Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Қараша, 2022

Автобус жүргізуді армандаған журналист

Ақпаратсыз қоғамды елестету қиын. Жаңалықтарды әлемнен хабардар болу мақсатында, біреудің қуанышына ортақтасу үшін, кейде сақтану үшін тыңдаймыз. Ал сол жаңалықтарды халыққа жеткізуге асығып тұратын – журналистер. Бүгінгі сұқбатымыздың қонағы – Atameken business арнасының жаңалықтар жүргізушісі Қайырбек Баймырза.

– Қай жердің тумасы боласыз? Балаларға сол қызықты екен...
– Мен 362 әулиесін бір бойына сыйғыза алған маңғаз Маңғыстаудың тумасымын. Киелі өңірдің орталығы Ақтау қаласында туып-өстім. Ата-анам, ағам, апам (әпкем), қарындастарым бар. 
– Журналистика мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Анау айтқандай, нақты бір себеп бар деп айта алмаймын. Негізі, 1-сыныптан бергі арманым – журналист болу. Ол кезде журналистиканы теледидардан «жылтырап» шығу деп ұғатынмын, бірақ өсе келе оның көкжиегі кең, арқалаған жүгі тым ауыр екенін түсіндім. Билік пен бұқара арасында көпір орнатуға үлесімді қосқым келді. «Төртінші билік» ретінде қарапайым жұрттың жанайқайын жоғары «жаққа» жеткізуді мақсат еттім. Сол бағытты ұстандым. 
– Телевидениеге қалай келдіңіз?
– Оқу-әдістемелік тәжірибеден өту арқасында телеарнаға бас сұқтым. Осы кезден телеәлемге ессіз ғашық болдым. Содан, міне, шүкір, әлі күнге дейін телевидение деген қазанда қайнап келемін. 
– Журналистиканы таңдағанда ата-анаңыз қарсылық білдірмеді ме?
– Қарсы болды. Біздің өңір мұнайшылар өлкесі ғой, үйдің үлкендері мұнайшы болғанымды қалады. Бірақ  әу бастан көңілім қаламайтын дүниемен айналысқым келмейді. Мұны үйдегілер жақсы біледі, көнді, қысқасы, менімен қарсыласуға шамасы жетпеді (күліп).
– Бала күнгі арманыңыз қандай еді?
– Бала күні... ойбоой, бәрін армандадық қой. Бір қызығы, бастық, полиция, ғарышкер емес, кәдімгі автобус жүргізушісі болғым келді, есіктердің өздігінен ашылып-жабылғанына таңғалатынмын. Құдай-ау, «человек паук» болуды қатты армандағанымды айтсам, ұят емес шығар?!
– Болашақта балаңыз да сіздің жолыңызды қуамын десе, қарсы болмайсыз ба?
– Бұл, енді, баланың көңіл қалауына қарай, бірақ журналист болғанын қаламас едім. Одан гөрі ақпараттық технология саласына бейім тұрса деймін. Заман талабына сай маман болса, ешкімнен кем болмайды, біреуге жем болмайтыны анық. 
– Алғашқы еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Менің журналистік еңбек жолым радиодан басталған. 2012 жылы «Еуропа плюс Қазақстан» радиосында жаңалықтар дикторы болып қызмет еттім. 1-курс еді, артынша оны тастап Ақтауға кетуге мәжбүр болдым. Себебі құжат бойынша мен тәжірибеден «Қазақстан-Ақтау» (қазіргі Маңғыстау) телеарнасынан өтуге тиіс едім. Бірақ, өкінбедім. Міне, осылай телеарнадағы алғашқы қадамым басталды. Соның арқасында біраз дүние меңгердім: тілші болдым, жаңалықтар жүргізушісі ретінде өзімді сынап көрдім, «Жол сақшысы» деген атауы бар бағдарламаның авторы болдым. Сөйтіп жүріп, тәжірибеден өтуге тиіс болған энтузиаст Қайырбек тағы екі ай жұмыс істеуге қалды. Сол кездегі басшылық зор қолдау көрсетті. Осылайша, жазғы каникулда ТВ-ның қыр-сырын меңгеріп, Алматыға оқуға кеттім. Оңтүстік астанаға бара салысымен жергілікті «Алматы» телеарнасына бет түзегенім бар, екі апталық сынақтан өткеннен кейін бірден жаңалықтар жүргізушісі ретінде қабылдандым. Содан өмір зырылдап өтіп жатыр. 
– Журналист болмасаңыз, қандай мамандық иесі болар едіңіз?
– Мен өзімді журналисти-кадан, өмірімді телевидениеден тапқан адаммын. Десек те, кез келген саланы оңай меңгеріп кететін жақсы қасиетім бар. Білесіз бе, авиация саласында жұмыс істер едім. Ұшқыш, бортсерік, ең құрығанда әуежайда қызмет етер ем. 
– Atameken business арнасына дейін қандай телеарналарда, қандай бағдарламаларды жүргізгеніңізді толығырақ айтып берсеңіз...
– Ойлап қарасам, бес телеарнаның эфирінен көрініп үлгеріппін. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында (қазіргі «Маңғыстау») жаңалықтар жүргіздім, «Жол сақшысы» бағдарламасының жүргізушісі әрі авторы болдым. «Алматы» телеарнасында редактор-жүргізуші, жаңалықтар дикторы ретінде қызмет еттім. Артынша, экономикалық жаңалықтар, «Іскерлер уақыты», «Өнім.kz», «Еріктілер» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі ретінде танылдым. КТК телеарнасының жаңалықтарында тілші болғаным бар, кейін «31-арнада» «Зейнет.kz» бағдарламасын жүргіздім. Қазір Atameken business телеарнасының бет-бейнесімін, «Сөзбе-сөз» бағдарламасының авторымын. 
– Тікелей эфирге шықпас бұрын дикцияға арналған қандай жаттығулар жасадыңыз?
– Жаттығу жасауға міндеттіміз. Тіл мен жаққа арналған түрлі жаттығу жасаймын. Жаңылтпаштарды қайталап, мәтінді оқып шығамын. 
Жаңалықтардың қиындығы – көбіне мәтінді оқып үлгермей қаламын, сондықтан эфир кезінде импровизацияға жүгінемін. Әр мәтінді мұқият жеткізуге тырысамын. Өйткені ол мәтіннің, телематериалдың артында үлкен ұжымның еңбегі жатыр. Сенімге селкеу түсіргім келмейді. 
– Соңыңыздан ерген әріптестеріңізге айтарыңыз болса...  
– Журналистикадағы аға ұстаздар айтпақшы, 1% – талант, 99% – еңбек. Сондықтан жас тілшілерге барынша практикаға көп мән беруге кеңес беремін. 1-курстан өз бағытын анықтап алып (газет, радио, тв), сол бойынша нақты қадамдар жасауы керек. Әдебиеттерді көп оқу керек, қиялды шыңдауы керек, шетелдік телеарналарды көріп, ол жақтың «подачасын» зерттеу керек. Содан ой түю керек. Қалыптасқан қағиданың шеңберінде қалмау керек. Креатив ойлау қабілетін дамытқан абзал. Іске сәт, жас әріптес!

– Әңгімеңізге рақмет!

Айжан ДАЙРАБАЕВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
ХАТУ-дың 
2-курс студенті.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №46
15 қараша 2022 жыл

762 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз