Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 25 Қараша, 2022

Шетелде білім алу: абитуриент нені білуге тиіс?

Қазір қай елде оқимын десең де, шектеу жоқ. Бар болғаны арманыңдағы елдің оқыту жүйесіне сай құжат тапсырып, кезең-кезеңнен тұратын байқау сынағынан өту жеткілікті. 100% грант иеленудің мүмкіндігі көп-ақ. Ол үшін армандаудан басқа тағы не істеу керек, қандай қадамдарға бел буып, нендей сынақтан өту қажет?

Университет пен елді дұрыс таңдау.Барлығымыз білетіндей, еліміздің жастары әлемнің әр түкпірінде тегін білім алып жатыр. Мұның бар-лығы – дұрыс таңдаудың нәтижесі. Шетелдік көптеген оқу орнында шетелдік студенттерге тегін оқуға жеңілдіктер мен мүмкіндіктер қарастырылған. Жат елде білім алу үшін демеуші болатын компания табумен қатар, бағдарламалар арқылы бақ сынап көрсеңіз болады. Мысалы, барлығымызға белгілі «Болашақ» бағдарламасы. Білім алуыңызға кететін шығынды өтейтін бұл бағдарлама ағылшын тілін білу деңгейіңізді растап, университет сұратқан құжаттарды тапсыруды талап етеді. АҚШ, Еуропа немесе Азия елдерінде грантпен оқимын десеңіз, базалық тіл деңгейін үйрену керек.

Мектеп өміріндегі белсенділік. Иә, дұрыс оқыдыңыз, сіз жинап жүрген мақтау қағаздары, кубоктар немесе алғыс хаттар осы тұста өте үлкен рөл ойнайды. Себебі, Еуропа елдері әр бағытта белсенділік танытатын жастарды ұнатады. Бір жағынан өзіңізбен таныстыру кезінде де, байқау сарапшыларымен дұрыс әңгіме өрбіту үшін де ең қажет заттың бірі. Бір қуантарлығы, жетістіктеріңіз қай саладан болса да жарай береді. Тек спорттан немесе өнер саласынан деген секілді шектеу жоқ. Сондықтан түрлі іс-шаралар, жарыстар мен олимпиадаларға қатысудан бас тартпаңыз.

Өзге ұлттың өмір салты мен менталитетіне қызығу. Барлығымыз білетіндей, әр халық өзінше ерекше және өзіне тән айрықша белгілері болады. Егер білім аламын деп таңдаған еліңіз бізден қатты ерекшеленетін болса, алдын ала оқып-біліп, барғаннан кейін тез сіңіп кетуге тырысыңыз. Қанша дегенмен жаңа ортада жаңа тұлға болып қалыптасқалы отырсыз. Көптің назары сізде болатыны анық. Жаңа достарыңызбен ортақ әңгіме айтып, ортақ тақырып табу үшін сол елдің тұрмыс-тіршілігімен танысып алу артық болмайды. Бала кезіңізден өзге елдің салт-дәстүрі мен мәдениетіне қызығатын болсаңыз, жаңа ортаға үйренісу де оңай жүреді. Ал енді біздің ел жастары көп таңдайтын, білім грантын ұтып алу аса қиынға соқпайтын елдер туралы айтып көрсек. Қай елдерде тегін білім алуға болады?

Германия

Бұл елде білім алу неміс тілін жетік меңгерген жастарға тегін. Тек семестр басында 100–300 еуро көлемінде жарна төлеу қажет. Білім бағдарламаларындағы айырмашылықты жою үшін Studienkolleg  колледжіне түсуіңіз қажет болады. Колледжге қабылданбастан бұрын жергілікті тілді үйрену курсына қатысып, тест тапсырасыз. 
Кейін мынадай ретпен құжаттар тапсырып оқу орнына қабылданасыз:
1. TestDaF тестін өткеніңізді және тіл білу деңгейіңіз TDN 3-тен төмен емес екенін растайтын сертификат.
2. Мотивациялық хат.
3. Жақсы нәтиже көрсетілген қабылдау емтихандары.
4. Жеке басыңызды растайтын құжаттар. 
Колледждегі екінші семестрден соң, құжаттарыңызды мемлекеттік жоғары оқу орындарына тапсыра берсеңіз болады. Кейін, университетке қабылданған соң, ары қарай білім және жүріс-тұрысыңызға айына шамамен 700–920 еуро көлемінде қаражат кетеді. Бұл көрсеткіш қазақстандықтар үшін төмендеу.

Австрия

Еуропалық Одақ елдерінен келген студенттер TestDaF, ÖSD немесе GOETHE көмегімен неміс тілін білетінін растайтын болса, басқа шетелдік студенттер неміс тілін үйрену үшін семестр басында 400–1000 еуро көлемінде жарна төлеуі қажет болады. Оқуға қабылдану үшін мынадай құжат түрлерін жинап, көрсету керек:
1. С1 тілдік деңгейін растайтын сертификат.
2. Төлқұжат.
3. Неміс тіліне аударылған және нострификацияланған мектеп аттестаты және тағы да басқа құжаттар.  
Бұл елде білім алу үшін айына 720–1200 еуро көлемінде қаражат шығаруға дайын болыңыз.

Норвегия

Таңдауы осы елге түскен жастар норвег және ағылшын тілін В2 деңгейінде білуі керек. Тіл білмесеңіз, екі семестріңізді тіл үйрену курстарында өткізесіз. Сонымен қатар, әрбір семестрде алынатын емтихандар үшін 40–80 еуро көлемінде жарна төлеуге міндетті боласыз. Оқуға түсу үшін қажетті құжаттар:
1. Екі тілді білетініңізді растайтын сертификат.
2. Кәмелет жасына толғаныңызды және бір жыл көлемінде тілдік дайындық курстарын өткеніңізді растайтын құжаттар. 
3. Мотивациялық хат.
Қуанышыңызға орай, университетке қабылдау емтихандары болмайды, бірақ көзге түскен оқушыларды бірден оқуға қабылдайды. Норвегия елінде бір ай ішінде қалтаңыздан 1200–1300 еуро көлемінде қаражат шығып отырады.

Франция

Бұл елде француз тілінде білім алу үшін TCF немесе DALF секілді сертификаттарыңыз болуы қажет. Ал семестр басындағы жарна 130–700 еуро көлемінде болады. Құжаттарға келетін болсақ, оқу орнына түсу үшін жай ғана қазақ тіліндегі аттестатыңызды француз тіліне аударасыз және мотивациялық хат жазып, байқау өткізушілерге жолдайсыз. Университетке үздік бағаға толы аттестат пен ерекше мотивациялық хат арқасында қабылданасыз. Бұл елдегі бір ай ішінде жұмсалатын шығынға тоқталсақ, 470–600 еуро көлемінде екен.

Оқу орындары жайлы осы жазбам пайдалы болды деген ойдамын, әсіресе, жоғары сынып оқушыларына ой салса, қуанамын.

Мөлдір ТҮКТІБАЙ

«Ұлан» газеті

670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз