Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қыркүйек, 2022

Алтын адамның аманаты

1970 жылы Қазақстандағы Есік қорғанынан табылған Алтын адам еліміздің символына айналғаны белгілі. Қазба жұмыстары кезінде Сақ қорғанынан төрт мыңнан аса алтын бұйымдармен бірге күміс тостаған  шыққаны белгілі. Тостағандағы ­26 таңба көптеген ғалымдардың назарын аударғанымен, оның кілтін тауып оқып, ғылымға қажетті мол мәліметті шығарған ешкім болмады. Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ұстаздық қызмет атқарған физика-математика ғылымының кандидаты, доцент Мағрипа Жылқыбаева 1980 жылдардың соңында Алтын адамның тостағандағы жазуын баспасөз беттерінің бірінен көріп, әр таңбада ғылыми формула бар деген ойға келеді. Сөйтіп, өзінің қызмет орнын тастап, Алтын адамның 26 таңбасының расшифровкасын физика-математикалық әдіс-тәсілдермен зерттеуге көшеді. Алтын адамды зерттеуге 30 жыл ғұмырын жұмсаған ғалым артына көптомдық еңбек қалдырып, 2019 жылы 73 жасында дүниеден озды. 

Қыркүйектің 8-і күні Алматы облы­сындағы Есік қаласында Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында бірнеше іс-шара өтті. Алдымен, Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Алтын адамның күміс тостағандағы 26 таңбасының құпиясын ашқан ғалым» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мағрипа ­Шөже­ғұлқызының мұрасын зерттеу­шілер музей қызметкерлері мен аймақ мектеп­теріндегі тарих пәнінің мұғалімдері алдында сөз сөйлеп, ­Алтын адам тұлғасын жаңаша танудың өзектілігіне тоқталды.

Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы басшысының орынбасары Досым Зікірия жүргізген басқосуда ғалымдар Мағрипа Жылқыбаеваның «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы», «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптары ­жайында пікір ­алмасты. Жиында сондай-ақ «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, Мағрипа Жылқыбаеваның мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген ғалым, ақын Болат Шарахымбай, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, қаламгер Шаяхмет Құсайынұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл атындағы орта ­мектеп пен Еңбекшіқазақ ауданынан тарих пәнінің ұстаздары қатысып, пікір бөлісті. ­Физик ғалымның ­Алтын адам жазуы мен жартастардағы петро­глифтерді зерттеудегі өзіндік тың әдістері талқыланған дөңгелек үстелді мекеме басшысы Гүлмира Мұхтарова қорытындылады.

Еңбекшіқазақ аудандық кітап­ханасында аймақтағы кітапха­нашылар мен мектеп мұғалім­дерінің қатысуымен Алтын адам мұрасын бүгінге жеткізген физик ғалымның еңбектерін талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуда ғалым еңбектерін ары қарай зерттеу, оқыту мәселелері де көтерілді. Кітапхана ұжымы атынан сөй­леген Гүлия Саурықова Еңбекшіқазақ ауданына Мағрипа Жылқыбаеваның кітап­тарын тарту еткені үшін ғалымның ұрпақтарына алғыс айтты.

Осы күні ғалымды еске алуға арналған тағы бір шара Есік архео­ло­гиялық өлкетану музейінде ұйым­дас­ты­рылды. Мағрипа ­Шөжеғұл­қы­зының көзін көрген зиялы қауым өкілдері Есік гуманитарлық-эконо­ми­калық колледжінің студенттері, ұстаздар қауымы және Ж.Қайыпов атын­дағы орта мектептің оқушылары алдында баян­­дама жасады. Музей меңгерушісі Нарима Тойжанова аймақтағы мектеп мұражайларының қызметкерлеріне М.Жыл­қыбаеваның еңбектерін таныс­тырды.

МЕНДЕЛЕЕВТІ ДЕ КЕЗІНДЕ МОЙЫНДАМАҒАН

 

Болат Шарахымбай: – Мағрипа Жылқыбаева – Алтын адамның тостағандағы жазуын фундаменталды тұрғыда ғылыми әдіспен зерттеген жалғыз ғалым. Алтын адам әлеміне терең бойлап, соған 30 жыл өмірін сарп еткен зерттеуші республикада жоқ. Ол кісінің ізін жалғастырғандар да әлі шықпады. Күміс тостағанның қорғаннан шыққанына 50 жыл болса, Мағрипа Шөжеғұлқызы соның 30 жылын таңбаларды зерттеп, мәнін қағазға түсірумен болған. Ғалым 26 таңбадан үш томдық мәтін шығарған. Одан да ары тереңдеп, бұл таңбалардың 49 қабаты бар екенін анықтап, жаратылыс­тану, гуманитария ғылымдарына керекті орасан мол мәлімет шығарды. Бұл – әлемде болмаған сенсация! Ғалым мұрасының бір бөлігі 2020 жылы «Нұрлы әлем» ­баспасынан үш том болып жарық көрді. Ғалымның басқа дүниелерін баспадан шығаруды  Үкімет қолға алғаны жөн. 

Ғалым 1989 жылдан бастап, «Алтын адамның» көнеден жеткен жазуларын оптика ілімі арқылы зерттеп, еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашқан. Оның еңбектерінде күрделі мифтік сөздер бар. Осыдан көп жыл бұрын, ол кісі ­«Алтын адамды» зерттеуді алғаш бастағанда тапқан мәліметтерін мақала етіп жазып, қазақ газет-журналдарының редакцияларына апаратын. Сонда редакциядағы кейбір қызметкерлер «бұл кісі қияли» деп сенбейтін. Бірақ уақыт көрсеткендей, ғалымның ашқан жаңалықтары шындыққа айналуда.

 Ғылымда жаңа саланың негізін қалаған ғалымды замандастары бірден түсінбейді. Бұл тарихтан белгілі. Әйгілі химик Д.И. Менделеевті де өз кезінде мойындамай, ашқан жаңалықтары кейін шындыққа айналды емес пе? Уақыт өте келе Мағрипа Жылқыбаеваның формулалары да шындыққа айналуда. Республикада қанша Алтын адам табылды? Бесеу ме? Ғалым әлемде қанша Алтын адам бар екенін алдын ала жазып кеткен. Алтын адам жатқан қорғандардың қайсысын қалай ашу керек, табылған заттардың қандай ғылыми мәні бар? Соның бәрін айтып кетті. Бұл кісінің мықтылығы сонда.  Біз басқаға еліктеп, өзінің асыл адамдарын бағаламайтын халықпыз ғой. Мағрипа Жылқыбаева – ұлы адам.

Бұған дейін Алтын адамның ­жазуын 28 кісі оқыдым деп мәлімдеді ме? Күміс тостағанға жазу, түсірудің де құпиясы бар ғой. Ол оптика ілімімен, физика ғылымымен байланысты құпия екенін тұңғыш ашқан ғалым – Мағрипа Жылқыбаева. Алтын адамды дәл осы физик сияқты терең зерттеген ешкім жоқ. Мағрипа Жылқыбаева – қазақ ғылымының «Ньютоны». Егер И.Ньютон тірі боп, осы жазуды көрсетсе, ол оқи алар ма еді? Меніңше, бұл жазуды ағылшын физигі оқи алмас еді. Өйткені физика ғылымын Алтын адам жазуымен бірге, одан шыққан сілтемелер бойынша жартастағы таңбаларды зерттеуге пайдаланып, соған өмірін құрбан еткен ғалым әлемде біреу, ол – қазақ қызы.

Ол кісінің 1981 жылы Томск мем­лекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институтында қорғаған еңбегі де Ресей ғалымдарының қызы­ғушылығын тудырып, сонда қалып еңбек ету туралы ұсыныс айтылған. Бірақ ғалым «қазаққа қызмет етемін» деп Алматыға келген. Әлемдегі Алтын адамдардың санын да физика-математикалық әдіспен зерттеп тапқан. Бұл кісі – фундаменталды ғылымның өкілі. Қазақтың балалары осы жаратылыстану ғылымдарына мойын бұрса, еліміз келешекте аяғынан нық тұрады деп сенемін.

 

ЖЕТІСУ ЖЕРІНДЕ ПИРАМИДАЛАР БАРЫН АЛҒАШ АЙТҚАН

 

Ертай Айғалиұлы: – Ғалымның бүкіл мұрасы баспадан шығуы керек. Мен «Ана тілі» газетінде істеп жүргенде Алтын адам жазуы бойынша ашқан жаңалықтарын таныстыратын мақаласын редакцияға әкелді. Мен ол кісінің мақалаларын оқығанда ой-тұжырымдарына қызығатынмын. Рас, «қияли адам» деп күлгендер де болды. Бұған дейін жазудың оқылуының 12 нұсқасы бар дей ме? Бірақ олар бұл таңбалардың мағынасын ашпаған ғой. Ал физик ғалымның еңбегі әр таңбаның 49 қабатын ашуымен құнды.

Өкініштісі сол, ғалым көзі тірісінде бағаланбады. Ол  университетте істеп жүрген жұмысын тастап, Алтын адамды зерттеуге көшті. Егер университетте жұмысын жалғастырса, көрнекті профессор, академик болар ма еді? Егер бұл дүниенің қызығын тәрк етпегенде, мүмкін аса бай, дәулетті адам болар ма еді? Алтын адам үшін соның бәрін құрбан етті. Өз денсаулығын аямай еңбек етті. Жетісу жерінде пирамидалар барын да алғаш айтқан осы кісі болатын. Ол кісінің бастауымен өзім сол пирамиданы барып көрдім. Сол жерден кірпіш табылған, ғалым апамыз онда бедерленген жазуды оқып, кітабында ол туралы жазған. Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми көрегендігіне мысал, «Аралдың астында 5 қала бар» деп айтып кеткен. Жақында Аралға барғанда білдік, расында 5 қаланың орны табылыпты, зерттеу жұмыстары басталып та кетіпті...

 

БІРНЕШЕ КӨНЕ ЖӘДІГЕРДЕГІ ЖАЗУДЫҢ КІЛТІН ТАПҚАН

 

Шаяхмет Құсайынұлы: «Құдайға да жақсы адам керек» деген... Бидай өңді, маңдайы жарқыраған, жүзіне ұдайы мейірімді күлкі үйіріліп тұратын, мінезі ашық, өте парасатты, білімді ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева мәңгілік мекеніне кеткенмен оның қыруар өлмес мұрасы жасай бермек, жасап та келе жатыр. Ол кісі бір емес, бірнеше көне жәдігердегі жазудың кілтін тапқан. Ең алғаш Мағрипа апайды 2005 жылдың жазында көрдім. Қолында Алтын адам туралы мақаласы бар ол, «Қазақстан-Заман» газетінің ре­дак­ция­сына кіріп келді. Мен журналист болып, осы ұжымға жаңадан кіргем, ал апамыз болса бұрыннан көп­теген өзекті мақалалар жазған, оқыр­манға танымал. Елананың жанына келіп бәріміз сәлем бердік. Ол біздің сәле­­мімізді жылы қабылдап, өткір де, өзекті, оқырман сусындап оқитын ма­қа­­ла­ларын бас редакторға табыстап кетті.

Өзім Алтын адам мекенінен болған­дықтан, маған бұрыннан таныс, ертеректе Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылынан табылған күміс тостаған туралы ғалым жазған мақаланы көзім шалды. Мүмкін бұл мақала бұдан да ертерек жазылған шығар. Кезінде күміс тостағанның табылғаны жайлы мақала жазғаным есіме түсті. Түрген ауылының маңындағы ашық алаңға соқа түсіп, жер жыртылған. Сол қазылған жерден көне жәдігер тостаған жарқ ете қалады. Мақала жазу үстінде, жиегіндегі майда жазуларға көзім түсті. Ол маған өрнектелген жиек сияқты көрінді. Әріптер екенін түсіндім. Шіркін, мұнда не жазылды екен деп ойладым. Сөйтсем, мұндағы жазуды,  ғалым Мағрипа апамыз «МАИН ЕР ТҮРІКТІҢ ТЕГІ» деп тайға таңба басқандай етіп талдап беріпті. Міне, мықтылық! Бұл туралы «Түркі әлемі» газетіне мақала жариялаған болатын. Бұдан да бұрынғы жылдары  Көк түрік, Хара түрік, Сары түрік, Ахали түрік, Мэсхат түрік туралы жазылса, енді оның қатарына МАИН ЕР ТҮРІК қосылды. Біз бүгін Мағрипа Жылқыбаеваның  ғалымдық, журналистік қырына ғана тоқталдық. Негізі физика-математика саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Айта берсек, істеген еңбегін айтып тауыса алмаймыз. Жалпы қарым-қабілет тұрғысынан Мағрипа Жылқыбаеваның деңгейіне жеткен ғалым әлемде жоқ десек болады.

Өз тілшімізден

1766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз