әйтсе де, бізде сөз ұрлау үлкен қылмыс ретінде қаралмайтынын әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан барымташылықтан-ақ біле беріңіз. Барымтаға кезіккендер өздерінің авторлық құқығын талап етіп мақала жазар, десе де сол жиендік жасағандардың заңдық жауапқа тартылып жататын жағдайы сирек. Бәлкім, «қазақылыққа» салынып кешірімге ілініп кететін де шығар. Бірақ ол барымташы қайтадан үйренген әдетіне жүгінбесіне кім кепіл? 

ТЕҢАВТОРЛЫҚ ДЕГЕНДЕ...

Жаңадан шығып жатқан қалың мұқабалы кітаптарды ашып қалсаңыз, бірінші бетте тұрған бір емес, бірнеше есімге көзіңіз түседі. «Сонда осының бәрі автор болғаны ма?» деген сауал туатыны заңды. Бірақ олар кітап жазуға маңдайы терлеп жұмыс істемегенін артынан білесіз. Сөйте тұра тең құқылы автор болып отыр. Бұл жағдайды да қазақылыққа салынды дейміз бе?.. Теңавторлықтың да өзіндік шарттары бар көрінеді. Ресей ғалымы ­Делия ­Липцик «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» атты еңбегінде аталмыш терминге анықтама беріп өтеді. Егер жұмысты істеу кезінде бір немесе түрлі жанрларда жазатын бірнеше автор бірге не бөлек жұмысқа өз үлесін қосса және олардың бұл серіктестігі жұмыстың бүтіндігін сақтап, оның бірге ­пайдаланылуын қамтамасыз етсе, аталған жұмыс теңавторлықта пайда болған еңбек деп саналады. Липциктің айтуынша, мұндай жұмыстар кеңінен таралып, бірлескен жұмыстар мен ұжымдық жұмыстарды қамтиды. Бұл екеуі тең авторлар жасаған әртүрлі санаттағы жұмыстардан тұруы себепті олардың заңнамалық режимдері де әртүрлі болады. Осы жерде тағы да көңіл аударатын дүние, теңавторлық екіге, яғни егер  жұмыс тұтас жасалса – бөлінбейтін, ал жұмыстың түпкі табиғатын өзгертпей, әйтсе де әрбір тең автордың істеген жұмысының өздеріне тиесілі бөлігі айшықталып тұрса – ол  бөлінетін теңав­торлық болып саналады.

 

ӘЛЕМДІК ЗАҢНАМА  НЕ ДЕЙДІ?

Жарияланғаннан кейінгі жұмысқа құқық олардың бөлінбейтіндігі себепті барлық тең авторлардың өзара келісімі арқылы жүзеге асуы тиіс. Сол сияқты, барлық тең авторлардың келісімінен соң ғана жұмысты пайдалануға рұқсат етілуі керек. Мексика заңнамасында тек көпшілік тең авторлардың рұқсаты ғана талап етіледі. ­Испания заңнамасында бірде-бір тең автор, жеткілікті себепсіз жұмысты жария болғаннан кейінгі кезеңінде оны сол жария болған сәтіндегідей қолданылуына қарсылық жасауға құқығы жоқ. Аргентина заңнамасында драмалық және өлең туындыларын көрермен алдында орындауға тең автордың біреуінің рұқсат беруі келесі авторға кедергі келтірмейді. Канада заңнамасы бойынша ұжымдық жұмысқа бұрыннан бар жұмыстар немесе әртүрлі авторлардың жұмыс­тарының бөліктері кіреді. Ұжымдық жұмыстың кең таралған түрлеріне сөздіктер, энциклопедиялар, газет-журналдар, жинақтар мен сот шешімдерінің жинағы жатады.

 

ҚАЗАҚСТАН ЗАҢНАМАСЫ НЕ ДЕЙДІ?

ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңының  10-бабында тең авторлар жайлы айтылған. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығар­машылық еңбегiмен жасалған туын­дының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады. Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады. Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы. Тұтас алғанда, туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiрде-бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша, тыйым салуға құқығы жоқ. Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келiсiммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдануға құқылы.

 

«ҚАЗАҚША РЕНЖУ» СИНДРОМЫ

Магистратурада оқитын құрбым ғылыми мақаласына ылғи да жетекшісін қосақтап жазатын. Неге олай жасайтынын сұрағанда жетекшісі ренжитінін айтып қынжылар еді. Сонда бірде-бір сөз қоспаса да ғылыми мақалаға атын қосақтап жазу қаншалықты дұрыс деген сауал туады. Бұл жағдай тек қана ­магистранттар мен докторанттар арасында ғана кездеспейді. Ғылыми жинақ шығарғанда да тең автор болып жүрген «үлкен» ғалымдар өзінен «төмен» ғалымдардың еңбегіне ортақтасуы мүмкін. Ал егер оған көнбеген жағдайда қайта сол қазақы реніш алдыдан шығуы ықтимал. Мұндайда «қазақша ренжу» синдромы ғылым саласына да көшкеніне таңданбасқа амалың қалмайды...

Әлібек БАЙБОЛ,Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі,

жазушы-драматург, әдебиеттанушы:

 ТЫРНАҚШАНЫҢ ІШІНДЕ ТЕҢ АВТОР БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ

Сөз барымтасына жүгінетіндер өздері жаза алмағандықтан, осындай қадамға барса керек. Жазу деген – Құдайдан берілген құдірет. Ішінде мазмұны, бәлкім, таланты болмағандықтан, әрине, олар көшіргеннен басқа не істейді? Өздері еңбек етіп, ізденгісі келмейді. Дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Алматыда Қазақстан авторлары қоғамы деген ұйым бар. Авторлық құқық тапталмауы үшін сол жаққа барып шығарманың мәтінін беріп, аты-жөнін тіркету керек. Сосын сол авторлар қоғамының мүшелігіне өтесіз. Маңызды, ірі шығармалары, материалдары болса авторлар сол жаққа тіркеуі қажет. Осылай еткен тиімді. Ал ғылым саласында кез келген ғылыми материал, ғылыми диссертация – ол антиплагиат бағдарламасынан өтеді. Содан өткеннен кейін бірден ортақ базада сақтаулы тұрады. Одан кейінгі материал болса, ол да антиплагиатқа салынады және ол сол жақта қызылмен белгіленіп көрсетіліп тұрады. Сондықтан антиплагиатты айналып өту қиын. Қазір технология күн санап қарыштап келе жатыр. Ол да ғылымға үлкен септігін тигізуде.

Шетелде, Еуропада мұның бәрі бір жүйеге қойылған. Ол жерде ешкімнен көшіріп ала алмайды. Егер көшіретін болсаңыз, онда сіз сол үшін авторға үлкен сомада қаржы төлейсіз. Оны ешкім қаламайды. Сондықтан бәрі өз бетінше еңбек етіп, өз бетінше жазады. Ол жақтағы жағдай біздікіне қарағанда өте жақсы. Мәселен, Бельгияда егер сіз белгілі бір шығарманы көшіріп алсаңыз, онда келесіде мақала жазсаңыз, ол электронды ресурстарда жарияланып тұрса, оның оқылымы төмен болады. Сізге деген көзқарас теріс болады. Сол үшін ол жақта бәрі өз бетінше еңбек етуді қалайды.

Плагиат пен теңавторлық деген дүниені шатастыруға болмайды. Екеуі екі дүние. Ғылым саласында Нобель сыйлығына түсер кезде де, үлкен жобаларда бірнеше ғалым топ-топ болып жиналып ұсынады. Мақала жазған кезде де, мәселен, Скопус базасында кемінде 3-4 автор жүреді. Ғылым үшін ол керек. Себебі материалды жазу барысында әр автор өзіне тиесілі міндетті қызметті бөліп алады. Сол бөлімді дайындап береді. Сөйтіп, бәрін құрастырып бір мақала етіп жазады. Сондықтан олар тең автор болып саналады. Менің ойымша, бұның бәрі дұрыс. Ал орта жолдан қосылып, дайын дүниеге аты-жөнін жаза салатындар да бар шығар. Өз басым тырнақшаның ішінде тең автор болғым келмейді. Неге? Өйткені адам еңбек ету керек. Ғылымда да, әдебиетте де еңбек, ізденіс, оқу қажет. Сен күні-түні еңбек етесің, ал орта жолдан біреу кеп қосыла салса, әрине, ренішті жағдай. Өз тәжірибемде әлі олай бола қойған жоқ. Егер ондай авторлар қосыла қалған жағдайда, оны құптамас едім.

 

Әлішер РАХАТ, жазушы: 

АВТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙТЫН ҰЙЫМ БЕЛСЕНДІ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҚАЖЕТ

– Иә, қазір сөз барымташылары өте көп. Өйткені ғаламтордан алады да, көшіре береді. Диссертациясының бет санын толықтыру үшін немесе ғылыми мақалаларға материалды ғаламтордан ала беретін болды. Өз басым сондай жағдайды кездестірдім. Менің  диссертациялық жобамның бір бөлігі ғаламторға шығып кеткен екен. Қалай, қайтіп шыққанын өзім де білмей қалдым. Stud.kz сайтында сатылымда тұрғанын көрдім. Оны толықтай өзім жазып шыққанымды білемін. Оның қалайша ғаламторға шығып кеткені беймәлім. 
Сөз ұрлаушылардың көбі ізденгісі келмейтін, асығыс тапсырманы орындайтын адамдардан шығып отыр ғой. Ғаламторға шыққан мақаланы алады да, кішкене өзгерткенсіп, кейде тікелей қоя салады. Ондай жағдай біздің елімізде көптеп кездесіп жатыр. Сол үшін авторлардың құқығын қорғайтын ұйым белсенді жұмыс істеуі керек. Қазір белсенді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Өйткені сол жерде жұмыс өнімді болса, барлық авторлар, ғалымдар сонда барып құқығының тапталмауын сұраушы еді. Мысалы, Әуезов институтында істеп жатқан көптеген ғалымдардың ғылыми еңбектері, монографияларының бөлімдері диссертация сатылатын сайттарға сатылымға шығып кеткен. 
Теңавторлыққа алып-қосары жоқ бола тұра, кірігіп кететіндердің көбі басшылықтағы директор, декан, ректор сынды үлкен мансапта отырған жандар ғой. Мысалы, профессорлар өзінің студенттеріне жаздырып, аты мен атағын қоса салады. Сондай кезде теңавторлық деп жазылып кетеді. Екі ғалым не автор бірге ізденіп жазар болса, ол, әрине, жақсы. Ал егер бірінің еңбегін бірі жеп, аты тұруы үшін ғана істесе, ол адами құндылықтарға қайшы деп ойлаймын.  

 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН, ақын: 

АВТОР ӨЗ ШЫҒАРМАСЫНА ИЕ БОЛУЫ КЕРЕК

Біздің салада (поэзияда) ашық көші­ріп алу болмағанымен, ой, ­идеяны «ұрлап», өңін айналдырып өлең жазу баршылық. Бір мықты ақын қасқыр туралы өлең жазса, арамызда «көкбөрі» деп жыр жазатындар да табылады.
Олар өз бетімен ізденгісі келмейді, «дайын асқа тік қасық» болуға құмар. Мейлі қай сала болсын, үлкен ізденісті қажет етеді. Тіпті өнер саласы әр секунд сайын дамып отыруды талап етеді. Мураками, Мо Янға ұқсап, тіпті кейде солардың стилдерін қайта­лап, шығарма жазып жүргендер бар. 
Авторлық құқық бекем болу үшін, ең алдымен, сол автор өз шығарамасына ие болу керек. Бұл үрдіс бала тәрбиелеп өсірумен бірдей деп ойлаймын.
Менің білуімше, шетелде есі дұрыс адам көшірмешілікпен айналыспайды, себебі ол туралы заңның қатаң екенін олар жақсы біледі. Бәлен жазушы бәленбай автордың шығарма­сын көшіріп алыпты дегенді естімеп­пін. Мүмкін, біз ести алмай жатқан шығармыз.

602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз