Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 30 Қараша, 2022

Гүлшекер ХУАНБАЙ: Бар қабілетті шыңдауға уақыт бөлу керек

Гүлшекер Хуанбай – Еуразия ұлттық университетінің түлегі.  Халықаралық журналистика мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Британиядағы Лидс университетін бітірген. «Болашақ» стипендиясының иегері. Қазір ол «Ислам және психология» саласы бойынша Кембридж колледжінде білімін жалғастырып жатыр. Гүлшекер ханым өзі туралы, шетелдегі өмірі туралы айтып берді.

– Төрт тілде еркін сөйлеймін. Қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілінде. Қосымша басқа тілдерді үйреніп жүрмін. Тіл үйрену деген – еңбек. Ең бастысы, зейін қойып оқып, жаттап, содан кейін үнемі қайталап отыру керек. Түрлі тақырыптағы фильм көру пайдасын тигізеді. Біз тілді, әсіресе шет тілдерін аз уақытта меңгеруге талпынамыз. Ол жаман емес. Дегенмен, бұл ұзақ уақытты қажет ететінін ұмытпаған жөн. Тіл үйрену деген – тоқтаусыз жүретін процесс.

Ал тіл білген адамға кедергі жоқ, мүмкіндік мол. Қазір мен Кембридж-Муслим колледжінде «Ислам және психология» мамандығында онлайн оқимын. Биыл 2-курста оқып жатырмын. Осы салаға қызыққаннан кейін дайындалып, құжаттарымды тапсырдым. Егер осы саланы меңгеріп кете алатыныңызға көзі жетсе, оқуға түсуге болады. Оқуға екі турмен қабылдайды. Шетелде болғанда байқағаным, оларда университет бітіру керек деген қатып қалған қағида жоқ. Колледж бітіріп те жақсы қызмет атқаруға болады.

Білім беру стандарты бойынша әр елдің ерекшелігі бар. Мен  Қазақстанда жеті жыл журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Ал ғылыммен айналысуды Лидс университетінен үйрендім. Бізде білім бар, бірақ нақты мамандықты нысанаға алмаймыз. Британияда білімге де, ғылымға да көп көңіл бөледі. Ғылыми жұмыс жазудағы ерекшелік тіптен бөлек.  2015 жылдан бастап, шетелде оқыдым. Журналист болып қызмет еттім. Кейіннен жарнама саласына бет бұрдым. Жиырма жыл бойы халықаралық журналистика саласындамын. Лидс университетінде осы сала бойынша білімімді жалғастырдым. Теориялық және тәжірибелік білімім бар. Студент кезімде баспасөз саласында жұмыс істедім. Сосын телеарнаға көштім. Жазу дағдым газетте қызмет еткенде қалыптасты. Тәжірибе жүре қалыптасатындықтан, жұмысымның сапасы да стандартқа сай келеді. Журналистиканы әдебиетпен шатастырған дұрыс емес. Университетте BBC-де қызмет ететін Ник есімді журналист сабақ өтті. Бірде жаңалық деген не екенін талқыладық. Сонда ол: «Жаңа, қызықты және бүгін болған нәрсе», – деп жауап берді.

Галлап деген тест бар, 50 доллар төлеп өтуге болады. Қабілетті анықтап, сонымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін тест деуге болады. Адам өзінің қолынан не келетінін біле алады. Әр адам қабілетіне қарай бейімделуге тиіс. Жоқ қабілетті күшейтудің орнына, бар қабілетті шыңдауға уақыт бөлу керек. Білімді жетілдіруде жас маңызды емес. Адам талпынса, білім алуға мүмкіндік көп.

Перизат ШАДЕН

«Ұлан» газеті

794 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз