Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Қыркүйек, 2022

Сөз патшасы, кеш бізді...

Жарас Сәрсек

Жазғанымызды жарыққа шығаруға жанталаса ұмтылатын бір кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Онымыз олқы тұсымызды толтыруға, жермен жексен бола бастаған рухымыздың басын көтеріп, бабын табуға қызмет етіп жатса дұрыс-ақ. Алайда біз сондай сауапты істің маңайына да жолай алмайтын сондай таяз ойлы, сақау тілді дүниелермен көп жағдайда көпшілікті ығыр қылып алғандаймыз. Асыл өнер – сөз патшасын құл деңгейіне дейін құлдыратып алатын да кездер аз емес. Өтірік емес қой. Құл өлең автордың қалауы бойынша қайда болса да жұмсалады. Өйткені оған еркіндік жат. Біреуге оны сыйлап та жіберуге болады. Құл өлең – Ода өлең. Қайсыбір ақындар осы бір жанрды мақсатты түрде әлдекімдермен қарым-қатынасты реттеу құралына айналдырып алған. Мұның ақыры онсыз да аз оқырманды қаламгер қауымнан алшақтауға апарып соқтырарына күмән жоқ. Мәртебелі поэзияның ықылас пен ілтипаттан жалаңаштанып қалатын қасіретті кезеңі де, дәл сондай пенделік саясатқа боялған дәрменсіз туындылардың шамадан тыс көбеюімен тығыз байланысты. Әрине, бұдан арнау өлең жазылмау керек деген ой тумаса керек. Арнаудың да арнауы бар. Мәселен, Мұқағалидың Әбділдә Тәжібаевқа, Жұматайдың Олжас Сүйлейменовке, Жұмекеннің Құдаш Мұқашевке,  қазір арамызда жүрген Қасымхан Бегмановтың «Ташкентпен қоштасу» атты досы Ислам Әбішке арналған өлеңдерін тебіренбей, толқымай оқу мүмкін бе? Аталған арнау өлеңдерде ақындық тағдыр, ұлттың уақыттан ұтылған өзекті өртер өкініші сенің де  бойыңды шымырлатып, қаныңды тасытады. Тамағыңа тас тығылғандай күйде автормен бірге егіліп отырғаныңды білмей де қаласың. Оқырман қауымды еріксіз ойлануға мәжбүрлейді. Мұндай өлеңдер бір оқыған адамның санасы мен жадында үнемі жаңғырып тұрса керек. Мұндай арнаулар автордың да, кейіпкердің де абырой-беделін оқырман алдында асқақтата түспек. Ақылға сәуле болып түспесе, тасқа таңбаланған дүние жалған. Аязды ақпанда жылу бермейтін жалынның кімге керегі бар?! Алайда біздің кейбір ақындарымызда өлермендік басым! Өзінің бас пайдасы үшін жүре жазылған шатпақ арнауларын ұмытып кетудің орнына, ұмыттырып жіберудің орнына, біресе мерзімді басылымдарға, біресе әдеби жиындарға, одан қалса өз кітабына тықпалап тыным таппайтындарға не айтуға болады өзі?!. Бұл не сонда, өлеңге қызмет пе? Жауабын білетін сияқтымын, бірақ айтқым келмейді. Өйткені ол дәл қазір маңызды емес.

***

Қайтсін-ай енді... Аннан-мұннан құрап бір өлең жазды. Көтерем өлең. Онысын шатып-бұтып қол астындағыларға оқып беріп еді, «ыстық ықыластан» көз алды бұлдырап кетті. Бастық болған соң мақтайды ғой. Үндемей қалуға болмайды. Ертесі күні Әлгі тағы бір өлең жазып келіпті. Кешегідей емес онысын еркін оқыды. Тағы сол – ду қол шапалақ, мақтау, аспанға ұшыру... Ертесі күні Әлгі екі өлең жазыпты. Келесі күні төрт өлең... Содан бастап Әлгі басқаны былай қойғанда, отбасындағы бейбіт, мамыражай өмірдің берекесін қашыра бастады. – Мен ақынмын. Кемпір-ей, жазу үстеліме балаларды жолатушы болма. Шабыт тыныштықты сүйеді. Өлең деген қоян сияқты, сәл сыбдырдан үрке қашады. Өзің маған жиі-жиі шәй демдеп отыр. Кофе болса тіпті жақсы, ұйқыны ашады, – дейді. Сөйтіп жүріп Әлгі араға біраз уақыт салып барып, тұңғыш жыр жинағын шығарды. Тұсаукесер рәсімін де жасады пысығың. Мақтаудың көкесі сонда айтылды. Мүйізі қарағайдай небір ақындар жарыса мінбеге көтеріліп жатты. Жақында әдеби жыл қорытындысы болады. Әлгіміз баяндамашыға «тұңғышын» беріп те қойыпты. Енді не болады екен?..

***

Тіл мен тілдің бітпек емес тартысы,

Жатыр содан жалпақ әлем шарпысып.

Уа, дариға-ай, Ертең менің тілімде

Сөйлесе ғой жер-жаһанның жартысы!.. Ішкі істер саласында істейтін танысымның айтуынша, осы бір шумақ өлең қақаған қаңтарда үсіп өлген бейшара бомждың қалтасынан табылыпты. Бүктеулі қағаздың бір шетінде «Бәріне жауап бересіңдер» деген жазу да бар екен. Кімдерге қарата айтты екен, жарықтық?..

***

Нан табу үшін партия көсемінің сөзін сөйлеп, сөмкесін көтеріп жүру – ақын адамға қандай қолайсыз. Сыртынан қарасаң жиіркенішті. Партия көсемінің айы оңынан тумады, жұлдызы жанбады. Одан енді пайда жоқ. Ақын қайыққа отырып, арғы жағалауға өтті де кетті. Ол өз жағалауы болатын. Ақындығы есіне түскен шығар. Екі сөзінің бірінде Абайдан мысал келтіреді. Қор болған ақындық, көрінгенге қалқан болған қайран Абай!..

679 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз