- Біздің сұхбат
- 25 Қаңтар, 2023
ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ САЛАСЫ

Еліміздің ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етіп отырғаны баршаға мәлім.Осы аталған сала негізінен өсімдік пен мал шаруашылығынан құрылса, оның құрамына балық аулау, аңшылық және омарта шаруашылығы да кіреді. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге, жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 8,8 трлн теңгені құраған. «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне тағы 40 млрд теңге бағытталған көрнеді.
Бұл фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беріп, 1 068 бірліктегі техника, оның ішінде 188 комбайн мен 880 трактор сатып алыныпты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, дәнді дақылдардың кейінгі 10 жылда болмаған ең жоғары өнімі алынған. Мәселен, астықтың орташа өнімділігі 14,2 ц/га, бункерлік салмақта 22,8 млн тонна астық бастырылып, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Жиналған астықтың 80%-дан астамының сапасы жоғары екендігін және агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар іске асырылуда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2024 жылға дейінгі және қант саласын дамытудың бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл негізгі азық-түлік тауарларымен өзін-өзі толық қамтамасыз ету жөніндегі индикаторға қол жеткізу үшін жасалып, нәтижесінде елімізде азық-түлік өндірісі 4,2%-ға, оның ішінде өсімдік майы 51%-ға, қант 46%-ға, жарма 18%-ға, балық (жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған) 18%-ға, ұн 11%-ға, өңделген күріш 5,5%-ға, шұжық өнімдері 5,4%-ға, макарон 4,5%-ға өскендігін Ауыл шаруашылығының министрлігі жыл қорытындылау барысында мәлімдеген болатын.
Осы ретте ауыл шаруашылығында атқарылып жатқан игі істер жөнінде Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Ж.М. ДАЙРАБАЕВПЕН әңгіме кезінде баяндалады.
– Жигули Молдақалықұлы, ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі екенін ескерсек, бірінші кезекте ауылдық өңірлердің көркеюі басты назарда болса керек.
– Қазақтың түп қазығы да, саф алтындай қаймағы бұзылмаған тілін, дінін құрметтеп, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды сары майдай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған асыл қазынамыз – әрине, ауылымыз. Тамыры мен өсіп-өнген жері, адам баласына соншалықты ыстық, жанына жақын болып табылатын, кәусар бұлақтың суын ішкендей тамсанатын, қуанышы мен жақсылығына ән салатын, топырағына аунап-қунап жар салатынымыз да ауыл екені бесенеден белгілі. Осы орайда біз мемлекет пен еліміздің әрбір азаматы ретінде ауылдың дамуына, оның сан-салалы тармақтарын жетілдіруге атсалысып, қоғам мен халыққа аталған сала бойынша боямасыз, ашық және жалған ақпарсыз нақты деректермен сөйлеуіміз қажет. Айқындалған мақсатты жүзеге асыру үшін жоғарыдағы билік пен халық арасына тығыз көпір орнап, ел сеніміне ие болуда белсенді түрде ауылға барып, ондағы шынайы өмірді көзбен көріп, көкірекке түю аса маңызды дер едім.
– Ауыл шаруашылығы негізінен өсімдік пен мал шаруашылығы саласынан тұратындығын ескерсек, соның ішінде өзіңіз өте жоғары мән беретін мал шаруашылығына қатысты мақсат-міндеттеріңізге тоқтала кетсеңіз?
– Ауыл шаруашылығының үлкен бір ерекше саласы – мал шаруашылығы болса, төрт түлік малдың жай-жапсарымен танысып, оған қажетті жағдайлар жасауды сараптаған жөн. Мал қоралары мен фермалардағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп, бірді-екілі емес, билік пен ауыл шаруашылығы саласының мамандары әрдайым біте қайнасып, ауылдың дамуына халықпен бірге жүріп, қоян-қолтық тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағанда ғана еңбектің жемісті болатынына көзіміз әлдеқашан жеткен. Бұны іске асыру жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет» екендігін, ауылға көңіл бөлу және оның жәй-күйін жақсарту мемлекеттік мәні зор іс дер едім.Кез келген экономикалық реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа кезеңге – жаңа реформалармен!» деп аталатын өткен жылғы қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар тізімін ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында қордаланып қалған мәселелерге үкімет пен әкімдердің, қалың жұртшылықтың назарын аударды. «Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Үкімет мал шаруашылығы саласын жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі», – деген еді президент.
– Осы бағытта қауымдастық қандай іс-шараларды қолға алуда?
– Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында бүгінгі таңда «Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер қауымдастығы нысандағы бірлестікпен маңызды қызметтер атқару жолында көптеген іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Қауымдастық жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік -құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізу үшін орталық мемлекеттік билік органдары мен «Атамекен» ҰКП тарапынан аккредиттелген. Ауыл шаруашылығына қатысты қордаланған көкейтесті мәселелердің түйінін тарқату барысында заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің қауымдастық нысандағы бірлестіктерімен тікелей іс атқарып, ел игілігі үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қауымдастық қызметкерлері мен мүшелері орталық және жергілікті атқарушы билік органдарында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер жөнінде жұмыс топтарының құрамына кіреді, «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобасының» тұжырымдамасын әзірлеу барысында БҰҰ ФАО сарапшылары болды. Қауымдастықтың облыстық филиалдары төрағаларының арасында «Аманат» пен «Ауыл» саяси партияларынан облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары бар. Біздің қызметкерлеріміз, директорлар кеңестерінде тәуелсіз директорлар және агроөнеркәсіптік кешенмен байланысты квазимемлекеттік сектор ұйымдары қоғамдық кеңестің мүшелері. Ел азаматтарының кәсіби және қоғамдық принциптерінің жақындығы негізінде ерікті түрде бірігуі арқылы аграрлық сектордың үкіметтік емес ірі фермерлер қауымдастығы негізінде 2003 жылы құрылған. Еліміздің барлық өңірлерінде өкілдіктер мен филиалдар желісі бар. Ол сонымен қатар 52 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді біріктіреді.Өткен жылы біраз шаруаның басы қайтарылғаны бар. Үкіметке кәдеге жарату алымын мүлдем алып тастауды ұсынғанбыз, бірақ ол қолдау таппай, тек 50%-ға қысқарту туралы шешім қабылдады. Шаруалар өндірісін кеңейтуге айналым қаражатының жетіспеуін ескере отырып, тек қана шаруалармен жұмыс істейтін арнайы Агробанк құру мәселесі де ұсынылған, қазіргі күні ол үкіметтің күнтәртібінде тұр. Фермерлерге субсидия төлеу қызметі қолдау жүйесінен алынып, басқа жүйе арқылы тегін атқарылатын болмақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға» және 2022-2030 жылдарға арналған тұжырымдамаға өз ұсыныстарымызды бергенбіз, олардың біразы ескерілді. Оның ішінде субсидиялау жүйесін жетілдіру мәселесін талқылау бойынша қолданыстағы механизмге тиіспей, әзірленген ұлттық жоба аясында көзделген механизмді қалдыруды, 2,5%-дан несие беріп, шаруаларды қолдау жөніндегі Жамбыл облысының тәжірибесін өзге де аймақтарға тарату мақсатындағы ұсынысымыз жауапсыз қалмай, оған 1 трлн. теңге қаражат бөлу көзделді. Ауыл шаруашылығы техникасының бағасы шарықтап тұрғандығына байланысты фермерлерге техниканы бастапқы жарнасыз, сыйақы мөлшерлемесі төмен, жеңілдетілген лизингпен беруді ұсынғанбыз, ұсынысымыз ескерусіз қалмай, былтырғы 5 тамыздан бастап бұл бағдарлама іске қосылды. Оған 40 миллиард теңге бөлініп, фермерлер 1000-нан астам техника сатып алды. Бұл біздің қызметіміздің бір бөлігі ғана және осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады.
Қазақстан фермерлері қауымдастығы ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі коммерциялық емес бірлестіктердің бірі екендігін ескерсек, оның негізгі мақсаты – ішкі және сыртқы нарықтардың сапалы тамақ өнімдеріне, тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге сұраныстарын қанағаттандыру арқылы фермерлердің және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да қатысушыларының қызметін жүзеге асыру. Оларға қолайлы жағдай жасауға және осы мақсатқа қол жеткізу үшін қауымдастық мүшелері заң шығару қызметіне қатысуды, мемлекеттік билік органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және басқа да ұйымдарда құқықтар мен заңды мүдделерге өкілдік ету, оны қорғауды, әдістемелік, ұйымдастырушылық пен басқа да көмек көрсетуді, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына әрі Қауымдастық Жарғысына қайшы келмейтін басқа да іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді, халықаралық ұйымдармен тікелей қарым-қатынас орнату басымды бағыттардың бірі.
Сөзімді қорытындылай келіп, «Айтушысы нашар болса, жеткізуші желкесін қасиды» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Қазіргі күнде көптеген экспертсымақтар мен блогерлер әкімдерге, министрлерге, Үкімет аппаратына, тіпті Президент әкімшілігіне дейін агросаладағы нақты жағдай туралы шынайы ақпаратты айтудың орнына, жөнсіз сөйлеп, қисынсыз ұсыныстар беруді әдет қылып алған. Олар туралы Президентіміз бекер айтпаса керек. Сондықтан да жергілікті жерлерде Қауымдастықтың филиалдары сырттан келген, хайп жинаушы «дивандық эксперттер» мен түрлі блогерлердің алып-қашпа әңгімелеріне ермей, жергілікті тәжірибелі сала мамандарымен, атқарушы билік органдарымен бірлесіп, фермерлердің ұсыныстарын тыңдап, нәтижелі жұмыс атқарады деген сенімдемін. Алдағы уақыттағы басты міндетіміз ауылдың көркеюі мен оның үздіксіз дамуына аса зор мән беру болмақ. Өйткені, ел экономикасының іргетасын қалайтын да осы ауқымды әрі маңызды сала – ауыл шаруашылығы екендігін ескеруге тиіспіз. Бұл саланың кемеліне келіп өсіп, дамуына мемлекет болып, ауыл шаруашылығының мамандары болып және барша халық болып белсенді түрде атсалысуымыз қажет.
Гүлмира МЕРАЛИНА
"TENGE MONITOR" газеті

265 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *