Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 10 Қазан, 2022

12-13 қазан күндері Астанада АӨСШК саммиті өтеді

12-13 қазан күндері өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитіне 50-ге жуық делегация келеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«Осы аптада Қазақстан астанасында жоғары және аса жоғары деңгейде бірқатар халықаралық іс-шара өтеді. 12-13 қазан күндері өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитіне 11 мемлекет басшысы қатысады. Олар – Әзербайжан, Ирак, Иран, Қатар, Қырғызстан, Ресей, Палестина, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан басшылары. Бір төрағаның орынбасары, бір вице-президент және 5 министр қатысады деп күтілуде», - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

Сонымен бірге, АӨСШК бақылаушы мемлекет ретінде Беларусь президенті де саммитке қатысады.

«Жоғары деңгейдегі кездесу АӨСШК шақыру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылып Қазақстанның төрағалығымен өтеді. Шараға мүше мемлекеттердің, байқаушы елдер мен ұйымдардың, серіктес ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ Қазақстан тарапының қонақтары шақырылды. Барлығы 50-ге жуық делегация келеді деп күтіліп отыр. Азия кеңесінің саммиті пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанда ғана емес, жалпы континентте де аса ауқымды саяси оқиғалардың біріне айналады деп айтуға болады. Алдағы саммит қазақстандық төрағалықтың басты іс-шарасы, оның ішінде біздің төраға ретіндегі екі жылдық жұмысымызды қорытындылаймыз», - деді ресми өкіл.

Саммит барысында бірқатар құжаттар мен шешімдерді қабылдау жоспарланған.

Шараны дайындау шеңберінде Астана қаласында биылғы 10-11 қазанда өтетін Азия кеңесі аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырысын өткізу көзделген.

2777 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз