Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 18 Қаңтар, 2023

Өмірге құштарлық

Ертеде көп қатарлы тұрмысы бар бір отбасында күнде жанжал шығады екен. Жігіт ағасы жасына жетіп қалған күйеуі сәл нәрседен ілік іздеп, келіншегіне тиісетін көрінеді. Бұл жиі қайталана бергендіктен әйелдің де тілі шығып, ол да ақысын жібермейтін  болыпты. Ақырында не керек, бір-бірін қалап үйленген ерлі-зайыптылар тыныш отырып тамақ іше алмайтын дәрежеге жетіпті. Бітпейтін дау-дамайдан шаршаған жігіт үйінен безгендей болып, бір күні қалада тұратын таныс бір зергер туысқанын іздеп барады. Ондағы ойы – оқыған-тоқығаны көп жанға мұң шағып, айтар кеңесі болса, оны да тыңдау. Еңсесі түскен жігіттің күйін көрген зергер:
– Бауырым, ауру адамға ұқсамайсың, бірақ сені сау деп те айтпас едім. Басыңа  не күн туды? Мені жай іздеп келмегенің анық, - деп әңгімені өзі бастайды.
Жігіт отбасының берекесі кеткенін, таңдап алған жарының кесір мінезін айтып қынжылады.
– Саған ақыл айтатындай мен кіммін? Соған қарамастан, олай істе, бұлай істе деуіме де болар еді. Мен айтпасам, басқа ақыл айтқыштар аз ба? Бірақ оның саған пайдасы жоқ. Өйткені, сенің бір айлық қана өмірің қалыпты. Сәл сабыр қылсаң, бәрінен де құтыласың, - деп зергер жұбатқансиды.
Өлім туралы өмірінде ойлап көрмеген, тіпті өзін өлместей көретін адамға бір айдан соң келмеске кетесің, мына дүниенің барлық азабынан құтыласың дегенді есту әрине, ауыр тиді. «Шынымен жер бетіндегі сапары таусылмақ па? Ешнәрсе жасап үлгермеді ғой, арман, мақсаттары бар емес пе еді. Солардың бәрі әдірә қалмақ па?» Іштей аласұрған ол енді кеше ғана басын алып қашқандай болған үйіне жетуге асықты. Келе сала келіншегінің халін сұрап, оған қамқор бола алмаған өзін кінәлады. Бұған таңқалған келіншек те жылы қабақ танытып, екеуі сол күні тып-тыныш отырып тамақтанады.
– Саған орынсыз көп азап бердім. Маған риза бол. Енді түкке тұрмайтын нәрсеге бола ұрыспайық, - дей берген жігіттің сөзін бөліп, келіншек те кешірім сұрайды:
– О не дегеніңіз... Бәріне мен кінәлімін. Сізге лайық жар бола алмадым. Қадіріңізді білмедім...
Бірден шаңырақтың шырайы кіріп, кесір деп жүрген келіншегінің көркем мінезін көргенде тағдырына ризалығын сан рет қайталаған жігіт ертесіне көшеге кереметтей көңіл күймен шығады. Көршілеріне, дос-жолдастарына жылышыраймен қарап, көптен хабар алмаған ата-анасына барады. Олардың көңілін аулап, қателіктері үшін кешірім сұрайды. Бұрынғы өкпе-реніштің бәрі ұмытылып, түнеріп тұрған төңірек құлпырып шыға келеді. Өмір сүру неткен ғажап! Бұрын қалай білмеген?.. Сөйтіп дүниені жаңадан танығандай болып жүргенде арадан бір ай өте шығады. Зергердің айтуы бойынша бұның демі ендігі үзілуі тиіс еді. Олай болмады. «Е, ол да пенде ғой, бір-екі күнге қателескен шығар» деп жүре береді. Тағы бір жеті өтеді. Тағаты таусылған жігіт зергерге келіп, мұның себебін сұрайды.
– Кімнің қашан өлетінін бір құдай біледі. Менің бар білетінім, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өлім бар. Оны ұмытуға болмайды. Бір ай бұрынғы таусылған түріңді көрген соң айтсам айтқан да шығармын. Бірақ ажалың жетпей өлмейсің, - деп күлген ол бұған сынай қарайды: 
– Бәрі өзі неден басталып еді?
– Отбасымдағы жанжалдан.
– Қазір ше, татусыңдар ма?
– Бізден тату жандар жоқ шығар...
– Сонда өлетініңді білгенің барлық мәселені шешіп тастады ма?
– Иә, солай сияқты...
– Өзің де түсіндің ғой, өлімді ұмытпаған адам әрқашан жанжалдан аулақ жүреді. Тірліктегі ұсақ-түйектен биік тұрады. Ақыретін ойлайды, соған дайындалады, - деп зергер әңгіменің нүктесін қойған екен.  
Расында да кейбір ғалымдар: «Адамдар тірлікте мас, өлген кезде есін жинайды» дегенді айтады. Мал-мүлік мастығы, атақ-даңқ мастығы, мансап мастығынан кей адамдар шыбын жаны көзіне көрінгенде барып айығып жатады. Өмірдің босқа өткенін кеш білуден асқан өкініш болмаса керек. Керісінше, кез-келген уақытта бұл өмірмен қош айтысатынын білу өмір сүруге деген құштарлықты одан бетер арттыра түседі екен.

 

© Қонақбай Қожа-Нияз

Facebook желісіндегі парақшасынан

Фото: Досжан Балабекұлы

1302 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз