Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 23 Қыркүйек, 2022

Күй күрсiнген күн

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

«Бiр дос бар қия бетке дейiн, бiр дос бар қияметке дейiн».
Асанәлi Әшiмұлы доссыз болған жоқ. Мұндай кiсiмен кiм дос, сыйлас болғысы келмесiн. Достың да, достықтың да түр-түрi бар. Оның iшiнде жол-жөнекей жора-жолдас та жетерлiк. Нағыз дос бола алмаған адам жақсы жекжат, амал дос деңгейiнде қалады. Ендi бiреулер алыстан сыйласады. Ал ендi мәдениетi, парасат, ­пайымы жетiп тұрған адам өзiнiң деңгейiне де қарап, сыйласудың, құрмет көрсетудiң өркениеттi түрiне көшедi. Тереңдеп кетсек, күнi үшiн жүрген қулар да бар. Бiрде Асағаңның бiр белгiлi жiгiт жөнiнде «бұл бүгiнгi таңдағы iнiм» дегенi бар едi. Мұны әлгiлер – мысықтiлеулiлер көңiлге алмайды, әрине, өзгелерге «мен ол кiсiмен өте жақсы тұрамын» деп тырнақша iшiндегi iлтипатты жылтыңдап, жылмаңдап жалғастыра беруге құмбыл.

Дұрыс-ақ дейiк. Өмiрде дос-жаран, жора-жекжат жыртылып айырылады. Ал өнерде шын дос табу қиындау. Өйткенi ұлы өнердiң бәсi – басқа, бәсеке. Бұл – таланттың iсi. Танымал болсаң, бәрi дос, тiлеулес көрiнедi. Даңқты болсаң, дұшпан көбейтуiң әбден мүмкiн. Асекеңнiң өзi күнделiгiнде бұл ­ойымызды «өнердiң жауы – iштарлық, жаны – құштарлық» деп түйiп тастаған. Бiрақ ол Әзiрбайжан Мәмбетов, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, ­Райымбек Сейiтметовтердi қай кезде де есiнен шығармайды. Себебi олар тек өнерпаз емес, адам ретiнде де талантты болды. Әнуардың, Есболғанның атын жаңғыртуда талай тiрлiктерге де араласып жүр. «Қайран менiң ақедiл достарым, менi осыларға қамқор болып, еске алып жүрсiн деп қалдырған шығар» дейдi Асағаң.

«Бiр дос бар дастарқаннан дәм кеткенше, бiр дос бар қораңнан мал кеткенше, бiр дос бар кеудеңнен жан кеткенше» деушi едi ­Рахымжан Отарбаев дос. Осы сөздiң шын мағынасына илану үшiн шыны керек, студенттiк кездегi, өнер жолындағы достардан гөрi, кластастар ерек көрiнедi. Кейiнгi өмiр, өнер жолында жолыққан достарың сенi көңiл үшiн өтiрiк мақтауы мүмкiн, ал бұлар сенiң өтiрiк айту, өтiрiк өмiр сүру ойыңа кiрiп шықпаған мөлдiр кезiңдегi достарың. Қалжыңға салып айтсақ, сенi наган кезiңнен бiледi. Көп қасиетiңдi бiлiңкiрейдi. Әке-шешеңдi бiледi. Әкелерi мен шешелерi ажырамас үзеңгi дос, тiптi арғы аталары да, құда-құдандалары да дос-жаран болған. Бүгiнде ол өмiрден озып кеткен Кәрiшал, Октябрьдi (күнделiгiнде Жайылманың үш қуы деп жазады) елжiреп еске алып, қазiр көзi тiрi Рәбиға, Ыдырыстармен телефондасып отырады. Олармен сөйлескенде жаны тазарып қалады. Рәбиға клас­тасы староста болған екен. Апай бiр естелiгiнде «Асанәлi жас күнiнде тентек едi, бiрақ тектi тентек болатын. Бәрiмiздiң суретiмiздi салып шығатын. Бiз оны суретшi болатын шығар деп ойлаушы едiк. Бәрiбiр өнерден алыстамады ғой» дейдi.

Студенттiк шақтағы досы ­Райымбекке құрметi әлi күнге ерекше. Оның бiр себебi, бұл кiсiмен достығы да сол Кентауда (Сарысуда сегiз жыл оқып, қалғанын осы шаһарда жалғастырған) өнер жолына түспей тұрып-ақ қалыптасқан. Содан да сыралғы дос. Бiр-бiрiнiң қадiрiн, бағасын бiлген. Ал ендi Оралхан, Асқарлармен достығы iшкi, сыртқы фактуралардағы үздiк үйлесiмнiң көрiнiсi. Осы қатардағы Ақаң – Ақселеу ше!? Оо, бұл кiсiнiң ендi жөнi мүлдем бөлек.

Актер «Менiң жанрым – күн­делiгiнде» басқалардан гөрi Ақселеу Сейдiмбектi жиi есiне алады.

Өзi аса дарынды адамның ­бойында дара қасиеттерi, ерекшелiктерi де байқалмай қалмайды ғой. Оны көрiп, сезiну үшiн көз, көңiлмен қатар, сергектік, сезiмталдықты серiк еткен жан болуың керек шығар. Кiлең батыр, даңқты кейiпкерлердi кескiндеген аса мәртебелi мэтрдiң кейде сырт көзге төрт құбыласы сай көрiнуi де мүмкiн. Алайда оның айрықша толқыған сәттерiн мен көп байқадым. Әсiресе ең жақын достары туралы әңгiме болғанда осындай бiр кенен көңiл күйге ерiк беретiнi бар. Жай адамның өзiн былай қойғанда, өнер адамының толқуын елестетiп көрiңiзшi. Ақселеу туралы сөз болғанда ол бұл сезiмдi мiндеттi түрде бастан кешедi. Онысын бiлдiрмес үшiн көзәйнек киген болады. Қайдан, кейде сол көз құйрығынан, әшкейдiң жиегiнен де сорғалаған жас көрдiм. Осы сөзiмiздiң ақсамас айғағы –күнделiгiндегi мына жолдарға бiр үңiлiп көрiңiзшi.

 

16.09.09.

Ақселеудiң қайтқан күнi.

Кәдiрбек хабарлады. Азаматым-ай, арысым-ай! Кәдiрбек, ­Қуа­нышбай үшеумiз пойызға шықтық.

Ақселеу!

Теңдесi жоқ азамат едi-ау, ­бауырым! Жүрегiм сыздап қоя бередi. Осыдан екi күн бұрын телефондасып, көңiлдi сөйлесiп едi.

– Анау қалай? (кiшi Асанәлiнi айтады) – деп сұрады.

– Әй, ол итiң менi боқтайды, – деп бiраз күлдiрдiп едiм.

Әй, өмiр-ай!

19.09.09.

Жаңарқа. Қоштасу митингiсi. Көзi тiрiсiнде, бiр ай бұрын осында келiп, төбе басына тас үйгiзiп: «осында қоясыңдар» деген екен. Сол жерге қойды. Өте қолайлы орын. Төбе толған селеу.

 

05.10.09.

Ақселеудiң жоқтығы есiме түссе, ет жүрегiм қан жылайды. Осындай нағыз адам, нағыз қазақ көп болса, елiмiз үлкен дәрежеде болар едi-ау. Қатарынан көш iлгерi, қай жағынан алсаң да мiн жоқ, мүсiндi жiгiт едi ғой. Бiр жақ қабырғам сөгiлгендей күй кешудемiн. Інi-дос, қалжыңымыз жарасқан, Астанаға бара қалсам әуежайдан өзi күтiп, өзi шығарып салушы едi-ау.

Ақселеудей досым болған емес, әй, болмас та.

 

10.11.09.

Ақселеудiң өлiмi мен үшiн жұмбақ боп тұр. Азамат едi ғой. Жүрегiм сыздайды. Байлығымды жоғалтқандай күн кешудемiн. Екi баламнан кейiнгi трагедия. Әр iсi, әр қимылы көз алдымнан кетпейдi. Шет-шегi жоқ ғалым, Адам, дос­тыққа берiк азамат!!! Менiң Асекем Ақсе­леудей азамат болса, армансызбын!

Айтса айтқандай, Ақаңның «көк­­тегi күнге, жердегi еліме мейi­рiм қанбады» деген атақты сөзiн өзiнiң құлпытасына жаздыруды неге мақсат еткенi де актердiң осы бiр жазбаларынан кейiн сыр ашып, терең ойға ден қойғызғандай болады.

«Мен өлiмге дайынмын» деген екен Сталинге қарсы тұңғыш өлең жазған Мандельштам Ахматоваға. Сол өлiмге Ақаң да дайындалған iспеттi. Жататын жерiне дейiн келiп, тас үйдiрiп, белгiлеп кетуi тектен тек дейсiз бе? Тiрiге түбi бiр өлiм хақ екенi белгiлi. Алайда алаштың Ақселеуiнiң оған ертерек дайындық жасауының себебi не? Бұл да бiр Асағаң айтқандай, ашылмай жатқан жұмбақ. Ерте ме, кеш пе бұл құпия туралы мәртебелi уақыттың да өз сөзiн айтары хақ. Жамандықты кiмнiң жаны қалайды дейсiз, десек те көкiрегiнде көк мұхиттың толқынындай алуан ойлар аласұрған, кеудесiнде шырақ жанған тұлға өмiрдiң осы бiр ақырғы заңына да мойынсұнып, оны салтанатты, сабырлы түрде қарсы алуға келгенде де үлгi көрсетiп кеттi. Мына жазбаға ден қойыңызшы.

«Соңғы ғылыми оқылуы (түркiше): менi, менi, тек елге апарсын! (мене, мене, текел упарсин). Сүйектi елге жеткiзу – түркiлiк дәстүр. Ол үшiн түркiлер оссуари ойлап тапқан (сүйек салатын ыдыс).

Солай Асеке!

Ақселеу. 12.08.04.

 

Ақаңның өз қолымен жазылған тiлдей қағаз Асағаңның қолжазба күйiндегi күнделiгiн парақтап отырғанда сусып түстi. Әрине, бұл бiр оқиға, дерекке, ұғымға орай берiлген түсiнiктеме де ­болар. Алайда «елге апарсын» деуi ерекше назар аудартады. Өмiрден озарынан тура бес жыл бұрын жазылған. Бұл да бiр жұмбақ.

Ал  енді осыдан он жыл бұрын, 1999 жылғы бір жағдайды да еске алуға тура келіп тұр. Ақаңның інісі Асылханға айтқан қаупін белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлы өз жазбасында былай келтіреді:

«Асылхан, айналайын, осы ағатайымнан айырылып қаламыз-ау деген суық ой болды ма сенде деп сұрағанмын бірде. Болды, аға, сол бір Желтоқсан оқиғаларынан соң Аға­тайымның соңынан түсті ғой үш әріп. Бірде Алматыға келсем, Ағатайымның жүзі сынық,  жүдеп кеткен. Үйінің төрінде ілулі тұратын сыйлықтары – қылыш, садақ жебесімен, бесатар мылтығы жоқ. Не болғанын сұрасам, «Арқа қарағым, осы мені мына иттер қамайды-ау, сірә, соңыма оңбай түсіп, сұрақ-жауап алуы жиілеп кетті» деді. Одан аман қалды, әйтеуір. 1999 жылы Алматыға тағы бір келдім. «Ертең қайтамын» деген күні ағатайым оңаша шақырып, бір қағаз ұстатты да: «Арқа, бәріміз де шайтан емеспіз, мынаны саған сеніп тапсырып отырмын», – деді. Ұзай беріп қарасам, сыртына «Аманат» деп жазылған екен. «Менің зиратымның басына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қан­бады!» деп жазыңдар» деп тапсырыпты. Сол кезде әр күннен жаманат күтіп, қорыққаным бар. Өзіңіз білесіз, 2009 жылы ағатайым бақилыққа аттанды. Осы Иманғали Тасмағамбетов ағатайымды ­жерлеуге белсенді топ құрып, сол жерде менен «Ағатайыңның қалдырған сөз, өсиеті бар ма?» деп сұрады. Мен конвертті бердім. Ағатайымның сол сөздері Жаңарқадағы зиратында жазулы тұр».

Жалпы Ақаңның жазбаларында мәңгiлiк заңы туралы ойлар­дың қылаң беруi де оның осы жолға дайындығының, бойды дағдыландыруының кемел көрi­нiсiндей, хабаршысындай сезіледi.

Шығармашылығы сан қырлы, музыкалық мұрасы аса бай Ақселеу Сейдiмбектен 12 ән қалған екен. «Дәурен-ай», «Сарыарқа» секiлдi танымал әндерi мен бiрнеше күйi, толғау, арнаулары бар. Алдағы уақытта бұл кiтап Асағаңның алғы сөзiмен жарық көрмекшi. Онымен айналысып жатқан азамат мұны әзiрге құпия сақтауды өтiндi. Бiр ғажабы, Ақаңның осындағы бiр арнауын ән, сөзiмен бiрге «қазақта ән байлау деген де болады» деп бiр белгiлi ағамыз өзiне иеленiп алған деген дерек те бар. ­Дерек көзi сенiмдi. Ақаңның «Күй шежiресiн» былай қойғанда, жалпы қазақтың төлтума өнерiнiң табиғаты турасындағы көл-көсiр бiлiмi мен өзгеше ­ойлау деңгейi, терең толғаныстары, ғылыми ­пайымдауларын оқу орындарының бағдарламасына оқулық ретiнде ендiрудi ойлайтын жан бар ма десейшi. Бұл болашақ өнер саласы мамандарының болмысына бай мазмұн, мағына дарытатынын пайымдасақ керек едi. Асағаңды да осы мәселе айрықша толғандырады. Ақаң өмiрден озар алдында өмiр бойы жазған-сызғанын реттеп, хаттап, шып-шырғасын шығармай мұрағатқа өткiзгенi мәлiм. Бұл ойымызды күнделiк те растайды. Оқиық: «Кешкiсiн денесiн үйiне әкелдi. Иманғали шапқылап, бүкiл тiршiлiгiн жасап жүр. «Аға, кiресiз бе?» деп есiгiн ашты. Арыстай боп Ақселеу жатыр. «Бұл дүниеде маған қалған ештеңе жоқ, шаршадым» дептi.

Екi инфаркт алғанда дәрiгерге көрiнбеген, үшiншiсi күрделi. Өз еркiмен, ерлiкпен кеткен. Аса жұмбақ кетiс. Үйiндегi заттарын түгел орын-орнына тапсырған. Алты томдығын бiтiрген. Алды артын тап-тұйнақтай етiп кеткен. 17.09.09.»

Аталған алты том­дықты Мұхтар Құл-Мұхам­мед шығарып, Ақаң­ның ақырғы аманатын орындады. Мұхтардың жет­пiс жетi атасына рақмет!

 «Бұл дүниеде маған қалған ештеңе жоқ, шаршадым». Сұңғы­ланың соңғы сөзi. Қандай сәйкестiк екенiн, Леонардо да Вин­чидiң «Шаршағаннан өлген жақсы» деген сөзi есiме түстi.

Тағы бiр жәдiгер айрықша назар аудартады. Күнделiкке жүгiнейiк.

 

17.09.09.

Астана. Ақселеудiң үйiне бардық. Ел күңiренiп отыр. Қыздары менi оңаша шақырып алып: «Аға, мынау сiзге» деп бiр қорапша бердi. Қорапшаның сыртында «Асанәлiге Ақсе­леу­ден» деп жазылған. Күмiс шақша екен. Ет жүрегiм қан жылады.

Бүгiнде күмiс шақша Тараздағы Асанәлi Әшiмұлы атындағы рухани орталықта тұр. Асағаң аса бiр толқыған тағы бiр сәтiнде «әр атқан насыбайды Ақселеуге бағыштаймын. Мейiрi қанып жатсыншы деп iштей дұға оқимын» деп отырады.

Рас. Ақселеу досын ойласа ақылына ақыл, жiгерiне жiгер қосқан «қазақтың көшпелi өмiр салтының сүт кенжесiмен» (Ақаңның өз сөзi) күн құрғатпай өткiзген сәттер тереңiне тартып, теңселiп отырады. Ал күмiс шақшаны ұстап, қолға алған сайын кеудесi шымырлап, жүрек тұсы шым етедi. Көзәйнектiң ар жағындағы талайды арбаған жанардың жиегi дымқылданып кетедi.

P.S.

Осы дүние жазылып бiткен күнi Арқадан арқалы әншi Абылай ­Шуланбаев қонақшылап келе қалсын. Жан-жақты өнерпаз, саңлақ спортшымен кездесе қалғандағы әңгiмемiз ұзаққа кетедi. Әбекең әңгiменiң бiр тұсында ғажайып екi көрiнiс жайында айтып қалды.
Ақаңды жер қойнына бергеннен соң iле-шала бiр алып бүркiт қанатын кең жайып,  зиратты айнала ұшып жүрiп алыпты. Сонда немересi «анау атамның бүркiтi» деп айғайлап жiберiптi. Тек биiктi ғана мекен ететiн қыран, зәу көктiң символы «сен бәрiбiр биiксiң, ендi биiктей бересiң» дегенi ме екен? Жұмбақ?..
Жарайды, бұл ендi көзге көрiнген көрiнiс дерсiз. Ал ендi мына бiр жағдай менi ұзақты күн түрлi ойға салды. Әбекең бұл әңгiменi Ақаң жатқан Қарауылтөбеге тәу етiп қайтқан бiр емес, бiрнеше кiсiден естiптi. Бейiтке жақындаған сәтте сеңдей толқыған селеу басын күй шалып, сыбызғының үнiндей сызылып құлаққа бiр әуен келедi деседi. Әбекең осы әңгiменi өзгеше бiр мақаммен айта бастағанда, Ақаңның әлi айналымға енбеген, зерттеушiлер назар аудара қоймаған бiр сөзi есiме түстi. «Бiлiм алып, оң-солымды танып, адам ретiнде өзiмнiң болмысымның қандай екенiн сезiнген кезде iштей бiр-ақ нәрсеге өкiнемiн. Менен өте жақсы музыкант шығатын едi. Менiң бойымдағы музыкалық қабiлет басқа қабiлеттерiмнен әлдеқайда басым екенiн сезетiнмiн» деп едi бiр сұхбатында. Осы пiкiрге ден қойсақ, әлгi зират басына барған кiсiнi  таңданысқа қалдырған сиқырлы сарын «сен бәрiбiр ел ұғымында ұлы музыкант болып қалдың» деген Тәңiрдiң құлаққа талып жеткен күбiрi шығар деп пайымдауға  болар.
Есте жоқ ескi заман. Ақаң соның бәрiн аршыды ғой. Дүниенiң тарихына, оның iшiнде ежелгi Рим  дәуiрiне тереңдеген сұңғыла  қағандардың күн ұзаққа тоғыз тарау күй тартып, айтысатынын тәпсiрлемеушi ме едi. Сол ұлы өнер, ұлы сарындардың алтын бастауын ұстап қалған ұлы түркi қағанатының бiр бұтағы – бiздiң бабаларымыз – қазақтың күйi жөнiнде ұлтын мәңгi бақи рухани ләззат құшағынан ажыратпайтын алапат еңбек жазған адамның жүрегiн жер бесiкте күй тербеп жатуы қай шындыққа да жанасымды ғой.
«Күй күрсiнiстен туады» дер едi Ақаң тереңдеп кеткен әңгiменiң бiр тұсында. Аңыз дейсiз бе, елес дейсiз бе, бiр тылсымның барына ерiксiз бас иесiз. Ақаңның ғұламалығына, асқан интеллектiсiне сүйсiнiп өткен Қабдолов өмiрден озғанда «сұлулықтың өзi де сығып алған шығар көз жасын» деп,  көңіл түкпірінде бұлқынып тұрып алған абстракциялық ұғымды ақиқатқа телiп едiк. Ақаңның жамбасы жерге тиген күнi күйдiң де («ақжелеңдер», «қосбасарлар», «көкейкестiлер», «тоғыз тараулар») күңіренгені өз алдына күрсiнгенi анық. Бұл құбылысты бұдан былай әрдайым бастан кешсек, оған аса таңданудың да қажетi жоқ.

634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз