Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 24 Қараша, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде

Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсіп жатыр, - деп хабарлайды Ақорда.

Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер
Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдағы маңызды міндеттерін атқаруда табыс, ал Қазақстан халқына бейбітшілік, еркіндік және бақ-береке тіледі.

– Қазақстан халқының игілігі үшін қолға алған Сіздің реформаларыңыз бен жаңғыру үдерісі жаңа өкілеттік мерзіміңізде жалғасады деп сенемін. Бұл ретте Германия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді, – деп жазылған жеделхатта.

Италия Президенті Серджио Маттарелла өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа толағай табыс тілеп, Қазақстан мен   Италияны екіжақты тығыз қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

– Италия заң үстемдігін нығайтуға және елді жаңғыртуға бағытталған маңызды реформалардың жүзеге асырылу барысын бақылап отыр. Қазақстан және Орталық Азия өңірі үшін тұрақтылық пен дамудың жаршысы болатын бұл үдеріс Еуропалық Одақпен қатынастардың нығаюына байланысты да зор мәнге ие, – деп жазды Серджио Маттарелла.

Сербия Президенті Александр Вучич өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсетілген үлкен сенім елдің даму және өркендеу бағытын жалғастыруға тың серпін беретінін атап өткен.

– Сербия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді. Сондықтан Сіз жаңа президенттік лауазымда біздің елге сапармен келесіз деген үміттемін. Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарды және Сербия мен Қазақстан арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосар еді, – деп жазды Александр Вучич.

Чехия Президенті Милош Земан өзінің құттықтау жеделхатында сайлау Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі берік бағдарын растады және азаматтардың оған сенімі жоғары екенін көрсетті деп атап өтті.

– Мен Сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Чехия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастың жылдар бойы достық сипатқа негізделгеніне қуаныштымын. Екіжақты ынтымақтастық тек экономикалық салада ғана емес, басқа да көптеген бағытта табысты дамып келеді, – деп жазды Чехия Президенті.

Фото: t.me/bort_01

410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз