Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Қыркүйек, 2022

«Жердің жүзін кетпеніммен кестелеп...»

Қазақта, құдайға шүкір, ақын да, қаламын қадірлеген ақын-ана да көп. Батыс әдебиетінде жары соғысқа аттанса оны өрмек тоқып күтіп отыратын сұлу жары туралы да әпсана қатар жүретін еді. Бізде сәл басқаша, «не Төстік өлген күні, не Төстік келген күні шешіл» деп белін торғын орамалымен тарс түйіп алған талай Кенжекейлер руханияттан да алыстамайды, тіршіліктен де қол үзбейді...

«ӨМІРДЕ ЖАЗЫҚ ЖАЛҒЫЗ, ҚИЯ ҚЫРЫҚ...»

Ақын, Шынжаң қазақ әдебиеті өкілдерінің бірі Шәмшабану Хам­зақызының екі томдық шығар­малар жинағының бірінші томына өлеңдері мен толғау-дастандары енген.

Бірінші томның алғысөзін ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Гүлнар Салықбай жазған екен. Ақын туралы ақыннан асырып не айтуға болады, алдымен ақын сөзінен мысал келтіре кетсек: «Шәмшабану Хамзақызы – Қытай Халық Республикасында туып-өскен зиялы қауым өкілі. Оның дүниетанымы мен шығармашылық жолының қалыптасуына балалық, жастық шағы өткен Қытай еліндегі әр түрлі саяси реформалардың да әсері аз болған жоқ. Жаппай қуғын-сүргін, жер аудару, қызметтен шеттету сияқты елдегі саяси ахуал Шәмшабану апамыздың отбасына да көп қиындық әкелді. Аяулы жары, белгілі ғалым, жазушы Зейнолла Сәнікті «халық жауы» ретінде қызметтен шеттетіп, ауылға жер аударғанда ол да қазақ әйеліне тән қайсарлықпен қызметін тастап, балаларын алып, қандай азап болса да отағасымен бірге көруге бекінеді.

«Қағазым – жер, кетпен –

менің қаламым,

Аударады бар адамның назарын.

Жердің жүзін кетпеніммен кестелеп,

Таңқалдырар талай дастан жазамын».

Бұл – қандай қиыншылық болса да жігері жасымайтын, ертеңгі күннен үмітін үзбейтін қазақ әйелі ғана айта алатын сөз. Апамыз осылай «жердің жүзін кетпенімен кестелеп» жүріп, жарына сүйеу болып, бала-шағасын өсірді. Ол өзінің осылай замана дауылымен алысып жүріп, жыр-әлемінде еркін самғай алмаған өкінішін былай білдіреді:

«Өмірде жазық жалғыз, қия қырық,

Келмейді шабыт шіркін жиі ағылып.

Жыр жаздым күйбіңменен

күлді-көмеш,

Бала алып, қазан-аяқ жия жүріп».

Бұл ақын әйелдердің көпшілігіне ортақ өкініш шығар. Өйткені олардың үстел басында отырып, алаңсыз ойланып, толғанатын уақыты бола бер­мейді. Бала-шағасына қарап, жарының жағдайын жасауы керек»...

21,5 баспа табақ болып басылған алғашқы томда шынымен де ана әрі ақынның жан сыры қатталыпты.

Шекараңды қорғайтын

Батырың болғым келеді.

Заманыңды жырлайтын

Ақының болғым келеді.

 

Көрік берер далаңа

Гүлің болғым келеді.

Ән-күйіндей қазақтың

Үнің болғым келеді.

 

Бал жиятын даладан

Араң болғым келеді.

Қайта туған жас сәби

Балаң болғым келеді.

 

Табиғатқа жамандық

Жолатпағым келеді.

Көбелек боп гүліңе

Қонақтағым келеді...

Ақын өлеңдерінде арнау мен тілек сарыны басым. Мұны Г.Салықбаева да анық байқап, «Шәмшабану апамыз­дың бүкіл өмірін отбасына, ұстаздық қызметке арнағаны өлеңдерінен де байқалады» дейді.

«Қара өлеңнің мініп ап жорғасына,

Аттанамын алыс бір жол басына.

Отауымды мен кейде ұқсатамын,

Асыл жырдың аяулы ордасына», –

деп ақын «асыл жырдың аяулы ордасында» отырып, өзге елде жүрсе де қаймағы бұзылмаған қазақ тілінде аналық асыл тілегін қағазға түсіреді. Бірде қиял әлеміне құлаш ұрады:

«Бал қиял, тәтті қиял ғашығымдай,

Армандап, таба алмаған асылымдай.

Алыстан бұлдырамай, көрінсеңші,

Жанымның түкпіріне жасырынбай».

Біресе отқа тастап, жандырасың,

Біресе айдалада қалдырасың.

Ұстатпай келе жатқан ұшқыр қиял,

Сен неге қанатымды талдырасың?!

«Менің жырларым – күнделігім» деп Марина Цветаева айтқандай, Шәмшабану апаның өлеңдері де өмірінің қағазға түскен көрінісі іс­петтес» деген Г.Салықбаеваға қоса­рымыз – Шәмшабану Хамзақызының балалар әдебиетіне қалам тербеуі жайлы әңгіме. Өзі педагог, өзі қазақтың қара өлеңінен сусындап өскен ақын бала қиялын не тербейтінін, бала арманын не оятатынын анық біледі. Әсіресе ақын тілімен өрілген жұмбақтары бүгінгі баланың тез-ақ жаттап алатын әрі ойлануына да мүмкіндік беретін тамаша жыр жолдары. Ақынның педагог екенін сөзіміздің барысында айтып өттік қой. Міне, ақын бала мектепте танысатын тыныс белгілерін өлеңмен былай таныстырады:

Сөйлегенде тыныстайсың,

Үтір соның сатылары. (,)

Ойың тынса нүкте келіп,

Өз тұяғын батырады. (.)

Айғай-ұран шыға қалса,

Айырмақ боп ой ырғағын,

Леп белгісі келер жетіп,

Сүйретіп ап сойылдарын. (!)

 

Жолықсаң бір тосын жайға,

Ұққың келер елден сұрап.

Сұрау белгі қона қалар

Имек басты белгісін ап. (?)

 

Кей сөздердің қорғаны бар,

Бір немесе екі қабат.

Төл сөздер мен төлеу сөздер

Іздеп жүріп соны табады. («»)

 

Сөздеріңе ұйыса жұрт,

Шешендіктің күші ме дер.

Көп нүктенің арт жағында

Көп ой бар деп түсіне бер. (...)

Балаларға арналған «Екі бақа», «Екі лақтың таласы», «Тазша бала», «Шегедек батыр», «Аспан ата», «Мысық», «Қоян», «Бес мүше» атты өлеңдер мен дастандарда ақын баланы армандауға үйретеді, қиялының пернелерін шертеді, татулық, достық, білімпаздыққа үндейді. Ақын табиғатпен етене болуды бала кезден бойына сіңірсе керек. Н.Нұрғабдуллинге берген сұхбатында: «Біздер бүгінде қоршаған ортаны қорғау деген ұрандарды жастарға ұғындыра алмай келеміз. Табиғат желегін өз қолымызбен жыртып, оның тәнін жалаңаштап, арқа етін арша, борбай етін борша қылдық. Осы күнде аурудың түрі көп-ақ. Соның бәрі – өз қолымызбен қорлаған табиғаттан. Адамның жаны – табиғатпен егіз. Халқымыздың «Тәрбие – тал бесіктен» дегені, міне, осы», – дейтіні сондықтан болар.

Кітаптың «Ана туралы жырлар», «Алтай жырлары», «Тарбағатай жырлары» бөлімдерінде ананы ардақтау, туған жерді ұлықтау тақырыбы қозғалады.

«Шәмшабану Хамзақызы – ақын, педагог ретінде Шынжаңға кеңінен танымал. Ол – көптеген өлең жинақтары, қазақтың әдебиеті мен өнері жайлы жазған еңбектері көпшіліктің көңілінен шығып, мемлекет тарапынан тиісті бағасын алған ақын. Қазір атажұртына оралып, Алматы қаласында тұрып жатқан ақын апамыз әлі де қолынан қаламын тастаған жоқ» деген ақын Гүлнар Салықбаеваның сөзімен осы тақырыпшаны қорытсақ дейміз.

Шәмшабану Хамзақызының бұл қос томдығының бірінші кітабы – достықты, туған жерді, ана жүрегін, бала көңілін жырлаған жинақ. Бұл ақындыққа ғана емес, айналаға, туған жер мен ортаға алғыс айту кітабы десек те болғандай. Мұны Шәмшабану Хамзақызының өз сөзімен айтсақ:

Тіршілікке жердегі,

Тірек болған жер-ана.

Қазынаға қабаты,

Сіреп толған жер-ана.

 

Мәуелеген бау-бағын

Ашып берген жер-ана.

Ұрпағына жемісін

Шашып берген жер-ана.

 

Тер төккенге еміреніп,

Иіп берген жер-ана.

Қамбасына байлықты

Құйып берген жер-ана.

 

Бабын тапсаң, жер-ана –

Ризықтың қайнары.

Еңбектесең ерінбей,

Сенікі ғой қаймағы.

 

ӨЛЕҢМЕН КЕЛГЕН ӨНЕГЕ

Сөзімізді бірден қос томдықтың өлең кітабынан бастап кеттік қой. Оқырман ақынды онсыз да біледі деп таныстырмағанымыз рас. Алайда ақынның өзін білгенімен, өскен ортасын, шыққан жерін де айта кеткен дұрыс болар.

Шәмшабану Хамзақызының атасы Семей өңірінен Шәуешекке қоныс аударыпты. Тарбағатайдың (Шәуешек) Ақсуеміл деген жерінде біздің кейіпкер өмірге келген. «Ақындық анам Сақыпжамал Рақышқызынан қонды. Анам марқұм қаршадай кезімнен жер, су, жалпы табиғат дүниесі туралы өлеңдерді менің құлағыма құйып отыратын. Жарықтық шешем былай шырқаушы еді:

Көрінген бұдан былай Тарбағатай,

Кетпейді жауған қары, жазың алты ай.

Жер-судың атын білген өлең қылсам,

Қоймайды бөденесін қу жағалтай.

Көрінген бұдан былай Орқашарды,

Бауырынан айтақтасаң аң қашады.

Жер-судың атын білген өлең айтсам,

Қорымсу Маралсумен айқасады.

Көрінген бұдан былай Сауыр-Сайқан.

Кергентас, Шағаноба, Қобық қайқаң.

Жер-судың атын білген өлең қылсам,

Өзім көрген Майлы мен

Жайырды айтам.

Көрінген бұдан былай Толы дейді.

Кәпірдің даңғылдаған жолы дейді...

Ендеше, емен, емен, емен екен.

Сұрасаң, Емен жолы төмен екен.

Алдыңа ақын болсаң, сала айтайын,

Қырықемшек құстың аты немене екен?

Ендеше, қызыл қия, қызыл қия,

Бітеді қарағайға қалың мия.

Әкем ақын, сен білмесең, мен айтайын,

Қырықемшек құстың аты – Інжурия...

Біздер, қарғам, осындай ауыз әңгіме-өлеңмен ауыздандық. Содан нәр алдық. Сондай қиялымыз қиырды кезіп, ойымыз шынардай бой тартты. Өзінің ауыз әдебиетін жастайынан жаттап өскен адамның санасына қоғамның салмағы түспейді. Салындыны арнаның шетіне шығарып тастайтын, асау ағысты өзендердей сананы сарғайтатын әрқандай көлденең көк аттылардың көмескі пиғылдарын ақыл арнасының маңына да жуытпайды. Адамды – адам, ұлтты ұлт ететін – діні, тілі, салт-дәстүрі, қайнарлы, қазыналы ауыз әдебиеті», – дейді ақын «Корреспондент» газетіне берген сұхбатында.

Бесіктен ауыз әдебиетімен сусын­даған ол – кәсіби ұстаздардың да, көрнекті жазушылардың да алдын көрген, дәрісіне құлақ қойған. Шынжаң институтының қазақ тіл-әдебиеті факультетіне оқуға түскен Шәмшабану Хамзақызы осы оқу ордасында жүріп, 1957 жылы Қытайға ресми іссапармен келген Сәбит Мұқановтың әңгімесін тыңдайды.

«Үрімжі шаһарында ақын-жазушылар Сәкеңмен (Сәбит Мұқанов) кездесті. Ол кісі «Ботакөз» романының жазу барысын университетте оқитын 13 қазақ баласына әңгімелеп берді. Сабақты ұйғыр тілінде оқып жүрген мен үшін Сәбит Мұқанов бір мектеп болды. «Абай жолы», «Қазақ солдаты», «Шығанақ», «Көтерілген тың», «Қарағанды», Абай аударған Лермонтовтың өлеңдері біздерді желпіндірді, серпілтті. Талабымызды тасытып, таразымызды дұрыстады. Сол кездегі Қытай қазақтарынан Қаусылқан Қозыбай, Қызырбек Оралов, Мағаз Разданұлы, Дутан Сәкейұлы, Әзілбек Кінәзбек, Құмарбек Сахарин, Жақсылық Сәмит сынды қаламгерлер болды. Ал Жамалқан Қарабатырқызы, Ұлхан Сұлтан, Қапия Жапанқызы, Заһара Нұраділқызы, Нұрила Қызықанқызы секілді ақындардың өлеңдерін оқығанда, бір жасап қалатынбыз», – деп еске алады ол осы кездесудің жай-жапсарын.

1955 – 59 жылдары Шынжаң институтын тәмамдаған соң мұғалім, баспада әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. Одан кейін Шынжаң оқу-ағарту институтының филология факультетінде аға оқытушы, доцент есебінде қазақ филологиясы, жазу өнері пәндерінен дәріс оқыған. Бірнеше оқу құралдары мен оқулықтардың авторы. Өскен ортасында бала күнінен Абай, Шәкәрім жырларын тыңдап өскен Шәмшабану Хамзақызы өлең атты әлемге алғаш рет институт қабырғасында жүргенде қалам тербейді.

Ойласам сол бір кезді қырау қабақ,

Күрсінем, ойға батам бір аунап ап.

Бұл шөккен көңілімнің қамбасына,

Жаттым мен тонналаған сұрау қамап...

Ақынның «Тау бұлағы» деп аталатын осы өлеңі «Шынжаң искусствосы» журналына 1956 жылы басылған екен. 1959 жылы сөз зергері Зейнолла Сәнікпен танысып, 1962 жылы қос қаламгер бас құраған екен. Осы орайда Шәмшабану Хамзақызының бір тағдыршешті кезеңін айта кету де керек. 1970 жылдары Қытайдағы «Мәдениет зор төңкерісінің» салқыны сол жердегі қазақ қаламгерлерін де шарпи бастаған еді. Міне, сол «төңкерістің» қарауымен Зейнолла Сәнік «қылмыскер» атанып, жаза лагеріне айдалады. Шәмшабану Хамзақызы жарының соңынан еріп, балаларын ертіп, орталықтан ауылға көшеді. Ауыл тіршілігі ауыр дегенімен, осы ортада өзі ақын болса да, қаламгер жарына бар жағдайды жасап, Зейнолла Сәніктің ауыл қарияларынан қисса-дастан, аңыз-ертегі, мақал-мәтел, шежіре тыңдауына мүмкіндік береді, осылайша қаламгер шығармашылық қоржынын қампайтып алады.

Иә, Шәмшабану Хамзақызы туралы айтқанда, оның жары, белгілі қаламгер, тарихшы, этнограф Зейнолла Сәнік туралы да қоса айту маңызды. З.Сәніктің қаламына қанат бітірген шығармаларына оқырман мен сыншы қауым бағасын әуел бастан беріп қойғаны анық. Ол – өзіне берілген сөз өнеріне деген мұрагерліктің антына адал болғысы келіп, қазақтың бұл өнерге тиесілі дүниесін бір кісідей-ақ жазып кеткен жазушы. Шығармаларына этнография мен тарихты қос қанат қылып байлаған қаламгер ұлт болудың төрт тағанын былай көрсеткенін де еске салғымыз келеді: «әуелгісі – сол халықтың үні, ән-күйі; екінші – тілі; үшінші – тарихы, салт-дәстүрі және соңғысы – атамекені мен тарихи қонысы. Осы төртеуінен айырылған ұлт ел болудан қалады. Осы төрт тағанның бір де бірі кем болса, яки кінәратқа ұшыраса, ол кемтар жанның күйін кешеді…».

Міне, осындай тұлғаның жанына жалау бола білген Шәмшабану Хамзақы бүгінде Сәнік шаңырағының түтінін өшірмеген ана, Сәнік ұрпағының жалғастығын тілеп отырған әже, Сәнік шығармашылығының ұрпаққа жетуі үшін талмай еңбектеніп жүрген зерттеуші... және өз шығармашылығы мен рухани жолын ұмытпаған қаламгер. 

 

ӘДЕБИЕТТЕН  ӘЙЕЛГЕ ДЕЙІН

Шәмшабану Хамзақының қос томдығының екінші томына әдеби толғаныстары, қазақ әдебиеті туралы мақалалары, бала тәрбиесі мен отбасы мәселелері туралы ағартушылық бағыттағы жазбалары енген. Әсіресе «Ағарту және әдебиет», «Абай және Шыңжаң қазақ әдебиеті» «Таңжарық поэзиясындағы суреткерлік», «Қазақ балалар әдебиетінің бастау бұлағы – бесік жыры» мақалалары оқырманды әдеби толғамға жетелейді. «Жалпы қазақ жазба әдебиетінің бастауында тұрған Абай Шыңжаң қазақ әдебиетіне де үлкен үлгі-өнеге көрсетіп, біздің ақындарымыздың ә дегенде ауызға алатын пайғамбарына айналған. Шынжаңдағы қазақ жазба әдебиетінің алғашқы қарлығаштары Таңжарық, Ақыт, Арғынбек сияқтылардың бәрі де алдымен Абайды үлгі тұтып, өмірді Абайша жырлауды өзіне биік мақсат етіп қойған.

Айталық, Таңжарық Жолдыұлы:

«Сөздері басқа ақынның

жыртық-жамау,

Құрт салған шайдай еріп, былғанады.

Бәрін де Абай сөзі басып түсер,

Бір парша соққан алып қырғанағы», –

деп жырласа, ақын Ақыт Үлімжіұлы:

«Ақындар менен бұрын өтті талай,

Әсіресе Құнанбай баласы Абай.

Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,

Мен де аз сөз жазып қоям,

құрап жалғай», –

деп толғанады.

Шыңжаң қазақтарынан алғаш қалам тербеген Арғынбек Апаш­байұлы, Дубек Шалғынбайұлы, Әбдікерім ЬІнтықбайұлы, Асқар Татанайұлы сияқты қаламгерлердің шығармаларынан да біз олардың Абайды және Абай шығармаларын үлгі-өнеге тұтқандығын көреміз.

Абай – тұтас қазақ сахарасының асқар шың, алып бәйтерегі іспетті ұлы тұлға. Сондықтан халық ақындары мен шешендері сөздерінің бісмілләсін Абайдан бастауды бір тамаша салт ретінде қалыптастырып, өмірді Абайша жырлауды ақындық өнердің тамаша үлгісі деп білген», – дейді қаламгер «Абай және Шыңжаң қазақ әдебиеті» атты мақаласында. Шәмшабану Хамзақызының Абай, Фараби, Таңжарық туралы мақалалары көркем ойды көрсетуімен ғана емес, уақыт пен кеңістіктегі шығармашыл тұлғалардың келбетін көрсете білуімен де маңызды.

Қазақ дүниетанымы мен әдебін, дәстүрін зерттеп, осы тақырыпқа қатысты біраз толымды дүниелер жариялаған біздің кейіпкер – ұлттық тәрбие мен тәлімнің бастау көздеріне де үңілген. Мәселен, бесік жыры туралы толғауы 1991 жылы жазылған, онда қаламгер осы тақырыптағы еңбектердің әлі де зерттеліп, жинақтала түсуі керек екеніне мән береді. «Бесік жыры – ана мен бала көңілінің тоғысқан, түйіліскен көмбесі. Оның бойында ананың аңсарлы мейірін де, аңқылдақ пейілін де, сәбидің іңгәлаған үнін де, шәрбат, пәк тілін де табуға болады. Демек, бесік жырының балаға эстетикалық ләззаты, үлкен тәрбиелік ролі, айырықша терең ықпалы болады. Сондықтан Индияның атақты жазушысы Тагор «Менің балалық дәуірім» деген еңбегінде: «Ана аузынан естіген жыр баланың ең алғаш үйренген әдебиеті. Оның көңілін баурап, жан дүниесін меңгеріп алатын күш – әне, сол», – деп пайымдайды», – деген Шәмшабану Хамзақызы бесік жырына қатысты төрт мәселені анық, ашық, жан-жақты етіп көрсетеді.

Тіршілік күйбеңімен жыр жазған ақын, зерттеу жасаған ғалымның бұл кітапта қаламын тастамаған әйелдер хақында бірнеше мақала жазуы – жүрегіндегі әдебиетті жоғалтпаған әйелге деген құрмет деп білдік. «Абай тағылымы: әйелдер теңдігі туралы», «Ана жүрегіндегі ақын қыздар», «Әдемілік бізге көптік етпейді», «Абылай дәуіріндегі батыр әйелдер» «Қазақ қыздарының оқуы жөнінде» сынды мақалаларында әдебиет пен әйел әлемі, әйелдің батырлық, батылдық тарихи қозғалады.

«Айталық, халық мақал-мәтел­дерінде «Алып анадан, ат биеден туады», «Әке – айдын, ана – ұя», «Атасы өлген – жөн жетім, анасы өлген – шын жетім», «Әке қарғысы – оқ, шеше қарғысы – шоқ», «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Ерді ер қылатын да, жер қылатын да әйел» т.б. деп ананың, әйел қауымының орны мен ролі жөнінде өз ұрпақтарына тамаша тағылым қалдырып кеткен.

Ал ертегі-аңыздардың терең қатпар­ларына үңілетін болсақ, біз анағұрлым тамаша хикая-жырлардың шүңетіне батамыз. Жұртта қалып, жұтқа ұшыраған қарапайым кемпірден «Ер Төстік» сияқты алып ерді туғызған да, сондай-ақ ау тоқып, әрең күнелтетін момын әйелден «Керқұла атты Кендебай» сияқты хикмет батырларды туғызып, жұрт таңырқап, тамсана отырып тыңдайтын тамаша ертегілерді жаратқан да сол халықтың өзі», – деген Шәмшабану Хамзақызы әйелдер әлемін қаламгер түйсігі тұрғысынан зерттеп жазады...

Сөзіміздің басында ерінің басына қандай іс түссе де белін торғын орамалмен тарс түйіп руханияттан да, тіршіліктен де аластамайтын Кенжекейлер барын айттық қой. Міне, сондай Кенжекейдің бірі – біздің кейіпкер Шәмшабану Хамзақызы дер едік. Жары Зейнолла Сәнікке «жаусың» деп айып тағылғанда қаланы тастап, қазаны мен қаламын көтеріп ауылға кетті. Қазаны мен қаламын тең ұстап, жарының қас-қабағына қарады, жағдайын жасады, бала-шағасын өсірді. Сөйте жүріп, өзі айтпақшы, «күлді-көмеш күйбеңмен жүріп жыр жазуды» да ұмытпады.

«Рас, мен де жыр теріп жүрген жанмын. Сол көп жырдан жұрт көңіліне біреуі ғана қонақтаған тәрізді. Кейінгі кезде кейбір үлкендер жағы мені «ей, күлді-көмеш» деп шақыратын да болған. Қаламдас достарымның бірі Дутан Сәкейұлы бір кезде маған амандаса келгенде: «Акау, Шәмшабану-ау, ел сені «күлді көмеш» дегенге шөжіп кеткен екен десем, әлі баяғы аршыған жауқазындай қалпыңда жүрсің ғой», – деп әзілдеген жері де бар. Сонымен өзімнің кенже қызыммен тетелес мына Жанар ақын да мені «күлді-көмеш» атап отыр. Бұған да шүкіршілік. Көпіртіп соншалық көп өлең, көп дүние жазғаныңмен ел көңіліне ұялайтындай бір ауыз сөз қалдыра алмасаң, онан үлкен мағынасыздық болар ма?! Оған қарағанда:

Өмірде жазық жалғыз, қия қырық,

Келмейді-ау шабыт шіркін жиі ағылып.

Жыр жаздым күйбеңменен күлді-көмеш,

Бала алып, қазан аяқ-жия жүріп, –

деген бір шумақ өлеңімнің халық арасында ақ самайлы қарттардан тартып, талаптың тайына жаңа мінген жас ұрпаққа дейін көңіл төрінен орын алғанына шүкіршілік!» – дейді қаламгердің өзі...

Қолына қалам ұстатсаң жыр жазатын, кетпен ұстатсаң тіршілік ете жүріп, жердің жүзін кестелей беретін әйел-ақын әлемі шынында да көркем деп те мойындау керек.   

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

668 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз