Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 26 Қыркүйек, 2022

Мұхтар жүрген жолменен

Америка Құрама Штаттары мен ойлағандай емес екен. «Көре-көре көсем боласың» демекші, көрген соң көңіл орнына түсті. Мектепте оқып жүргенде «АҚШ – капиталистердің мекені, құл сатады, ақшаң жоқ болса аштан өлесің,  ол жерде ку-клукс-кландар көшеде қаптап жүреді» деген коммунистік идеологияның ми түкпірінде қалған бала түсініктен арылдым. Дамыған елдің аты – дамыған ел. Әр сала параллельді түрде дамығандықтан болар, бәрі алдын ала ойласып жасалғандай өз ережесімен алға ілгерілеп келеді. 

АҚШ-та адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 70-75 жас аралығында. Жалпы жергілікті адамдардың дені жұмыспен қамтылған. Әсіресе шеттен келіп қара жұмыс істейтіндер өте көп. Бүкіл киімін, керек заттарын, төсеніштерін өзімен арқалап, жұмыссыз жүрген қаңғыбастарды да көресіз. Қағаз картоннан үйшік жасап, әр жерде жатқандарға жүргіншілер 1 доллар, тамақ тастап кетеді. Бұлар киім-кешекті есігінің алдына керексіз заттарын шығарып қоятындардан алуы мүмкін. Үйсіз-күйсіздердің қолындағы ұялы телефонды, жанында жатқан кітаптарды көріп таңғалған сәттерім болды. Меніңше, олар осындай өмірді өздері таңдайтын сияқты. Бір байқағаным, әртүрлі ұлт өкілдері өз орталарында өз тілінде сөйлейді, дәстүрін сақтайды, мәдени шараларын өз орталарында өз тілінде өткізеді. Мысалы, қазақтар қазақ тілінде, өзбектер өзбек тілінде, мексикандықтар, эквадорлықтар, колумбиялықтар испан тілінде, түріктер түрік тілінде, палестиналықтар араб тілінде өзара сөйлескенімен, ортақ тіл, мемлекеттің тілі – ағылшын тілі. Американың ағылшын тілі Британияның ағылшын тілінен өзгеше. Тілді өздеріне икемдеп алған. Ағыл­шын тілін үйрету, түсіну, түсіндіру, сұра­ғыңа жауап беруге ешкім қарсы емес. Қателесіп жатсаң да түсіністікпен қарайды.

 Бастапқы айларда адамның миы мен құлағы туғаннан естіген үнге, қарым-қатынаста жүрген тілге елеңдеп тұратынын аңғардым. Қаптаған адамның ортасында, тіпті бір вагонда отырған елу шақты адамның ағылшын тіліндегі күбір-сырын қабылдай алмайтынмын, анау түкпірдің түкпірінде отырған біреу «привет» десе сол жаққа қарай елеңдей қалатынмын.

Бір күні Манхэттенде орналасқан «Нью-Йорк» киноакадемиясындағы сабақтан шығып Бруклинде орна­ласқан ағылшын тілін оқытатын орта­лыққа бармақшы болдым. Метрода треин күтіп отырғанмын. Әр станцияда уайфай тегін, треин келгенше ермегіміз – ұялы телефон. Қазақша өлең тыңдап отырғанмын. Дауысы қатты шыққан болуы керек.

– Өлең тыңдап осылай отыра бересіз бе? – деген дауысқа жалт қарадым.

Сұңғақ жігіт, арқасында рюкзаг, күліп тұр екен.

– Қазақсыз ба? – дедім мен.

– Жоқ, қырғызбын.

– Қазақшаңыз тәуір екен.

– Тракта жұмыс істеймін, қазақ жігіттерімен бірге тұрамын. Жеті жыл осында тұрсам да біздің тіліміз ерекше, естіген кезде елең ете қаламын, – деді ол.

Әңгімелесе келе Бішкекте, Манас атындағы университетті бітіргенін, келіп-кетіп жұмыс істеп жүргенін, анасына, інісіне үй алып бергенін айтты.

– «Манас» университетінде оқыған екенсіз, «Манас» жырын қағазға түсіріп, орыс тіліне алғаш аударған кім екенін білесіз бе?

– Жоқ...

– Біле жүріңіз, ол – Шоқан Уәлиханов, – дедім. «Манастың» қырғыздарға керек екенін, ол фео­дализмнің қалдығы емес, қырғыз фольклорының бастауы екенін кеңес үкіметіне дәлелдеп, қорғап шыққан кім екенін білесіз бе?» – деймін тағы.

Бауырым басын шайқайды. Оның академик ғалым Мұхтар Әуезов екенін, сол үшін Шыңғыс Айтматовтың оны ерекше құрметтегенін айтып үлгердім. Ғылым мен әдебиетте адами ізгіліктің өнегесін көрсеткен ағаларымыздың азаматтық істерін айта отырып, өзім де солар үшін масайрап алдым. Тілдің құдіреті деген қандай, иә?! Шай қайнатым әңгімеден соң, әркім өз вагонына отырып, өз бағытымен кетті. Екі-үш ай өткен соң, бірте-бірте ағылшын тіліне құлақ, айналаға көз де үйренді.

Халықаралық «Болашақ» бағдар­ламасы арқылы АҚШ-тың «Нью-Йорк» киноакадемиясында тәлімдемеден өтуге мүмкіндік туғанда, оқу-үйренуден басқа өзіме бірталай жоспар құрдым. Біріншіден, Американың түпкілікті халқы, яғни үндістер тұратын жерді барып көру. Ол мүмкін болмады, себебі олар басқа штатта орналасқан. Бірақ ­Нью-Йорктегі Америка үндістерінің ұлттық музейін араладым. Кіру ақысы – тегін. Үндістердің өмір тарихына қатысты экспонаттар қойылған. Қажет болса музей экспонаттарын пайдалануға үндістердің құқы бар. Екіншіден, қазіргі кезде штатта тұрып жатқан қазақ қаламгері, танымал жазушы Мұхтар аға Мағауинмен кездескім келіп еді. Бұл да мүмкін болмады. Ұлынан тілектестігін айтып, сәлем жолдаған жазушының қолы мүлде бос емес, жазу үстінде екенінен хабардар болып, амандығына тілектес екенімізді білдірумен шектелдік. Үшіншіден, көрнекті қаламгер Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай «Әуезовтің ізімен» деген арнайы жоба түсіріп, жазушының Америкаға барған сапарындағы жүрген ізімен саяхаттап, не көргенін, не түйгенін көрерменге жеткізгім келген еді. Бұл бағытта біраз жұмыс істелінді. 1960 жылы ақпан-наурыз айларында Мұхтар Әуезов бес адамнан құралған КСРО жазушылары делегациясының құрамында АҚШ-тың Вашингтон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Фресно, Бейкерсфилд, Гранд каньон, ­Финикс, ­Бостон, Салем қалаларында болған. Бір айға созылған іссапарында бірнеше штаттарды аралаған. Бірнеше штатқа бара алмадық, оған арнайы қаражат, уақыт керек. Жазушы сол сапарында Нью-Йоркте сегіз күн болған жер – «Трамп Парк» (Барбизон плаза) отелі, Манхэттен, Эмпайр Стэйт, ­Бруклин көпірі, Бродвей, БҰҰ, Колумбия университеті, Нью-Йорк театры, Нью-Йорк Орталық паркі, Гарлем, JFK (Айдл-Уайлд) әуежайы және Вашингтон қаласын мүмкіндігінше көруге, бейнетаспаға түсіруге тырыстым. Ол, әрине, әуесқой түсірілім, дегенмен де көрерменге таным жағынан қызықты болар деп ойлаймын. Бұл жерлерде жүру, іздеу, түсірудің де қызықты оқиғаға толы болды. Ол болашақта жазыла жатар. Осы жобаны түсіру барысында, штатта жүрген кезімде Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі және америкалық гид, оқытушы Деннис Кинмен бірлескен жоба ретінде қазақ-ағылшын тілінде жарық көрген ­«Америка әсерлері. Impressions of America» атты М.Әуезовтің АҚШ сапары жайлы арнайы шығарылымының екі данасын алдырып, біреуін Вашингтондағы Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Ашықбаев мырзаның қабылдауында болғанымда өз қолына тапсырдым. Сол қабылдауда М.Әуезовтің 125 жылдығына орай «Әуезовтің ізімен» деп АҚШ-та болған жерлерін таспаға түсіру, М.Әуезовтің 1960 жылғы АҚШ сапарында Америка телеарналарына берген сұхбатын іздестіру мүміндіктеріне қолдау көрсету мәселесі айтылды. Себебі М.Әуезов телеарнаға берген сұхбатында Абай, Жамбыл туралы айтқанын жазады. Не айтқаны, әрине, қызықты. Ол сұхбаттың ­Вашингтонда сақталуы әбден мүмкін. Арнайы шығарылымның екінші данасын Елшіліктің жанынан құрылған «Абай орталығының» қызметкері, ғалым ­Ертай Сұлтанның қолына тапсырдым.

Ең бір айта кететін маңызды жайт, біздің топта бірге оқыған шетелдік тәлімгерлер мемлекетіміздің оқу-білімді жетілдіруге, ізденуге үлкен жағдай жасап отырғанына, ­Ха­лықаралық «Болашақ» бағдарла­масына қайран қалысты. Себебі мұндай бағдарлама оларда жоқ екен. Иә, барлығы салыстырмалы түрде бағаланады. Қалай десек те, елімізде ізденуге, білім жетілдіруге, ғылыммен, шығармашылықпен айналысуға мемлекет тарапынан мүмкіндік жасалуда. Тек адамға ниет, талпыныс, еңбекқорлық қажет.

Жаңылхан МӘМЕЖАНҚЫЗЫ

1715 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз