Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 23 Қараша, 2022

Инклюзивті мәдениетке ие қоғам қалыптастыру қажет

Әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінде инклюзивті білім беру жалпы білім беру жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде есептеледі. Себебі дамыған халықаралық қауымдастықта инклюзивті білім беру әрбір адамның қандай да бір кемсітушіліксіз білім алу құқығын іске асырудың маңызды құралы ретінде әлдеқашан мойындалған. Біздің еліміз де аталмыш ұстанымды қолдайды. Мұны әрбір баланың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етудің білім беру саласын дамытудағы басты міндет болып есептелетіндігі айғақтай түседі. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деп атап өтті [1]. 

Инклюзивті білім берудің басты аспектілерінің бірі болып есептелетін инклюзивті саясаттың соңғы жылдары елімізде қарқынды түрде дамып келе жатқандығын да байқауымызға болады. Атап айтар болсақ, бірқатар құжаттар ратификацияланды, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен әртүрлі деңгейлерде талқылаулар іске асуда.

2021 жылдың 26 маусымында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Оның негізінде білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі реттеледі. Құжат сондай-ақ білім беру ұйымы басшыларына мүгедектігі бар балаларды білім беру ұйымдарына  оқуға қабылдауды бұзғаны үшін немесе білім үшін арнаулы жағдайлар жасамағаны үшін жауапкершілік жүктейді [2]. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, әлемдегі әлеуметтік тұрғыдан осал балалардың жергілікті мектептерде қолжетімді білім алуын қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесі мен білім беру саласында жұмыс істейтін барлық адамның құндылықтары мен принциптерін түбегейлі өзгерту қажет Сонымен қатар инклюзивті білім беруге қатысты жоғары экономикалық дәлелдерді де атап өту қажет. Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру жақсы инвестиция болып есептеледі. Дүниежүзілік банк баяндамасына сәйкес (2005 ж.), бұл әлеуметтік қажеттіліктерге шығындарды азайтуға және адамның мемлекетке тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. ЮНЕСКО-ның 2009 жылғы зерттеуі көрсеткендей, Еуропа мен Орталық Азиядағы тұрғындардың еңбекке қабілетсіздігінен келетін шығын жалпы әлемдік ЖІӨ-нің 35%-ынан кем емес. Сонымен қатар инклюзивті білім беру отбасы мүшелерін күтім көрсетуден босатып, өндірістік қызметтің өзге түрлерімен айналысуға немесе өз ісіне уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Жалпы халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, инклюзивті білім берудің барлық бала үшін пайдасы зор. Себебі ол мектептегі білім беруді жоспарлау мен іске асыру әдістеріне маңызды өзгерістер енгізеді, адам құқығын қамтамасыз ету құралы ретінде қызмет етеді және қоғам мен білім беру саласында демократия мен дербестендіру процестеріне үлес қосады.

Қазақстанда берілген бағдарды ұстана отырып  және әлемдік және отандық тәжірибені ескеріп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында инклюзивті білім беру мәселелеріне көп көңіл бөлінді, ондай маңызды міндеттердің бірі ретінде барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау болып айқындалған [3].  Аталған міндеттерді шешу үшін инклюзивті саясатты әзірлеу, инклюзивті мәдениетті құру, инклюзивті практиканы дамыту мәселелеріне қатысты мәселелер кешенін зерттеу қажет. Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы негізінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Инклюзивті білім беру орталығы қызметкерлерімен Қазақстанның орта білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру жағдайына зерттеу жүргізілді.Зерттеудің әдіснамасы мен құралдарын әзірлеу үшін ҚР БҒМ Ақпараттық-талдау орталығының «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру мониторингінің бірыңғай шеңбері» материалдары[4] мен инклюзивті білім беруді дамыту бойынша отандық практиканы зерделеу, сонымен қатар инклюзия индексін әзірлеу бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу негіз болды. Зерттеудің сәйкестілігін және сенімділігін жоғарылату мақсатында әдіснама мен құралдарды әзірлеуде триангуляция әдісі – сандық және сапалық әдістерді қатар пайдаланып, нәтижесінде екі әдіснаманың да артықшылықтарының бірігуіне алып келетін әдіс негізге алынды.

Қазақстанның орта білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім берудің жағдайын зерттеу еліміздің орта білім беру ұйымдарындағы инклюзивтілік қағидаттарын іске асыруда қол жеткізілген процестерге баға беруді қамтиды. Зерттеу нәтижелерін ескере отырып, алынған деректерді талдау нәтижелері бойынша қазіргі заманғы қазақстандық мектепте инклюзивті білім беру ортасын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды.

Зерттеудің мақсатты аудиториясын республикалық маңызы бар 14 облыс пен 3 қаладан педагогтер, ата-аналар, ПМПК және ППТК мамандары қатарынан барлығы 70 720 респондент құрады.

Мектептер бөлінісінде 17 өңірден барлығы 701 мектеп (оның ішінде қазақ, орыс және басқа тілде оқытатын қалалық және ауылдық мектептер) қатысты. Осылайша, сауалнамаға мектептердің жалпы санының 10%-ы қатысты. Зерттеудің мақсатты топтары ретінде әртүрлі білім беру ұйымдарының: жалпы білім беретін мектептер, жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер, гимназиялар, лицейлер, сондай-ақ арнайы, халықаралық мектептердің педагогтері қатысты.

Меншік нысаны бойынша мемлекеттік және жеке білім беру ұйымдары қамтылды. Сондай-ақ бастауыш, орта және жоғары сынып педагогтері, мамандар мен мектеп әкімшілігі секілді лауазым өкілдері қамтылды.

Деректерді ақпараттық жинау әдіснамалық тұрғыда құрылымдалған сауалнама бойынша респонденттерге онлайн-сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылды.Зерттеу құралдарын пысықтау үшін Ақмола облысының білім басқармасы қолдауымен 5 мектепте (педагогтер мен ата-аналар), ПМПК және ППТК-да апробация жүргізілді.

Апробациядан алынған нәтижелерге және сәйкесінше анализге сәйкес зерттеу құралдарына және зерттеуді үйлестіру бойынша ұйымдастыру мәселелеріне түзетулер енгізілді.

Нәтижелер. Халықаралық практикаға сәйкес инклюзивті білім беру үш аспектіде қарастырылады. Сондықтан зерттеу жұмыстары инклюзивті мәдениетті құру, инклюзивті саясатты дамыту, инклюзивті практиканы дамыту сияқты үш аспект бойынша жүргізілді.

Мектепте инклюзивті білім беру мәдениетін құру мектеп социумына ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды қосу табыстылығының маңызды шарттарының бірі болып табылады. Тиімді жұмыстың міндетті шарты – білім беру ұйымдарының психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік,медициналық қызметтерінің өзара байланысы мен үйлесімді жұмысы. Ерекше білім беруді қажет ететін баланы тәрбиелеп отырған отбасыны білікті, кәсіби қолдау баланың тұлғалық дамуында әртүрлі қиындықтарды еңсеруге, өзіндік мүмкіндіктер мен қабілеттерді түсінуге көмектеседі.

«Ата-аналар мектептің оқыту мен тәрбиелеу процесіне толығымен тартылған деп ойлайсыз ба?» сұрағына қатысты ата-аналардың жауаптары мектеп ортасында инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға қатысты табыстылық кілті – отбасы мен мектептің өзара серіктестігіне негізделеді деген тұжырымды растай түседі. Қазіргі заманғы қазақстандық мектеп әкімшілігі мен педагогтері инклюзивті ортаның орын, сынып кабинеті, ресурс еместігін,білім алушыларға өз даралығын дамытуға мүмкіндік беретін білім беру процесі идеясын қабылдау екендігін анық білуі тиіс.

Жалпы, инклюзивті мәдениет индикаторларын іске асыру мәселесі бой-ынша нормативтік құқықтық құжаттар мен жиналған материалдарды талдау

Қазақстанда инклюзивті білім беруді енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, бірақ жүйелі және кешенді түрде жүргізілмейтінін көрсетті. Еліміздің ортабілім беру саласындағы негізгі заңнамада мектептегі инклюзивті мәдениет индикаторлары тікелей көрсетілмеген, заңға тәуелді актілерде барлық қажетті штат бірліктері және олардың инклюзивті ортаны құрудағы функционалдық міндеттері айқын жазылмаған.

Инклюзивті саясатты әзірлеу де ерекше білім беруді қажет ететін балаларды табысты оқытудың басты шарттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының саясаты барлық азаматтардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәртебесіне қарамастан тең дәрежеде сапалы білім алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы жылдары елімізде инклюзивті саясат қарқынды дамып келеді, бірқатар құжат ратификацияланды, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Әрине, бұл құжаттардың барлығы еліміздің барлық балаларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін маңызды мәнге ие. Бірақ, шешуді талап ететін кейбір мәселелер де жоқ емес. Ұлттық білім беру деректер қоры мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған ЖАО-ға ведомстволық бағынысты күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің үлесі 2018 жылғы 60%-дан 2020 жылы 75%-ға дейін, яғни

15%-ға ұлғайғанын көруге болады.  Сонымен қатар инклюзивті білім берумен қамтылған ерекше білім беруді қажет ететін, оның ішінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың үлесі өңірлер бөлінісінде айтарлықтай ерекшеленетінін байқауға болады, бұл ретте тек кейбір өңірлердің көрсеткіштері жағдай жасаған мектептер үлесінің және инклюзивті білім берумен қамтылған балалар үлесінің көрсеткіштері бойынша салыстырмалы түрде жақын.

Мұндай жағдайдың ең ықтимал себебі – білім беру ұйымдарының ҰБДҚ деректерін толтыру кезіндегі нақты критерийлердің болмауы. Осыған байланысты инклюзивті білім беру индикаторларына сәйкес бірқатар критерийлерді нақтылау қажет екені анық.

Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті саясат пен инклюзивті мәдениет негізінде инклюзивті практиканы дамыту қажет. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру процесіне қосу процесін инклюзивті педагогиканың негізгі принциптерін терең түсінбей және сақтамай тиімді іске асыру мүмкін емес.

   Білім берудің инклюзивті тәжірибесін дамыту үшін бірден іске аспайтын жүйелі құрылымдық өзгерістер қажет.

Бірақ олардың ішіндегі ең күрделісі – педагогтің психологиясынан бастап (ең қиыны) экономикалық және қаржылық негіздерге дейінгі бүкіл жүйенің жұмыс істеуі үшін адамдардың кәсіби ойлауы мен санасындағы өзгерістер.

«Сыныбыңыздағы кейбір білім алушылардың оқытудағы қиындықтарының себептерін анықтау үшін кәсіби біліктіліктеріңіз жеткілікті ме?» деген сұрақ бойынша 69% респондент «иә, жеткілікті» деп жауап берсе, 25% «жартылай, себебі қосымша қолдауға мұқтажбын» деп жауап берді. Респонденттердің 6%-ы оқытудағы қиындықтарының себептерін анықтау үшін кәсіби біліктіліктері жеткіліксіз екендіктерін білдірді.

Қазақстанда әлемнің дамыған өзге елдері секілді мемлекеттің білім беруді дамыту саласындағы маңызды міндеті – әрбір баланың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Бірінші кезекте, педагогтер барлық білім алушыларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік міндет балалардың ешқайсысын жоққа шығармайтынын түсініп, қабылдауы қажет. Инклюзивті білім беру барлық балалардың жеке мүмкіндіктерін кеңейте түседі, адамгершілікке, төзімділікке баулиды, құрдастарына көмектесуге дайын болуға көмектеседі. Мектептегі инклюзия қоғамдағы инклюзияның көрсеткіші болып табылады. Сол себепті инклюзивті білім беру балалардың әртүрлілігін қабылдаудан, балалармен жұмыс істеуге, олардың ерекше қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін анықтауға дайындықтан, олардың отбасыларымен жеке білім беру маршрутын құрудан, мұндайда баланың толыққанды әлеуметтік кірігуі үшін қажетті мамандар мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан сыртқы қолдауды қамтамасыз етуден басталуы тиіс. Барлық педагогикалық қауымдастық,білім беру жүйесі, ата-аналар жас ұрпақ тығыз байланыста дамитын мәдени құнарлы қабатты құруы тиіс. Мектептегі инклюзивті мәдениетті дамыта келе барлығына бірдей жоғары инклюзивті мәдениетке ие қоғамды қалыптастыруға талпыну қажет.

Л.БУТАБАЕВА,

С.ИСМАҒҰЛОВА,

Г.НОҒАЙБАЕВА,

М.ТЕМІРБАЕВА,

А.ЖҮСІП

Ы. Алтынсарин атындағы

Ұлттық білім академиясы

 

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Тоқаев Қ.-Ж. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі».  2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы.

2.«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 26 маусымдағы No 56-VII ҚРЗ. URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2100000056

3.«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» ҚР Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы No 636 Жарлығы.

4. Рамка мониторинга инклюзивного образования в Республике Казахстан. МОН РК АО «Информационно-аналитический центр», 2017.

5.«ҚР білім беру жүйесінің статистикасы» Ұлттық жинақ – «Ақпараттық - талдау орталығы» АҚ: Нұр-Сұлтан, 2021. – 313 б.

2180 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз