Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қараша, 2022

60 мың сөзді қамтыған сөздік

«Ұлттық аударма бюросы» Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен 60 мың сөз қамтыған, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және  ағылшынша-қазақша ОКСФОРД сөздігінің тұңғыш басылымын дайындады. Бұл туралы  «Bilim Media Group» компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы мәлім етті. 

Әлемге танымал «Oxford University Press» бас­пасы екітілді «OXFORD QAZAQ DICTIONARY» сөздігін басып шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал «OXFORD ENGLISH DICTIONARY» сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды.

Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысты. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өтті.

Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда салаларындағы жаңалықтар ескерілді. ­Сондай-ақ сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді.

Сонымен бірге осы сөздік негізінде қазақ тілі «Oxford Global Languages» платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Ол туралы кеңінен қосымша хабарлаймыз.

Қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосатын бұл сөздік ана тілімізді қолдау және заманға сай дамыту жолындағы үлкен қадам деп білеміз.Сөздік кең көлемде басылып, еліміздің оқу орындары мен кітапханаларына таратылады.

Еркін ҚАЛДАН

757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз