Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 23 Қараша, 2022

Шетелде отандық IT өнімді шығаратын айтишник керек

Ақтөбенің тумасымын. Мектепте үздік болдым. 2014 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне оқуға түстім. Бәрі сол жылы қысқы семестр аяқталып, үйге қайтар жолда басталды. Пойызда оқуға «Богатый папа, бедный папа» кітабын алдым. Автор «Мектепте үздік болғандар өмірде жолы болмайды, ал үшпен оқығандар жетістікке көп жетеді» деген статистикалық деректерді аргумент еткен. «Сонда мен өмірде жетістікке жете алмаймын ба? Жоқ, мүмкін емес. Мен де үшпен оқитындарда болатын уақыт үнемдеу, көмек сұрау, жеңіл қабылдау қасиеттерін игеруім керек» дедім. Шынымен де, кітап менің тезірек әрекетке көшуіме себепші болды. Содан, оқып жүріп-ақ, стартап жобалардың  тұсаукесеріне барып жүрдім. Алғаш рет 3-курста команда құрамында болып, «Techation-2015» стартаптар конкурсында бақ сынадым. Әлемнің 17 елінен 336 жоба қатысқан байқауда біздің стартап жоба ең үздік болды. «Techgarden-2015» технологиялық фестиваліне қатыстым. Ал 2016 жылы, яғни 4-курста Америкадағы GOOGLE бас штатында болдым.

Қазіргі кезде ІТ саласындағы ең үлкен жетістігіміздің бірі – Aqyl battle бағдарламасы. Карантинде әлеуметтік желі және ғаламтор ойындарын қолданушылар саны артты. «Aqyl battle» идеясы сол кезде келді. Жоба – командамен бірге шығарған өнім. Көп айта беруге болады, бірақ онсыз да Инстаграмда танымал блогерлерден біліп, қолданып жүргендер көп шығар. 

IT маманы боламын деушілер ескеретін бір жайт –  коммуникация. Кез келген жанмен коммуникация орната білуге тырысыңыз. Бір блогермен қандай да бір сәтке келісімшарт жасастыңыз делік. Уақыт біткен соң, мүлдем хабарласпай кетпеңіз. Керісінше, сол аралықта блогерге керек екеніңізді көрсетуге тырысыңыз. Мәселен, Aqyl battle жайлы Dauletten парақшасынан көріп жүрсіздер. Ал Дәулеттің бірнеше онлайн сабағы бар. Ол сабақтардың әрқайсына платформа, сайт, мобильді қолданба керек. Иә, карантин уақытында тек Дәулет емес, Айнұр Тұрсынбаева, Балқия Балтабай сияқты рейтингте №1 болған блогерлердің курстарына платформа дайындаумен айналыстым. Түйін: фрилансер болып та IT маманы табыс таба алады. Ақыл айтуды ұнатпаймын, бірақ маман ретінде кеңестерімді ұсынғаным жөн болар. 

Университет – network 

Кейбір студенттер «Стив Джобс Гарвардты тастап кеткен, сонда да бай болды, қолынан келді» деп жатады. Бірақ барлық жағдайда оны мысал ете беруге болмайды. Болашақ әріптестеріңмен оқудың өзі сәттілік. Мысалы, мен университетте серіктес таптым. Менде жоқ қабілеттер досымда бар. Шеберлік сабақтары, жобалар, кездесулерден қалмаған жөн. Мұндай басқосуларда кейбір құпиялар ашылып жатады. Мысалы, жақында Астанада ІТ саласы мамандарының кездесуі өтті. Көптеген жаңа жоба таныстырылды. Өзім таңғалдым. Біз IT саласы бойынша әлемде алғашқы отыздыққа кіреміз. Шетелдіктер біздегі цифрлық қызметтерге таңғалып жүр. Меніңше, бізге шетелде тәжірибе жасайтын айтишник жетпей тұр. Ол қалай? Мәселен, Геннадий Головкин шетелде күрескеннен кейін, кәсіпқой бокстағы спортшылар әуесқой боксқа кете бастады. «Демек, біз де Америкада күресе аламыз» деді. Сол сияқты шетелде отандық өнімді сынап көретін IT маманы керек.

Өзіңді тапқанда жетістікке жетесің 

Студенттік өмірдің өте шыққаны байқалмай қалады. Бұл уақытта университеттегі теориялық біліммен шектелмеңіз. ІТ бағыттары көп. 
Таңдау жасау керек. «IOS па, Android па?», «Стартап па, IT компания ма?». Дұрыс таңдау жасау үшін өзіңді тап. Өзіңді табу өзіңді іздеуден басталады. Өзіңді іздеу барлығымен айналысып көру деген сөз. Не ұнайды? Нені қалайсың? Мүмкін бағдарламалау сенің жолың емес шығар. Студент кезіңде өзіңді аяма. Beam. kz, headhunter сайттарында өзіңнің ыңғайыңа келген жұмыс орнын жіберіп алма. Тым болмаса стажёр боласың. Бірнеше айдан кейін сені жұмысқа қабылдайды немесе ол сенікі емес екенін білесің. Студентке ондаған жерде бақ сынап көру айып емес. Оның үстіне, студент екенің ескеріледі. Қателессең де ештеңе етпейді. Тек әрекет етпеген адам ғана қателеспейді.

Soft және Hard қабілеттеріңді бірдей дамыт

Қоғамда айтишниктер таңнан кешке дейін компью-терден көз алмай отырады деген қате түсінік бар. Код жазу, бағдарламаның ішкі интерфейстерін істеу білімді, яғни hard қабілеттерді қажет етеді. Алайда бағдарламаға дизайн керек, қолданушы көңілінен шығарлықтай мүмкіндіктер керек. Оның бәрі бір программист үшін қиын. Сондықтан IT-дағы өзге мамандармен байланыс орната білу керек. Бұл – soft қабілеттер. Мәселен, ІТ саласынан хабарыңыз бар. Сонымен бірге, адамдармен жақсы қарым-қатынас орната аласыз. Қорықпай, IT компанияларға түйіндеме жіберіп көрсеңіз болады. Себебі софт қабілеті бар жандар керек. Мысалы, бізге код жаза алмайтын жігіт келді. Байқасам, телефонмен жақсы сөйлеседі, орынды әзіл айтады. Бірден менеджер ретінде жұмысқа алдым. Сондықтан жан-жақты болған дұрыс. Басында бәрі қиын, бірақ үздіксіз тәжірибе жетістікке апарады.

Жазира БЕКБОЛАТОВА,
ХАТУ-дың студенті.

«Ұлан» газеті

834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз