Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 01 Желтоқсан, 2022

Елеңдетті Екібастұз...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Екібастұздағы жылу қазандығы жарылып, қала тұрғындары отыз градус аязда жылусыз қалды. Қазір жағдайды тұрақтандыру үшін жан жақты қолдау жасалынып жатыр. Бірақ «қыстың көзі-қырауда» бүкіл қала халқын жылусыз қалдырғандар жауапқа тартыла ма? Жауапқа тартылар. Бірақ көкейде көп сұрақ қалды. Неге осы уақытқа дейін қала қыс маусымына дайын болмаған?

Мәселенің мәнісі мынада: «Екібастұзжылуэнергоның» иесі Қазақстандағы ең ықпалды 50 байдың қатарына енетін Александр Клебанов болып отыр. Биылғы жылдың есебі бойынша, Клебановтың байлығы – 580 млн долларды құраған. Ол – құрамына «Павлодарэнерго» компаниясы кіретін «ЦАТЭК» АҚ-ның қожайыны. Ол – «ЦАТЭК» және «ЦАЭК» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 59 жастағы кәсіпкер «ЦАТЭК» АҚ-ның – 50 пайызына, «ЦАЕК» АҚ-ның – 47 пайызына ие. Ал аталған екі акционерлік қоғамның құрамына «Павлодар Водоканал-Северный» ЖШС, «ЦАТЭК-Энергоинвест» ЖШС, «Павлодарэнерго» АҚ  және «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамы сияқты ондаған мекемелер кіреді. Оның зайыбы – Дарья Клебанова Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі ең ірі магнаттардың бірі. Міне, отбасымен бай-манап. Ал иелігіндегі Қазақстанның байлығы. Әйтпесе, 580 миллион доллар қайдан келді дейсіз? Дәулетіңнің асқаны дұрыс шығар. Бірақ бұл жеке адамның емес, халықтың байлығы ғой. Сондықтан Қазақстанның стратегиялық нысанын жекешелендіріп, басқарудың жөні жоқ. Кеше тиісті министрлік мамандары және Мәжіліс депутаттарымен кездескен сәтте Александр Клебанов Екібастұз ЖЭС-сын мемлекеттік меншікке қайтарып беруге дайын екендігін айтты. Бірақ қалай айтқанда да, неге осы уақытқа дейін жылу электр станциясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді? Жұртқа жылуын аяған Клебанов осылай құтылып кете бере ме? Бәрі заң аясында жазаға тартылуы керек. Қазақстанның стратегиялық нысанын басқаруға алдың ба, сол төңіректегі халықтың да жағдайын жасауға міндеттісің. «Біз онсыз да шығында отырмыз» деп ақталуға тырысқан Клебановтың сөзі бүгінгі жағдайға сылтау бола алмайды.

 Екібастұздағы қалыптасқан жағдайға байланысты Президент Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр станциялары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.

Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді.

Егер шын мәнінде Клебанов қаржылық тұрғыдан зиян шекккен болса, баяғыда-ақ жылу электр станциясын мемлекет меншігіне қайтарып бермеді ме? О баста жағдайдың қиын екенін айтып, билікке дабыл қақпады ма? Қалай айтқанда да, ендігі жерде шығынның негізгі бөлігі Клебановтардың қалтасынан өндіріліп алынуы тиіс. Ал стратегиялық нысандардың мемлекет меншігіне қайтарылғаны абзал.

– Стратегиялық нысандарды, оның ішінде жылу электр станцияларын мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты мәселелер қарастырылып жатыр. Бұл жерде барлық жағдай үшін бірыңғай шешім жоқ, қандай да бір аймақтарда жауапты инвесторлар болуы мүмкін. Егер өз міндеттерін орындаса, әлеуметтік және экологиялық нормативтерді сақтаса, олар жұмыс істей алады деп ойлаймын. ЖЭО қалыпты режімде жұмыс істеуі үшін қожайындары жұмыс істемейтін нысандарға келетін болсақ, оларды мемлекетке қайтару мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылатын болады, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сарапшылар «Екібастұз жағдайында апаттың бүкіл жауапкершілігі меншік иесіне артылуы керек» дегенді айтып отыр. Ал меншік иесінің кім екенін жоғарыда айттық. Ол – Александр Клебанов. Сондықтан жұртшылықтың талабы да орынды. Есепсіз байыған бай-манаптан тұрғындарға өтемақы өндіріліп алынуы тиіс.

Алаңдайтын тағы бір мәселе бар. Кейбір деректер Қазақстанда электр қуатын өндіретін 158 электр станциясы бар екенін айтады. Қазақстандағы жылыту орталықтарының 70 пайызы жекенің қолында. Көпшілігінің пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан. Елу жылда ел жаңа. Алайда жылу қазандығы мен жылу құбыры  желілерінің 80 пайызы тозған.

– Соңғы 30 жылдың бедерінде бірде-бір ТЭЦ салынбағанын ескерсек, республика аумағындағы станциялардың бәрі кешегі кеңес заманынан мұра болып қалған. Осы кезеңге дейін ескі-құсқыны жыл сайын жамап-жасқап, тозған қондырғысын ауыстырып қана келдік. Жеке меншікке өткен орталықтардың да жағдайы белгілі. Қоғамға әкелген пайдасынан қожайынының қалтасына құйған қаржысы көп. Ал ірі жылу орталықтары жеке меншікке қалай өткені баршамыздың көз алдымызда. Бармақ басты, көз қыстылықпен жең ұшынан жалғасқан жағдайда өткен жекешелендіру науқаны қоғамды сан рет тығырыққа тіреді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдар ішінде энергетика саласындағы қалыптасқан ауыр жағдайларды ескере келе үкімет жетекшісі Әлихан Смайыловқа республика аумағындағы қалаларда проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр станциялары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр, – дейді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.

Рас, қыстың көзі – қырауда. Бүгінгі Екібастұздағы жағдай ертең басқа қалада қайталанбасына кім кепіл? Біз қауіп еткеннен айтамыз. Мәселенің алдын алған қашан да жақсы. Стратегиялық нысандарды жекеменшікке басқаруға бергеннен ұтарымыз шамалы.

...Бізді Екібастұз елеңдетті, ал жағдай алаңдатты.

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз