Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 24 Қараша, 2022

Бақытгүл ҚАЛАУБАЙҚЫЗЫ: СҮЙЕК, БУЫН АУРУЫ ЖАСАРЫП КЕЛЕДІ

Ревматизм – аса қауіпті сырқаттар қатарына жатады. Әлеуметтік маңызы жөнінен, тіпті, дамыған мемлекеттерде бұл басымдыққа ие болып отыр. Обыр, жүрек-қан тамырлары және қант диабеті сырқатынан кейін төртінші орында ревматизм тұр. Міне, осындай күрделі ауруды емдеумен ширек ғасырдан астам уақыттан бері айналысып келе жатқан Алматы қаласындағы Орталық клиникалық емхананың 3-терапия бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-терапевт, жоғары санатты ревматолог Бақытгүл Қалаубайқызы Орынбасаровамен  сұхбаттасқан едік.

– Бақытгүл Қалаубайқызы бөлім­шеде қанша орын бар, оның қаншасы рев­матологиялық емдеу төсегіне арналған?

– Бөлімшемізде 18 орын бар, оның 8-і ревматологиялық арнайы емдеу төсегі. Қалғаны өзге де пациенттерге арналған. Бізге қаралатын науқастардың көбі 70-90 жас аралығындағы азаматтар болып келеді. Оның үстіне осы емханаға арнайы бекітілген сүт бетіндегі қаймақтары дейтіндей тұлғалар ем алады. Оны біздің медициналық тілде герантологиялық жастағы науқастар дейді. Сондықтан науқастардың көңілін табу, ауруын емдеу оңай емес.

– Оның үстіне біздің елде дәл қазіргі таңда ревматолог дәрігерлер де тапшы ғой...

– Иә, ондай мәселе бар. Бұл жөнінде еліміздің бас ревматологы жақында ревматологтардың конгресінде айтып, ел үкіметі бұған назар аударуын, Алматы мен Астана және аймақтардағы медициналық жоғары оқу орындарында ревматолог мамандығына көбірек гранттар бөлуді ұсынды. Бұл мәселе болашақта шешімін табуы тиіс. Өйткені ковид індеті таралғалы бері ревматологиялық аурудың да түрлері көбейіп кетті. Сүйек, буын ауруларымен жастар да ауыратын болып жатыр. Қазіргі таңда Алматының өзінде ревматолог дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан да арнайы квотамен аймақтардан да ревматологиялық аурумен ауырған науқастар келіп қаралады.

– Ауруды дұрыс емдеу үшін, алдымен диагнозын жедел таба білу қажет қой. Осы диагнозды анықтау, емдеу шараларын жүргізу қалай жүзеге асуда?

– Дұрыс айтасыз, науқастарды емдеу ісінде, алдымен диагнозын дәл табу аса маңызды. Қазіргі таңда жалпы еліміздің медицинасында жаңа құрылғылар көбейіп жатыр. Біздің емханада да кешенді зерттеу жүргізетін зертханаларымыз бар. Соның нәтижесінде, диагноз қоюда ревматологиялық ауруларды бастапқы сатысында анықтауға қол жеткіздік. Ревматологиялық ауруларды емдейтін жаңа дәрілердің түрлері де көбейді. Осыдан үш жыл бұрын ревматологиялық аурулар 30-40 пайыз болса, қазір 60 пайызға дейін ұлғайды. Бөлімшеде әртүрлі терапиялық аурулардан басқа жүйелік ревматологиялық ауруларға диагностика мен емдеу жүргізіледі. Иммундық жүйе кемістіктерін анықтауға мүмкіндік беретін ПЦТ және иммуннодиагностика, аутоиммундық үдерістерді диаг­ностикалау үшін аутоантиденелерді анықтау жүргізіледі. Емдеуде медикоментозды әдістерден басқа физио-емшаралар кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, лазеротерапия, электрофорездер, озокеритті және балшық аппликациялары, асқынуға қарсы және тыныштандыратын ванналар, массаж және емдік дене шынықтыру. Бөлімше 1-қабатта орналасқан, оның құрамында барлық керек-жарағы бар, 1-2-3 кісілік жабдықталған 11 палата бар. Мұнда белгіленген диеталарды ескере отырып, түрлі тағамдар беріледі.

– Жоғарыда дәрілердің түрлері кө­бейді дедіңіз, оның ішінде отандық дәрнің үлесі көп пе, әлде шетелдік дәрілер ме?

– Дәрілер арасында отандық та, шетелдік те бар. Мәселен, гена­инженерлік биологиялық препарат дейміз. Оны Қарағандыдағы фармзаводында өндіреді. Оны Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тегін дәрілер тізбесімен науқастарымыз тегін алып жатыр. Осындай жан-жақты мүмкіндіктердің нәтижесінде, ревматологиялық науқастардың өмір сүру көрсеткіші де жақсарды. Бұрын олардың өмір сүру ұзақтығын 5-6 жыл дейтін болса, қазіргі таңда олар өздерінің жұмыс қабілетін түсірмей, қоғамның толық мүшесі ретінде емін ала жүріп, еркін өмір сүре алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

ӨМІРДЕРЕК

Бақытгүл Қалаубайқызы 1982-1988 жылдары С.Асфендияров атындағы медицина институтында оқыған. Институтты аяқтаған соң сол кездегі институттан бөлу тәртібімен Өскемен облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып, бір жыл қызымет істейді. Содан соң Өскемендегі №2 емханаға дәрігер болып орналасады. Онда бір жыл қызмет жасағаннан кейін Мәскеудегі Сеченов атындағы медицина академиясының клиникалық  орденетурасына мамандығын жетілдіру үшін оқуға түсіп, сонда екі жыл оқыған. Одан соң Өскемен қаласына қайтадан оралып, бір жыл №2 емханаға қызмет істеген. Алматыға келіп, 1995 жылы №2 емханада ревматология бөлімінің меңгерушісі болып орналасады. 1999 жылы №2 емхананың жабылуына байланысты №12 орталық клиникалық емхана қарамағындағы дәрігер, медсестралар құрамымен толықтай ауысады. Сол емханада 10 жыл жемісті қызмет атқарады. 2009 жылдан бастап, Орталық клиникалық емхананың шақыртуымен 3-терапия бөлімінің меңгерушісі болып істейді.

Сұхбаттасқан

Нұрболат  АБАЙҰЛЫ

910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз