Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 23 Қыркүйек, 2022

Қазақстанда АЭС салу үшін бәрі бар – Алмаз Саухимов

Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл тақырыптың көтеріліп, қоғам талқысында жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Қоғам пікірі де сан алуан. Кәсіби орта атом электр станцияларының тиімділігі мен артықшылықтарын айтып, одан келер қауіптің жолын болдырмау шараларын зерделеуде. Бұған дейін елімізден арнайы делегация АЭС құрылыс тәжірибелерімен танысу үшін Түркия, Франция елдеріне барып қайтқан болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке атом энергетикасын кәсіби тұрғыда түсіндіруді, әлемдік тәжірибелерді зерделеуді тапсырған болатын. Күні кеше Ғ. Дәукеев атындағы Алматы Энергетика және байланыс университетінде «Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?» тақырыбында сала мамандарының, сарапшылардың, сонымен бірге студенттер мен магистранттардың бас қосуымен дөңгелек үстел өтті.

Алқалы жиында Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ Ғылми жәнне инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Алмаз Саухимов атом электр станциясын салуда Қазақстанда мүмкіндік жеткілікті екенін, кадрлар бар екенін алға тартты.

«Бұл сұрақ  өте  маңызды. АЭС салудағы негізгі мақсат электр энергиясын өңдеу. Бүгінде бізде электр энергиясының тапшылығы байқалып отыр. Болашақта тұтыну төмендемейді, ол тек қана өсе береді. Біздегі генерациялар, электр станциялар ескі. Олардың 70 пайызы көмірді қолданады, қарапайым тілмен көмір станциясы десек болады. Болашақта біз осы көмір станцияларынан бас тартамыз. Оның орнына не кіру керек. Жаңартылатын энергия көздері деп жатыр оны да қолдаймыз. Бірақ жаңартылатын энергия көздері тұрақты емес. Бізге базалық генерация керек. Ол жаңартылатын энергия көздері сияқты емес, энергияны тұрақты түрде беретін станциялар, соның ішінде АЭС - ол ең мықтысы. Ол көмір станциялары сияқты зинды емес. Сонымен қатар, еліміз уран қоры бойынша әлемде екінші орында. Қазақстанда АЭС салу үшін бәрі бар деуге болады. Кадрларды дайындау үшін мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да теориялық және ядролық физика кафедрасы болса, біздің университетте жылу электр станциясы кафедрасы бар. 2019 жылы АЭжБУ-де АЭС бойынша оқу бағдарламасын аштық. Техниканың барлық саласына арналған институттарымыз бар. Қазір елімізде бір АЭС салу бойынша айтылып жатыр, болашақта мүмкіншілік болса бізге одан бөлек тағы екі станция  салу керек.   Біз оған дайынбыз», - дейді Алмаз Саухимов.

АЭС-тің нәтижелі жұмыс атқаруы үшін отандық инженерлік кадрлар тобы мен ғылыми-техникалық кадрлар арасында сабақтастықты арттыру  оқу орындарының қажырлы еңбегін қажет ететіндігін айтты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меіңерушісі, ҚР ҚҒА мүше-корреспонденті, ф.-м.ғ.д., профессор Медеу Әбішев. Ол осы оқу орындары бір-бірімен өте тығыз байланыс орнатып, әріге қарай ғылыми жобалар, арнайы жобалар, осы бағыттағы халықаралық қатынастар бойынша жұмыс жасалу кеерктігін, сол бағытта үлкен іс-шаралар күтіп тұрғанын жеткізді. Жоғары оқу орындарының өкілдері келесі жылғы арналып жасалатын техникалық тапсырмалар аясында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға АЭС-ті дамыту бағыты бойынша жұмыстар қосуды ұсынды.

Осы жиынға Ядролық физика институтының да маманы келіп қатысты. Қазіргі таңда Ядролық физика институтында Қазақстан бойынша жалғыз зерттеу реакторы жұмыс істейді. Осы институттың нейтронды физика зертханасының аға ғылыми қызметкері Алмас Ысқақов айтқандай: «Зерттеу реакторында 70-тен астам жоғары дәрежелі маман еңбек етеді. Жалпы, оларды АЭС-та жұмыс істеуге дайын мамандар десе болады. Онымен қатар егер АЭС салынар болса, біздің институтта көптеген жұмыс жасауға болады. Атом электр станциясы - таза электр көзі болып табылады. АЭС салынса, еліміздің ғылыми тәжірибелік базасын көтереді. Кеңес одағы ыдырағалы бері елімізде мұндай жоба жүзеге асырылмаған. Егер елімізде АЭС салынар болса, біздің мелмекетіміз технократтық дәуірге кіреді деп сенемін», - дейді Алмас Ысқақов.

Елімізде атом электр станциясы құрылысын жүргізу мүмкіндіктерін қарастыру бойынша баяндама жасаған «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-ның бас менеджері Асуан Сиябековтың айтуынша, 2018 жылы олар АЭС салудың техникалық-экономикалық негіздемесінің маркетингтік бөлімін әзірлеген. Онда АЭС-тың қуаты, орналасу аумағы жазылған. Бұл негіздеме Жапониядағы концорциумда мақұлданған. Келесі кезекте біз АЭС-ті жеткізушілерді, яғни «вендорларды» таңдау жұмыстарын жүргізілген. Тарап 6 вендордың 13 реакторлық технологиясын қарастырған. «Біздің «шорт- параққа» Қытайдың «Сининьси» компаниясының, Оңтүстік Кореяның «Эйчинпи», Ресейдің «РосАтом» компаниясы мен Францияның «Едеф» компаниясының реакторлары жазылды. Осылайша, біз 4 реакторды қарастырып отырмыз. Олар заманауи реакторлар. Үшінші буынды реакторлардың қатарына жатады. Барлығы қуат жағынан бірдей», - деді Асуан Сиябеков. Ол АЭС құрылысының аумағын орналастыруға Қазақстанның екі аумағы қарастырылғанын айтты.

Тақырыптық жиында айтылғандай, АЭС екі мыңға жуық адамды жұмыспен қамти алады.   Екі мыңға жуық адамның тек 20%-ы ядролық физика мен атомдық реактор саласының мамандары болмақ. Қалғаны операциялық персонал болады деп болжануда. Мамандар егер елімізде АЭС салынса, ел экономикасына оң әсер етіп, жаңа жұмыс орындары ашылады деген пікірде.

«2,5-3,5 млрд теңгеге дейін салық түседі. Көмір қышқылы газының ауаға таралуы жылына 10 млн тоннаға азаяды. 60 жыл бойы бітпейтін электр энергиясын алуға болады деген болжам бар», - дейді «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-ның бас менеджері Асуан Сиябеков.

«Қазақстанда АЭС не үшін салынуы керек?» тақырыбында өткен жиында атом электр саласын зерттеп жүрген жас ғалым, халықаралық экомномика докторанты, сарапшы Амалбек Өміртай «АЭС қуаттылығына қарай белгілі бір мемлекеттің белгілі бір аумағындағы халықтың, өнеркәсіптердің тұрақты, ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Электр энергиясын өндіруді арттырады. Электр энергиясының импортына деген тәуелділікті азайтады. Экологиялық таза өнімді үлестіреді. Экономикалық тиімді және шығыны аз», деген пікірін жеткізді.

1044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз