Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Қараша, 2022

Жазушы – өз шығармасының кейіпкері

Шығармашылық жолда жас буын үшін ақыл-кеңес, көмек сұрайтын үлкендеріміз болмаса, жағдайымыз қиын болар еді. Сондай күрделі кезеңдерде талай талантқа дұрыс жол сілтеп, көмек қолын соза білген жан – Қуандық Түменбай ағамыз. Қуандық ағамыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті студенттерімен кездесу өткізіп, өмірлік тәжірибесі аясында ой-пікірін айтты.

Қуандық Түменбай – көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «Сорос-Қазақстан» сый-лығының лауреаты. «Үркер» журналында 12 жыл бас редактор қызметін атқарған. Оған қоса, «Жас Алаш», «Жетісу», «Алматы ақшамы» басылым-дарында және «Ақиқат» журналында қызмет еткен журналист. Ағамыздың өзі жан-жақты болғандықтан, сұрақтар мазмұны да екіге бөлінді. Бірі ағамыздың журналистік жолына қызығушылық танытса, енді бірін жазушылық қыры қызықтырды.

– Өткеніңізге бір шолу жасасақ, өзіңіз жайында көбі біле бермейтін дүниелерді айтсаңыз...

– Мені көп жерде ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген деп жазады. Ал, мен оның алдында басқа жерде, мүлдем басқа салада білім алғанмын. Алдымен агроном боламын деп Ауыл шаруашы-лығы институтына түстім. Содан Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханұлы, Қуанышбай Әділовтермен танысып, осы журналистика факультетіне келдім. Алдымен филология факультетінде бір ай оқыдым. Бірақ, журналистика факультеті өзіне тартты да тұрды. Жарасқан Әбдірашовтың «Агроном боламын деп Алматыға аттан-ды, КазГУ жаққа елеңдеп, СХИ жақтан сақтанды» деген эпиграммасы бар. Мен сондай болдым. 

– Сіздіңше, журналистика дипломды қажет ететін сала ма?

– Меніңше, журналистика – мамандық емес, әркімнің бойындағы қабілет. Адам бойында журналистке тән қабілет болмаса, ол адам жур-налист бола алмайды. Ал, қабілеті бар адам механиза-тор болса да, ұшқыш болса да, жаза береді. Мысалы, бәрі білетін Шыңғыс Айтматов малдәрігерлік институтты бітірген, Олжас Сүлейменов политехникалық институтты бітірген. Шерхан Мұртаза Оралхан Бөкейді ауылда жүрген жерінен, Фариза Оңғарсынованы мектепте мұғалім боп жүргенде шақырып алған. 

– Телевизия журналистері мен баспасөз журналистері арасындағы айырмашылық жөнінде не айтасыз?

– Мен «Үркер» журналында бас редактор болған жылдары талай жас тәжірибеден өтуге келді. Сонда бір қызды журналға жұмысқа алдым. Бұрын «Хабар» телеарнасында қызмет еткен екен. Оның журналдағы басқа тілшілерден ерекшелігі – жазған материа-лына тақырып пен азат жол қоймайтын. Бір күні: «Қарағым-ау, неге тақырып қоймайсың?» – деп сұрадым. «Біз тақырып қоюға үйренбегенбіз», – дейді. Журналистерді сауаттылыққа үйрететін – газет-журналдар, яғни жазу. Бұл телевизия журналистері сауатсыз болады деген сөз емес. Журналист нағыз мықты маман болуы үшін бірінші басылымнан тәжірибе жинауға тиіс, одан кейін телевизияға барғаны дұрыс. Бұрын «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») істеп жүргенімде бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов түстен кейін кабинеттерді аралап: «Неге отырсыңдар кабинетте? Ақпарат, факт іздеуге бармай-сыңдар ма? Журналист емессіңдер ме?» – деп бізді бір рухтандырып қоятын. Журналист жаза алмаса, ақпаратты дұрыс бере алмаса, бұл оның осал тұсы болады.

– Әрбір жанның өзіне үлгі тұтатын тұлғасы болады. Сіз жазушы ретінде кімді үлгі тұтасыз?

– Жазушы бір жаннан ғана үлгі алмайды. Ол жан-жақты болуы керек. Жас жазушы «мен осы жазушы секілді болғым келеді» деп тек сол жанды ғана өзіне үлгі тұтса, бір орында тұрып қалуы мүмкін. Сондықтан жазушы да әрдайым жаңа, тың дүниелерді білуге құмар болуы керек. Дей тұрғанмен, менің де сүйікті жазушым бар. Ол – Сайын Мұратбеков. Әлі есімде, сол Сайын Мұратбековтың «Қылау» әңгімесі басылып шыққанда, достарымызбен таласып-тармасып оқығанбыз. Ойымыздағы сұрақ – «Қылау» деген не?». Әңгіме ең алғаш «Жұлдыз» журналында басылып шықты. Студент кезімізде шәкіртақымызды қалай аламыз, солай екі-үш бала ақша жинап, газет-жур-налдарға жазылып қоятынбыз. Солай ақын-жазушылардың жаңа туындыларымен алдымен танысатынбыз.  

– Мінезді адамнан мінезді шығарма шығады дейді. Осы тұрғыда жазушы қандай болуы керек? 

– Иә, жазушының мінезді болғаны дұрыс. Себебі, жазушы – өз шығармасының кейіпкері. Бірақ, шығармада тек бір кейіпкер болмайды ғой, сол себепті бәрі өз орнымен болуы керек. Әр жазушының өзі ұстанатын ұстанымдары мен қағидалары болады және соған байланысты әртүрлі шығарма дүниеге келеді. Кеңес үкіметі кезінде, яғни бізді социализм басып тұрған кезде көп шығарманы жарыққа шығару өте қиын болды. Әрбір шығарма Мәскеуде тексерістен өтетін. Мысалы, Мұхтар Әуезов «Абай жолын» баспадан шығаруға рұқсат алу үшін Құнанбай бейнесін өзгерткен деседі. Қазіргі сыншылар осы «Абай жолына» қатысты: «Қазақ тәрбиесінде бала әкесіне қарсы шықпаған, ал шығармада Абай Құнанбайдан теріс бата алады», – дейді. Қарап тұрсаңыздар, бұның бәрі жазушы ұстанған саясат, жеке ұстаным. Егер жазушы бұл тәсілін қолданбағанда, қазақта «Абай жолы» деген роман-эпопея болмас па еді, бәлкім?! Тағы бір мысал келтіре кетейін, «Қыз Жібек» фильмін бәріміз екі бөлімді фильм деп ойлаймыз. Шындығында, ол төрт бөлімнен тұрады. Мәскеудегі тексеріс кезінде орыстар «қазақтар мұндай батыр болмаған» деп цензура жасаған. Сондықтан фильмнің бізге тек екі бөлімі жеткен. 

– Сіздіңше, қаламгердің жазатын дүниесі таусылуы мүмкін бе?

– Жазушы – жазары бітпейтін, ойы бітпейтін, айналасында болып жатқан өзгерістерге өзіндік көзқарасы бар адам. Сондықтан нағыз жазушыда жазудан тоқырау болмайды, материалдық тұрғыда тоқырау болады. Олжас Сүлейменов: «Біз запастағы жазушымыз», –
дейді. Запастағы адамдар алаңға шықпайды ғой, сол секілді жазушылар да запаста қалды. Өйткені қаламақы жоқ. Жазушы жазған еңбегі үшін қаламақы алуы керек. Бұрын жазушылар жазғанына сай ақша алып отырған. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірінде 11 ай ғана жұмыс істеген, «Жұлдыз» журналының редакторы қызметінде. Басқа уақытын шығармашылыққа арнаған. Бұрын жазушылар бала-шағасын кітап жазып асыраған. Қазір ондай жағдай жоқ. Қазіргі жазушылардың жазары, жазғаны бар. Бірақ, керісінше, қалай жарыққа шығарарын білмейді. Бәрі материалдық жағдайға келіп тіреледі. Жазушылардың да отбасы бар, бала-шағасын асырауы керек. Сондықтан олар  қаламақы дұрыс болғанын қалайды. Қазір жазушылардың жазатын дүниесінде емес, материалдық тұрғыда тоқырау болады. Қазір «Жаңа Қазақстан» деп жатыр ғой, сол «Жаңа Қазақстаннан» жақсы жаңалықтар күтеміз. 

– «Жаңа Қазақстан» жайында сөз қозғаған екенбіз. Бұл жайында да ойыңызды айтсаңыз. 

– «Егемен Қазақстан» газетінде «Көзбояуы жоқ көріністер» атты мақалам шықты. «Жаңа Қазақстан» туралы ойымды сол мақаламда да жазған болатынмын, тағы да айтайын. Негізі бәрі «Жаңа Қазақстан» деп жатады, ал мен бұл атауды «Жаңғырған Қазақстан» деп өзгертсек деймін. Себебі Қазақстанды, өз елімізді ескі мен жаңа деп бөлуге болмайды ғой. Қазақстан жаңармайды, Қазақстан дамиды, одан әрі жаңғырады, аты әлемге танылады. 

– Әңгімеңізге көп рақмет, аға! 

«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген сөз бар қазақта. Бүгін осы сөздің дұрыстығы тағы да дәлелденді. Болашақ журналистер өзін мазалап жүрген сұрақтарына жауап алды, журналистік және жазушылық жолда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білді. 

Аяулым АБАЕВА

«Ұлан» газеті

1882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз