Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 26 Қыркүйек, 2022

Алматы облысының Райымбек ауданына жаңа әкім тағайындалды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихаттың шешімімен және Алматы облысы әкімінің өкімімен Берік Дүйсенбев Райымбек ауданының әкімі болып тағайындалды.

Облыс әкімі Райымбек халқына арнаған сөзінде өңірде жүзеге асуға тиіс бірқатар міндеттерді атап өтті.

Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар құрылысының барысы ерекше бақылауға алынсын деген пәрмен берді.

Артынша, ауданда Көмірші, Сарыбастау және Көкбел ауылдарында үш мектептің құрылысы жүріп жатқанын, сонымен қатар, Нарынқол ауылында 250 орындық емхананың іргетасы қаланып басталғанын, шалғай алты ауылда медициналық мекемелер салынып жатқанын айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс барысына тоқталды.

«Картоп өсіру бағытын дамыту қажет. Өткен жылы аудан диқандары орта есеппен гектарына 215 центнер картоп жинады. Алайда, сақтау қоймалары 5,5 мың тонна өнімге есептелген, өнімділігі - 130 мың тонна. Бұл тек 4%. Өнімді қайта өңдеу қарастырылмаған. Көп жұмыс істеу керек», - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Өсімдік шаруашылығымен қатар, өңірде мал шаруашылығын дамытудың үлкен әлеуеті бар, ол инвесторлар үшін де қызықты. Осыған байланысты, ауданның жаңа әкіміне бизнес қауымдастықпен жұмысты жандандыру қажет екеніде тілге тиек етілді.

Өңір басшысы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстар туралы да айтты.

Активпен кездесуді қорытындылай келе Марат Сұлтанғазиев облыс әкімдігі тарапынан барлық бағыттар бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып, жаңа әкімге табыс тіледі.

Айта кетейік, бұрынғы аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Берік Фатықұлы 1981 жылы туған, білімі жоғары. 2001 жылы Мемлекеттік спорт және туризм академиясын, 2020 жылы Қарағанды мемелекеттік университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек өтілі - 21 жыл.

Еңбек жолын 2001 жылы Алматы қаласы Әуезов ауданының №26 мектебінде мұғалім болып бастаған.

2011-2013 жылдары Қонаев қаласы Шеңгелді ауылында орта мектептің директоры, 2013-2020 жылдары Заречный ауылдық округінің әкімі, 2020-2021 жылдары Қонаев қаласы әкімі аппаратының басшысы болды.

2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қонаев қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз