Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Қараша, 2022

Мода философиясы

Көшеден өзінен екі-үш өлшем кең киім киіп алған жастарды көп көремін. Алға-шында мән берген жоқпын. Бірақ олардың көбейіп кеткені сонша, ойланбасқа болмады. Журналымыздың осы жылғы №5 санында «Қызыл асығың тоңбай ма?» атты материал жарық көрді. Сол мақаладағы «Сәнді біреу ойлап таппайды, ол қоғамда болып жатқан әлеуметтік жағдайлардан туындайды» деген Бибінұр Бәкееваның сөзі қызық көрінді маған. Мақала қоғамдағы қысқа балақты шалбарлардың модаға айналуы туралы болатын. Яғни қысқа балақтар ертеректе тазалық үшін жасалған болса, бүгін сән үшін жасалады. Осы тұста стилист сөзіне «сән әлеуметтік жағдайлардан ғана туындап қоймай, ескілікті мәнсіз қайталайды» деп қоссақ болады ғой? Олай десек, сәннің өзінше ешқандай мәні жоқ. Өйткені әлеуметтік қажеттіліктен туындаған дүниенің бәрі мода емес, қажеттілік деп аталуы тиіс. Мүмкін моданың шын мәні жоқ шығар, өйткені философтар «мода» тақырыбын қозғамайды. Тіпті мода философиясы туралы жазғандардың өзінің көбі философтар емес. Бірақ олай дейін десек, Франция корольдігі жанынан сонау XIV ғасырда мода бөлімі құрылмас еді. Расына келгенде, біз өзімізге қойған сұрақтардың да, оған берген жауаптардың да белгілі бір деңгейде шындығы бар.

Мода турасында үш аксиома:
1.
 Кез келген нәрседе мода болады. 
2. Мода өзгермелі және үздіксіз процесс.
3. Мода – адамның әрекет-терінің немесе ішкі бір қырының көрінісі.

Оның табиғатына келер болсақ:

1. Стандарт. Белгілі бір уақытқа, кезеңге берілген модалық стандарттар. Яғни бір кезеңдерде адам тәніне жабысып тұратын киімдер сәнді болды, қазір – керісінше. Модалық стандартты оның сыртқы көрінісі деп атайды.

2. Өзгермелілігі. Кез келген модаға айналған құрал, киім – кез келген зат күндердің күні модадан шығады. Жалпы сәнге айналу – уақыт пен қоғам векторының тоғысқан тұсындағы құндылықтың көрінісі. Мысалы, елімізде Алаш арыстары бейнеленген киімдер көбейді. Ол біздің жастардың тарихқа, тұлғаларға еліктей бастағанын, оларды ортақ құндылығымыз деп санай бастағанын білдірсе керек. Бірақ бұл «этникалық» басымдықты көрсетудің жолы емес екенін айтып өткеніміз абзал. Мысалы, Қазақстанда Эйнштейннің суреті бар  киім киген немісті немесе еврейді кінәлай алмаймыз ғой. Ал тек қазақ халқының мұндай істері жазаға тартылар болса, онда бұл аумақта қазақ халқының негізгі ұлт екені айқындалған болып, тағы сол этникалық теңсіздікке әкеп соқтырған болар еді. Жалпы, біздің бүгінгі құндылық ұлт ардақтылары екенін, олардың құндылық ретінде тарих сахнасына қайта көтеріліп келе жатқанын айтқым келді. Міне, бұл – мода тудырушы өзгеріс.  

3. Белгі. Жалпы сәнге енген кез келген дүние белгілі бір дүниенің белгісі болады. Екінші тармақтағыдай, бүгінгі жастардың тарихи санасының оянуының белгісі – үстіндегі «тұлғалар» суреттелген киім немесе атақты Qazaq republic брендінің Born Qazaq жазулы киімдері. 

Осы үш дүние қосылып келіп, тұтас мода деп аталатын сөздің түпкі, астыңғы қабатына тартады бізді. Ол – белгінің атрибутикаға айналуы. Яғни адам белгілі бір модаға кіре отырып, бойындағы белгілі бір құндылықтың атрибутын жасайды. Ол эстетикалық құндылық, патриоттық, ұлт-тық немесе басқа-басқа құндылықтар болуы ықтимал. 

Қысқаша мода табиғаты осындай. Осы табиғат арқылы және оған тарихты қоса зерттей отырып, бүгінгі жастардың кең киімдерге аса қызығушылығын зерттеп көрелік. Ол үшін моданың қайталанып келетін өзгермелілігін зерттеуіміз керек. 

Кең киімдер қашан, қай уақыттарда модаға айналған? Былайша келгенде, тұтас әлем киімдері ерте замандарда кең пішіліп тігілетін. Қазақтың шапандары, қыздардың көйлектері бәрі-бәрі Еуропа киімдеріне ұқсас. Ұзын, кең. Тіпті ертеде Еуропаның бақуатты әйелдерінің етегін қырық қыз көтеріп жүретін де болған. Өнертанушылардың айтуынша, кең тігілген киім – оның иесінің әлеуметтік жағдайының айнасы. Яғни адам үстіндегі киімге неғұрлым көп материал (ол заманда аң терілері) жұмсалған болса, соғұрлым ол бақуатты болған. Біздің қазақтың да кең киімдерінің астарында осы тектес мән жатқанына шүбә шоқ. 

Одан кейін Еуропа халқы қатал киімдерге ауыса бастады. Яғни бүгінгі біз классика деп аталатын костюм-шалбарлар мен денеңді тік ұстауға мәжбүрлейтін пальтолар. Ол заманның эстетикасы мүлде бөлек. Әйелдер қауымы да сол уақыттарда ықшам киімдерге ауыса бастаған болатын. Бірақ Ұлы депрессиядан кейін Америка жігіттері кең шалбар-жейделерді жөн көре бастады. Бұл соғыстан кейін Еуропаға да келіп жетті. 1950 жылдар болатын. Нағыз кең киімдер осы кезеңдерге көптеп сәнге енді. Кең киімдердің одан кейінгі дүмпуі 70 жылдарға тура келеді. Ол АҚШ-тағы хипстерлер уақыты еді. Ал біздің қоғамға кең киімдер қашан келді?

Ескі альбомдарды ақтарып отырсақ, кеңес заманындағы ерлердің көбі пальто киіп, классикалық үлгіде жүргені байқалады. Келіншектердің де киім кию үлгісінде қаталдық бар еді. Кейіннен тәуелсіздік ала салған жылдары түскен суреттерден әке-шешелеріміздің түрлі-түсті кең-кең киімдер кигенін аңдаймыз. Күртелер, жемпірлер – бәрі-бәрі кең пішілген. Ол заманғы рекидтер киген плащтар мен терілік (кожак) те бүгінгі жастар киімдерінің кебінде.

Енді осы кең киімдердің мода болған кезеңдерін салғастырып, ортақ бір белгі іздеп көрелік. Арғы Еуропаның кең киімдерінің мәнін айттық. Одан берідегі классикалық кезеңнен кейінгі киімнің кеңеюі Ұлы депрессия аяғына тура келеді дедік. Еуропада – соғыстан кейінгі жылдарға. ТМД елдеріне Кеңес өкіметі құлағаннан кейін келді бұл сән. Барлық жайттарға ортақ бір дүние бар – бостандық деген. Депрессиядан кейінгі, соғыстан кейінгі, рухты буған кеңес билігінен кейінгі бостандық – модаға осылай әсер етті деуге болады. Яғни кең киім – бостандық, еркіндік символы.

Бүгінгі жастар бойындағы кең киімге қызығушылықты да осы сөзбен түсіндіруге бола ма? Болатын секілді. Өйт-кені әлем Ковид вирусының құрсауынан босады. Бір жылға жуық толықтай оқшауланған жастардың бойында еркіндікке құмарлық оянуы ықтимал. Бұл бір себебі болса, ыңғайлылық деген қыры тағы бар. Яғни кез келген қимыл-қозғалысқа икемді. Бүгінгі заман дәл сол кең киімдер секілді кез келген жағдай мен жұмысқа икемделе алатын мамандарды қажет етеді. Мысалы, олар істейтін жұмыстың кеңсесі жоқ. Кафелерде, кофеханаларда жұмысын істей беруіне кең киімдер өте ыңғайлы. Яғни бұл әлемдік брендтің рухани және тәни қыры бар.

«Біз бұл модадан неге кеттік?»

Бүгінде әлеуметтік желі беттерінен классикалық үлгіде, шляпа киген ерлердің, олармен бірге бетіне сәндік шәлісін түсіріп, жеңіл мойынорағышы білегіне оралып, ықшам көйлек киген әйелдердің суреттерін салып: «Біз бұл модадан неге кеттік?» – деген секілді жазбаларды оқып қалам. Оған «қарбалас өмір кінәлі» деп қысқаша жауап берер едім. Иә, жұмысқа үлгеру үшін таң қылаң бере метро мен автобусты ауыстырып мініп, кептелекпен жұмыс орнына жететін адамдардың бұлай киінуге мүмкіндігі шамалы. Оның үстіне асығыс көшеден тамақ іше салуға да ондай киімдер мүмкіндік бермейді.

Джентльмендер киімі

Елімізде үлкен кісілерге орын бермейтін жастар көбейді деп дабыл қағып жатырмыз. Қоғамдық көліктерде бұл қасиет немесе қасиетсіздік байқалып қалып жүр. Бірі оған үлкендердің өздерін, екіншілері жастарды кінәлап әлек. Меніңше, бұл жерде киім модасы кінәлі. Өйткені классикалық киім үлгісі адамды өзіне қатал қарауға үйретеді. Ол киіммен кез келген жерге отыра салмайсың және мұндай киімдер ер адамға сенімділік сыйлайды. Қыздарға да осы сөздердің қатысы бар.

Қоғамдық көліктердегі үлкенге орын бермеу пробле-маның басы ғана. Мен соңғы кездері өзімен қатар қыздарға орын ұсынбайтын жігіттерді көріп жүрмін. Ойлаңызшы, қарапайым джентльмендік этикет жойылып бара жатыр. Оған осы кең киім үлгісін кінәлауға болатын шығар. Осы сәтте бір қызық дерек келтіре кетейін. Кеңес заманында көйлек киген жас қыздардың көбі автобуста орын бос болған күннің өзінде орындыққа отырмайды екен. Жігіттерде де ішінара бұл қасиет болған. Неге? Өйткені көйлек пен классикалық киім қыртысталуға бейім. Ал қыртысы жазылмаған көйлек-пен, шалбармен жүрудің ол замандағы ұяты бөлек болатын.

Қорыта келгенде, мода адамға өзінің ережелерін үйретеді. Кең киім еркіндік пе, яғни кез  келген жерде еркін бол. Ал еркін болу деген – қалыптасқан ережелерге бағынбау. Жастар қарапайым этика нормаларын киімдерінің кесірінен бұзып жатыр деген ойға келеміз. Бірақ сән қоғамдағы белгілі бір құндылықтың белгісі немесе атрибутикасы екенін ескерсек, адамды мода емес, қоғамдық құндылықтардың ауысуы өзгертіп жатыр. Былай келгенде құндылық азшылық арасында ауысып, ол көпшілікке мода болып жетеді.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

1006 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз