Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 24 Қаңтар, 2023

«Тармақтар» жобасын білесіз бе?

Әдебиет – көркем тілмен өрнектелген сөз өнері. Әдебиетсіз әлемді елестету қиын. Бүгінде қазақ әдебиеті заманауи тұрғыда қарқынды дамып келеді. Оған дәлел Instagram әлеуметтік желісінде отыз екі мыңға жуық оқырманы бар, «қазақ әдебиетінің эстети-касы» атанған «Тармақтар» жобасы – өлеңдегі ақынның негізгі ойын бір тармақпен жеткізеді. Осы кезге дейін әдебиетті шаң басқан кітаптар-мен шатастырған талайдың ойын өзгертуге себепкер болған «Тармақтардың» жетекшісі – ақын, тележүргізуші Рысгүл Досжанова. Ол Семей қаласында дүниеге келген. Бала кезінен өлең шығарған, әдебиетті жақсы көрген. Айтуынша, өзгелер сияқты ҰБТ-дан жоғары балл жинауды мақсат етпеген. Өйткені, білім беру грантын конкурс арқылы ұтып алуды армандаған. Сөйтіп «Ақберен» байқауына қатысып, айтысқа шығады. Осылайша, Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түскен.

– «Тармақтар» туралы идея қалай пайда болды?

– Беймаза тіршіліктен шаршаған көңіл ғана. Жұмыс, үй, жұмыс... Содан жалықтым. Кітап оқымай кеткеніме, оған уақыт таппағаныма өзімді кінәлі сезіндім. Тым құрығанда өлең оқып тұрайын деп ойладым. «Тармақтардың» жарық көруіне тағы бір себеп, әлеуметтік желідегі әдеби парақшалардың жоқ болуы мен насихатталмауы еді. Жаңашылдықты смартфон-нан, әлеуметтік желілерден іздейтін заманда жаным жаңа дүниені қалады. 

– «Тармақтардың» басты мақсаты – қазақ әдебиетін дамыту, оқырманға рухани азық беру, жан тыныштығы орнаған әлемге енгендей сезім қалдыру екенін осы кезге дейін айтқансыз. Мақсатқа жету жолында кедергілер кездесті ме?

– Әдебиет – шынайы өмірдің көрінісі. Мен көретін әлем сондай болған соң, тек соны көрсеткім келді. Егер мен өзім көрмеген әлемді жасандылықпен көрсеткім келгенде алдымнан кедергі шығар ма еді? Сондықтан кедергілер болмаған сияқты. Болса да, есімде жоқ екен. Бәлкім, махаббаттан шығар. Бір жаныма батқаны, әлі де бататыны жұмысымыздың ұрлануы. Осы ғана... 

– Осы тұста, кәсібилікпен қоса талғам да қажет боларын байқауға болады. Тармақтар-ды талғаммен таңдарыңыз анық. Экранның ар жағында отырған оқырманның талға-мын қалай білуге болады?

– Әдебиетшілер арасында «халтура» деген ұғым бар. Мен сол халтурадан қаштым. Ерекше талғам қалыптастырғым келді. Талғам болған жерде талап болары сөзсіз.  Ең бірінші, тармақ таңдар кезде оқырман ретінде мен осы сөзді ұнатар ма едім, жаттар ма едім, өз парақшама бөлісер ме едім деген сияқты сұрақтарға жауап беремін. Анықтаудың бір жолы осы.

– Қоғамда қазақ әдебиетіне қатысты қалыптасқан қандай қате қағидалар бар? Стереотиптерді жою үшін не істеу қажет?

– Ақындар жайлы стереотипті бұзғым келді. Қазір реалист, іскер, креатив ақындар бар. Мен соларды көрсеткім келді. Қиялдап, өз ойыңа өзің ғашық боп отыратын заман емес. Содан соң көркемсөз шеберлері, өлең оқитындар жайлы қалыптасқан қате ұғым көп. Сарказмға айналып кете береді. Сол ұғымды аристократтық көзқарасқа ауыстыру мақсатында біз мейрамханаларда поэзия кештерін өткіземіз. 

Киелі өлке Түркістаннан бастау алған «Поэзия түні» қазан айында Шымкентте, желтоқсан айында Қызылорда қаласында өтті. «Поэзия түні» – көркем сөзден, өлеңнен, әдебиеттен нәр алатын өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырады. Осы кезге дейін бір жыл бойы поэзия түнін онлайн форматта, тікелей эфирде өткізгеніміз есіме түсіп, таңғалып отырмын. Онлайн поэзия түнінде эфирге 3000-4000 адам қосылып, кезек-кезек өлең оқығанымыз ерекше есте қалды. Негізгі идея сол кезде пайда болған екен. Бәрі адамның ниетіне қарай деген осы болар, бәлкім. Оқырмандардың ұсынысы бойынша, «неге офлайн форматта, өнерсүйер қауыммен поэзия түнін өткіз-беске» деген ой туындады. Осы уақытқа дейін өзге өңірлерден шақырулар толастаған емес.

– Болашаққа құрған жоспарыңыз қандай?

– «Жуырда жарыққа шығатын «Тармақтар» кітабы үшін жарты жылдан астам уақыт еңбек етіп жатырмыз. Кітаптың ерекшелігі тек қана тармақтардан, әдемі иллюстрациялар мен заманауи QR кодтардан тұрады. Біз қазір жүз-екі жүз беттік кітаптарды оқи бермейміз. Поэзия – сөзбен салынған сурет. Сондықтан кітаптың әр беті қысқа-нұсқа тармақтардан және мағыналы суреттерден құралған. Ал QR код арқылы өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудио нұсқасын тыңдай аласыз. 2023 жылы «Поэзия түнін» өткізуді Батыс Қазақстаннан бастаймыз. Ал көктемде Шығыс Қазақстанға сапар шегеміз. Бөгелуіміздің себебі, кітаптың баспадан шығуын күтудеміз.

– Сұқбатыңызға рақмет! Жаңа бастамаларға сәттілік тілеймін!

«Ұлан» газеті, №1-2
10 қаңтар 2023 жыл

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз