Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 21 Қараша, 2022

ДИМЕКЕҢ ДАРА ТҰЛҒА ЕДІ

Әлем ұлы тұлғаларға бай. Олардың жүріп өткен дара жолы көпке үлгі. Ондай жандар жақұтпен тең. Айрықша асыл азаматтардың есіл еңбектері елдің есінде мәңгі сақталары анық. 

Қазақ даласында батыр бабалардың іздері сайрап жатыр. Баһадүрлер өз дәуірінде айбынды ерліктер жасады. Елдің еңсесін көтерді. Алмағайып дәуірлерден халықты өз болмысын сақтай отырып алып шықты. Сондай ерен тұлға,  ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның басшылығында ширек ғасырдан астам уақыт билік құрған, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтің бейнесі аңызға бергісіз әңгіме саналады. Биылғы жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Қапшағай қаласының ресми атауы Қонаев болып өзгертілді. Сонымен бірге 110  жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтілуде. Қазақтан шыққан аңыз адамның қарапайым өмірдегі бет-бейнесін кім кімнің де білгісі келетіні айқын. Осыған орай уақытында Димаш Ахметұлының жеке дәрігері болған Ахат АМИНҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік. 

Жақсының  жақсылығын айт...

– Аға, Қонаев атамыз қандай адам еді? 

– Әр адамның өмірдегі бағыт-бағдары, алға қойған мақсаты болады. Біреу туа бітті, ендігісі өмірлік тәжірибе жинай отырып қалыптасады. Сөйтіп қызу тірлікке еніп кетеді. Бұл адамзат баласына тән үрдіс. Бізге дейін де, осындай соқпақ, бұрылыс, арасында теп-тегіс жол ұшырасты. Қазіргі кездің де өз айырмашылықтары бар. Болашақта заманның ығының қалай болатынын уақыт көрсетер. Дегенмен осындай толғанысты әрі тағдырлы сәттерде адам шыңдалады. Бойындағы жігерін жаныйды. Асыл қасиеттерін еңбек дейтін арнаға салады. Түрлі бұралаң жолдардан өтіп, дауылды сәттерді бастан өткереді. Ақырында ашық аспанды көріп, өзінің адал еңбегінің арқасында биік белеске шығады. Бұл тағдырдың адам баласына жазған айрықша қасиеті мен қағидаты саналады.

Осы жоғарыдағы ойларды арнайы мысалдадым. Себебі көзі тірісінде халқы қадірлеген Дінмұхаммед Ахметұлы сондай дара тұлға еді. Ел жұрттың алдында қалай өте мәдениеттілік биігінен көрінсе, қарапайым тіршілікте де сол қалпынан танбады. Елді бірінен бірін бөліп жармады. Әрдайым әділетті болуға тырысты. Күндіз-түні халқының қамын жеді. Тәкәппарлық пен менмендікті бұғауда ұстады. Бұны асыра мадақтау деп түсінбеген абзал. Қайта аңыз тұлғаның ел біле бермейтін айрықша қасиеті ретінде есептейміз. Нағыз ірі тұлға болатын. Кішіге ізетті, үлкенге құрметті еді.

Бақытты жанмын

– Сіз қалайша жоғары лауазымды тұлғаның жеке дәрігеріне айналдыңыз?

– Ол уақытта анестезиолог-реаниматолог деген қадірлі мамандық еді. Реанимацияда істедік. Арасында кандидаттық жұмыс жасадық. Содан кейін жоғары категорияға өттік. Сөйтіп жүргенде Димаш Ахметұлының жеке дәрігерлігіне қызметке жіберді. Бұл оқиғаның шежіресі былай болған еді. Бірде Хирургия институты директоры, академик Александр Сызғанов мені шақырды. Ол кісі Димекеңнің жеке дәрігерлігіне мені ұсынғандығын айтты. Жүрегім дір етті. Сөз соңында «институт абыройына кір келтірме» деп батасын берді. Содан кейін сол шақтағы Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановқа бардық. Ол маған өз ісімнің шебері болуымды, қақ-соққа араласпауымды сұрады. Сол кезде медицина ғылымдарының академигі Евгений Чазов маған «сен жәй қатардағы дәрігер емессің, сен врач- реаниматологсың. Егер ол кісі реабилитациядан өтсе, жұмысын жалғастырады,әйтпесе зейнетке шығады»  деген болатын. Осылайша мойныма артылған жүкті сезіндім. Өз жұмысыма жіті назар аудара түстім. Бұрын да ісімді білетінмін. Алайда бұл жолғының жөні бөлек еді. Сөйтіп іске кірісіп кеттік.

Мәселен, сарбаздар автомат қаруын шашып жинаудың қыр-сырын біледі ғой. Біз де дәл сондай жүрекке қай уақытта ем-дом жасап, система құю керектігін игерген болатынбыз. Үлкен кісінің жанында 13 жыл бірге жұмыс істедік. Ал инфаркт 1974 жылдан басталған екен. Тіпті 1987 жылы зейнетке нақты шыққан кезінің өзінде де, қасында жүрдік. Ал мен ол шақтарда 35 жастағы жігіт болатынмын. Содан не керек бір мүшел қызмет атқардық. Ақыр соңында Кеңестер Одағының басшысы Михаил Горбачев «Қазақстанда тоқырау орын алған» деп сынап-мінеуді бастады. Соның нәтижесінде Димекеңді барлық лауазымынан шеттетті. Бірінші басшыға лайықты барша сый-құрметтен айырды. Горбачевтың таққан айбы түгел жалған жала болды. Ешқандай тоқырауға ұшырамадық. Қайта халықтың әл-ауқаты көтерілді. Одақ бойынша санағанда Қазақстанды 13-ден 3-орынға көтереді. Біздің алдымызда тек Ресей мен Украина тұрды. Міне, сондай игі істері қыруар еді. Ол жағы өзінше бір тарих. Осылайша жақын жандарының біріне айналдық десем артық айтпағандық болар.

Рухты қайраткер еді

– Димаш атамыз қызметінен алынған соң, немен айналысты?

– Әлгі әңгімені әрі жалғайын. Сөйтіп, зейнет жасына шыққаннан кейін «Сталиннен Горбачевқа дейін» деген орысша кітабын жазды. Оны аяқтағаннан кейін «Қазақстанда тоқырау болмады. Тоқырау Горбачевтің басында болды» деді. Расында, солай болатын. Онысын сол уақыттарда өмір сүрген біз білеміз ғой. Сол кездері бәрі сынағанда ақын Олжас Сүлейменов сынамады. Қайта қорғап сөйлеп, айрықша істерін батыл түрде нақты айта білді. Дегенмен сол кездегі солақай саясат бірінші басшыға лайықты бар артықшылықтан айырды.  Маған «енді сен қарамайсың, ол кісі жалпы емханаға өзі барады» деп шегеледі. Ал бұл тым асыра сілтеу мен құрметсіздік еді. Ондай жастағы үлкен адам қайтіп емхананың есігін тоздырады. Мұнысы ақылға сыйымсыз болатын. Зейнетке шыққаннан өмірінің соңына шейін ақысыз 7 жыл қарадым. Әрдайым жанынан табылуға тырыстым. Қосымша өзім ауруханада істеп жүрдім. Табысым осы жерден болды. Ал әлгі істерді тегін атқару азаматтық борыш деп есептедім.

– Сондай алмағайып шақта өзіңізге қудалау болған жоқ па? 

– Мені неге қудалауы керек екен?! Біз қарапайым дәрігер болдық. Ешкімнің ала жібін аттамадық. Бәлкім аурухана басшысы немесе қызмет иеленген министр болсам бір жөн. Сондықтан қатардағы врачты тектен текке жазғыру әбестік әрі әділетсіздік болар еді. Бір күні біреу сантехник ретінде келіп, үйді тінтіпті. Оны маған әйелім айтты. Туыстарымды да тексерді. Бірақ баршасы қарапайым қызметте болды. Менен де ештеңе таппады. Ал тапса, теміртордың арғы бетінен бірақ шығаруға алып кетер еді. Дегенмен ондай дәлел, ілік таба алмады. Бұрын бұндайды айтуға жасқанатын кезең еді, қазір айтуға болатын уақыт жетті деп санаймын. Негізі түрлі жағдаяттар бастан өтті ғой. Оның бәрі өзінше бір шежіре.

1993 жылы ол кісі дүниеден өтті.  Содан бері  29 жыл бойы осы бір ғана мекемеде істеудемін. Жалпы аурухананың босағасын аттағалы 48 жыл өтті.

– Сізге өз баласындай қараушы ма еді? 

– Енді мұны дәл солай еді деп кесіп айтпайын. Десе де, зейнеткерлікке шыққаннан кейін қасында көбірек қолғабыс еттік. Сондай сын сағатта босағасын аттамағандар әр түрлі айтып, лепіріп жүр. Мейлі, онысын әркімнің өз іші білер. Ал біз екеуміз көбірек сыр шертісіп қоятынбыз. Сонда «саған ризамын» дейтін. Батасын да алдым. Біздіңше, абыз ақсақалдың бата-тілегінен артық  бақыт жоқ деп білеміз. Соның нәтижесінде 83 жасқа шықтық. Мың тәубе, шүкір дейміз!

 

 Ел ерін ұмытпайды...

– Ерен ерліктерін айтыңызшы?

– Димекең нағыз отаншыл ер еді. Бір кездері Хрущев солтүстіктегі облыстарды Ресейге қоспақшы болды. Оның тарихын білетін боларсыздар. Сол кезде Димаш Ахметұлы қайраткерлік қайсар мінез танытты. Маңғышылақты Түркемстанға бермек болды. Оны да алып қалды. Ең сорақысы, Оңтүстіктегі мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға қоспақшы болды. Оған да қарсылық көрсетті. Сөйтіп тұтастықты сақтауға ықпалын тигізді. Ол жағын ел әлі күнге дейін аңыз қылып айтып келеді. Сол кезде Шымкентте бірінші хатшы Юсупов екен. Ол Хрущевті қолдап шығады. Сөйтіп, жағымпазданғанының арқасында Юсупов Қазақстанды 2 жылдай басқарады. Бірақ істі өндіре алмады. Тірлік тұралады. Ақырында Қонаев өз орнына қайта тағайындалады. Міне, сондай оқиғалар өткен болатын.

– Қызметтен шеттетілген соң жанында санаулы жандар қалды ма? 

– Ол жағы айтпаса да түсінікті нәрсе ғой. Бірақ та өзіне жақын жандар қол үзбеді. Бұрынғыдай топырлаған нөпір болмады. Кейіннен келушілер қатары артты. Ал жалпы жұрт үйіне бармақ түгілі, атын атауға қорқатын жағдайға жетті. Әсіресе, сондай кездерде таеквондошы Мұстафа Өзтүрк, Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров сынды т.б. тұлғалар қатынасып тұрды.

Маған да: «Барма, сені де түрмеге отырғызып қояды», дегендер болды. Ондайға құлақ аспадым. Сонда да бара бердім. Бұл жайында жоғарыда аз-кем айтып өттім.

Мейілінше үйіне таңертең немесе кешке барып жүрдім. Бір жаққа бара қалса, еңбек демалысын алдым. Кей кейде ақысыз демалысқа да шығып жүрдім. Дәлірек айтқанда Шымкент, Жамбылға, қала берді Ташкентке бардық. Зейнетте болса да, халықтың қарсы алуы, қошеметі, оған деген ыстық-ықыласы ерекше-тұғын. Қапал-арасан деген демалыс орнына 5 рет апардым. Таңертең көлікпен шығатынбыз. Жолда үйден алған ас-ауқатымызды тұтынамыз. Жүріп отырып Талдықорғанға жетеміз. Одан 90 шақырым жерде «Шымбұлақ» дейтін су бар, сол арада шәй ішіп Қапалға баратынбыз. Кешкісін әлгі демалыс орнында жұрт жиналып, домбыра, баян тартып, ән шырқайтын. Бәрі жақсы көріп, суретке түсіп қалуға тырысатын. Сондай қошеметке бөленді.

Осы күні түрлі ортада жүреміз. Кімнен сұрасаңда жамандамайды. Оны кәрісі, орысы, ұйғыры, татары, немісі, бәрі-бәрі жақсылығын айтып, еске алатынына куә болып жүрміз.

Димекең көзінің тірісінде де халықтың зор құрмет-қошеметіне бөленген алып тұлға.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Жазып алған

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

"Urker" журналы

 

1290 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз