Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 30 Қыркүйек, 2022

Биылғы астықтың сапасы жақсы, өнімділігі жоғары

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Шығыс Еуропада соғыс қимылдарын жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізіп жатқан Ресей Қара теңіз порттарынан бидай тиеген кемелердің шығуына тосқауыл қойып, әлем елдерінің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіргені, соның салдарынан тіпті бірқатар Африка мемлекеттерінің халқын аштыққа ұрындыра жаздағаны мәлім. Бұл түйткіл Түркияның мәмілегерлігі арқылы тарқағанымен, көпшілік көкейіндегі күмән мен күдік әлі сейіле қойған жоқ. Өйткені, тайталасушы Ресей мен Украина тараптары халықаралық дән базарындағы басты ойыншылар болып табылатындықтан, бұл төркіндегі әңгіме, бейнелеп айтқанда «ат тұяғын басатын тай табыла ма?» дегендей сауал төңірегіне ойысқан-тын. Тіпті өткен тамыз айының орталарында Германияның DW медиакомпаниясы «Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығында Ресейдің орнын баса ала ма?» деген тақы­рыппен проблемалық мақала жариялап та үлгірді.

Сондықтан да диқан қауым мен мамандар егінжайға жіті көз тігіп, гектар берекесінің мол болуын назарда ұстады. Бұл орайда дән себу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалану арқылы оңтайлы мерзімде жүргізілгенін айта кету керек. Диқандар тыңайтқыштарды алқапқа дер кезінде сіңіріп, арамшөптер мен өсімдік ауруларына қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізді. Ауа райының қолайлы жағдайлары да ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығына оң әсерін тигізгенін айта кеткен жөн. Енді, міне, егін үстіндегі ел тілегінің ақталғанына куә болып отырмыз. Осы сейсенбідегі жедел деректер жаңа егін бидайының сапасы жақсы, шы­ғымдылығы жоғары екендігіне айғақ. Бұл орайда астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған бидайдың жалпы көлемінің 85,8 пайызы 1-3 сыныптарға жатқызылға­ны көңілге демеу. Жалпы, республика бойынша 15,4 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды, бұл жалпы жинау алаңының 96,3 пайызын құрайды. Орташа өнімділік гектарынан 13 центнерге жетіп, 20,1 млн тонна астық бастырылды. Егін жинау науқаны республиканың барлық облыстарында қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 13,9 млн га алқаптың дәнді және дәнді-бұршақты дақылдары жиналды, бұл жалпы өнімнің 86,3 пайызын құрайды. Бұл ретте 17,3 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 12,5 центнерге жетті. Басқа ауыл шаруашылығы дақылдарына келетін болсақ, майлы дақылдардың жалпы түсімі 363 мың тонна шамасында. Жалпы сақтау сыйымдылығы 12,8 млн тонна болатын 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны алтын дәнді қабылдауға сақадай сай тұр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздерінің 16,6 млн тонна астыққа есептелген сақтау қоймалары бар. Биылғы егіннің болжамды түсімін ескерсек, аталған көлем жиналған астықты сақтау үшін жеткілікті. Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Шымкентте дәнді дақылдарды жинау толығымен аяқталды. Республика бойынша майлы дақылдарды жинап-теру көлемі 1 млн тоннаны құрады, бүгінгі күнге дейін 3,2 млн тонна картоп, 4,2 млн тонна көкөніс жиналды. Осы аталған әлеуметтік маңызды дақылдардың жалпы жиынтығы республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл орайда ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алу бойынша форвардтық келісім-шарттарға тоқтала кеткеніміз жөн. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бидай бағасын сапасына байланысты 121-125 мың теңге мөлшерінде белгіледі. Бұған дейін форвардтық шарттар жасалып қойған басқа өнімдердің бағасы жаңадан анықталды. Белгіленген сатып алу бағалары нарықтың барлық қатысушылары үшін, соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері үшін әділ болып табылады. Сатып алынған көлем әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілмек.

Диқандар қажетті техникамен толық қамтамасыз етілді. Республика бойынша астық жинауға 147,7 мың трактор, 38,1 мың астық жинайтын комбайн, 13,3 мың жатка, 73,4 мың трактор тіркемесі жұмылдырылған. Жаппай егін жинау науқаны басталғанға дейін тракторлар мен комбайндар паркін жаңарту үшін ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы іске қосылып, оған 40 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы есебінен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен несиелеу тетігі әзірленді. Тамыз айының басынан «ҚазАгроҚаржы» корпорациясы техника сатып алу үшін 44,7 млрд теңгеге 874 өтінім қабылдады. Бұл орайда 345 өтінім бойынша 18,4 млрд теңгеге қаржылық лизинг шарттары жасалды, 11,9 млрд теңгеге 160 өтінім мақұлданды. Биыл дизель отынын жөнелтуде жылдағыдай қиындық болған жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 423,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, республика бойынша орташа баға литріне 203 теңге болды, бұл нарық бағасынан 15-20 теңгеге арзан. Биылғы жылы Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрады. «Кең дала» бағдарламасы бойынша қазірдің өзінде 111,2 млрд теңгеге 3,7 мыңнан астам өтінім қаржыландырылды. Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында 80 миллиард теңгенің 1,1 миллион тоннадан астам астығын қабылдау туралы келісім-шарт жасалды. Биылғы астықтың күтіліп отырған көлемі республиканың ішкі қажеттіліктерін толық қана­ғат­тандыруға, сондай-ақ астықтың белгілі бір көле­мін экспортқа өткізуге және дәстүрлі нарықтардағы сауда-саттық деңгейлерін сақтауға жеткілікті. Осыны ескере келіп, үстіміздегі қыркүйектің 14 жұлдызынан бастап астық пен ұн экспортына қойылған шектеулер алынып тасталды, сөйтіп, отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері бидай мен ұнды шетелге шектеусіз сата алатын болды. Өз тарапымыздан бұл шешім әлемдік нарықтағы жағдай тұрақталып, республикадағы астық шығымдылығы бойынша оң болжамдар алынғаннан кейін ғана қабылданғанын айта кеткіміз келеді.

1099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз