Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Қараша, 2022

Подкаст пайда әкеле ме?

Өміріңізде бір рет болсын «подкаст», «подкастинг» сөздерін естіген боларсыз, білмесеңіз, бұл не екен деп іздеп, қарап көрдіңіз бе? Егер іздемесеңіз түсіндіре өтейін, подкастинг – аудио форматында белгілі бір тақырып аясында ой өрбіту үшін пайда болған жаңа сала. Өте жаңа деп те айтуға келмейді, 2000 жылдардың басынан бері қоғамға таныс ұғым. Бір сөзбен айтсақ, «подкаст» қазіргі медиа саласының бір бөлшегі. Ендеше, подкастың қазіргі қоғамдағы маңызы мен пайдасы туралы ой өрбітейік.

Подкастың қандай түрлері болады?

Барлығымыз білетіндей, әр заттың неше түрі болады, сол секілді подкастың да саналуан түрі бар. Мысалы, қоғам белсенділерінен алынған сұқбат, белгілі бір маманның өз саласына байланысты ақпарат-тарды бөлісуі, психология саласындағы мамандардың жеке пікірлері мен диалогтары, тіпті болмаса, оқылған кітапқа, көрген қойылымына байланысты да подкаст бар. Олардың барлығы адамзат баласына титімдей болсын пайда әкеледі, адамның өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Маған қызықсыз болып көрінген аудиохабар біреу үшін ең пайдалы жаңалық болуы мүмкін. Сондықтан подкаст түрлерін де адам қызығушылығына қарай таңдайды.

 Подкастың әлеуметтік желідегі бейнежазбадан айырмасы бар ма?

Әрине, екеуі екі түрлі. Бейнежазбаларды көріп, ақпарат-пен танысу үшін назарыңды тек соған ғана аударып, әрбір іс-қимылға мән беріп отыруың қажет. Ал подкасты кез келген уақытта, кез келген жерде өзіңе қолайлы болса қосып қоюға болады. Мысалы, жолда кетіп бара жатқанда, серуендеп жүргенде, жаттығу жасағанда. Уақытыңызды бір іске ғана емес, бірнешеуіне бірден арнай аласыз. Қолыңыз басқа іспен айналысып жатқанда, миыңыз ақпарат алып жатады. Меніңше, жұмыс істеп отырып подкаст тыңдаған екі-үш істі қатар алып жүруге үйретеді. Соның арқасында миыңның екі сыңары да бірдей жұмыс істейтін болады. Сондықтан уақытыңызды бейнежазбаларға құртқыңыз келмесе, күн тәртібіңізге подкаст тыңдауды қосып қойғаныңыз абзал.

Тұлғалық даму жолында подкастингтің пайдасы бар ма?

Ойланбастан «иә» деп жауап беремін. Себебі, жаңа айтып өткенімдей, адам қызығушылығына қарай тыңдайтын ақпараттарын сұрыптайды. Айталық, сізге мансап немесе білім жолындағы қиыншылықтар мен қызықтар секілді тақырыптар ұнайтын болса, оларды тыңдау арқылы осы салада дамисыз. Мұның барлығы даму жолындағы қызығушылығыңызды арттырып, жаңа салаларды меңгеруге септігін тигізеді. Ал, әр тақырыпта ой өрбітіп, сол тақырыптан хабардар адам – тұлғалық тұсынан дамыған адам. Сондықтан подкастардың да пайдалысын тыңдауға тырысыңыз.

Қазақша подкастар бар ма?

Елімізде бұл сала қатты дамыған деп айтсам артық болар, алайда халықтың көңілінен шығып, жазылушы мен тыңдалым саны жағынан ауқымды аудиторияны игеріп отырған подкаст блогтары баршылық. Мысалы: «Тамаша жыл», «OZGERU KEREK», «OY DETOX», «JaIQ podcast», «Eki kese» және тағы да басқа-лары. Барлығы да қоғамда болып жатқан оқиғалар мен жағдайларға негізделген. Қонаққа келген спикерлермен қызық сұқбат немесе подкаст жүргізушісінің жеке ойы жинақталған эпизодтар адамды қызықтырады. Елімізде жыл санап медиа саласының осы тұсы жақсы дамып жатқанына қуаныштымын. Меніңше, болашақта қазақша подкастар басқа елдердікі секілді өте танымал болады. Сонымен, подкаст – қызыққан адамға өте көп пайда әкелетін, тыңдарманға айтары бар жаңашыл сала. Егер подкаст тыңдау керек пе деп ойланып жүрсеңіз, осы жазбамды есіңізге түсіріп, мен ұсынған подкаст блогтарын назарыңызға алыңыз. Тыңдап болған соң қорытынды жасаңыз.

Мөлдір ТҮКТІБАЙ, 
Титов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.
Жетісу облысы 
Ескелді ауданы

789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз