Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 10 Қараша, 2022

Автоөнеркәсіп қарқынды дамып келеді

Исатай ҚАМБАРОВ,
журналист-сарапшы
e-mail:isakambar@list.ru

Қазақстан автомобиль өнеркәсібі оң серпін­мен дамып келеді. Жаһандық проблемалар мен әлемдік көшбастаушылар тарапынан іркілістерге қарамастан Қазақстанда аталған саладағы өндіріс көлемі бір жылда 25 пайызға өскен. Бұл ретте Қытайда автомобиль шығару өсімі тек 5% ғана, Оңтүстік Кореяда 2 пайыздан да төмен көрсеткішті құраса, жапон мен ағылшын автомобиль өндіру­шілері тіпті минусқа құлдыраған, деп жазады energyprom.kz сайты.

Жалпы алғанда, автомобиль өнеркәсібі айтарлықтай жақсы кезеңді бастан өткеріп жатқан жоқ: пандемияның тым созылып кетуі және соның салдарынан локдаун жариялануы, жартылай өткізгіштердің аса қат болуы және жаһандық логистикалық тізбектердің жалпылай бұзылуы әсерін тигізбей қойған жоқ. Сосын тағы құрама бөліктер мен шикізаттарды, соның ішінде автомобиль өнеркәсібіне қажеттілерін жеткізу тізбектерін тұралатқан  Украинадағы қақтығысқа қатысты геосаяси дағдарыс қиыншылықтарды күрделендіре түсті.

Дегенмен дағдарыстық құбылыстар Қазақ­станды соншалықты ауыр шарпыған жоқ. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында елімізде 68,6 мың автомобиль шығарылған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бірден 24,7 пайызға артық.

Айта кету керек: Automotive Industry Portal MarkLines нақ осы автомобиль өнеркәсібі мәселе­лерін қамтитын арнайы портал талдаушыларының мәліметтеріне сәйкес, көптеген автомобиль өндірісімен айналысатын елдермен салыстырғанда автокөлік шығару көлемінің өсуі бойынша Қазақстан Республикасы әлемде ең мықты тұғырлардан көрініп келеді. Сондай-ақ өндірістің айтарлықтай өсуі АСЕАН құрамына кіретін Малайзия мен Индонезия сияқты елдерде де байқалған, олардағы өсім, тиісінше – 70,3%  және 31,5 пайызды құраған. Жоғарыда аталған кезең аралығында автомобиль шығару жөнінен көшбасшы ел – Қытайда өндіріс бар-жоғы 4,9 пайызға ғана өскен, ал АҚШ-тағы өсім – 7,4%. Сонымен қатар егер Германияда автомобильдер шығару бар-жоғы 3,4 пайызға артса, Оңтүстік Кореяда бар-жоғы – 1,7 пайызға өсіпті. Тіпті Ұлыбритания мен Жапония сияқты елдерде өндіріс айтарлықтай, тиісінше, 9 және 9,7 пайызға қысқарған.

Бұл ретте, мәселен, жоғарыда аталған Оңтүстік Кореяда Hyundai, Kia және Genesis маркаларын сатып алушылар үшін оларға қол жеткізу уақыты 2,5жылға (бұдан бір жыл бұрын бұл автомобильдер сатылғаннан кейін сатып алушыларға шамамен 11 айда жеткізіп берілген) созылуы мүмкін екені ескертілген. Сондай-ақ бізбен көршілес Ресейде биылғы жылдың қаңтар-тамызында автомобильдер өндірісінің көлемі бірден 58,9 пайызға, 431,8 мың автомобильге дейін құлдырап кеткен.

Халық санына қатысты шығарылған авто­мобильдер ара қатынасын есептегенде біздің еліміздің көрсеткіші (10 мың  тұрғынға  шаққанда 8 айда 35 автокөлік шығарылған) Индонезиядан (32 авто) сәл жоғарырақ болса, Үндістан (18 авто) мен Пәкістаннан (6 авто) әлдеқайда жоғары екен.

Қазақстан Республикасында биылғы жылдың тек тамызында ғана 9 мың автомобиль шыға­рылған, бұл өткен жылдың тамызымен салыс­тырғанда 14,8 пайызға артық.

Бұл ретте ағымдағы жылы өндірістің орташа айлық өсімі 25,3 пайызды құраған. Мейлінше аз өсім ақпанда байқалған – бар-жоғы 4,6%. Ал ең жоғары көрсеткіш мамырда тіркелген, бұл бір жыл бұрынғы осы есепті аймен салыстырғанда бірден 60,6 пайыз артық өсім.

Автомобильдердің неғұрлым көбірек саны маусымда (11,2  мың), оның ізін ала мамырда (9,9 мың) және  осының алдында аталып өткен тамыз айында шығарылған.

Биылғы жылдың қаңтар-тамызында шыға­рылған автомобильдердің жалпы санында 62,5 мыңы жеңіл автомобильдер еншісінде, бұл – 2021 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бірден 31,6%-ға көбірек. Техниканың тағы 4,8 мың бірлігі жүк автомобильдері еншісіне бұйырған. Сондай-ақ 712 автобус, 396 тіркеме мен жартылай тіркемелер және 182 басқа да арнайы техника бірліктері шығарылған.

Осы тұрғыда зауыттарды бөліп қарастырар болсақ, шығарылған автомобильдердің көбірек көлемі қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» еншісінде екен. Бұл зауытта есепті кезең ішінде конвейерден 42,6 мың техника бірлігі шығарылған. Мұнда өндіріс көлемі бір жылда 28,3 пайызға өскен.

Қостанайлық өндірушілерді өкшелеп алматылық Hyundai Trans Kazakhstan келеді: 22,1 мың бірлік, жылдық өсім – 30,8%. Машиналардың айтарлықтай көбірек саны сондай-ақ «СемАЗ»-да (1,4 мың бірлік), «КАМАЗ-Инжниниринг»-те (809 бірлік) және Hyundai Trans Auto-да (704 бірлік) шығарылған.

754 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *