Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Қыркүйек, 2022

Мағжанның аты сұранып тұр

Тарихи деректер ғылыми объективті сараптаудан, жан-жақты талдаудан өтуі ақиқатқа апарар тікелей жол екені хақ. Бірақ сол шынайы тарихи оқиғалар қандай да болмасын қоғамда әлеуметтік, саяси, діни, ұлттық  психология және тағысын-тағы  көзқарастар арқылы салмақталып, қабылданатыны сөзсіз. Сондықтан «Әркімнің ақиқаты өз жадында»  дегендей болып шыға келеді. Тарихи объективті ақиқатты  біреулер бас ұрып мойындап, біреулер керісінше – тістене қабылдамауы – күнделікті тірліктің шындығы.

Қазақстан қоғамы құрамы бойынша өте күрделі қоғам екенін естен шығаруға болмайды. Бірін­ші­ден, қазақи құрылымымызды дәйекті де әділетті біріктіру, басты құн­дылықтарын қалыптастыру, ор­нық­тыру бағытының өзінде «біреу қырға, біреу ойға» тартатыны тірлігіміздегі келеңсіз көрініс. Бұл орайда қазіргі таңда тіліміздің берекесі қашқан сиқын айтсақ та болады. Басы Батыстағы Борат келекесіне, соңы жанымыздағы дұшпандардың мысқылдауына ұрынып жүргенімізді еске алсақ та, артық емес. Екіншіден, ортамызда ресми мәліметтерге қарағанда, 130 диаспора өкілдері жүргенімен, санаспауға болмайтын құбылыс. Оның ішінде көзі ашық 3 миллионға жуық орыс халқы. Сол
Петропавл қаласы орныққан Солтүстік Казақстан облысында 33 пайыздан аса құрап отырған солтүстік алпауыт көршіміздің өкілдері. Одан әрі, сол халықтың өкілі елінен шалғай жүрсе де қамқорлық пен қорғауға аламыз деген Ресей Үкіметінің шешімін естен шығару – біздің басты құндылығымыз Тәуелсіздігімізді тәуекелге тіккен­мен бірдей. Шалыс басып, олқылыққа еш­қашан жол бермеуіміз керек. Сондықтан қоғамдағы құ­бы­лыстар дүниесінде «ой-пікір басым­ды­лығымен» санаспау қатерлі. Қо­ғамдық пікір  –салмақты дүние. Ертеден ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан ақиқат сөздің мәніне көңіл аударсақ, орысша айтқанда: «Молва правит миром»(қазақша-қауесет әлемді билейді). Қауымды баурап билеген ойдың жойқын қозғауыш күш ретінде рөл атқаратындығы жайлы мыңдаған тарихи мысалдарға бәріміз қанықпыз. Мәселе, сол басым ой қоғамымызда қандай мәндік сипат алатындығында. Алдағы уақытта ұтымды да мәнді, әділетті ойды қалыптастыру үшін зор еңбек етуді талап ететіні түсінікті жәйт. Әділетті ойға, оған сүйенген шараға кім де болсын басын иеді, қарсы болмайды. Ақиқаттың қайнар көзі осында. Осыған қоса, әуелі өзіміздегі, содан кейін әлемдегі ой-пікір үрдістерін назардан қалыс қалдырмау абзал.

Сонымен, ұсынушылардың
Петропавл қаласын «Абылай хан» деген атқа ауыстыруы қоғамды қауіпті екі жаққа қақ бөлетініне күмән кетіруге болмайды. Тарихшылардың, тіпті қандастарымыздың арасының өздінде де бұл тұлғаға біржақты баға берілген жоқ. Ал солтүстік өңірдің қалың орыстілдес (орыс, украин, белорус және т.б.) халқықтарына Абылай хан не, Шыңғыс хан не, Бату хан не, Мамай хан не – бәрі де ежелгі басқыншыл қандыбалақ моңғол шапқыншылары болып саналады. Мысалы, кейбір күнделікті бүліншілікке ұшыраған тұстарды байқаған орыстар: «Как Мамай прошелся...»(Мамай талқандап өткендей...) деп ызалы сипаттайтыны жайдан-жай емес. Ол орыстардың дүниетанымындағы ежелден қалыптасқан сенім, санасы мен гендік жадында (орысша – генная память) да сақталған түпкілікті ұғым. Кайсысының болсын көкіректерінде байырғы кегі қайнап тұр. Сенбесеңіз Ресейдегі шовинистік ұран ұстаған «скинхедтердің» бүлікшіл топтарын есіңізге алуға болады. Олар аспаннан түскен жоқ, сол халықтың топырағынан жаралып, сол халықтың ортасынан «бүршік» атқан. Солардың қолдарынан қандас жасөспірімдеріміздің де құрбан болғаны белгілі.

Ал енді Абылай хан туралы айтыл­ған­дарға орай мәселенің елімізге, тәуелсіздігімізге ұтымды тұстарына көңіл аударалық. Сол себепті тек қана бүгінгі күн емес, түпкілікті келе­шекті де ойға салу үлкен парыз. Күнделікті өзгерістерге түспейтін, өлмес құн­ды­лықтарымызды ұлықтайық, әспеттейік.

Осыған орай біріншіден аталған өңірдің тумасы себепті, Петропавлда оқыған, көп жылдары еңбек еткен, орыс-қазаққа танымал, қазақ поэзия көкжиегіндегі шолпандай жарқыраған жұлдызы, ұлы Абайдан кейінгі хакім, отар­шылдық саясатқа бағынышты тота­литарлық сталиндік системаның жа­зықсыз құрбаны Мағжан Жұмабаев туралы тақырыпқа сай пікірді ортаға салайық.

Қазақтың аса білімдар абыз ғалымы, академик Әлкей Марғұлан: «Мағжан Жұмабаев –  қазақ халқы үшін, ағыл­шындарға Шекспир, орыстарға Пушкин сияқты маңызы бар» – деген еді. Шыншыл да лайықты баға. Осы бағамен қосылатын орыстілділір әуелі жазушы В. Шестериковтың «Летящее пламя» (Қалықтаған жалын) деген Мағжанға арналған үлкен зертеу кітабы мен қоса осы облыс, республика денгейінде жарық көрген орыстілді мыңдаған мақалаларға қанық. Ал бауырлас «Ертүрік» халқы Мағжанды басына көтеріп тегіннен тегін астанасы Анкарада ескерткіш орнатпайды. Ол жерде бауырымыздың абырой-атағы биік. Біз де кемістік жібермеуіміз абзал. Мағжан атағын тиесілі биігіне жеткізе алмасақ, бізге тіпті ұят!

Орыстілділердің Мағжан жайлы өте жағымды пікірлері қалыптасқан. Онымен қоса, бір мысал ретінде, қазіргі Германия, араларынан шыққан фашистердің еврейлерге аса зұлымдық жасағандары үшін (фашистер 6 миллион еврейлерді қырып жібірген) өзін кінәлі санап, еврей халқынан ресми кешірім сұрап, сонымен қоса оларды жан-жақты қолдай отыра, тіпті материалдық көмек көрсетуде. Осындай әділеттілікті орнықтыру ойы орыстілдес халықтарының көкейінде де терең жатқаны анық.

Ғасырлар бойы адамзат тари­хындағы орын алған отаршылдық әділетсіздіктермен күресу барысында Азия, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Африка, тіпті Европа елдерінің өзінде де жүз­деген азаттық алған мемлекеттер басқыншылардан, отарлаушылдардан қалған жағымсыз белгілері сарқыншақтарын жойып, атауларын өзгертіп, ұлттық сезімдерін қорламайтын құндылықтарды ор­нықтырды. Мысалы, өркениетті Еуропадан бастайық. Польшада немістерден қалған 100-ден аса қалалардың атаулары өзгерген. Өйткені олар неміс басқыншылығын еске салып тұрған. Африка халықтары бостандық алған шақтары отаршылардан қалған елді мекендердің атаулары түгілі, 24 мемлекеттің атаулары өзгеріп, ол үрдіс колонизаторлардан арылу процесін айқындатып, әлемдік дүниетанымда «африканизация» деген түсінікті тудырған. Ол үрдіске ешкім қарсы болмаған. Өйткені ол, әділетті азаттық үрдіс сипатын құраған. Біріккен Ұлттар Ұйымы да отаршылдық пен оның сарқыншақтарын ашық айыптап, тиісті қарар қабылдағаны белгілі. Ол қарар әлі де күшінде. Мұны дүние жүзі халықтары біліп, қолдаған. Тіпті Ресей өзі немістерден қалған Кенигсберг қаласын Калининград деген атауға өзгертті емес пе? Ресейдің өзіне байланысты тағысын-тағы мысалдар аз емес. Ал енді Ресей империализмнен қалған отаршылдық саясаттың белгісі іспеттес Петропавл деген атау түп­кілікті қазақ халқын әлі күнге дейін неге қор­лыққа салуы керек?

Осыларды түйіндей келе, зиялы қауымға, патриоттық намысы бар биліктегілерге айтар сөз, им­пе­риалистік Ресей отаршылдық сая­сатының жалғасы болған сталинизм зұлым саясатының жазықсыз құрбаны, Ұлы Абаймен қатар коюға болатын ақын болып саналатын,еліміздің аса ардақты адал ұлы Мағжан Жұмабаевты ұлықтау белгісімен парапар, әділеттілікті орнықтырудың шынайы нышаны, отаршылдық бұғаудың сарқыншағын жою ретінде Петропавл қаласын «Мағжанқала» деп атау орынды. Петропавлда Мағжанның орыстілді халықтың көзі үйренген еңселі ескерткіші де тұр. Басқа атаудың кисыны жоқ. Басқа атауды өңірдегі қалың орыстілділер мен қазақтардың өзі қабылдамайды.

Қорытып келгенде, мемлекеттік, халықаралық, еларалық қарым-қаты­наста екіжүзділікке жол бермей, әді­леттілікті ғана бас қағида ретінде ұстану  – қай жаққа болсын тек абырой әперері сөзсіз. Осы ақиқат қашанда бұлтартпас нақты басшылыққа алынса, сонда ғана шынайы татулық пен тыныштық орнайды. Ұлы Абай «Қырық бесінші сөзінде»: «Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаділет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ» деген екен. Осы тоқтамға келейік, халайық!

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-құқықтанушы, публицист

521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз