Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 24 Қараша, 2022

Құсбегілік федерациясы ресми түрде Ұлттық спорт қауымдастығына қосылды

Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық спортты жандандыру бағытындағы шаралар легі жалғасуда. Бүгін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Қазақстандық құсбегілік федерациясы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Меморандумға сәйкес, Құсбегілік федерациясы ресми түрде біздің Қауымдастықтың құрамына қосылды. 
Құсбегілік – ерте заманнан халқымыздың тұрмыс салтымен біте қайнасқан саятшылық өнер. Ата-бабадан мирас боп жеткен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау –  бізге жүктелген үлкен жауапкершілік, қасиетті парыз, – деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Сондай-ақ ол құсбегілік өнерді кәсіби тұрғыда дамытып, халықаралық жарыстарда ұлттық спорт ретінде танытуға күш салатынын айтты.

Бүгінгі басқосу аясында Федерация басшысы Берік Уәли мырзамен құсбегілік өнердің жай-күйін талқылап, төл өнерімізді дамытудағы нақты шаралар жоспарын жасадық. Биыл осы бағытта 7 спорттық шара өтсе, келесі жылы оның санын екі есе көбейтеміз. Құсбегілік өнерді кәсіби тұрғыда дамытып, халықаралық жарыстарда ұлттық спорт ретінде танытуға күш саламыз. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортымыздың жаңғыруын айрықша назарда ұстап отыр. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы осы тұста бірқатар жұмыстарға мұрындық болып келеді. Қазан айында Жаңаөзен қаласында садақ ату бойынша ел чемпионаты өтті. Осы күндері Ақтөбе қаласында Қауымдастық қолдауымен тоғызқұмалақ бойынша VI Әлем чемпионаты өтуде. Оған 15-тен астам елден келген 80 спортшы қатысып жатыр. Ұлттық болмысымызды жаңғырту ісіндегі жұмысымыз жемісті болып, игі шаралар легі арта береді деп сенемін, – деді Исламбек Салжанов.

 

87 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *