Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 23 Қыркүйек, 2022

Экспорт тек мұнайға байланып қалмайды

Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 3%-ға өсті, бағасы 91 USD болды. Еліміздің энергетика министрлігі болса, Қарашығанақ кен орнында жоспарлы күрделі жөндеу жүргізу үшін 12-қыркүйек пен 6-қазан аралығында мұнай өндіруді тоқтататынын хабарлады.

Қазақ мүнайының негізгі бөлігі КТК (Каспий құбыр консорциумы) арқылы экспортталады, ал ол қазір толық істемей тұр, соның өзінде тағы бір мұнай көзі Теңіз кен орны тоқтамай жүмыс істей бермек.

Сонымен, 2022 жылдың тамызына қарай КТК арқылы 35 млн тонна мұнай шығарылыпты. Жыл соңына дейін КТК арқылы шамамен 55 млн тонна өтпек. Шығын шамамен 10% болуы мүмкін.

Қазақстанның шетке шығаратын тағы да бір энергетикалық шикізаты – көмір. Осы көмірге байланысты болжамға келсек, Ресейге қарсы санкция әсерінен Қазақстан экспортшылары биылдан бастап енді Еуропаға 300 млн доллардан астам көмір сата алмайды деген болжам бар.

Бұл турасында энергетика ми­нистр­лігі индустриялық даму комитетінің төрағасы Тұрар Жол­мағамбетов мынаны айтты:

– Біз ықтимал шығынға байланысты есеп жасадық. Бұрын Ресей федерациясымен біздің көмір шығарушы компанияларымыз арасында келісім болған жоқ. Бірақ бұған дейін өндірілген көмірді Ресей арқылы Латвия порттарына шығарып тұрдық. Ол дегеніңіз Еуропаға тартылған жол болатын. Алайда сәуірден бері мәселе қиындады. Соның салдарынан биылдың өзінде 300 млн доллар көлеміндегі қаржыдан айрылатын сияқтымыз. Мәселе бұлай жалғаса берсе, келесі жылғы шығынымыз 400 млн долларға жетуі мүмкін.

Осы оқиғаларға байланысты ел басшылығының сауда-эконо­микалық байланыстарда жаңа, сенімді әріптестер іздеу әрекеті басталып кетті деуге негіз бар. Өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран президентінің ресми шақыруымен парсы еліне барып келгені, ол жақта біршама келісімдер жасалғаны белгілі. Қазіргі саясатта дипломатиялық қатынастардағы басты тетіктің бірі – өзара сауда. Қазіргі мұнай экспортына байланысты кедергілерге тап болып отырған біздің ел үшін оның маңызы зор.

Ауыл шаруашылығы министрлігі берген деректерге қарағанда, биыл Қазақстан 13 млн тонна дәнді дақылдар өндірмек. Әлем­дік жағдайдағы азық-түліктің тапшылығы екібастан белгілі. Демек, биыл Украина бидайынан қа­ғыл­ған елдердің Қазақстанға ауыз ашуы әбден ықтимал.

Иран басшылығымен кездесу барысында осы мәселе де көтерілді. Биыл Қазақстан Иранға 1 млн тонна астық экспорттамақ. Осы мәселе бойынша біздің ауыл шаруашылығы министрлігі Иран мемлекетімен дәнді дақыл тасымалы туралы меморандумға қол қойды. Есесіне осыдан бастап Иранға Қазақстаннан көкөніс, жеміс, сүт өнімдері мен су кәсіпшілігі өнімдері көптеп келе бастамақ.

 

 

Биылғы ықтимал өнім мөлшері 13 млн тонна болса, оның 1 млн-ын парсылардың алатыны белгілі болды. Ал қалған бидай ше? Иран сапарында қазақ президенті осы мәселені де талқылады. Қол қойыл­ған меморандумға сәйкес, осы­дан бастап қазақтың бидайы мен басқа да ауыл шаруашылығының тауарлары Иран аймағы арқылы басқа мемлекеттерге қосымша төлемдерсіз тасымалданбақ. Бұл да – бидай экспортына байланысты жасалған аса тиімді келісімшарттың бірі.

Мұнай тасымалынан үміт бір­шама үзіліп тұрған шақта қазақ билігі экономикалық табыстың тың көздерін іздей бастағанға ұқсайды. Бұрын байқамадық па, әлде мұнай қызығына қызығып жүріп елемедік пе, қазақ даласында қаржы табудың басқа да мүмкіндіктері жеткілікті екен. Мәселен, бір ғана Талдықорғанның компаниясы Италия, Африка елдеріне, Ресей мен Арменияға аккумулятор өткізе­тін көрінеді. Сондай-ақ Өзбекстан мен Тә­жікстанда, Қазақстанда жи­налған автомобильдердің саны көп. Қазақстандық кілемдерді Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстан мен Араб Әмірлігінің сауда орындарынан көптеп кез­дестіруге болады.

Жалпы алғанда, шетелге тауарлар мен қызмет түрлерін экспорттайтын қазақстандық компаниялардың саны 500-ден асады.

Үкімет те соны ескерген тәрізді. «Тұрақты экономикалық өсім және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру» ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылға қарай біздің еліміздің шикізаттық емес экспорты екі есе өсіп, 41 млрд долларға жетуге тиіс. Ал мақсатқа жету үшін Қазақстанға ішкі өндірісті дамытумен қоса, өнімдерді өткізетін нарық табу керек.

Қазір қазақстандық шикі­заттық емес экспорттың әлем­дік-экономикалық және саяси дағдарыстарға қарамастан арта түскені анық байқалады. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспорты 2020 жылғы 3,35 млрд доллардың орнына өткен жылы 3,72 млрд долларға дейін өскен. Сондай-ақ машина мен қондырғылар экспорты да даму үстінде.

Экспортқа өнім шығарып, біршама табысқа кенеліп отырған кәсіпорын арасында қазақстандық кондитер өнімдерін шығаратын «Баян Сұлу» компаниясын, Италияға, Литвияға, Польшаға, Грецияға, Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға алюминий бұйым­дарын шығаратын зауытты, жоғары сапалы базальт кені негізіндегі жылусақтағыш материалдарын өндіретін Макинск зауытын айтуға болады.

Қысқасы, бір сөзбен айтқанда, жұрт не десе о десін, елдің сауда экономикалық бағыттағы күні тек қана мұнайға қарап отырған жоқ. Қазіргі дағдарысты заманда бұрын еленбей келген салаларға басымдық беруі керек.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

1196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз