Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 18 Қараша, 2022

Тұтынушының кірпияздығы – мотивация

Фотография – әлемдегі ең кең таралған көркем өнер түрі. Статистикаға сүйенсек, әлемдегі әрбір үшінші адам фотограф болып саналады. Қазір фотографияны өнер түрі әрі табыс көзі деп те қарастыра аламыз. Өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, оны бизнес ретінде дамытып жүрген таланттар жетерлік. Суретке түсіру оңай көрінгенімен, сәтті кадрды ұстап алу, бір ғана кадрмен адамның, табиғаттың жай-күйін жеткізе білу талантпен қатар еңбекті талап етеді. Келешекте фотограф болуды армандасаң, қырағы да тапқыр, ал ойыңыз ұшқыр әрі жылдам болғаны абзал.  Бүгінгі сұқбатта кейіпкеріміз, суретші, фотограф Оңғарбек Алхаров қазақ фотоөнерінің болашағы мен кемшіліктері туралы ой бөлісіп, жас фотографтарға бірнеше ақыл-кеңес ұсынды.

– Фотография саласында жүргеніңізге қанша уақыт болды? Ең алғаш фотогра-фиямен айналысқан сәтте-ріңіз қандай қызықты оқиғалармен есте қалды?

– Фотографиямен мектеп кезінен бері, яғни 1987 жылдардан бастап айналысып келемін. Мектепте сурет үйірмесіне қатысатынмын, сол кездерде бір жарысқа қатысып, 1-орын алдым. Сол жарыста маған жеңімпаз ретінде фотоаппарат сыйлады. Сонымен екі-үш жылдай түсірдім. Бірақ болашақта мені кәсіби фотографиямен айналысады деп ешкім ойлаған жоқ. Сол фотоаппаратпен көзіме түскен қызықты дүниелерді түсіріп алатынмын. Менің фотография әлеміне келуіме сол жарыста жеңіп алған сыйлығым себеп болған еді. 2000 жылы фотографиямен кәсіби түрде айналыса бастадым. Сол жылдары цифрлық үлгідегі түрлі фотоаппараттар шыға бастады. Ол кездегі фотоаппараттардың көлемі қазіргі телефондардың көлемімен бірдей болатын. Ең алғаш мектеп, балабақша бітірушілердің фотоальбомын жасаумен айналыстым.

– Сүйікті камера, объекти-віңіз қандай? Сапалы фото-сурет түсіру үшін қандай камераларды қолдануға кеңес бересіз?

– Камера – адамның көзі. Бір нәрсені түсірмес бұрын фотографтың ойында өз жоспары болады. Сол жоспардың іске асуына камераң көмектеседі. Объектив те дәл солай. Үлкен форматтағы сапалы суретті шығару үшін кең көлемді әрі қымбат камера алған дұрыс. Ал, адам бет-бейнесін, үйді түсіретін болсаңыз, орта сападағы камераның өзі жарайды. Камераның маркасы аса маңызды емес. Ең бастысы, ылғалға, суыққа, ыстыққа шыдамды болса болғаны. Жылдамдығын, арақашықтығын дұрыс қойса, сапалы, әдемі сурет шығады. 

– Жас фотографтарға қандай локацияларды түсірілім үшін жиі таңдауға ұсынар едіңіз? 

– Барлық дүниені түсіріп көру керек. Той-томалақты түсіретін фотографтар күндегі суреттерден жалығып кетсе, енді дүниеге келген сәбилерді түсіріп көрсін. Перзентханадан шығару сәтін түсірсе болады. Бір бағытта түсіре берсең, жалығасың. Сол себепті басқа жанрды, басқа локацияны, басқа кейіпкерлерді түсіріп көру керек. Мысалы, мен көбінесе портрет жанрында түсіремін. Жалығып кетпес үшін таңның атқанын, күннің батқанын, судың ағысын телефонға болсын түсіріп жүремін. Адамдардан бөлек жануарларды да түсіріп тұрған дұрыс әрі өте қызықты. Белгілі бір жарнамалар үшін азық-түліктерді түсіруге болады.

– Тұтынушыға фотосессия, түсірген фотосуреттер ұнамай қалған сәттер болды ма? Жалпы, тұтынушылар  жұмысын бағаламай, кірпияздық танытқан жағдайларда фотограф не істеуі керек? Жас фотографтарға қандай ақыл-кеңес бересіз?  

– Қаншама тұтынушы болса, соған қарай әртүрлі пікір болады. Тұтынушыларға ұнамай қалған сәттерде әлі де біраз жаттығу керек екенін, көп нәрсе үйрену керек екенін түсінесің. Тапсырыс берушінің қалауын, талабын орындаған жөн. Оған суреттері ұнамай қалса, басқа фотосессия ұйымдастырып беру керек. Тұтынушы тарапынан теріс пікір болмас үшін тапсырыс қабылдаған кезде сол адаммен дұрыстап сөйлесіп, оның қалауын нақты біліп алу керек. Кері байланыс пен тұтынушының кірпияздығы – мотивация. Одан да мықты болуға ұмтыла түсесің, өз қателіктеріңді көріп, түзете бастайсың. Ешкім теріс пікір айтпаса, сен жұмысы тоқтап тұрған фотографпен теңсің. 

– Фотографиядағы сүйікті стиліңіз, жанрыңыз қандай? Нені, кімдерді түсіргенді жақсы көресіз?

– Әлемде 8 миллиардқа жуық адам бар. Оның әрқайсы жеке тұлға. Маған портрет жанрында түсірген ұнайды. Себебі, адамның эмоциясы секунд сайын өзгеріп отырады, сол секундтардағы қуанышты да, мұңды да, қорқынышты да камерада ұстап қалғым келеді. Мысалы, бір бұйымды түсірсек, ол жарығына, локациясына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ өз бейнесі өзгермейді. Ал, бір адамды он түрлі фотограф түсірсе, әр сурет әртүрлі боп шығады. Адамның ішкі күйін сезініп, рухани жандүниесіне зер салып, сыртқы көңіл-күйімен үйлестіріп түсіре білу – кәсіби фотографтың жұмысы. Бірде бір үлкен кісіні тойда жолықтырып қалдым. Маған жақындап келіп: «Мен сізді қатты құрметтеймін. Сіз сияқты фотографты әлі кездестірген жоқпын», – деді. Танымай тұрғанымды айтып едім, «Осыдан он жыл бұрын бір тойда мені сіз түсіріп едіңіз, сол суретті әлі сақтап келе жатырмын. Балаларыма мен дүниеден өткенде осы суретімді тасқа қашап салыңдар, осы суретте ғана менің шынайы күйім, жандүнием айқын көрініп тұр деп айтамын», – деп ыстық ықыласын білдірді. Фотограф әр адаммен іштей байланыс орнатып, оның күйін анық көрсетуге тырысу керек. Сол себепті маған портрет жанры қатты ұнайды. Табиғатты, үйді түсірсем де, сол суретте адамның болғанын қалап тұрам. Себебі, адам бар суретте терең ой, мағына болады. 

– «Суреттер тілсіз сөйлейді» дейді. Өміріңізде бір ғана фотосуреттің маңызы мен құнын өте жоғары бағалаған тұтынушыны кездестірдіңіз бе?

– Бір күні маған бір қыз хабарласып: «Үйге келіп, үш қызды суретке түсіріп кете аласыз ба?» – деп тапсырыс берді. Келістім, барсам немересі, қызы, әжесі отыр екен. Үш буын. Әжелері науқас екен, бір ай ғана орнынан тұрып жүреді, ал қалған айларда төсек тартып, орнынан қозғала алмай, тұра алмай, жатып қалады екен. Ол кісінің тұрып жүрген сәтін пайдаланып, фотосессия жасамақшы болыпты. Әдемі кадрлар шықты. Суреттері дайын болғаннан кейін иесіне табыстадым, рақметін айтып кетіп қалған болатын. Бір күні маған сол әженің қызы қайта хабарласып, тез арада кездесуді ұсынды. Менің миыма неше түрлі ой келді, жұмысым ұнамай қалды ма екен деп уайымдағаным да бар. Қолында түрлі тәттісі, жеміс-жидегі бар апа келіп тұр. «Сенің суреттеріңнің арқасында әжеміз күнде орнынан тұрып, сол суретке ұзақ қарап, қозғалыста жүреді, бұрынғыдай төсекте жата бермейді. Сол суретті көру үшін ғана тұрады. Бірыңғай орнынан қозғалмай жатушы еді, сенің арқаңда бір орында жатпай, тұрып жүр», – деп ризашылығын білдіріп, рақметін айтып кетті. Шыны керек, бұл – өте ерекше сезім. Осы тапсырысты «суреттің тілсіз сөйлеуі» деп атайтын едім. Суреттің адам өміріне осыншалықты деңгейде әсер ететініне сол сәтте көзім жетті.

– Сіздің ойыңызша, қазақ фотоөнеріне не жетіспейді?

– Қазақстандағы фотография саласы енді-енді дамып, өркендеп келе жатыр. Біріншіден, біздің фотография саласына маман жетіспейді.  Екіншіден, маманды дайындайтын оқу орындары жетіспейді. Сәйкесінше, фотография туралы оқып-білуге арналған әдістемелік құралдар жетіспейді. Үшіншіден, мемлекеттің тапсырыстары жетіспейді. Төртіншіден, фотография саласына халықтың назары, қошеметі жетіспейді. Олардың еңбегін, өнерін бағалайтын ешқандай мемлекеттік деңгейде сыйлықтар, марапаттар қарастырылмаған. Сонымен қатар, қаржы жетіспейді. Қазіргі фото-графтарымыз тойға шығып болсын өз күнін өзі көріп жүр. Ұсыныстың аздығы қазақ фото-өнерінің дамуына кері ықпал етеді. 

– Ал, қазақ фотоөнерінің болашағын қалай елестетесіз? Не күтесіз?

– Фотографтарға мемлекеттік, халықаралық деңгейде көңіл бөлініп, шет мемлекеттердегі фотография саласымен байланыс мықты болса, бәсекелестік артып жатса, болашағы жарқын болары сөзсіз. Қазақстан, қай жағынан алып қарасақ та, өте бай. Неге әсем табиғатымызды, мақтаныштарымызды, проблема-ларымызды сурет арқылы жеткізбеске?! Бізде Қызыл кітапқа енген жануарлар, өсімдіктер бар. Міне, солардың бәрін түсіріп, халықаралық деңгейге дейін шығару керек. Біздің Головкин, Димаш секілді мақтаныштарымызды түсіретін шетелдік фотографтар жетіп артылады. Бірақ өзіміздің қаракөз қазақ фотографтар оларды басқаша қырынан көре алады және көрсете алады. Біздің проблемаларымызды, мысалы, Арал теңізінің тартылған жай-күйін сурет арқылы неге көрсетпеске?! Осының бәрі дами түссе, қазақ фотоөнерінің болашағына сенім артуымызға болады. 

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Фотография саласында шәкіртім өте көп. Жоғары оқу орындарында, колледжде «Фотография» пәнінен сабақ беремін. Жеке шеберлік сабақтарын, курстар өткіздім. Сонымен қоса, жұмыс бабымен көптеген жастармен жұмыс істеп, оларға да үйреттім. Үздік нәтиже көрсетіп, жетістікке жетіп жатқан шәкірттерім де бар, шүкір. 

– Болашақта балаларыңыздың фотограф болғанын қалар ма едіңіз?

– Болашақта балаларым суретші, қолөнерші, фотограф болса да, өнер жолында жүргенін қалар едім. Өнер адамы болғанын қалаймын. Себебі, келешекте өнер саласынан, шығармашылық саладан өзге мамандықтардың жұмысын роботтар атқаратын болады. Ал, өнерді тек адамдар жасай алады. Өнер – өте шексіз дүние.

Сұқбаттасқан 
Айдана ШАЛҚАРОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 4-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

1143 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз